Отбасылық дәрігер — заман талабы

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінде отбасылық дәрігерлердің II съезі өтті. Мақсат — халыққа медициналық қызмет көрсетудің сапасын арттыру және отбасылық дәрігерлердің тәжірибелерін жетілдіру. Жиынға АҚШ, Ресей, Татарстан және Қазақстанның отбасылық дәрігерлер ассоциациясының мүшелері мен дәрігерлер қатысты.
Екі күнге созылған съезде отбасылық дәрігерлердің жұмысын үйлестіру, осы бағыттағы шаруаларды жүзеге асырудағы қиындықтарды шешу жолдары қарастырылды. Жалпы отбасылық дәрігер дегеніміз — әмбебап дәрігер, яғни ол педиатр, терапевт, акушер-гинеколог, хирург секілді барлық медициналық қызметті атқара алады. Мәселен, кез келген отбасы өзінің қалауы бойынша белгілі бір отбасылық дәрігерді таңдайды. Дәрігер сол отбасының барлық мүшелерінің денсаулығын қадағалап, қажет кезінде медициналық көмек көрсетіп, емдейді. Ауру түрлерін зерттеп, медициналық көмек көрсетеді. Күрделі жағдай болса, тиісті медициналық орталықтарға тексертеді. Бұндай медициналық қызмет түрі дамыған елдерде жүйелі жолға қойылған. Қазіргі уақытта Дүниежүзілік отбасылық дәрігерлер ұйымына 102 елдің 300 мыңнан астам отбасылық дәрігері кіреді. Ұйым мүшелері әлем халқының 90 пайызына көмек көрсетеді. Еліміздің отбасылық дәрігерлер ассоциациясы ТМД елдерінің ішінде бірінші болып аталған ұйымға мүшелікке өтті. Ал алғашқы отбасылық дәрігерлер жұмыс істейтін емхана 1989 жылы Алматы қаласында ашылды. Оның ішінде жалпы тәжірибе және отбасы дәрігері бөлімшелері іске қосылды. Сөйтіп елімізде отбасылық дәрігер медицинасы дами бастады. Қазіргі таңда республикада жалпы тәжрибе және отбасы дәрігерін кәсіби даярлайтын алты медициналық жоғарғы оқу орны бар. «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы бойынша да бірқатар жұмыстар қолға алынып жатыр. АҚШ-тағы Вирджиния достығы университеті медицина мектебінің профессоры Асқар Чукмайтов бұндай жүйені елімізге енгізу үшін әлі де біраз уақыт кететінін айтты.
— Еуропа елдерінде отбасылық дәрігерге жүктелетін міндет өте жоғары. Отбасылық дәрігер бір әулеттің денсаулығына жауап береді. Сондай-ақ дамыған мелекеттерде аурудың алдын алуға, яғни емхана қызметіне айырықша басымдық берілген. Медицина саласына бөлінетін қаржының басым бөлігі де осы салаға жұмсалады. Ал біздің елімізде негізінен емдеу ісі бірінші кезекте тұр. Сондықтан Еуропадағыдай медициналық қызмет түріне қол жеткізу үшін әлі де қыруар шаруа атқарылуы тиіс, — деді Асқар Чукмайтов.
Жиында Орта Азиядағы халықаралық даму жөніндегі агенттігінің (USAID) аймақтық директорының орынбасары Дэвид Браун еліміздің медициналық жүйесіне қатысты өз пікірін білдірді. Аталған агенттік жиырма жылға жуық уақыт елдегі медициналық ұйымдарымен бірлесе жұмыс істейді. Оның ішінде он жылдан астам уақыт Қазақстанның отбасылық дәрігерлер ассоциациясымен бірлесе бірқатар жобаларды жүзеге асырды. Дэвид Браун соңғы уақытта антибиотик тағайындауға қатысты арнайы жұмыстар жүргізіліп жатқанын, антибиотиктерді ретсіз тағайындау халық денсаулығына орасан зиянын тигізетінін айтты. Бұдан кейін Семей медициналық университетінің ректоры Төлебай Рахыпбеков сөз алды.
— Марат Оспанов атындағы медициналық университетке қарасты емдеу орындарын аралап көрдім. Барлығы көңілімнен шықты. Медициналық орталықта жүрек ақауының ауыр түрі — тетрадафаллоға шалдыққан балаға ота жасапты. Ал бұрын бұндай науқасқа ота тек қана шетелде жасалатын. Мен депутат болып жүрген уақытта көкшетаулық жас баланы АҚШ-қа ота жасатуға алып бардық. Біздің көз алдымызда көгеріп, өлім аузында жатқан баланың отадан кейін қызарып, бойына қан жүгіргенін көрдік. Сол уақытта «Шіркін, осындай аппараттар біздің елде де болса ғой» деп армандаған едім. Ал қазір осы отаны ақтөбелік дәрігерлер жасап жатыр. Бұл — біздің еліміз үшін үлкен жетістік, — деді Төлебай Рахыпбеков.
Сондай-ақ, ол отбасылық дәрігерлердің жұмысын жетілдіруге қатысты өз пікірін айтты. Жиында осы және өзге де мәселелер ортаға салынды. Жалпы, елімізде отбасылық дәрігерлер тапшы, яғни республика бойынша он мың отбасылық дәрігер қажет. Мәселен, медициналық университетті жылына бес жүзге жуық студент бітіріп шықса, оның тек жартысы ғана отбасылық дәрігер болуға ұмтылады екен.
Ақтөбе қаласында үш емханада ғана отбасылық дәрігер қызмет етеді. Жаңа жүйенің нәтижесі де аз емес. Ең бастысы, медициналық қызмет көрсету сапасы артып келеді.
Кәмшат ҚОПАЕВА.



