Сапалы өнім және бақылау

Дүйсенбіде қалалық мәслихаттың депутаттары, қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшыларынан құрылған комиссия мүшелері «Азия Агро Холдинг» серіктестігіне барып, көкөністерді қабылдап, олардың сапасын бақылады.
Биыл қаламыздағы тұрақтандыру қорына 2115 тонна көкөніс салынбақ. Мұнда сақталатын көкөніс көлемі биылғы жылы 500 тоннаға өскен.
«Азия Агро Холдинг» серіктестігінің директоры Азамат Жексембиевтің айтуынша, биыл тұрақтандыру қорында 1500 тонна картоп, 250 тонна пияз, 200 тонна қырыққабат, 150 тонна сәбіз, 15 тонна қызылша сақталады.
Бұл жолы комиссия мүшелері Тараз қаласындағы «Нұрбаев» шаруа қожалығынан әкелінген пияз бен Павлодар облысындағы «Алтын-Д» шаруа қожалығы тапсырған сәбіздің мемлекеттік стандартқа сәйкестігін, сапасын қарап тексерді.
— Жалпы қорда сақталатын өнімнің 90 пайызы жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінен сатып алынады. Олардың қатарында «Джан», «Пригородный» серіктестіктері, «Садик» шаруа қожалығы бар. Биылғы жылы «Садик» шаруа қожалығы қорға сәбіз тапсыра алмайтын болды. Себебі, олар биыл өнім ала алмады. Сондықтан қазір Павлодар облысындағы «Алтын-Д» шаруа қожалығынан сәбіз әкелініп жатыр.
Бүгінгі күнге дейін тұрақтандыру қорында сақталатын өнімнің 60 пайызы қоймаға әкелінді. Барлығының сапасы жоғары. Енді 1 желтоқсаннан бастап, бұл өнімдер «Табыс» коммуналдық базарында, сондай-ақ, шағын базарларда сатылады, — дейді «Азия Агро Холдинг» серіктестігінің директоры Азамат Жексембиев.
Данагүл ҚАЗИХАН.



