Мырзаберген МАЛБАҚОВ: ЛАТЫН ӘЛІПБИІНІҢ ЗИЯНЫНАН ПАЙДАСЫ КӨП
Ақтөбеде өткен «Мемлекеттік тілдің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелері» атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияға Алматыдан А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзаберген Малбақов та келген болатын. Біз ғалыммен мемлекеттік тілдің бүгінгі хал-ахуалы жөнінде әңгімелескен едік.
— Өзіңізбен өңірде ұйымдастырылған тілге қатысты республикалық ғылыми-практикалық конференцияның аясында сұхбаттасудың сәті түсіп тұр. Саланың кәнігі маманы ретінде айтыңызшы, осындай шаралар қазақ тілінің өрістеуіне қаншалықты әсер ете алады?
— Жалпы алғанда, тілді дамытуға арналған іс-шаралардың қай-қайсысы да белгілі бір дәрежеде пайдалы болары анық. Бұл жолғы Ақтөбе облыстық тілдерді дамыту басқармасы тарапынан ұйымдастырылып отырған республикалық ғылыми-практикалық конференцияның орны бөлек. Себебі ол қазіргі кезеңнің ең өзекті мәселелерінің бірі — мемлекеттік тілдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға арналып отыр. Заман талабына сай елімізде үштұғырлы тіл саясатын жүргізудің қажеттілігі айқындалған соң, мемлекеттік тіл мәртебесіндегі қазақ тілінің әлемдік деңгейдегі барлық ақпараттық, ғылыми, мәдени байланыстар мен қарым-қатынастардың тілі, яғни халықаралық қатынас тілі ретінде қалыптасып, дамып отырған ағылшын тілімен және кедендік одақтың, еуразиялық одақтың ресми тілдерінің бірі ретіндегі орыс тілімен қатар қолданысқа түсетіні белгілі болды. Әрине, өзге екі тілмен салыстырғанда, мемлекет құраушы ұлттың тілі, Қазақстан халқын ұйыстырушы тіл ретіндегі мәртебелік тұрғыдан қазақ тілінің елімізде басымдыққа ие болатыны даусыз. Бұл мәселе ел басшылығы тарапынан да үнемі қолдау тауып отырады. Алайда бәрін мемлекетке артып, «бұл мемлекеттің айналысатын шаруасы» деген оймен, «еліміз мәңгілік ел болады екен, тіліміз мәңгілік тіл болады екен» деп, қол қусырып отыра беруге әсте болмайды. Бұл азаматтық іс, ардың ісі. Әркім өзінің білгенін ортаға салып, кеңесе отырып мемлекеттік тілдің бәсекеге қабілеттілігін арттыратын, оның өміршеңдігін ұзартатын нақты іс-шараларды жүзеге асыруға атсалысуымыз қажет. Осы тұрғыдан бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселелердің біріне арналып отырған конференцияның құндылығы, қажеттілігі ешқандай дау тудырмайды.
— Жасыратыны жоқ, мемлекеттік тілді дамытамыз деген желеумен түрлі басқосулар өткізілгенмен, оның нақ пайдалысы соншалықты көп болмайды… Осыны болдырмау үшін қайтпек керек?
— Әлбетте, конференцияның қорытындылары шығарылып, нақты ұсыныстардың жоғарыдағы мекемелерге жолданатыны белгілі. Онымен қоса, конференцияға қатысушы әрбір азамат мемлекеттік тілдің бәсекеге қабілеттілігін арттыратын іс-шаралар туралы осы жиында айтылған, белгіленген ой-тұжырымдардың нақтылы түрде жүзеге асырылуына өз мүмкіндігінше үлес қосуы керек. Біріншіден, тіл мемлекет пен қоғам өмірінің негізгі салаларында ұдайы қолданыста болмаса, оның дамуы баяулап, қолданыс аумағы азая бермек. Жеке тұрмыста да солай. Әр үйде, отбасы-ошақ қасында ата мен немере, әке мен бала өз ана тілін және мемлекеттік тілді қастерлемей, өзге тілде сөйлессе де дәл осылай болмақ. Мұны жұрттың бәрі де біледі. Бірақ әрқашан назарда ұстау керек. Екіншіден, осы қолданыстағы үш тілдің үшеуіне де қатысты «тіл тазалығы» мәселесін өмірлік ұстанымға айналдыру қажет. Олай болмаған жағдайда, үш тілдің ортасынан «қойыртпақ тіл» келіп шығады. Мұны да жұрттың бәрі біледі. Бірақ үнемі қаперде ұстап, ескеріп отырғанымыз дұрыс тәрізді. Бұл, әсіресе, жас ұрпақтың тәрбиесі үшін маңызды. Бұлардан басқа да, тіпті конференцияда сөз болмаған, бірақ әр азаматтың өзіне белгілі жайттар жетіп артылады. Тілді әр азамат қолданып, дамытып отырмаса, ол өз-өздігінен дами алмайды. Сондықтан мемлекеттік тілдің бәсекеге қабілеттілігін арттыру — әр азамат үшін ардың ісі.
— Ал өзіңіз басқаратын Тіл білімі институты бұл салада қандай жұмыстар атқарып жатыр? Жалпы орталықтың бағыт-бағдары, қызметі жөнінде кеңірек айтсаңыз.
— А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты — өткен ғасырдың орта шенінен бастап ана тіліміздің өзекті мәселелерімен айналысып келе жатқан, қазақ тілін академиялық тұрғыдан зерттейтін әлемдегі бірден-бір ғылыми мекеме. Мемлекеттік тілдің ғылыми негіздерінің берік болуы жолында қызмет жасап келеді. 1980-90 жылдары академик Ә.Қайдар бастаған институт ғалымдары теңгермелі қостілділік жағдайында үстем тілдің (орыс тілінің) басымдыққа ие болатынын, егемен Қазақстанда қазақ тілінің бірден-бір мемлекеттік тіл болуы қажеттігін ғылыми тұрғыдан дәлелдеп, Колбин бастаған мемлекет басшылығы алдына мәселені тікесінен қоя білді.
Қазақ тілі бойынша даярланған үлкен академиялық грамматикалар мен сөздіктердің бәрі де осы институтта жасалған. Өткен ғасырдың 90-жылдары әлемдік тіл біліміндегі зерттеу парадигмасы өзгерді. Енді тілді адам үшін жасалатын, адамның тұла бойынан өсіп шығатын құндылық ретінде ұғыну басымдық алды. Институтта осы тұрғыдан қазақ тіл білімінің лингвомәдениеттаным, лингвоелтаным, этнолингвистика, корпустық лингвистика тәрізді жаңа салалары негізделіп, қарқынды дамыды. Институт ғалымдары дәстүрлі құрылымдық грамматиканы дамыта отырып, дискурсивті грамматика, прагмаграмматика, этнограмматика, функционалдық грамматика тәрізді жаңа бағыттардың қалыптасуына қомақты үлес қосты. Мысал үшін айтар болсақ, 2010-11 жылдары қазақ тілінің екі томдық функционалды грамматикасы жарыққа шықты. Бір сөзбен айтқанда, институт ұжымы мемлекеттік тілдің өміршеңдігін, бәсекеге қабілеттілігін арттыру жолындағы қызметін жалғастыра береді.
— Бұл ретте сіздің латын әліпбиіне көшуге қатысты белсенді пікір білдіріп жүргеніңізді білеміз. Сіздіңше, бұның пайдасы мен зияны қандай?
— Өткен ғасырдың 90-жылдары жазуды латын графикасына көшіру туралы институт директоры Ә.Қайдар Президент атына ашықхат жазды. Осы кезден бастап, институт ғалымдары осы мәселе бойынша пікір білдіріп, ғылыми мақалалар жазып келеді. Көптің ішінде біз де бармыз. 2007 жылы латын графикасына көшу мәселесі бойынша зерттеу материалдары жинақ түрінде де, жеке кітапша түрінде де жарық көрді. Қазіргі кезеңде институтта латын графикасына байланысты бір жоба орындалып жатыр.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан — 2050» Стратегиясы — қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің даму жолындағы жаңа саяси бағытты белгілеп берді. Мемлекетіміздің ақпараттық технологиялар саласында транзиттік әлеуетті дамыту ісін ынталандыра отырып, әлемдік ақпараттық ағындардың Қазақстан арқылы өтім қабілетін еселеп арттыруы қажеттігін ескертті. «Қазақ тілі және тілдердің үш тұғырлылығы» туралы бөлікте: «Біз 2025 жылдан бастап, әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл — ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы — қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады» деп өз ойларын ортаға салды.
Тарихи уақыттың жеделдеп, әлемнің қарқынды түрде өзгеріп бара жатқандығын, оған технологиялық жаңалықтардың, әсіресе, ақпараттық технологиялардың тигізіп отырған әсерін, сыртқы саясатта мәдени-гуманитарлық, ғылым-білім салаларындағы халықаралық ынтымақтастықты арттыру талабын, заманауи ғылыми терминологияның негізін латын тілінен енген сөздердің құрайтынын, ақпараттық технология дәуіріндегі ағылшын тілінің рөлі артып отырғанын ескере отырып, кейінгі ұрпақтың болашағы үшін латын қарпіне көшуге тиістігіміз анық нәрсе.
Кирилл негізді орыс жазуының қолданым аумағы жыл өткен сайын тарылып барады. Осы жазуды қолданатын аз ғана елдің бірі болып қалып отырмыз. Сондықтан жоғарыда айтылғандарды ескерсек, бұл шаруаның зиянынан пайдасы көп боларын байқау қиын емес. Зиян, әрине, болады. Бір жазудан екінші жазуға көшу оңай болады деп ешкім де айта алмайды. Бір таңбаны, бір әріпті өзгертсеңіз, жазуға қатысы бар бүкіл дүние өзгереді! Алайда, ақпараттық технологиялар жедел дамып отырған заманда графика ауыстыруға қатысты көп шаруаны автоматтандыруға мүмкіндіктер жеткілікті. Жаңа жазудың зиянынан пайдасы көп болу үшін оны мұқият ойластырып жасау керек.
— Мырзаберген Малбақұлы, кей әріптестеріңіз латын әліпбиіне көшсек, қазақтың орфография мен орфоэпиясы бір ізге түсетінін алға тартады. Бұған қатысты көзқарасыңызды білсек.
— Қазіргі қазақ орфографиясы мен орфоэпиясы бір ізге түсірілмеген деуге болмас. Бұл артық айтылған ой деп ойлаймын. Біздің институтқа әлемге әйгілі түркітанушы ғалымдар келеді. Солардың көпшілігінің айтатыны — кирилл негізді қазақ жазуы түркі халықтары қолданатын кирилл негізді жазулар арасында теңдесі жоқ, ерекше сапалы жасалған жазу. «Латын графикасына көшкен кезде де дәл осындай сапалы жазуларыңыз болуы керек. Одан нашар болмасын» деген тілектерін де жасырмайды. Мұндай ойды Польшадан келген профессор Г.Янковски, Швециядан профессор Е.Чато, Германиядан келген профессорлар Л.Йохансон мен К.Киршнер айтты. Олар бұл жерде әліпби, графика, орфография — үшеуіне де қатысты айтып отыр. Орфоэпияның өз заңдылықтары болса, орфографияның өзінің заңдылықтары бар. Сондықтан сөздердің айтылуы мен жазылуы үнемі бірегей қалыпта бола бермейді. Оның графиканы ауыстыруға қатысы жоқ. Мұндай ойды жекелеген авторлар кирилл негізді әліпбиіміздің орыс тілінің жазылым және айтылым заңдылықтарына бейімделгеніне байланысты айтып жүр.
— Қазіргі таңда қазақ тіліне қатысты оқулықтар тапшы деуге ауыз бармайды. Бірақ, өзіңіз кезінде атсалысқан қазақ тілінің сөздіктерінде әлі де шикіліктер бардай. Келісесіз бе?
— Әрине, келісемін. Сөздіктерді көбінесе көп адамнан құралатын авторлық ұжым жасайды. Тапсырыстың шұғыл болуына байланысты кейбір жағдайда өте аз мерзім ішінде құрастыруға тура келеді. «Көш жүре түзеледі» дегіміз келеді. Таяу болашақта қазақ тілінің әмбебап сөздігін түзу ісін қолға алғым келеді. Әмбебаптандыру — сөздікті жетілдірудің бір жолы. Сөздіктер уақыт өткен сайын жетілдіріле береді. Демек‚ әмбебаптандыру тәсілдері де жетілдіріле береді‚ көбейе береді деген сөз. Бұл аяқталмайтын үдеріс.
— Тіл тарихын мүмкіндігінше зерттеп-зерделеген ғалым оның болашағын қалай елестетеді және мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуде өзіндік ұсынысыңыз бар ма?
— Тіліміздің болашағы жарқын болады деп ойлаймыз. Біз жастарға сенеміз. Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мәселесінде, «неден бастау қажет» дегенде, бір ұсыныс бар. Мемлекеттік тілдің өміршеңдігін арттыру үшін оны жалпы жұрттың білгені абзал. Осы мақсатқа орай, Қазақстан азаматтарының мемлекеттік тілді білу дәрежесі мен деңгейін анықтаған жөн. Ол үшін барлық ірі облыс, қала, аудан, ауылдарда бірегей мониторинг жүргізу қажет. Оған керекті сауалнамалар жүйесі «Қазтест» орталығында бар. Барлық жердегі жағдай айқындалған соң, осы мәселенің оңды шешімін табу үшін нақты жоспар бойынша жұмыс жасау қажет болмақ.
Сұқбаттасқан Айбек ТАСҚАЛИЕВ.



