
«Тәңірім сен! Жаббар, саған бағынам,
Жалбарынам, жалғыз саған жалынам.
Патша тәжі жолда жатса, қайырылмай,
Теуіп өтіп, тап алдыңа табынам.
Сен сау болсаң, сана, сабыр сарқылмас,
Әділетімнің толы арнасы тартылмас.
Қара дүние қаптап келсе, қаймықпан:
Ажал қаупі Ар күшінен артылмас».
Бұл — Қуандық Шаңғытбаевтың 1941 жылы жазылған «Ар» өлеңі.
Немесе:
«Нұрданбысың, һұрданбысың,
Кер маралдай қаламқас?
Күннен туған бір жанбысың,
Айтшы, жаным, қолаң шаш!
Дүррі гауһар екі көзің,
Қара жалын шашады:
Бейшараңнан кетті төзім,
Сабыр-тағат қашады…»
Бұл да — ақынның сол тұста жазылған өлеңінен үзінді.
1942 жылы баспаға тапсырылған «Ар» (бастапқы аты — «Қазақ жүрегі») кітабында осы туындылар болды. 17 жастағы бозбаланың қаламынан туған бұл шумақтарды алғаш оқығанда, Мұхтар Әуезов (кітапқа алғы сөз жазған), Бейсембай Кенжебаевтар (сол кездегі баспа директоры) қандай сезімде болды екен?
37-нің ойранында жоқ болған Мағжан үні қайта саңқ ете қалғандай әсер етті ме? Қайтсе де, осы жаңа, қуатты үн сол кездегі шерлі көкіректерде қанша үмітті қайта оятқан болса керек…
Жыр кербезі
Биыл — Қуандық Шаңғытбаевтың туғанына 90 жыл. Ол 1925 жылдың 21 наурызында біздің облыстың Қарабұтақ өңірінде дүниеге келген. Өте алғыр, оқуға зерек боп өскен. Бірақ әкесі Төлеген мен оның бауыры — Жоныстың 1937-де жазықсыз жазаға ілігуі Шаңғытбаевтар шаңырағына үлкен ауыртпалық әкелді. Сөйтіп, ол 12 жасында алаңсыз балалықпен қоштасты. 15 жасында Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне түсті. Бірінші курста ұстазы Мәулен Балақаевпен бірге қазақ тілінің оқулығын жазды. 1942 жылы тұңғыш жыр жинағын баспаға тапсырды. Оқи жүріп, баспада қызмет еткен ол Мұхтар Әуезовтің «Абай» романын жарыққа шығаруға атсалысқаны үшін, жоғары жақтың қаһарына ұшырап, Алматыдан қуылды. «Ар» 1945 жылы жарыққа шықты. Бұл кезде Қуандық Шаңғытбаев Ақтөбеде болатын. Мұхтар Әуезовтің алғы сөзімен шыққан бұл кітап өз тұсында мақталмапты. Қадыр Мырзәлиевтің «Иірім» атты естелік-эссесінде жазылғандай, «Арсыз автордың бұл кітабында көсем туралы бірде-бір шумақ, бірде-бір тармақ жоқ» деп сынға ұшыраған.
Ал бүгінгі ұрпақ үшін «Ар» кітабындағы әр шумақ баға жетпес қазына сынды…
Ақынның екінші кітабы араға ширек ғасырға жуық уақыт салып, 1968 жылы жарыққа шықты. Сол тұста Жұмекен Нәжімеденов былай деп жазыпты:
«Әрине, ширек ғасыр ішінде ақынның талай жинақ беретін мүмкіндігі бар еді. Мүмкіндік мүмкіндігімен, ал талғамның аты қашанда талғам ғой. Қуандық Шаңғытбаевтың: «Мен ақын емеспін ғой, мына сендер ғой ақын» — деген сөзін біз талай естідік. Бұл, әрине, сыпайылық. Оның үстіне, осы сөздерде ақынның өзіне қойған қатаң талабы да жатқанын біз енді аңғарғандаймыз. Осындай жыр кербезі жинағына құс кербезінің атын қойыпты. Жинақ «Аққу әні» деп аталады».
Көзі тірісінде ақынның осы екі кітаптан басқа, «Ар ма, республикам!», «Жыр жаһаны», «Сарша тамыз», «Жыл құсы», «Махаббат пен ғадауат», т.б. жинақтары жарыққа шықты. Сонымен бірге, ол Омар Һайям, Гете, Пушкиннен бастап, басқа жұрттардың көптеген мықты ақындарын аударып, қазақ оқырманына ұсынды.
Әдебиет әлемінде Қуандық Шаңғытбаев — шың-тұлға. «Қуандық Шаңғытбаев поэзиясы туралы сөйлегенде өлеңнің үндік, дыбыстық үйлесімін ауызға алмау мүмкін емес сияқты. Бұл — ақынның жақсы қырларының, негізгі қасиеттерінің бірі. Өлеңде үлкен адами-әлеуметтік ой, рух болып, ол осындай сұлулықпен төгіліп жатса одан артық поэзия бола ма?» — деп Жұмекен Нәжімеденов жазғандай, қазақ поэзиясының асқақ шыңдарының бірі боп табылатын асыл перзентінің мерейтойын туған топырағы лайықты атап өтеді деп сенеміз.
«Әр өлеңі — мінәжат»
«…Сөз өнері — дертпенен тең, тірі азап,
Ұлтқа ұраншы болмау оған, сірә, жат.
Өз жұртына бақ тілеген Алладан,
Ақындардың әр өлеңі — мінәжат» — деп, жұртына, әдебиетке, өлеңге адал өткен ардақтыларымыздың бірі — Есенбай Дүйсенбайұлы. Көзі тірі болса, ағамыз биыл 75 жасқа толар еді.
Есенбай Дүйсенбайұлы 1940 жылдың 16 мамырында Байғанин ауданының Қалдайбек ауылында дүниеге келген. Тұңғыш жинағы «Бозала таң мен бозторғай» деген атпен 1971 жылы жарық көрді. Кейіннен «Ақпейіл», «Біздің толқын», «Ақжелкенді ағыстар», «Ашық хат», «Таң торғайы», т.б. кітаптары арқылы қалың оқырманға танылды.
Студент кезінде өлеңіне сүйсінген курстастарынан (КазГУ-дың филология факультетінде оқыған) «кішкентай Абай» деген ат алған Есенбай ақынның жарық көрген кітаптары, жалпы поэзиясы туралы пікірлер аз айтылған жоқ. Солардың арасынан мына екі пікірді оның ақындық бітім-болмысына дәл берілген баға деп білеміз: «Есенбай еш қоспасы жоқ, табиғаттың аузынан түсе қалған ақын. Әр өлеңінен көктемгі даланың жұпар исі келеді. Дүниені сезінуі бөлек, оны өзгеге сезіндіруі де бөлек. Мен Есенбай өлеңдерінен Жем бойынан өзім көрмеген керемет суреттерді көргендей болам. Сол суреттердің ішінде жүргендей сезінем. Оның өлеңдерінде жалған дыбыс, жасанды бояу болмайды» — деп жазыпты Сағи Жиенбаев.
Ал академик Рымғали Нұрғалиев: «Ақын жаны тым нәзік, тым әсерленгіш. Әр ақын өз танымының биігінен дүниеге көз тігеді. Осы тұрғыдан келгенде, Есенбай ақынның өзгеге ұқсамас ерекшелігі — поэзиясының ешқандай қолдан жасалған қоспасы, әр жерден құрап-жинап алған жалғандығы жоқ шынайылығы, табиғилығы дер едік» — дейді.
Есенбай ақынды бағалай алмай жүрміз деген пікірді Герольд Бельгер 2007 жылы айтқан еді.
Ал биылғы — ақынның өзі ортамыздан мәңгілікке кеткеннен кейінгі алғашқы тойы. Бізге сын…
Біздің мерейтойлар
Сондай-ақ, биыл Ақтөбе топырағынан шыққан сатирик-жазушылар Үмбетбай Уайдин мен Табыл Құлиясов, ақын Кәрім Айнабеков мерейлі жастарын тойлайды.
1935 жылғы 10 қазанда Ырғыз ауданының Темірбастау ауылында дүниеге келген Үмбетбай Уайдин — қазақ сатирасын үлкен бір белеске көтерген тұлға. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дың журналистика факультетінде біраз жыл оқытушы болған Үмбетбай аға — қазақ журналистерінің тұтас бір буыны үшін әр сөзі өмірлік рухани азық болған аяулы ұстаз.
Үмбетбай аға елге жиі келіп тұрады. 75 жылдық мерейтойына орай Ақтөбеде әдемі кеш ұйымдастырылғаны есімізде. Ақтөбе жұрты биылғы мерейтойдан да сондай шуақты сәттер күтеді.
Нақ сол, яғни 1935 жылдың 15 желтоқсанында Ақтөбе өңірінің екінші бір шетінде — Ойыл ауданының Жетікөл ауылында қазақтың тағы бір болашақ сатиригі дүниеге келіпті. Ол — Табыл Құлиясов. Сатиралық шығармаларынан бөлек, Табыл ағамыз көрші Орынбор облысындағы мұражайлар мен мұрағаттарды ақтарып, қазақтың тарихына қатысты деректер жинаумен ұзақ жылдар айналысты. «Қан жоса ғасыр», «Қырғын», «Қан кешу» сынды кітаптары — сол зерттеулердің жемісі.
Ақын Кәрім Айнабеков 1940 жылдың 5 қазанында дүниеге келген. Тұңғыш кітабы 1977 жылы «Таң шапағы» деген атпен жарыққа шықты. Кейіннен оқырманға «Махаббат моншақтары», «Сені іздеймін», «Күнім, күніңмен», т.б. жыр жинақтарымен танылды. «Жұлдызым жоғары» атты хикаят, әңгімелер, эсселер, мен аудармалар жинағы жарыққа шыққан. Оның аударған шығармалары арасында қырғыз жазушысы Таш Мияштің «Қоштасу» повесі, Александр Гельманның «Ар-ождан алдында» пьесасы бар.
Кезінде Қуандық Шаңғытбаев ақын інісі туралы сөз қозғалғанда: «Кәрім Айнабековпен танысқан күнімді өмірімдегі құтты күндерімнің бірі санаймын» —деген екен. Ал біз ақын-жазушыларымыздың биылғы мерейтойлары өңіріміздің рухани-мәдени өміріне көптеген құтты күндер әкеледі деп күтеміз.
Бетті әзірлеген
И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.



