Жаңалықтар

Балабақша басшысы жазаланды

Тәртіптік кеңес

 Өткен сәрсенбі күні болған ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысындағы тәртіптік кеңесінің отырысында үш мәселе қаралды.

Бірінші кезекте сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, мемлекеттік қызмет туралы заңнамаларды және мемлекеттік қызметшілердің Ар-намыс кодексін сақтау бойынша жастар мәселесі жөніндегі облыстық басқарманың басшысы Дариға Есмағамбетованың есебі тыңдалды. Оның баяндауынша, аталған мекемеде қызмет істейтін мамандар аталған заңнамаларды жақсы біледі. Өйткені осы бағытта қызметкерлер арасында түсінік жұмыстары жүргізілген. Сыбайлас жемқорлықтан сақтандыратын нақты шаралар алынған. Ар-намыс кодексін оқып-үйрену ұйымдастырылған. Басқармада тәртіптік комиссия жүйелі жұмыстар жүргізуде. Заңсыздықтың алдын алуда оның  қызметкерлер арасында атқарып отырған тәрбиелік орны ерекше. Мәселен, есепті кезеңде тәртіптік комиссия заңдылықтарды сақтауда қателіктерге ұрынған 5 қызметкерге тәртіптік жаза қолданған. Осындай алдын алу шараларының нәтижесінде басқармада қызмет атқаратын мемлекеттік қызметкерлер ірі қателіктерге ұрынудан абай болып келеді.

Басқарма басшысының есебін тыңдағаннан кейін, тәртіптік кеңес мүшелері мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңдылықтарды қатаң сақтауға байланысты өз ұсыныстарын білдірді.

Екінші мәселе бойынша Қарғалы ауданындағы «Бәйтерек» балабақшасының меңгерушісі Жанна Мұстафинаның тәртіптік ісі қаралды. Ол мектепке дейінгі мекемеге жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде мемлекеттік сатып алулар бойынша конкурс тәртібін бұзған. Шартты жеңілдіктердің ұпайын заңсыз төмендету арқылы конкурсқа қатысуға тілек білдірген екі фирманың өтінімін қабылдамай тастаған. Сөйтіп олардың мемлекеттік сатып алулар бойынша конкурсқа қатысуына көпе-көрнеу кедергі жасаған. Бұл жөнінде Қарғалы аудандық прокурорына белгілі болған. Тәртіптік кеңес отырысында балабақшада орын алған заңсыздық жан-жақты баяндалды. Кеңес мүшелері заңсыздықтарға жол берген балабақша меңгерушісін қызметінен төмендетуге ұсыныс жасады. Егер бос орын болмаған жағдайда — қызметіне сәйкес еместігі туралы ескертті.

ҚР мемлекеттік қызметшілерінің Ар-намыс кодексін әрбір мемлекеттік қызметші қатаң сақтауға міндетті. Алайда, кей жағдайда бұл талаптар мемлекеттік  қызметшілер арасында қатаң сақтала бермейді. Жалпыға ортақ моральдық-этикалық нормаларды бұзатын мемлекеттік қызметшілер әр жерде де кездесіп қалады. Облыстық индустриалды инновациялық даму басқармасының әкімшілік-қаржылық бөлімінің басшысы Ә.Серікбаев осындай қателіктерге ұрынып, Ар-намыс кодексінің бір тармағын бұзғаны мәлім болды. Сол үшін отырыста оның тәртіптік ісі қаралып, ескерту жарияланды.

Аманқос  ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button