Жаңалықтар

БАРДЫҢ ҚАДІРІН БІЛЕМІЗ БЕ?

Әкімдер есебі

 

Дүйсенбі күні Есет батыр Көкіұлы ауылында өткен Алға ауданы әкімінің есебі екі сағаттан артық  уақытқа созылды. Бастапқыда мұншалықты ұзар деп ойлағанымыз жоқ еді. Себебі, бұл бір проблемасыз ауыл сынды көрінген-ді. Аудан орталығына жақын, бары-жоғы 16-ақ шақырым. Қазіргідей қыста қар қалың басатын жер болғанмен, биік жоталарды өрлеп отыратын, кейінгі бес-алты жылдықта төселген асфальт жол жүйрік көліктерді  жетелеп тез жеткізген еді.  Сулы-нулы, ұядай жерге орналасқан ауылдың сыртқы көрінісінің өзі сәнді. Қыстағы келбеті мынадай, жазда тіпті ерекше болса керек. Көгілдір отын-газды пайдаланатын, орталықтандырылған су құбыры бар ауыл кейінгі жылдары қанатын кеңге жая түскендей. Бұл қоныстың жалпы табанында бастапқы кезде-ақ тәуір құрылыстардың, әсіресе, әлеуметтік нысандардың жақсы салынып қалғаны байқалады. Үлкен мектеп, мәдениет үйі, балабақша, әкімшілік ғимараты, аурухана әлі де бүгінгі талапқа жауап беріп тұр. Қала тәртібімен салынған көшелер, жақсы күтімдегі үйлер, кейінгі жылдары орнатылған көшелік жарық шамдар ауылдың салтанатын асырғандай. Бұл ауылда тап қазір сатуға шығарылып тұрған үй де жоқ. Болған жағдайда, ол үйдің иесі 6 миллион теңгеден бермен сөйлеспейді екен. Бұл-кешегі кеңестік кезеңде салынған орташа ғана баспананың бағасы. Ауылдағы үйдің бәсінің артуы аталған қоныстың экологиялық таза, облыс, аудан орталығына жақын қолайлы жерде орналасуымен байланысты. Теміржол, тасжол іргеден өтеді. Бұған қоса, алда салынатын Астрахан-Ақтөбе тасжолы осы ауылдың үстін басып жүреді деген де әңгіме бар. Осындай артықшылықтар аталған ауылдың да, мұндағы өмірдің де бәсін арттырып тұрғаны анық.  Мұндағы өмір қаламен бірдей. Шаруа қожалықтары, ауыл тұрғындары өндірген өнімдерін де облыс, аудан базарларына қиналмай жеткізеді.

Ондаған жылдар қаңырап бос тұрып, кейінгі жылдары күрделі жөндеуден өткізіліп қайта қатарға қосылған ауылдың мәдениет үйінде тұрғындар алдында есеп берген аудан әкімі Асқар Шериязданов, осы Белқопа округінің әкімі Талап Ғаббасов жиналған қауымға қарапайым түсінікті тілмен өңірдің табыстарын да, алда тұрған міндеттерін де жеткізді. Ауданда мемлекеттік бағдарламалардың жүйелі жүзеге асып отырғаны айтылды. Негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің тұрақты өсіп отырғаны сипатталды. Қол жетіп отырған көптеген оң нәтижелер ортаға салынды. Өңірде табиғи өсу бар, қазір ауданның халқының саны 40 мыңнан асып отыр.

Ауданның 32 елді мекенінің 15-і Ақтөбе агломерациясының құрамына енеді. Алға қаласы, Есет батыр Көкіұлы, Қызылту, Бестамақ, Бесқопа, Қарақұдық, Ақай, Қарабұлақ, Самбай, Қарақобда, Үшқұдық, Маржанбұлақ, Қайыңдысай, Тамды, Қайнар ауылдары сондай болашағы зор ауылдар.

Бұл өңірде тұрғындардың әлеуметтік әл-ауқаты артып келеді. Орташа айлық жалақы 103,6 пайызға өскен немесе ол қазір 61 922 теңге құрайды. Алдыңғы жылмен салыстырғанда ауданға тартылған инвестиция көлемі екі есе артты.

Өнеркәсіп өнімінің көлемі жөнінде айтқанда, аудан әкімі «АкроссПищепром» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өз жұмысын уақытша тоқтатуына байланысты  өнім көлемінің аздап азайғанын да еске салды. Бұл ретте биылғы жаңа жылға үлкен үміт артылып отыр. Осы жылы «Неохим» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің  жаңа өндіріс цехы іске қосылмақ. Үстіміздегі жылғы міндеттерге тоқталғанда аудан әкімі өнеркәсіп өнімінің көлемін өткен жылғы деңгейден 104 пайызға дейін арттыру көзделіп отырғанын алға тартты.

Есепті кезеңде ауданда «Агробизнес — 2020» мемлекетік бағдарламасы тиімді жүзеге асырылып, жаңа өндірістер мен жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізді. Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнімнің көлемі алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 120,6 пайыз болды.

Аудан облыстың сауда-саттық белдеуін қамтуда ерекше орын алады. «АкТеп», «Райымқұл» серіктестіктеріндегі бордақыланған, «Айбек» селолық тұтынушылық кооперативтеріндегі сойылған ірі қара мал жергілікті ет нарығын қамтамасыз етіп отыр. Сондай-ақ, сыртқы нарыққа ет экспорттау  тапсырмасын да осы екі шаруашылық  жүзеге асыруда.

Аудан әкімі өзінің есебінде асыл тұқымды мал басын арттырудағы, «Парижская коммуна XXI» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі  атқарылған жұмыстарды да жан-жақты қамтыды. Соңғы аталған шаруашылықта өндірісті кеңейту есебінен  қосымша 50 жұмыс орны ашылды. Өткен жылы «Аққұс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде, «Құлагер» шаруа қожалығында да жақсы жаңалықтар болды.

Фермерлердің техника паркі жаңаруда. Соңғы жылдары қаржылық, несиелік қорлар кәсіпкерлерге жақсы қолдау көрсете бастады.  Ауданда «Сыбаға» бағдарламасы тәуір жұмыс істеп тұр.  Әрине, баяндамада атап көрсетілгеніндей, агроөнеркәсіптік кешен алдында тұрған міндеттер әлі де күрделі. Ол «Алтын асық», «Құлан» бағдарламаларында қол жеткен табыстарды одан әрі жалғастыру, ірі қара етінің экспорттық әлеуетін арттыру болмақ.

Сондай-ақ, ауданда шағын және орта бизнестің дамуы, өсуі туралы да табыстар бар. Кәсіпкерлікті қолдаудың тиімді тетіктерінің бірі — «Бизнестің жол картасы —2020» бағдарламасы ауданда өз жемісін бере бастады.

Облыстық индустриалды-инновациялық даму басқармасы, Ақтөбе  технопаркі бірлесіп, Алға қаласындағы бұрынғы химия зауытының қуаттылығында индустриалдық аймақ құру жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі таңда оның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленді.

Өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша өткен жылы республикалық бюджеттен 17,7 миллион теңге бөлінді. Соның нәтижесінде 12 селолық округте көшелерді жарықтандыру, абаттандыру, балалар ойын алаңдарын салу, мектеп пен балабақшаларды ағымдағы жөндеуден өткізу сынды бірқатар жұмыстар атқарылды.

Есепті кезеңде аудандағы газбен қамтылған тұрғындардың саны 75 пайыздан 84 пайызға өсті. Алдағы жылдары бұл көрсеткіш 90,6 пайызға жоғарылайды деп күтілуде. Сондай-ақ, ауызсумен жабдықтау жұмыстары да ыждағатты жүргізіліп келеді. Аудандағы 32 елді мекеннің 15-і орталықтандырылған су құбырларын пайдаланады. Алдағы жылдары бірнеше ауылдарды ауызсумен қамтуды жақсартатын жұмыстар жүргізе отырып, орталықтандырылған ауызсуды пайдаланушылардың санын 89 пайызға жеткізу көзделуде.

Аудан, ауыл әкімдерінің тұрғындар алдындағы есебін жиналысқа қатынасушылар қанағаттанарлық деп қабылдады. Ауылдың жағдайының соңғы жылдары көп жақсарғаны да айтылды. Елбасының жүргізіп отырған саясатына халықтың риза екені көрінді. Әйтсе де тұрғындардың сауал беруіне еркіндік берілген кезде аудан әкімінен тікелей жәрдем сұраушылар көбейді. Фатима Кенжалина деген тұрғын мүгедек балалар бағып отырмын деп, үйге газ кіргізу үшін 145 мың теңге бастапқы жарна төлеуге көмек беруді өтінді. Тағы бір тұрғынның бұл ауылға қоныс аударғанына 25 жыл болған екен, екі үйі бар, бірақ екінші үйінің төбесі құлап тұр. «Бұл жерде ешбір танысым, туысым жоқ, үйімді жөндеуге мемлекеттен жәрдем берілсе» деді. Тіпті емделу орнына баруға қаржы сұраған, мұрағаттардан іздеп құжаттарын түгелдеп беруге қаржы сұраған азаматтар да болды. Осылай, осылай әңгіме жалғаса берді. Баяғы өзгеге қол жаю, шаруамды мемлекет істеп берсе деген масылдық пиғыл. Әрине, аудан әкімі олардың тауын қайтармай, заң шеңберінде жәрдемдесетінін, демеуші болатын адамдар қарастыратынын айтты.

Таяуда ғана Елбасы Астанада өткен жиында әлемдік дағдарыстың, халықаралық жағдайдың шиеленісуіне байланысты экономиканы жүргізуде көп мәселелерді қайта қарау қажеттігін айтып, үнемдеуге көшу мәселесін қойған еді. Мемлекеттің сауын сиыр емес екенін естен шығармауды өтінген. Алайда  әлемдегі, елдегі жағдайдың күрделілігін әлі де көпшілік жете түсініп болмаған сияқты. Барды қадірлеп, жоқты табуға көптің үлесі керегін ұғыну әлі де жеткіліксіз.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button