Жаңалықтар

Әкімдер есебі

ЕЛ ЕРТЕҢІНЕ СЕНЕДІ

 

Мәртөк ауданындағы Достық үйінде аудан әкімі Мәди Елеусізов тұрғындар алдында есеп берді. Жиынға ҚР Президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Шалқар Байбеков пен  облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова қатысты.

Басқосуда аудан әкімі алдымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауына тоқталды. Мемлекет басшысының белгілеген жоспарына сәйкес, Жаңа Экономикалық Саясаттың  өзегі жеті бағыт бойынша, яғни көлік, индустриялық, энергетикалық, әлеуметтік-тұрғын үй инфрақұрылымдарын  дамыту, шағын және орта бизнеске қолдау көрсету, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жылу және сумен жабдықтау жүйесін жаңғырту  бойынша жүргізілетінін айтты. Сондай-ақ, аудан басшысы өткен жылы әр саладағы атқарылған шаруалар мен қолға алынатын міндеттерге тоқталды.

 

Жол да асырайды

 

Өткен жыл аудан халқы үшін жетістіктерге толы болды. Әсіресе, Родниковка ауылына көгілдір отын кіріп, тұрғындар отын азабынан құтылса, «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша Қаратаусай мен Хлебодар ауылдарындағы су жүйесі қайта жаңарды. Ауданға қарасты 34 елді мекеннің алтауы көгілдір отынмен, 21–і ауызсумен қамтамасыз етілді.

Сондай-ақ, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізінің осы ауданның үстімен өтуі өңір экономикасының дамуына өз ықпалын тигізіп отыр. Мәселен, аудан тұрғындары облыс орталығына ешқандай қиындықсыз қатынаса, шаруа қожалықтар өндірген өнімдерін Ақтөбедегі базарларға оңай жеткізеді. Алдағы уақытта бұл көлік дәлізінің ауданға қарасты бөлігіне  «Гелиос» және «ҚазМұнайГазӨнімдері» серіктестіктері  қызмет көрсету және жанар-жағармай бекетін салмақ. Қазіргі күні жер телімдері бөлініп, құрылыс жұмыстары басталғалы тұр. Егер аталған нысандар іске қосылса, жаңа жұмыс орындары ашылады.

 

Несие — табыс негізі

 

Аудан басшысы мемлекеттік бағдарламалардың да жүйелі жүргізіліп жатқанын, жаңа өнеркәсіптер ашылғанын айтты. Аудан орталығында «АсАрАзГ» шаруа қожалығы ірі қара терісін өңдейтін цех құрылысын аяқтады. Қазір цех айына 72 тонна өнімін шығарып отыр, ал  толық іске қосылғанда айына 180 тонна шикізат өндіреді. Жобаның құны — 135,0 миллион теңге. Ал «Экспоинженеринг» ЖШС Құрмансай ауылдық округіне қарасты Шанды ауылындағы «Шокаш» титан- цирконий кен орнында өндірістік жұмыстарын бастады.

Ауданның ауыл шаруашылығы  саласында да ілгерілеу басым. Есепті кезеңдегі ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі — 10324,5  миллион теңге. Өткен жылы 84,9 мың гектар жерге  дәнді дақылдар егілсе,  6,3 гектар аумаққа майлы дақылдар отырғызылды. Шаруаларға көктем мен күзде егін жұмыстарын жүргізу үшін арзандатылған жанар-жағармай берілді. Жыл сайын егіс алқаптары әртараптандырылып, дәнді дақыл алқаптары қысқарып, мал азығы дақылдарының үлесі артып келеді. Мәселен, осыдан екі жыл бұрын 685 гектар суармалы жерге мал азығы дақылдары егілсе, былтыр бұл көрсеткіш жүз пайызға көбейді. Ал биыл жер көлемін 1520 гектарға ұлғайту көзделіп отыр.

Сондай-ақ, мемлекеттік бағдарламалар да шаруаларға тиімділігін көрсетті. «Сыбаға» бағдарламасы және «Мәртөк» несие серіктестігі арқылы шаруалар несие алып, ірі қара санын өсірді. «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары  бойынша «Жеміс», «Алтын жер», «Жаңақанат» шаруа қожалықтары 25,5  миллион теңге көлемінде несие алып, 320 бас ұсақ мал және  64 жылқы алды. Өткен жылы Алға ауданының бордақылау алаңына шаруалар 384 ірі қара апарған. Аудан басшысы биыл осы мәселе шешімін табатынын айтты. «Акбар» шаруа қожалығы  «Агробизнес —2020» бағдарламасы бойынша үш мың басқа арналған мал бордақылау алаңын салмақ. Қазіргі күні ауданда он алты қолдан ұрықтандыру бөлімшесі жұмыс жасайды. Өткен жылы 2650  бас мал ұрықтандырылыпты.

Мәди Елеусізовтың айтуынша, соңғы жылдары өсімдік және мал шаруашылығын субсидиялау көлемі артқан.

 

Бизнес бюджетке көмектеседі

 

Шағын және орта бизнесте  де қарқындылық басым. Осы сала бойынша бюджетке 148,6 миллион теңге түскен.  «Бизнестің жол картасы — 2020», «Жұмыспен қамту — 2020» секілді мемлекеттік бағдарламалар да кәсіпкерлердің кең қанат жаюына мүмкіндік беріп отыр. Кәсіпкерліктің дамуына бар жағдай жасалған. Аудан орталығында  бизнес инкубатор, үш шағын неси ұйымы, үш заңды кеңсе, үш нотариат және кәсіпкерлік құрылымдарына бухгалтерлік  қызмет көрсететін үш кәсіпкерлік субъект жұмыс жасайды. Былтыр өңірлік кәсіпкерлік палатасы мен кәсіпкерлікті қолдау орталығы ашылды.

«Бизнестің жол картасы —2020» бағдарламасы шеңберінде төрт жоба қаралды. Оның біріншісі — «Мәртөк құрылыс» серіктестігі. Аталған серіктестік пластикалық бұйымдар өндіру үшін несие алды. Ал «Кусниязов» жеке кәсіпкерлігі жол бойына қызмет көрсететін сервис салу үшін несиеге қол жеткізсе,  «Радагро» мен «Айс» серіктестіктері инфрақұрылым үшін қаржы алды.

Аудан әкімі алдағы уақытта берілетін несие көлемін әлі де өсіру қажеттігін айтты. Ол үшін сұраныс берген тұрғындардың кепілдіктері қаралатынын, қаржы көлемі алдын ала жоспарланатынын жеткізді.

 

87 маман отау құрып, 101 сәби дүниеге келді

 

Ауданның әлеуметтік саласында да жетістіктер көп. Мәселен, былтыр білім беру саласын қамтамасыз ету үшін 2174,1 миллион теңге қаржы жұмсалыпты. Балаларды мектепке тасымалдау, ыстық тамақпен қамтамасыз ету секілді мәселелер толығымен шешілген. Ауданға қарасты үш білім беру мекемесінің ғимараты күрделі жөндеуден өткен.

—Осыдан бес-алты жыл бұрын ауылдық жерлерде әлеуметтік сала мамандары жетіспей, проблемалар туындады. Осы мәселені шешу үшін Елбасының бастамасымен жастарды ауылға тарту мақсатында «Дипломмен — ауылға» бағдарламасы іске асырылды. Өткен жылы ауданға келген 41 жас маман 5315,2 миллион  теңге көлемінде көтермеақы алса, 24 маман үй салу үшін  61105,0 миллион теңге несиеге қол жеткізді. Бағдарлама басталғалы ауданға келген 248 маманның  87-сі үйленіп, осы шаңырақта 101 сәби дүниеге келді. Бұл — біз үшін үлкен жетістік, — деді Мәди Қанатбайұлы.

Қазір аудан тұрғындарының  жиырма төрт пайызын жастар құрайды. Олардың қоғамдағы белсенділігін арттыру үшін түрлі шаралар жасалып жатыр. Қоғамдық бірлестіктер мен жастар орталықтары құрылып, жүйелі жұмыс жүруде.

Ауданның денсаулық сақтау саласында да оң өзгерістер мол. Емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту, медициналық қызмет сапасын арттыру мақсатында қаржы бөлініп, қыруар шаруа тындырылыпты. Мәселен, Қаратоғай, Хлебодар  ауылдарына дәрігерлік амбулатория салынған. Дәрігерлер біліктіліктерін арттыру мақсатында облыс орталығына жиі барады. Сатып алынған жаңа аппараттар емдеу ісін жүргізуге мол мүмкіндік беріп отыр. Сондай-ақ, ауданның мәдени саласы да жыл сайын жаңа белеске көтеріліп келеді. Әсіресе, халықтар достығын нығайту мақсатындағы шаралар жиі ұйымдастырылады. Көрші Ресеймен шектесетін ауылдарда екі ел өнерпаздары жиі араласып, өнер көрсетеді. Мәдениет үйлері мен мұражай, кітапханалар халыққа тоқтаусыз қызмет етіп келеді.

Жиында аудан басшысы ішкі істер саласы бойынша да мәліметтерді ортаға салды. Ауданда өткен жылмен салыстырғанда, қылмыс көрсеткіші  азайған. Есепте тұрған 272 адаммен тиісті орындар жүйелі жұмыс жүргізеді.

 

Сауалдар мен жауаптар

 

Осы мәселелерді баяндаған соң аудан әкімі тұрғындардың сауалдарына жауап берді. Жайсаң ауылының ақсақалы Мұсағали Ізбасов ауылға көгілдір отын кіргізу үшін жүргізілген жұмыстың орта жолдан тоқтап қалғанын, отынның қашан кіретінін сұрады. Аудан әкімі бұл ауылға газ 2017 жылы кіретінін, аталған шаруалардың  барлығы жоспар бойынша және қаржының бөлінуіне байланысты жүргізілетінін айтты.

Ал Саржан ауылының тұрғыны Жақсылық Исаев ауылға жедел жәрдем көлігінің қажет екенін айтса, Андреевка ауылының ақсақалы Төлеген Еримов ауыл арасындағы жолдың жөндеусіздігін ортаға салды. Аудан басшысы бұл мәселелердің барлығы кезең кезеңімен жүзеге асатынын, тиісті шаралар қабылданатынын мәлімдеді. Тұрғындар арасында ауданның жағдайы көп жақсарғанын, Елбасы саясатына риза екенін айтқандар болды.

Жиын соңында аудан әкімі атқарылатын шаруаларды тағы бір пысықтап, жиналғандарға алғысын білдірді.

 

Кәмшат ҚОПАЕВА,

Мәртөк ауданы.

 

 

 

 

 

 

 

ШАРУАЛАР БАҒДАРЛАМАЛАРДЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫН БІЛМЕЙДІ

Байғанин ауданының әкімі Мамырғали Аққағазов та халық алдында кезекті есебін берді.

Аудандық мәдениет үйіне жиналған тұрғындар ауданның  өткен жылғы әлеуметтік — экономикалық дамуының қорытындылары мен үстіміздегі жылдың міндеттерін әкімнің аузынан естіді.  Жиынға облыс әкімінің орынбасары  Мұхтар Жұмағазиев, облыстық мәслихаттың депутаты Лаура Жазықова, аудандық мәслихат депутаттары, селолық округ әкімдері, мекеме, бөлім басшылары, құқық қорғау қызметкерлері, еңбек ардагерлері және аудан тұрғындары қатысты.

Негізінен мал өсірумен шұғылданатын ауданда мал тұқымын асылдандыру арқылы мал басын көбейту, өндірілетін мал өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін ұлғайту — басты міндет. Осы мәселелерге тоқталған әкім соңғы жылдары бұл саланы мемлекеттік қолдау шараларының көлемі  ұлғайып келе жатқанын атап өтті. Өткен жылы «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан», «Агролизинг», «Ырыс» бағдарламалары бойынша 162 млн. 288 мың теңгенің инвестициясы тартылғаны мәлім болды. Ауыл шаруашылығы құрылымдарының 38,5 пайыз техникасы жаңартылғаны айтылды. Лизингтік әдісті пайдалана отырып, шаруашылықтар алдағы уақытта ауыл шаруашылығы техникаларын толық жаңартуды көздеп отыр.

Осы жылы Қопа селолық округінде пайдаланусыз жатқан суармалы алқапты іске қосу мақсатында, көлдетіп суару жүйесіне күрделі жөндеу жасау үшін жобалық- сметалық құжат әзірленіп, қаржыландыру мәселесін шешу жолдары қарастырылуда.

Мұнымен бірге, кемшіліктер де айтылмай қалған жоқ. Өткен жылы  індеттен ауданда біраз мал өлді.  Малмен күнін көретін ауыл халқы үшін бұл айтарлықтай шығын болғаны сөзсіз. Ал қалған төрт түлікті  жұқпалы дерттен сақтандыру мақсатында бөлінген 59,6 млн. теңге өз орынына жұмсалды ма? Диагностикалық тексерулер нәтижесінде бруцеллез ауруына шалдыққан 258 бас ірі қара, 15 қой-ешкі, 28 түйе жойылғаны белгілі болды.

Алыс жайылымдық жерлерді суландыру және электрлендіру мәселесін оңтайлы шешу мақсатында «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасы аясында 5 шаруашылық 15,5 млн. теңгеге күн сәулесі мен жел күшін пайдалану арқылы ток күшін өндіретін құрылғылар алған. Десек те, ортадан қосылған делдалдар Қытайдың сапасыз дүниесін өткізіп жібергендіктен мемлекеттің біраз қаржысы желге ұшты. Осыған байланысты аудан басшысы 2 шаруашылықтың шаруасы тұралап қалғанын, олқылықтың орнын толтыру жұмыстары тез арада жүргізілетінін айтып сендірді. Сала жұмысын қорытындылаған М.Аққағазов аудандық ауыл шаруашылығы бөліміне нақты шаралар қабылдау қажеттігін қадап айтты.

Ауданда есепті кезеңде 2 шаштараз, аяқкиім жөндейтін шеберхана, гүл сататын дүкен, техникалық сервис орталығы, үлкен монша ашылған. Сондай-ақ, жеке кәсіпкерлер Жарлы ауылында тойхана, дүкен ашты. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы «Кәсіпкер» бағдарламасымен 9 кәсіпкер несие алды. Кәсіпкерлік палатасының аудандық филиалының жетекшілігімен 12 үміткер «АқтөбеStartup» үздік бизнес-жобасы конкурсына қатысып,  2,5 млн. теңге болатын 2 жобаның жеңімпазы атанды.

Әкімнің айтуынша, аудан бойынша тұрғындардың орталықтандырылған ауызсумен қамтылу көрсеткіші 58 пайызды құраған. Жарқамыс, Кемерши, Ебейті, Миялы ауылдарына сумен қамту нысандарын салу мақсатында құжаттар дайындау керек.  Ал Қарауылкелді ауылының сумен қамту желілерін кеңейту және қайта жаңғырту жұмыстарына  қаржы қажет.

Тұрғындар жиналыста әкімнің есебіне оң бағасын берді.Зейнеткер Қалдығұл Ашықбаев көгілдір отынның аракідік сөніп қалатынын, бұл жағдайда тұрғындарға қауіпсіздік шараларын ескерту қажеттігін білдірді. Ауыл ақсақалы Ықылас Әбішев облыс орталығына қоғамдық көліктердің нашар қатынайтынын айтты.

Аудан орталығынан облыс орталығына қатынайтын таксидің  құны бүгінде шарықтап  көтерілген.

Жиында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Жұмағазиев  ауыл шаруашылығы мәселелерін ортаға салды. Облыстың өзге аудандарымен салыстыра отырып, аудандағы шағын және орта бизнестің жайына тоқталды. Оның сөзінде айтылғандай, шалғай ауылдардағы шаруалар мемлекеттік бағдарламалардың артықшылықтарын әлі де толық білмейді, насихат аз.

Есеп беру жиналысында аудан әкіміне тұрғындар көкейтесті сауалдарын қойып, жауап алды.

Бақытгүл БОРАНБАЕВА,

Байғанин ауданы.

 

 

МҰНАЙЛЫ ӨҢІРДІҢ МЕКЕНДЕРІ

 

Аудан әкімі Серік  Шаңғұтов Қайыңды, Мұғалжар, Егіндібұлақ, Құмсай, Ащысай, Қ.Жұбанов атындағы ауылдық округтерінде және Ембі, Жем қалаларында болып, тұрғындар алдында есеп берді.

Қайыңды сулы-нулы таулы аймақта орналасқан, аудандағы әлеуметтік-экономикалық дамуы жоғары ауылдардың бірі. Кездесу барысында ауыл әкімі Ілияш Ниязова ауылдың бүгінгі тіршілігі туралы баяндады. Ауылдық округте 1162 тұрғын, 11 ұлт өкілі бар. Қайыңды ауылында «ИнтерГазОрталықАзия» АҚ, «Семсер» және «Өрт сөндіруші» ЖШС-ы сынды ірі құрылымдар жұмыс істейді.  Бұдан басқа,  Алтынды ауылындағы «Юбилейное» ЖШС-ы тұрғылықты халықты тұрақты жұмыспен жақсы қамтып отыр. «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасының аясында ауылдық округ бойынша «Юбилейное» ЖШС-на 45, «КазГеоРуд» ЖШС-на 25 адам жұмысқа орналасқан. Бұған қоса, өткен жылы балабақшаларда 12, Қайыңды орта мектебінде 4 жұмыс орны ашылды. «Көркейе бер, туған жер!» акциясы шеңберінде Қайыңды-Алтынды ауылдары аралығындағы 35 шақырым тасжолды тегістеу, жақсарту шарасы жүзеге асырылды. Алтынды су дамбасын және көше құдықтарын жөндеу жұмыстары аяқталды.

Аудан әкімі Серік Шаңғұтов  өз сөзін Елбасымыздың Жолдауынан бастап,  ауылдардың тұрғындарын 2014 жылы аудан көлемінде атқарылған жұмыстармен және алда тұрған жоспарлармен таныстырды.

Аудан әкімінің айтуынша, 2014 жылы өнеркәсіп өндірісі бойынша 317,1 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 98,1 пайыз.

Аудан әкімі халықты жұмыспен қамту жөнінде де нақты мысалдар келтірді. Тек өткен жылдың  12 айында ауданда 703 жаңа жұмыс орны ашылды. 247 жас маман жұмысқа орналастырылды. 37 мүгедек жандарға да жұмыс табылған.

Білім саласы бойынша да ауданда ауқымды шаралар жүргізілді. ҰБТ қорытындысы бойынша ауданның орташа балы 82,2 балды құраса, бұл көрсеткіш 2013 жылмен салыстырғанда 3,9 балға артқан. Ауданның  10 түлегі «Алтын белгі» иегері атанса, 7 түлек «Үздік» аттестатқа ие болды. Алтынды орта мектебінің түлегі Әйгерім Аймағамбетова аудан бойынша ең жоғары 119 балл жинады.

Есепті жиналыста «Шапағат» балабақшасының меңгерушісі Жадыра Әлібекова, Алтынды ауылының тұрғыны Николай Кондрашов, «Юбилейное» ЖШС-ы АТС-ның басшысы Сенбі Тәженовтер аудан көлемінде атқарылып жатқан игілікті жұмыстарды жоғары бағалады.

Есепті кездесуде  Ембі қаласының әкімі Әлімжан Қорғанбай қаланың күрделі мәселелеріне тоқталды. Оның айтуынша, Ембі қаласына кіреберіс жолдан теміржол өткеліне дейінгі ұзындығы 3,5 шақырым жолдарды жөндеуге 181 млн. теңге қаржы бөлініп, 2013 жылы 118 млн. теңге, 2014 жылы 63 млн. теңге қаржы игерілді. Бүгінде жол жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Жанесов көшесіндегі жол күрделі жөндеуден өтті. Бірақ жақсартуды тілейтін жолдар әлі де бар.

Мұнымен бірге, «Көркейе бер, туған жер!» акциясы аясында қаладағы кәсіпкерлердің көмегімен 700 мың теңгеге орталық стадионға екі қабатты спорт нысаны салынды. «Жеңіс» саябағындағы «Белгісіз жауынгер» ескерткішіне жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Мұнда аудан әкімі  Ембі қаласы бойынша 300 орындық жаңа мектептің құрылысы жүргізіліп жатқанын, Ембі қалалық №1 орта мектебіне 593 млн. 800 мың теңге қаржы бөлінгенін, құрылыс жұмыстарын  2015 жылы аяқтап, 1 қыркүйек күні пайдалануға беру көзделіп отырғанын, сонымен қатар Ембіге жаңа 320 орындық балабақша салынатынын жеткізді.

Жиында сөз алған Ембі қалалық №4 орта мектебінің директоры Нүрия Тәжіғарина, зейнеткер ұстаз Айжан Сарқұлова, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының Ембі қаласы бойынша өкілі Тұрар Қайырлапин және Ембі қызмет көрсету колледжі директорының орынбасары Айнагүл Құрантаевалар аудан және қала әкімдерінің жылдық есептерін қанағаттанарлық деп бағалады.

Жем шаһарында да бұған дейін шешілмей келген біраз мәселелер қолға алынып, нақты жұмыстар жүзеге асырылды. Жем қаласының әкімі Берік Нұртаев жыл ішінде атқарылған жұмыстармен қатар, алдағы міндеттерге де тоқталды. Жем қаласы бойынша өткен жылы №3 «Аула клубы», «Жем-Ембі» бағытына қатынайтын такси тұрағы ашылды. «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасы аясында 9 адам ақылы қоғамдық еңбекке тартылды. Осы бағдарлама негізінде Жем қалалық мәдениет үйіне және биотазарту имаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде 23 адам жұмысқа орналастырылды. Қазіргі таңда оның 17-сі тұрақты жұмысқа қабылданған.

Аудан әкімі Серік Шаңғұтовтың есебін Жем қаласының жұртшылығы жылы қабылдады. Өйткені жыл ішінде аудан көлемінде атқарылған жұмыстар аз емес еді. Оны тұрғындар көзбен көріп, толық сезіне алды.

Жиналыста зейнеткер Уязбай Тахаев, Жем қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жақсылық Есбосынов, аудандық мәслихат депутаты Гүлзада Жұмабаева және Жем қалалық №5 орта мектебінің мұғалімі Асхат Ырысмағанбетовтер ауданда жүзеге асқан игілікті істерге ризашылықтарын білдірді.

Жандос АЙТЖАН,

Мұғалжар ауданы.

 

 

 

 

 

 

БАҒДАРЛАМАЛАРДЫҢ ЖЕМІСІ

 

Қобда ауданында бөдене өсіру ісі жолға қойылды. Былтыр облыс көлемінде ұйымдастырылған «Ақтөбе стартап» жаңашыл бизнес жобалар байқауына аудан атынан 12 жоба сынға түскен. Солардың ішінде асыл тұқымды қой және бөдене өсіруге бағытталған бизнес-жобалар үздік деп танылып, нәтижесінде жоба жетекшілері 5  миллион теңге көлеміндегі грантқа қол жеткізді. Бұл жайында Қобда ауданының әкімі Асқар Жүсібалиевтің Әлия ауылы тұрғындары алдында берген есепті кездесуінде мәлім болды. 

 

Көгілдір отын көп нәрсені шешеді

 

Аудан әкімінің есепті кездесуі «Жұмыспен қамту — 2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жақында ғана күрделі жөндеуден өткен Әлия ауылындағы мәдениет үйінде болды. Іші жарық әрі жылы ғимараттың кең залына жиналғандар алдымен Бұлақ ауылдық округінің әкімі Абат Темірбаевтың есепті кезең ішіндегі жұмыстарының қорытындысы мен биылға жүктелген міндеттер жайындағы баяндамасын тыңдады. А.Темірбаев өз сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған «Нұрлы жол — болашаққа бастар жол» атты Жолдауының мәні мен маңызын ауыл тұрғындарына, оның ішінде жастарға түсіндіру жұмыстары белсенді жүзеге асырылып жатқанын айтты.

Құрамына Әлия, Бұлақ және Талдысай ауылдары кіретін округте қазір екі мыңға тарта адам тұрады. Әсіресе Талдысайда өзге ұлт өкілдерін — орыстар мен украиндар, немістерді көптеп кездестіруге болады.

Бүгінде округте тұрақты демографиялық жағдай қалыптасқан. Соңғы жылдары мұнда халық санының өсімі байқалады.

Округке қарасты елді мекендер ішінде Әлия ауылында кәсіпкерлікпен айналысушылардың қатары көп. Әзірге бұл саланы дамытуда талдысайлық тұрғындардың белсенділігі байқалмайды.

Жиында есепті кезең ішінде округ бойынша атқарылған жұмыстар қорытындыланды. «Көркейе бер, туған жер!» акциясына үлес қосқан бір топ ауыл азаматтарының аты аталды.

«Қобда ауданының 2014 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және 2015 жылға қойған міндеттері туралы» аудан әкімі Асқар Жүсібалиевтің есепті баяндамасының ресми тілдегі толық нұсқасын тұрғындар үлкен экрандағы слайдтан көрді. Өз сөзінде А.Жүсібалиев: «Былтыр ауданның жергілікті атқарушы органдарының негізгі қызметі Елбасы Жолдауында қойылған перспективалық міндеттерді орындауға, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға бағытталды. Президенттің «Нұрлы жол — болашаққа бастар жол» атты жаңа Жолдауы баршамызға орасан зор міндеттер жүктеп отыр. Жолдауда бұған дейін жолға қойылған барлық реформаларды ілгері бастырып, әлеуметтік саланы қолдау, халықтың күнкөріс әлеуетін арттыру, жастарға жағдай жасау секілді көптеген стратегиялық қадамдарды жүзеге асыру  жоспарланып отыр. Елбасы қойған маңызды міндеттер есепті жылы ауданда нәтижелі жүзеге асырылды. Оның ең бір айшықты көрінісі — былтыр ауданымыздың 85 жылдық мерейтойына тарту ретінде көгілдір отын келді. Бұл халқымыздың өркениет көшіне ілесіп, аудан экономикасының дамуына оң серпін береді, алдағы уақытта ауылдарымыздың көркеюіне де ықпал етері анық» — деп атап өтті.

А.Жүсібалиев қобдалықтардың ауызбіршілікпен атқарған еңбегінің нәтижесінде 2014 жыл аудан үшін табысты аяқталғанын айтты. Былтыр ауданда өндірілген өнеркәсіп өнімінің көлемі 1,5 миллиард теңгеге жеткен. Аудан экономикасына

9 миллиард 400 миллион теңге инвестиция тартылған. Ауқымды қаражат негізінен ауылдарды газдандыруға, білім, мәдениет мекемелері мен автомобиль жолдарын күрделі жөндеуге, денсаулық сақтау нысандарын салып, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға жұмсалған.

 

Баламалы энергия — болашақтың қажеттілігі

 

Асқар Жүсібалиевтің айтуынша, ауданда мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру ісі оң жолға қойылған. Соның бірі — «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасы аясында былтыр өңірде 7 әлеуметтік нысан күрделі жөндеуден өткізіліпті. Өткен жылы Калиновка ауылында ел игілігіне берілген жаңа дәрігерлік амбулатория да осы бағдарлама бойынша бөлінген қаражатқа салынған.

— Мемлекеттік бағдарлама бойынша несие алушылардың басым бөлігі мал шаруашылығын дамыту, оның ішінде мал басын көбейту бағытында жұмыс жасап жатыр. Шағын және орта бизнесті дамыту ісінде де бағдарламаның шарапатын сезініп жатқандар көп. «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасы бойынша ауданда инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға жалпы сомасы 9,9 миллион теңгеге 5 шаруа қожалығына гибридті баламалы электростансасы қондырылды. Соңғы екі жылда мұндай қондырғыны ауданда 20 шаруа қожалығы орнатып алды. Қазір болашағын әріден ойлаған елдер баламалы энергия көздерін дамытуға мән беріп жатыр. Біздің елімізде де шаруашылықта  баламалы қуат көзін пайдалану ісі тиімді жүзеге асырылып жатыр.  Баламалы энергия  болашағымыз үшін ең қажетті қондырғы болып есептеледі, — деді А.Жүсібалиев.

Өңір басшысы өз сөзінде ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы оң істерге, оның ішінде алдыңғы қатарлы шаруа қожалықтарының бүгінгі жұмыстарына жеке-жеке тоқталып өтті. Оның ішінде мемлекеттік қолдауға ие болған «Тамбай», «Марат» сынды қожалықтардың атқарып жатқан істерін өзгелерге үлгі етті.

 

Бөдене бизнесі

 

Қобда ауданында бөдене өсіру ісі жолға қойылған. Былтыр облыс көлемінде ұйымдастырылған «Ақтөбе стартап» жаңашыл бизнес жобалар байқауына аудан атынан 12 жоба сынға түскен. Солардың ішінде асыл тұқымды қой және бөдене өсіруге бағытталған бизнес-жобалар үздік деп танылып, нәтижесінде жоба жетекшілері 5  миллион теңге көлеміндегі грантқа қол жеткізіпті. Оның 3 миллион теңгесі асыл тұқымды қой өсіруге, ал 2 миллион теңге көлеміндегі грант бөдене өсірумен айналысатын жасқа берілген.

— Грант иегері бөдене өсіру ісімен аудан орталығында айналысып жатыр. Қазір аудандағы азық-түлік дүкендеріне бөдененің жұмыртқасы тапсырылады. Бөдене жұмыртқасының бағасы едәуір қымбат. Себебі бөдененің жұмыртқасы денсаулыққа пайдалы, — дейді А.Жүсібалиев.

Расымен де, зерттеулерде тауықтың бір жұмыртқасына тең келетін бөдененің бес жұмыртқасында калий — 5 есе, темір — 4,5 есе, B1, B2 дәрумендері 2,5 есе артық болатын көрінеді. Оның үстіне, тауық жұмыртқасында ақуыз мөлшері 55,8 пайыз болса, бөдененің жұмыртқасында бұл көрсеткіш — 60 пайыз. Бұл жұмысты қолға алған қобдалық кәсіпкердің ісі өз нәтижесін беріп жатса, шынымен де жерлестері бөдененің жұмыртқасы денсаулыққа пайдалы екенін түсінгені абзал.

Есепті кездесуде аудан басшысы биылғы жылы атқарылатын нақты міндеттер турасында да баяндады. Биыл аудан орталығында он үйдің құрылысы салынып, пайдалануға берілмек.

 

Жалақы қымбат, жол нашар…

 

Есепті кездесу кезінде ауыл тұрғындары тарапынан қойылған сауалдарға қос әкім мейлінше нақты жауап беруге тырысты. Әлия ауылының тұрғындары Қашқынбай Жанаев, Сайын Меңдіғариндер аудан, ауыл әкімдерінің есепті кезең ішінде атқарған жұмыстарына оң бағасын берсе, жерлестері Қаманай атап кеткен Төрежан Ерболат ауылға көгілдір отынның келгеніне әлі қуанып жүр. Сол үшін жергілікті билік басшыларына ауылдықтар атынан өз ризашылығын білдірді.

Биыл Жеңістің 70 жылдығы, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 90 жылдық мерейтойы құрметіне Қобда жерінде де батырдың ерлігін насихаттау, қастерлеу бағытында нақты шаралар өткізу жоспарланып отыр. Дегенмен тұрғындар мерекеге дейін Бұлақ ауылына кіреберіс жолды жөндеуге билік тарапынан көңіл бөлінсе деген өтініштерін білдірді.  Әкімдердің алдына жазбаша келіп түскен хатта: «Жанармай бағасы арзандағанмен, Әлия-Ақтөбе бағытына қатынайтын жеке такси жүргізушілерінің екі аралыққа қойған жолақы бағасы қымбат. Осы мәселе қашан реттеледі?» деген сауалға округ әкімі Абат Темірбаев: «Қазір Әлия-Ақтөбе бағытына қатынайтын таксилер жан басына 700 теңге алады. Бұл мәселені көп кешікпей реттейтін боламын» — деп жауап берді.  

P.S. Бұрын әкімдермен кездесу кезінде тұрғындар шешімін таппай жатқан ірі-ірі әлеуметтік мәселелерді алға тартып, шыр-пыр болатын. Соңғы кезде мемлекеттік бағдарламалардың жемісін көріп отырған көпшілік ауылдарда әлеуметтік нысандар жөнге келтіріліп, тұрмыстық жағдай мейлінше жақсарды. Сондықтан да болар, қазір тұрғындарды жеке басының шаруасы көп алаңдатады. Мұны Әлия ауылында өткен әкімдердің есепті кездесуінен де аңғардық. Жиында бір әжей «жазғы үйімнің жарығы өшіп қалды» деп әкімді кінәласа, енді бірінің «ауылға кәріз жүйесі керек», «Бұлаққа асфальт емес, метро қашан салынады»  сынды ойын-қалжыңы аралас сауалдарынан-ақ ауылдықтардың тұрмысы өзгелерден әлдеқайда көш ілгері екенін аңғаруға болады…

 

Арайлым НҰРБАЕВА,

Қобда ауданы.

 

 

ҚАЛАҒА ҚАРЫМДЫ ҚИМЫЛ КЕРЕК

 

Шалқар қаласының әкімі Сұлтан Жұманов тұрғындармен үш кездесу өткізді. Бұл кездесулер қаланың №6, №4 орта мектептерінде, аудандық мәдениет үйінде өтті.

Әкім жиналғандарға қаланың өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және алдағы жылғы міндеттері туралы айтып берді.  Әлеуметтік, коммуналдық, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, білім, денсаулық, мәдениет салалары бойынша атқарылған істерге егжей-тегжейлі тоқталды. Қоғамдық тәртіп туралы да айтпай қалған жоқ.

Қала әкімінің толық есебімен жұртшылық аудандық «Шалқар» газетінде жарияланған тезистері арқылы жан-жақты танысты. Көзі қарақты, көкірегі ояу шалқарлықтар қала басшысының тікелей араласуымен өткен жылы 16 көшенің жарықтандырылғанын, биыл қаланың бас жоспарына сәйкес даму аймағына инженерлік желілердің тартылатынын, Жомарт ауылынан тұрғын үй салуға жер телімдерін беру ұйымдастырылатынын сол арқылы білді.  Сонымен бірге, әкімнің аузынан қала көшелерінің жаңартылатынын, автокөлік жолдарына асфальт төсеніштері салынатынын, орталық спорт кешені құрылысының аяқталатынын естіп қуанып қалды.

Бір сөзбен айтқанда, көп жақсылықтар жасалуда. Бірақ халықтың да соған сай талабы өсуде. Сондықтан кездесулерде өтініш-тілектер айтқандар да аз болмады.  №6 орта мектеп залында өткен кездесуде тұрғындар қала әкіміне құрылыс-монтаж пойызы қалашығындағы бес қабатты үш үйдің жөндеуін аяқтауды өтінді. Жомарт ауылына мектеп салынса, Ә.Жангелдин қалашығында бой көтерген балабақша тезірек пайдалануға берілсе деген тілектерін айтты.

Үлкен қалада табиғи өсу бар. Сондықтан мектеп, балабақша жүйесін үздіксіз кеңейту талабы туып отыр. №4 орта мектепте өткен  кездесуде тұрғындар қала басшысына Газшылар қалашығына мектеп салуға, осы бағытқа қоғамдық көліктер жүргізуге ықпал етуді тапсырды.

Тұрғындардың сауалдарына жауап қайырған кезде қала әкімі С.Жұманов тұрғындар мәселе етіп қозғаған бес қабатты үш үйдің жөндеу жұмыстары республикалық бюджет арқылы қаржыландырылатынын айтты. Әзірге бұл қаржының  бөлінбегенін жеткізді. Шалқар қаласының бас жоспары жасалып жатқанын, осы жоспарда Жомарт ауылына мектеп салу жобасы енгізілгенін, алайда бұған да қажетті қаржының әзір қаралмай тұрғанын айтты. Ал Ә.Жангелдин қалашығындағы балабақшаның құжаттары дайындалу үстінде, ол тиянақталғасын бұл құрылыс пайдалануға берілмек.

Газшылар қалашығынан екі-үш жылдықта мектеп салынбайтыны ашық айтылды. Ал қоғамдық көлік бағыттарын кеңейту жеке кәсіпкерлердің күшімен ғана жүргізілмек.

Аудандық мәдениет үйінде қала тұрғындары атынан сөйлеген қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Аманкелді Қалыбаев қала инфрақұрылымының жақсы дамып келе жатқанын, көше тазалығының, ауызсудың жақсы жағдайда екенін, оны ұйымдастырып, халыққа беріп отырған кәсіпорындардың еңбектерінің адалдығын тілге тиек етті. Қалада

тазалықты берік сақтау үшін әлі де тұрғындар санасын жетілдіру бағытында көп шаралар жүргізу қажеттігі айтылды. Мәселен, вокзал маңындағы базарларда контейнерлерге жиналған қалдық-қоқыстарды өртеп, ауаны ластау әлі тыйылмай отыр. Одан ұшқан күл-қоқыс ұшқындары сатылып жатқан азық-түліктерге, заттарға қонып ластауда. Осыны бақылаушы орындар ескерсе деген тілегін айтты. Жазғы мезгілде тұрғындардың малдарын бағатын бақташылар жетіспейді. Қала басшылығы бақташы болам деген адамдардың әлеуметтік жағдайын жасап, жұмысқа тартса, қала халқы үшін игі іс болар еді деген ұсынысын да білдірді.

Қала жастарының атынан сөйлеген Артур Дүйісов «Жас келсе — іске» деген даналық сөзді алға тартып, Елбасының Жолдауларындағы міндеттерді орындау үшін жастарды кәсіпкерлікпен айналысуға, жалпы қоғам, ел үшін аянбай еңбек етуге шақырды.

Қала әкімінің аудандық мәдениет үйінде өткен қорытынды кездесуінде сөз сөйлеген аудан әкімі Ербол Данағұлов аудан бойынша атқарылған елеулі жұмыстарды атап өтті, қала әкімінің атқарған жұмыстарына оң бағасын берді. Қала жұмысының оңай еместігін, жағдайдың күрделілігін алға тартты.

Биылғы жылы қаладағы көп қабатты үйлерге терможаңғырту жұмыстарын жүргізу қолға алынады. Бұл жұмыс табысты жүруі үшін сол үйлердің тұрғындары белсенділік көрсетулері ләзім. Аудан басшысы биылғы жылы бағдарламалар бойынша атқарылатын игі істерге тоқтала келіп, көпшілікті Елбасының Жолдауларында қойылған міндеттер мен тапсырмаларды мүлтіксіз орындауда аянбай еңбек етуге шақырды.

 

Қыдыралы ӘЛИН,

Шалқар қаласы.

 

 

 

АЛТЫ ЕСЕПТЕ НЕ АЙТЫЛДЫ?

 

Хромтау ауданының әкімі Аязбай Османғалиев осы өңірге басшы болып келгелі халық алдында алтыншы рет есеп берді. Ол алғашқы кездесуін Тасөткел ауылдық округінің тұрғындарымен өткізді. Әуелі ауыл әкімі Бақытберген Байсейітов  сөз алып, Елбасының «Нұрлы жол — болашаққа бастар жол» атты Жолдауынан туындатып әңгіме өрбітті. Ол ауылда бір жыл көлемінде атқарылған істер мен алдағы уақытқа тиесілі шаруаларды саралады.

Тасөткел ауылы қауымдастығының төрағасы Асылбек Баймұрзин жиында өткен жылы ел тірлігіне өздерінің қосқан үлестері туралы айтты.

Аудан әкімі Аязбай Қайырғалиұлы жұртшылыққа 2014 жылы аудан көлемінде жүзеге асқан ауқымды істерді тасөткелдіктерге баяндап берді. Ол, сондай-ақ, Елбасы Жолдауының маңыздылығын атап өтті.

Алдын ала орнатылған жәшікке келіп түскен сауалдарда ауыл орталығына көгілдір отын желісін тарту, ауызсумен қамту және «Қазақ ауылы» көшесін жарықтандыру мәселесі сөз етілген.

— Тасөткел ауылын газ желісіне қосу бұған дейін де қозғалған мәселе. Өткен жолғы есептік кездесуімде Қарабұтаққа тартылған газ құбырынан осы ауылдың тұсында бұрама қалдырамыз дегенбіз. Дегенмен ол жоғары қысымдағы газ болғандықтан, бұл жоспарымыз іске аспады. Тасөткел сияқты шағын ауылдар ендігі кезекте тұр. Сондықтан алдағы уақытта бұл ауылға да көгілдір отын келер деген үміттеміз. Ауызсу мәселесіне келер болсақ, ол үшін алдымен іздестіру жұмыстарын жүргізу керек. Алдағы бір-екі жылдықта іздестіру жұмыстарының жүргізілуіне күш саламыз. «Қазақ ауылы» көшесін жарықтандыру ауылдық қауымдастықпен ақылдаса отырып шешілетін мәселе. Қауымдастыққа келер жылы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасымен бөлінетін қаржыны жарықтандыру жұмыстарына жұмсауға кеңес беремін, — деп жауап берді аудан әкімі қозғалған мәселелерге орай.

Сондай-ақ, ауыл тұрғындары қысқы жол қатынасының қиындығы мен ұялы байланыстың керектігін айтты.  Аудан басшысына ауылда бой көтерген жаңа мектеп үшін алғыстарын білдірді.

Бөгетсай ауылының мәдениет үйіндегі келесі кездесуде ауылдық округ әкімі Сердалы Жаназаров тұрғындар алдында есеп берді, содан кейін аудан әкімінің баяндамасы тыңдалды.

Ашық әңгіме барысында «Аслан» шаруа қожалығының басшысы Ж.Бекмағамбетов Қарлау ауылындағы электр желісі жағдайының мәз еместігін жеткізіп, бұл ауылға да газ тартылса деген тілегін білдірді. Бұл сауалдарға қатысты «Электр қуаты жүйесі бойынша шаралар қабылданады» делініп, газ мәселесінде тасөткелдіктерге айтылған жауап қайталанды.

Бөгетсайлықтар ауызсу мәселесі тұрғысынан ырзашылықтарын айтып, еңбек ардагері Ысқақ Қонақбаев ақсақал жиналғандарға ақ батасын берді.

Тассай ауылдық округінің әкімі Ербол Әбдіровтің есебі мен аудан басшысы Аязбай Османғалиевтің баяндамасын қатар тыңдаған тұрғындар көп мән-жайға қанықты.

— Тассай ауылын «Самара-Шымкент» тасжолымен жалғайтын кіреберіс жолының жобалық-сметалық құжаттары дайын. Алдағы уақытта қаржы бөлінсе, бірден жол жөндеу жұмыстарына кірісеміз. Ауылға көгілдір отын тарту үшін биылғы жылы жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге тырысамыз. Қысқы жол мәселесіне келсек, бүгінде жол тазалау жұмыстарымен аудан бойынша «Ақпан-2030» ЖШС айналысып келеді. Боран кезінде жолды қардан тазалау тиімсіз. Сондықтан жолды боран басылған соң ғана тазалауға мәжбүрміз, — деп мән-жайды ұғындырған аудан басшысы тассайлықтарды ауыл шаруашылығымен дендеп айналысуға, шаруаларды бірігіп атқаруға шақырды.

Ауылды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мен дәріхана ашу мәселесі бойынша аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Рүстем Исаев жауап беріп, бұл сауалды шешу жолдарын түсіндіріп берді. Бұдан бөлек, тассайлықтарды ауыл әкімінің жиі ауысатындығы да мазалайтындығы анықталды. Бұл тұрғыда аудандық мәслихат хатшысы Дәурен Молдашев тұрғындарға әкімге қойылатын талаптарды түсіндіріп, мәселенің мәнісін талдап берді.

Ақжар ауылында жергілікті әкім Болатбек Дүйсенбин мен Ақжар ауылдық қауымдастығы төрағасының орынбасары Қарағұл Нұрқасымов тізгін қағыстыра сөз алды.

Олар бұған дейінгі кездесулерде айтылған мәдениет үйін жөндеп, «Қазпошта» бөлімшесін ашса деген тілектердің орындалғанын жеткізді. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің бойынан кемпингтер салынып, ауылда жаңа жұмыс орындары ашылуда.

Ауыл имамы Қашақбай Баекенов Ақжардағы ескі училищенің ғимаратын спорт мектебі ретінде қайта қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.

Никелтау ауылында өткен кездесуде де алдымен ауыл әкімі Нұрлан Әлмұратовтың бір жыл ішінде атқарған істерінің есебі және ауылдық қауымдастық төрайымы Любовь Утюштің тындырылған шаруаларға қосқан үлесі тыңдалды. Бұлардан соң аудан әкімі Аязбай Қайырғалиұлы өз баяндамасын жұртшылық назарына ұсынды.

Никелтаулықтардың көптен көкейлерін күпті еткен мәселе — жолға қатысты. Бұл орайда өңір басшысы «Дөң-Бадамша» тасжолы жөнделген уақытта аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, ауылға кіреберіс жолдың да жөндеуден өткізілетінін айтты.

Кездесу соңында аудан орталығынан келген бірқатар мекеме басшылары тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Келесі кездесу Қопа ауылында өткізілді. Өзге ауылдарға жасаған сапарларындағы секілді мұнда да аудан әкімі жиналыстан бұрын әлеуметтік нысандарды аралап көріп, бірқатар сын-пікірлерін айтты. Мәдениет үйіне жиналған халық алдында бірінші болып ауылдық округ әкімі Нұрболат Жалтаев баяндама жасаса, қауымдастық мүшесі Амангүл Байсеркешова ауыл әкімімен біріге отырып іске асырылған шаруаларды тізбектеп шықты.

 

Ләззат ӘБДІРОВА,

Хромтау ауданы.

 

 

 

 

САЛАЛАР МЕН САУАЛДАР

 

Аудан әкімі Мирхан Дуанбековтің есеп беру жиыны Құмтоғай, Қызылжар, Нұра және Ырғыз ауылдық округтерінде жалғасты. Осындағы тұрғындармен кездесулерінде аудан әкімі өңірде  өткен жылы атқарылған істерді саралап, үстіміздегі жылға белгіленген жұмыстарды атап өтті.

Аудан бойынша өткен жылы 842,2 млн. теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілген. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 6965,7 млн. теңгені құрап, 2013 жылмен салыстырғанда 1,8 пайызға артқан. Ауданда тіркелген шағын кәсіпкерлік субъектілерінің саны 502 бірлікті құрап, 4,1 пайызға өскен. Өткен жылы «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында Құмтоғай және Қалыбай ауылдарына ауызсу құбыры тартылып, іске қосылды. 2014 жылы  Құйылыс және Жайсаңбай елді мекендеріне құрылысы басталған ауызсу құбырының жұмысы үстіміздегі жылы аяқталады деп күтілуде. Үш елді мекенге – Нұра, Мамыр және Белшер ауылдарына су құбыры құрылысын жүргізудің жобалық-сметалық құжаты дайындалды.

Ауданның басқа да білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту сынды салаларына жеке-жеке тоқталған аудан әкімі үстіміздегі жылы  ауданның ауыл шаруашылығы саласына «Сыбаға», «Агробизнес – 2020» бағдарламалары бойынша жобаларға қаражат тарту жалғасын табатындығын жеткізді. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында кәсіпкерліктің белсенділігін арттырумен қатар, салық базасын ұлғайту жұмыстары одан әрі жүргізіліп, үстіміздегі жылы Ырғыз селосында ауылішілік газ құбырының құрылысы басталады.

Аудан әкімінің есебінен кейін ауылдық округ әкімдерінің есебі тыңдалды.  Құмтоғай, Қарасай және Қарақұдық елді мекендерін біріктіретін округтегі өткен жылғы атқарылған жұмыстарымен таныстырған округ әкімі Еркін Жүсіповке тұрғындар тарапынан сұрақтар қойылып, пікірлер айтылды.

Ауыл тұрғыны Ж.Мұхабілов қыс мезгілінде округке қарасты барлық ауылдарға жол қатынасының  нашарлығын, жергілікті жолдарды қардан тазарту жұмыстарының кемшін тұстарын атап өтті. Құмтоғай ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Жаушыбайұлы елдегі әлеуметтік жағдайдың жылдан-жылға жақсарып келе жатқандығын, болашақта атқарылар жұмыстар тек ауызбіршілік  арқылы жүзеге асатынын айтып өтті.

Құрамында Құрылыс, Жаныс би, Шеңбертал ауылдары бар Қызылжар ауылдық округінің әкімі Қайрат Айтқұлов округтің әлеуметтік-экономикалық жағдайына тоқтала келе, алда атқарылар жұмыстар легін атап өтті. Округ аумағынан өтіп  жатқан «КС-13-Шетырғыз-Ырғыз» газ құбырына алдағы жылдары Құрылыс, Жаныс би және Шеңбертал ауылдарын қосу жұмыстары қолға алынуда. Инфрақұрылымды жақсарту мақсатында «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» транзиттік дәлізінен округ орталығы — Құрлыс ауылына дейінгі 6 шақырым жолды күрделі жөндеуден өткізудің жобалық-сметалық құжаттары жасақталуда. Жаныс би, Шеңбертал елді мекендері үшін жерасты су қорлары зерделенді.

Есепті кездесу барысында зейнеткер М.Төкешов Құрылыс ауылындағы мал жайылымдық жерлердің мәселелерін көтеріп, кейбір жеке қожалық иелерінің малдарын ауылдан шығармай, өздеріне тиесілі жерлерін тиімді пайдаланбай отырғандығын жеткізді. Қызылжар ауылдық амбулаториясының бас дәрігері А.Жалдыбаева округтегі денсаулық сақтау саласының жақсы жолға қойылғанын  айтып, осы мақсатта қолдау көрсетіп келе жатқан аудан әкіміне алғыс білдірді.

Нұра, Белшер, Мамыр, Дүкен ауылдары кіретін Нұра ауылдық округінің әкімі Ж.Төлебайдың есепті кездесуінде де тұрғындар тарапынан түйткілді мәселелер төңірегінде сұрақтар қойылды.

— Есепті жиындардың қандайы болмасын сын айтылмайды, — деген зейнеткер Ә.Ұзақов ауылды электр жарығымен қамтамасыз ету қанағаттанарлықсыз екенін айтты. Сонымен қатар, қыстың күні жол қатынасы қиын, жолдар уақытылы қардан тазартылмайды. Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесіне орай белгіленген шаралар, мал өнімдері — тері, жүн өткізудің өзектілігі мен өзен жағалауын малға пайдаланудың тәртібі төңірегінде де   сауалдар қойды.   Бұдан басқа Қ.Тәмпішев  көшені электрмен жарықтандыру мәселесі толық қамтылмағандығын айтты. Халқының санын негізінен аудан орталығы құрайтын Ырғыз ауылдық округіне Ырғыз селосы, Ақши, Қалыбай және Қалалыкөл елді мекендері кіреді. Аудан орталығындағы «Арай» мәдениет үйінде өткен Ырғыз ауылдық округінің әкімі Алтынбек Сариннің есепті кездесуіне село тұрғындары, мекеме, кәсіпорын басшылары, жастар өкілдері мен зейнеткерлер қатысты.

Округ әкімінің жылдық есебін тыңдау барысында тұрғындар тарапынан қоғамға қажетті өзекті мәселелер төңірегінде сауалдар қойылды. Зейнеткер А.Нұрыбаев еліміз бойынша жүргізіліп жатқан жалпыға ортақ «Мүлікті жария ету туралы» акцияға түсінік беруді өтінді. Ырғыз селосының   тұрғыны Б.Ақашев қыстың күні күл-қоқыс төгетін арнаулы орынға баратын жолды қардан тазарту жұмыстарымен қатар, көктемгі қар суын тиімді пайдалану үшін жергілікті бөгеттердің жұмысын қазірден бастап қадағалау қажеттігін айтты. Зейнеткерлер  Ә.Сарин күнделікті тұрмыста пайдаланылатын газ баллонының қауіпсіздігін қадағалау жөнінде ой қозғаса,  Б.Айманов жастардың  жаман әдеттерден аулақ болуына көңіл бөлсек деген пікірін білдірді. Кездесулер барысында аудан әкімі  тұрғындардан түскен түрлі сауалдарға қатысты округ әкімдеріне тапсырмалар берді.

Сонымен қатар, округ тұрғындарымен жүздесулер кезінде аудан әкімі кәсіпкерліктің белсенділігін арттыру, салық түсімін көбейту, елдегі ынтымақ пен бірлікті сақтау жөнінде тұшымды, ой саларлық әңгімелер өрбітті.

Аудан әкімінің есеп беру жиналыстарына облыс әкімі аппаратының бас инспекторы Р.Омарова, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының механизация бөлімінің басшысы Б.Шамилов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының тұқым шаруашылығы және өсімдік қорғау бөлімінің басшысы М.Есмағанбетов қатысты.

Тұрсынбек АҚДӘУЛЕТОВ,

Ырғыз ауданы.    

 

 

     АЛТЫН БЕСІКТІҢ АЖАРЫ

 

Көптоғай ауылдық округінің әкімі Ғалия Әмірова ауыл тұрғындары алдында есеп берді. Жиынға аудан әкімі Мавр Абдуллин, облыс әкімдігінің бас инспекторы Ризагүл Омарова, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Шәмшат Жұбай, ауданның бірқатар мекеме басшылары қатысты. Алдымен ауыл әкімі Ғалия Әмірова өткен жылы атқарылған жұмыстарды баяндап берді.

Бұл ауылдың демографиялық өсу қарқыны, жастардың көбеюі қуантады. Бір жылдың ішінде сегіз маманның жоғары оқу орнын бітіріп, туған жеріне оралуы көп жайды аңғартса керек. Демек, ауылға жастардың келуі, олардың өркениеттің игіліктерін өз ауылдарынан көргісі келуі де түсінікті.

Ал ауылынан «Қазпошта» қызметінің ашылғанына қуанған Ермек Ниязов азаматтарға алғысын айтып, кейбір заңдарға биылғы енгізілген өзгерістерді сала мамандарының толыққанды түсіндіруін сұрады. Ауылдағы оқушыларды әртүрлі жарыс, байқауларға апарып-әкелу үшін мектепке автобустың керектігін Хамит ақсақал алға тартты. Ал Жалғасбай Нысанбаев ауылда жарықтың жиі сөнетінін айтса, Зинагүл Сарина отбасылық жағдайын алға тартып, жеңілдетілген несие алудың жайын сұрады.

Бәсекенің бағыты дұрыс ауылда кәсіпкерлік салаға ұмтылушылар көп. Негізінен мал өсіру арқылы еңбектің көзін іздегендерді ауыл әкімі де, аудан басшысы да тәуекелі аз, қайтарымы тез көкөніс егу, құс өсіру сияқты кәсіпті игеруге шақырды.

Мавр Абдуллин бастаған топ Қайыңды ауылдық округінің әкімі Сүйіндік Өскенбаевтың қорытынды есеп беру жиынына да қатысты.

Ауыл әкімі өз баяндамасында Саға мектеп балабақшасына «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» бағдарламасымен күрделі жөндеу жүргізілгенін және «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы арқылы ауыл клубына жүргізілген ағымдағы жөндеу сияқты мемлекет тарапынан жасалған игілікті істермен қатар, округ тұрғындарының күшімен атқарылған жүйелі жұмыстарды термелеп өтті. Былтыр ауылдағы шаруашылықтардың мемлекеттік бағдарламаларға қатысуы қарқын алғанына әкімнің келтірген деректерінен көз жеткіздік. Мал басын тұқымды аталықтар арқылы асылдандыруды қолға алған шаруалар көп. Техника паркін жаңарту бағытында да батыл қадам жасаған шаруалар мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп отыр.

Осындай жұмыстардың қарқын алғанына қарамастан әлі де алда тұрған міндет көп. Негізінен шағын кәсіп ашушыларға қолдау көрсетуді көздеген әкім кәсіпкерлерді ауылда наубайхана, тойхана ашуға шақырып отыр. Ауыл тұрғыны Дархан Өтегенов көптен айтылып келе жатқан көтерме жолдың жайын биыл тағы қозғап, азық-түлік бағасының қымбаттығын алға тартты. Сауытбай Әбдіғалиев малды сойып сату үшін ауылда арнаулы мал сою алаңы жоқтығын айтса, Төремұрат Сидақов жолаушылар тасымалының қиындығын қозғады.

Екі ауылда да көтерілген мәселе мен тұрғындардың сауалдарына орай аудан әкімі Мавр Абдуллин жауап берді.

Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,

Ойыл ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button