Лондонда Қазақстанның Бейбітшілік және келісім орталығы ашылды

АСТАНА. 29 тамыз. Ұлыбританияның астанасы – Лондон қаласының дәл ортасындағы Букингем сарайынан 100 метр жерде орналасқан зәулім де сәулетті ғимаратта Қазақстанның Бейбітшілік және келісім орталығы ашылды. Бұл туралы «24KZ» телеарнасы хабарлады.
Салтанатты шарада Британия елінің лауазымды тұлғалары мен Қазақстан делегациясының өкілдері сөз сөйлеп, аталмыш бастаманың маңызына тоқталды. Жиынға қатысушылар орталықтың қазақ тілі қолданыс аясының кеңеюіне де мүмкіндік ашатынын айтты.
Бейбітшілік және келісім орталығының ашылуы – Қазақстан мен Ұлыбритания үшін маңызды шара. Көп этносты елдердің барлығы достық пен тұрақтылықты сақтап отырмыз деп мақтана алмайды. Толеранттылық, демократия сынды ұғымдар қалыптасқан Англияның өзі Қазақ еліндегі достықты үлгі тұтады.
«Дос пейілді Қазақ елінің бейбітшілік және келісім тұрғысындағы тәжірибесін кеңінен үйренеміз деген сенімдемін. Орталық сондай-ақ ғылыми қатынасты да реттейді. Британиялық студенттер Қазақстанға барып, білім алу мүмкіндігіне ие болады», — деді Ұлыбритания парламентінің мүшесі Тони Болдри шара барысында.
Орталық директоры, Кембридж профессоры Сидхарт Саксена мультимәдени қатынастар шоғырланған Қазақстанның озық тәжірибелерінен алуға болатын тұстардың көп екеніне тоқталды. Этносаралық үйлесім – өте күрделі тақырып. Мемлекеттегі қоғамдық қалыптасудың қозғалтқышы іспетті.
«Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 20 жыл бұрын Қазақстан халқы ассамблеясын құруы өте дұрыс шешім болған. Қоғамдық институттың жүйелі жұмысы арқылы түрлі ұлт өкілдері өздерін жайлы және қауіпсіз сезінеді. Ұлтаралық келісім экономикалық өсімнің, саяси-әлеуметтік, мәдени реформалардың сәтті жүзеге асуына негіз болды», — деді өзінің сөзінде Қазақстанның Бейбітшілік және келісім орталығының директоры Сидхарт Саксена.
Ұлыбританиядағы қазақ диаспорасының жетекшісі Исмаил Кесичидің айтуынша, орталық шын мәнінде де Қазақстанның ағылшын еліндегі достық аралы сынды болмақ. Ол Тұманды Альбионда ғана емес, сонымен қатар Еуропа мемлекеттерінде де ұлттық мәдени қатынастардың дамуына септігін тигізетін болады. Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжановтың мәлімдеуінше, орталық қазақ тілінің қолданыс аясының кеңеюіне де мүмкіндік береді. Қазақстанның мәдениетін, тарихын, қоғамдық өмірін зерттеуге ниет танытқан ғалымдарға кең мағлұмат алу кеңістігі ашылады.
«Орталық қос елдің достық, мәдени, ғылыми қатынасының дамуына серпін береді. Біз сондай-ақ британ бизнес өкілдерін ЕХРО-2017 көрмесін өткізуде белсенді атсалысады деп сенеміз», — Ералы Тоғжанов.
«Мен Қазақстанның жетістіктеріне қуанамын. Сіздердің көшбасшыларыңыз – салиқалы саясаткер, әсіресе әлеуметтік мәселелерді ұтқыр шеше біледі. Қарымды қажыр-қайрат жұмсау арқасында ғасырдағы күрделі саяси-экономикалық ағыстан шығып қалмай келесіздер. Сэр Болдридің пайымдауынша, қазіргі Шығыс пен Батыстың текетірес кезеңінде қазақстандық бейбітшілік және келісім орталығы ортақ тіл табысу орнына айналмақ», — деді келесі кезекте Кембридждің құрметті профессоры, сәулетші Николас Рей.
Мұрат Айтқожа.
Дереккөз: «24KZ» телеарнасы.
Фото:«24KZ» телеарнасы.



