Жаңалықтар

КОНСТИТУЦИЯ: КЕМЕЛДІ КЕЗЕҢДЕ

Ата Заң — 20

Биылғы жылдың басты оқиғаларының бірі — Ата Заңымыз — Конституциямыздың 20 жылдығы.

Бұл маңызды құжат 1995 жылдың 30 тамызында жалпыхалықтық референдум негізінде қабылданып, 5 қыркүйекте күшіне енді. 9 тараудан, 98 баптан тұратын бұл Конституция мемлекеттік құрылыстың негізін қалыптастырушы күшке ие. Оның басты ерекшелігі — тәуелсіз Қазақстанның екінші Конституциясы болуы.

Сонымен, сөз арқауы — Конституция болғандықтан аз-кем тарихқа үңіліп көрелік.

Ең алдымен атап айтарымыз, Қазақстан тарихында әйгілі Қазан төңкерісінен бастап есептеген уақытта  бес Конституция қабылданды.

Оның алғашқысы 1926 жылы Қазақ Автономиялы Кеңестік республикасының басты құжаты ретінде тарихымызда қалды.

Ол КСРО құрылған соң 1925 жылы 18 ақпандағы Қазақ Автономиялы КСР Орталық атқарушы комитеттің қаулысының нақты редакциясымен және Қазақстан РСФСР қол астында болғандықтан 1925 жылғы РСФСР Конституциясының есебімен қабылданды. Аталмыш құжат негізгі заң басқару формасын, мемлекет құрылымын, саяси тәртіпті, мемлекеттік билік органдарының құрылымын, атқарушы-басқаратын органдардың құрылымын бекітті. Бюджет, сайлау құқықтарының  бастау негіздері анықталды. Аталмыш Конституцияға сәйкес Қазақстан РСФСР құрамында тең құқықты республика болды.

1937 жылғы 26 наурызда Х бүкіл қазақтар құрылтай кеңесінде қабылданған Қазақ КСР Конституциясы 11 бөлім және 125 баптан құралды. Онда былай деп жазылған: «КСРО Конституциясының 14-бабынан тыс Қазақ КСР өзінің тәуелсіз құқықтарын толық сақтай отырып, мемлекеттік билікті өз бетімен жүзеге асырады». Сонымен қатар, 1937 жылғы Конституцияда басқа тең құқықты республикалармен экономика, қорғаныс бағытында өзара жәрдемдесу мақсатында ерікті түрде бірігу, ҚазКСР-дің келісімінсіз территорияны өзгертпеу, заңнаманы орындауды бақылау, мемлекеттік және қоғамдық тәртіпті, азаматтардың құқығын қорғау, салық өндіру және т.б. қамтылған.

Сондай-ақ, сот және прокуратура жүйесі орнатылды. Халықтық сот төрешілері аудан азаматтарының жабық дауыс беруі арқылы бүкілхалықтық, тікелей және тең сайлау құқығы негізінде сайланды, сот жұмысы қазақ тілінде, басқа ұлттар көп аймақтарда олардың тілінде жүргізілуі керек болатын.

1937 жылғы Конституцияда азаматтардың негізгі міндеттері мен құқықтары анықталған, олар: еңбектенуге құқылы болу, демалысқа құқылы болу, кәрілікте, еңбекке жарамсыздық және ауруға шалдығу жағдайында материалдық қамсыздандыру, денсаулықты қорғау, сөз бостандығы, баспасөз, жиналыс, митинг, көше шерулері және демонстрациялардың кепілдіктері, адамның жеке басына, баспанасына қол сұғылмаушылық, азаматтардың жат жазуына, шетелдік азаматтардың бас сауғалау құқығы.

1978 жылғы 20 ақпанда республиканың Жоғары Кеңесі шақырған кезектен тыс VII сессияда қабылданған Қазақ КСР Конституциясы 10 тарау, 19 бөлім, 173 баптан тұрады. Соған сәйкес барлық билік халыққа тиесілі, онда халық жұмысшылар, шаруалар және еңбек интелегенцияларының таптарына бөлінген. Билік және басқару органдарының үстінен Қазақ КСР Комунистік партиясы қойылды. Республиканың экономикалық жүйесінің негізі ретінде мемлекеттік, кооперативтік-колхоздық, кәсіподақ және басқа да қоғамдық ұйымдардың меншігі жарияланды.

1978 жылғы Конституцияда республиканың ұлттық мемлекеттік және әкімшілік-территориялық құрылымы, жергілікті билік және басқару органдарының құзыреті, сайлау жүйесінің қағидаттары, халық депутаттарының құқықтық мәртебесі, экономикалық және әлеуметтік дамытуды мемлекеттік жоспарлау институттары, мемлекеттік бюджет, сот төрелігі, арбитраж, прокурорлық қадағалау және т.б. анықталған болатын.

1990 жылдардың басында Қазақ КСР-інде, содан кейін Қазақстанда бірнеше заң қабылданды, онда 1978 жылғы Конституцияға елеулі өзгертулер енгізілді. 1990 жылғы «Мемлекеттік билік құрылымын жетілдіру туралы» заңға сәйкес Конституцияға Президенттің атқарушы және орындаушы биліктің басшысы екені туралы өзгеріс енгізілді, Министрлер кеңесі Министрлер Кабинеті болып қайта құрылды. Басқа да заңдардың арасында 1991 жылғы 15 ақпандағы «Жергілікті өзін-өзі басқару және Қазақ КСР халық депутаттарының жергілікті Кеңесі туралы» Заң, 1991 жылғы 10 желтоқсандағы «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының атауын өзгеру туралы» Заңы, 1991 жылғы 20 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» конституциялық заңы және тағы басқалар бар.

Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы Қазақстанның Жоғары Кеңесінің IX сессиясында 1993 жылғы 28 қаңтардағы XII шақырылымында қабылданды. Құрылымы преамбуладан, 4 бөлім, 21 тарау және 131 баптан тұрады. Конституция мемлекеттік тәуелсіздік алған күнінен бастап көптеген құқықтық нормаларды қамтыды, олар: халық тәуелсіздігі, мемлекеттің тәуелсіздігі, билікті бөлу қағидаттары, қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде мойындау, Президентті Мемлекет басшысы ретінде мойындау, сот органдары — Жоғары, Конституциялық және Жоғары Арбитраждық соттар және басқалар. 1993 жылғы Конституцияның негізіне парламенттік республика моделі жатады.

Қазақстан Республикасының қазіргі Конституциясы қабылданған 1995 жылғы 30 тамыз — мемлекеттік мереке күні. Бұл Конституцияның алдыңғы Конституциядан негізгі айырмашылығы мазмұнының сапасында болды. Жаңа Конституцияға азаматтың құқығына қатысты ғана емес, сондай-ақ, адам дүниеге келген сәттен одан ажырамас құқықтарына да қатысты нормалар енді.

Жаңа Конституция бойынша Қазақстан Республикасының Президенті саяси жүйенің басты тұлғасы болып табылады, билік тармақтарынан жоғары тұрады. Бұл президенттік басқару жүйесіндегі мемлекетке сай келеді.

1993 жылғы Конституцияның жобасын жасайтын комиссияның құрамына белгілі қайраткерлер, оқы­мыс­тылар мен депутаттар кірді. Осы құқықтық құжатты талқылауға 3 миллионнан астам адам қатысып, олардан 18 мыңның үстінде ұсыныс, ескертпелер түсті. Республика басылымдарында 500-ден астам үлкенді-кішілі мақалалар жарияланып, теледидар, радио бағдарламаларында талқыланды. Республика халқы бұл Консти­туцияның мемлекет басқару формасын, оның мем­лекет­тік органдарын, тәуелсіз мемлекеттің негізгі атри­буттарын белгілеудегі, азаматтардың демокра­тиялық құқықтары мен бостандықтарын бекітудегі рөлін жақсы түсінді. Сондықтан алғашқы негізгі Заңымыз өз дәуіріндегі өрелі істердің қуатты қозғаушы күші ретінде тарихымызға енді.

Арада екі жылдай уақыт өткенде жаңа Конституцияның қабылдануына негізгі себеп — республиканың егемендігін ең жоғары құқықтық деңгейде баянды ету факторынан туындады. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тұжырымдағанындай, Қазақстан Республикасының 1993 жылғы Конституциясында ымырашылдық көріністері орын алды. Сол тұстағы қазақстандық қоғам «демократиялық масайрау», «бостандық пен тәуелсіздіктен масайрау көңіл күйін кешуде еді.

1995 жылғы Конституцияны қабылдаудың тағы бір себебі — экономикалық қажеттілік еді. 1993 жылғы Конституция бойынша жерге жекеменшікке жол берілмейтін. Алайда тәжірибе көрсеткеніндей, жер­ді жекеменшікке бермейінше, толыққанды нарық­тық қатынастарды дамыту мүмкін болмады. Шын мәніне келгенде, өздерінің меншігіне кепілдік берілмейінше отандық өндірісшілеріміз де, шетелдік инвесторлар да капиталдық тәуекелдікке бара алмайтын болды. Жағдаятты басқа арнаға бұру ұмтылыстары байқалды. Қоғамда өріс ала бастаған жіктену тұрақтылыққа, баянды­лыққа қауіп төндірді.

Бұл арада мынадай деректерді айта кетуге болады. 1995 жылғы Конс­титуцияның 18 жоба үлгісі дайындалды. 1995 жылдың шілде айында дайын болған Конституцияның жобасы бүкілхалықтық талқыға ұсынылды. Оған республикалық 53 ұйым мен қоғамдық бірлестіктер қатысып, 678 ұсыныс пен ескертпелер келіп түсті. Жалпы алғанда, елімізде 34459 талқылау ұйымдастырылып, 123717 адам сөз алды. Конституциялық комиссия 31886 ұсыныс пен ескертпені мұқият екшеді. Жаңа Конституция тек идеялды құқықтық модель, шындыққа сай келмейтін декларациялық құжат емес, заңды түрде шешімін тапқан нақтылы механизмдер мен институттар ретінде танылды.

Қазақстан өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырды.

Елбасымыз «Қазақстандық жол» атты кітабында: «1995 жылғы Конституция тақыр жерде пайда болған жоқ. Ол Егемен Қазақстанда конституциялық құрылыс орнату үшін бұрыннан жинақталған тәжірибелерді, сондай-ақ, біздің жағдайымызға сәйкес келетін ең прогресшіл шетелдік тәжірибелерді барынша толық пайдаланған еді. Сондықтан да кімде-кім еліміздің негізгі заңының рухы мен маңызын терең түсінгісі келсе, оны жасаудың, қалыптастырудың тарихын жақсы білуі керек» — деген болатын.

… Сонымен, биыл Конституциямызға — 20 жыл! Тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайтып, елдігіміздің еңселі болуын заңдық тұрғыдан қамтамасыз ететін басты құжаттың қабылдануының бұл белесі рухани топтасуымызға, алғы күндерге сеніммен ұмтылуымызға да жігер бере түсетіні сөзсіз.

 

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.   

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button