Аспаннан «жұлдыз» жауған күн
Тамыздың 12-сінен 13-іне қараған түні метеор жауынын тамашалау мүмкіндігі болды. Биыл түнде метеор ағынының көпшілік бөлігі көрінді.
Планетарий қызметкерлері бұл құбылысты бақылау жұмыстарын қала сыртында, жасанды жарықтан аулақ жерде ұйымдастырды. Персеид – метеор ағындарының ішіндегі ең қарқындысы, бір сағат ішінде 80-100 метеорды санауға болады. Бірақ бұл түні айдың соңғы ширегі болып, жарық болғандықтан, Персеид метеор ағынының тек ең жарықтарын ғана көруге мүмкіндік болды. Персеид метеор ағынының радианты Персей шоқжұлдызында орналасқан.
«Метеор жауыны» (метеор ағыны) – құйрықты жұлдыздың (комета) сынықтары. Ал халық аузында «ақпа жұлдыздар» деп аталған. Адамдар әрбір адамның өзінің жұлдызы болады деп ойлайды. Адам туған күні аспанда оның жұлдызы да туады, ал өлгенде жұлдызы да сөніп, ағып кетеді деген түсінік бар. Ал расында, жұлдыздар аспанда адамдар үшін туып немесе біреудің өліміне байланысты сөніп, ағып кетпейді.
Ағып бара жатқан жұлдыздарды аспанда өте жиі көруге болады. Мұның себебі неде? Аспаннан ағып түсетін жұлдыз емес. Аққан жұлдыз болып бізге көрінетін нәрсе біздің айналамыздағы ауада өте үлкен жылдамдықпен ұшып жүретін кішкентай қатты бөлшектер. Кеңістікте мұндай көп ұсақ бөлшектер әр түрлі бағытта жүреді. Күн төңірегінде шапшаң айналған кезінде Жер бұлармен жиі кездеседі. Ұшып келе жатқан қатты зат жердің ауасын зор шапшаңдықпен кесіп өткен кезде, кенеттен қатты қызып, тұтанып кетеді. Ұшып бара жатқанда ол артынан жарқыраған із қалдырады. Бізге жұлдыздардың біреуі орнынан ағып түсіп, атқан оқтай Жерге қарай ұшып бара жатқан сияқты болып көрінеді. Сонымен, «аққан жұлдыздар» метеор құбылысы деп аталады. Міне, бұл құбылысқа жұлдыздардың ешқандай қатысы жоқ екенін байқап отырсыздар. Жұлдыздар өз орындарында әдеттегіше жарқырап тұра береді.
Біз жақында аспан әлемінен бақылаған Персеид метеор ағыны – Свифта-Туттля құйрықты жұлдызының сынықтары. Жыл аяғына дейін тағы да қарқынды метеор ағындарын екі рет – қараша (Леонид) және желтоқсан айларында (Геменид) тамашалауға болады.
А. КӨШЕРБАЕВА,
облыстық планетарий қызметкері.



