Жаңалықтар

Имам тұлғасы және ел бірлігі

Форумнан соң


Өткен аптада «Руханият» музейінде облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің имамдары мен дін өкілдерінің қатысуымен жиын өтті.
Басқосуда облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің бас имамы Әбдімүтәлі Дәуренбеков жуырда Астана қаласында өткен «Ислам — бейбітшілік пен келісім діні» атты I республикалық имамдар форумында қабылданған құжаттар туралы айтып, аталған форумда талқыланған мәселелер жайлы сөз қозғады.
— Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен елімізде тұңғыш рет өткен «Ислам – бейбітшілік пен келісім діні» атты І республикалық имамдар форумында Ханафи мәзһабының насихатын күшейту, теріс ағымдардың таралуының алдын алу, иман шарты, исламның өзге діндермен қарым-қатынасы сынды өзекті мәселелерді қоғамға дұрыс жолмен жеткізу жолдары қарастырылды. Жалпы бұл шараны ұйымдастырудағы мақсат — ислам дінінің асыл құндылықтарын насихаттау, жас¬тарымызды, жалпы жұртымызды имандылыққа, ізгілікке үндеу, бір шаңырақтың астында ұйым¬шылдыққа ұйысқан ұлттар мен ұлыстардың татулығын нығайтуға үлес қосу.
Имамдар форумын ұйым¬дастырудағы тағы бір міндет — дін қызмет¬керлерінің білігі мен білімін байыту, қазіргі қоғамға сай діни кадрлар сапасын арттыру. Өйткені бүгінгі заман талабы имам-молдаларға зор жауапкершілік жүктейді. Имамдық — жауапкершілігі мол маңызды қызмет. Осы орайда форумда «ХХІ ғасыр имамы қандай болу керек?» деген сауал төңірегінде сөз қозғалып, жан-жақтан келген имамдар мен дін ғалымдары өз пікірлерін ортаға салды, — дейді Ә.Дәуренбеков.
Ал облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің найб-имамы Серікжан Еншібайұлының айтуынша, форумда қабылданған «Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасы», «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қызметкерінің этикасы», «Имамның тұлғалық келбеті», «Мұсылманның тұлғалық бейнесі» атты құжаттар ел мұсылмандарын қазіргі заман талабына сәйкес жан-жақты білімді болуға, ізгілікке, зайырлы мемлекет құрылымына құрметпен қарауға шақырады, түрлі ағымдарға бөлінуге жол бермей, өзге дін өкілдерімен бейбіт, ынтымақта болуға, этносаралық тұрақтылықты сақтаудағы отандық тәжірибені одан әрі нығайтуға үлес қосуға үндейді.
— Аллаға шүкір, асыл дініміз Исламға қызмет етудің үлкен жауап¬кершілігін арқалаған дін адамдарының белсенді жұмы¬сының арқасында хақ дініміз өркендей бастады. Бұрынғы заманда халық ауыл-ауыл болып өмір сүріп, бәрі бір имамға бағынып, бір дінді, бір мәзһабты ұстанатын. Имам шариғаттан үкім айтса, жұрт соған құлақ асатын, дін адамы ретінде оған бойұсынатын. Ол заманда діни тұрғыдағы алауыздықтар, теріс көзқарасты ұстанушы жат ағым¬дар болмайтын. Ал қазір технология мен білімнің дамыған заманы. Кейбір жастарымыз ғаламтор арқылы өзге елдің мәдениеті мен ғалымының сөзіне иланып, жат ағымдарға кіріп жатыр. Бұл ретте жұртты дінге шақыруда имамға жүктелер міндет өте зор. Осыған орай «біздің имамдарымыздың, жалпы мешіттердің жұмыс бағыты қандай болуы керек?» деген сұрақтың нақты жауаптары осы құжаттарда көрсетілген. Сондай-ақ, имамдардың тек діни біліммен шектелмей, заманауи технологияны меңгеріп, жан-жақты білім¬мен қарулануы керек екендігі осы құжаттарда айтылған, — дейді С.Еншібайұлы.
Д.ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button