Жаңалықтар

«Қадырбаев оқулары» — өлкетану өрісі

Жақында Ақтөбеде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Жастар сарайында «Қадырбаев оқулары — 2014» IV халықаралық ғылыми конференциясы өтті. Аталған шара облыстық тарихи-өлкетану музейінің 85 жылдығына орай ұйымдастырылды.

Конференцияның өтуіне облыстық тарих, этнография және археология орталығы ұйытқы болды.

Дәстүрге айналған шараға биыл Ресей, Өзбекстан, Грузия, Әзірбайжан елдерінен Еуразия далалық белдеуінің тарихы мен мәдениетін зерттеуші көрнекті ғалымдар мен Батыс Қазақстан, Атырау, Қызылорда, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарынан және Алматы мен Астана қалаларынан тарих, мәдениет, өлкетану саласының мамандары шақырылды. Басқосуда тарихшылар, археологтар мен этнографтар Еуразия даласының археологиясы, этнографиясы, антропологиясы және тарихының  өзекті мәселелерін талқылап, ғылыми жетістіктерді әңгімеледі.

Қазақстандық археология ғылымының негізін салушылардың бірі,  тарих ғылымдарының кандидаты Мир Қадырбаевтың есімі Әлкей Марғұлан, Кемел Ақышев сияқты көрнекті ғалымдармен қатар аталады.

Мир Қадырбаев еліміздің батыс аймағының көне дәуір ескерткіштерін зерттеуге зор үлес қосты. Ол Ақтөбе облысының территориясындағы қазба жұмыстарын бірнеше жыл зерттеді. Мысалы, оның басшылығымен Бесоба, Сынтас, Нагорный, Құмсай, Жалғызоба және басқа да қорымдарда қазба жұмыстары жүргізілді.

Ақтөбеде «Қадырбаев оқулары» конференциясын өткізу дәстүрге айналды. Тағылымы, мәні зор бұл конференцияға бұдан екі жыл бұрын да шақырылған едім. Міне, биыл да қатысып отырмын. Осындай игі жұмыстардың өткізуіне қолдау білдірген облыстық әкімдікке ризашылығымды білдіремін. Сондай-ақ, облыстық тарих, этнография және археология орталығына, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің басшылығына алғыс айтамын, — дейді тарих ғылымдарының докторы, профессор Александр Подушкин.

Мир Қадырбаев — Батыс Қазақстан жеріндегі ежелгі дәуір ескерткіштерін зерттеген ғалым. Оның  зерттеген жұмыстары, көне  дәуір жәдігерлері облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы тұр.

Археолог-ғалым Мир Қадырбаевты еске алуға арналған шара облыс орталығында  алғаш рет 2007 жылы ұйымдастырылды. ІІ конференция 2010 жылы, 2012 жылы ІІІ конференция өткізілді.

 

Г.БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button