Шегіртке қайдан келді?

Қазақстандық өсімдіктерді қорғау қызметі мамандары елімізге Ресей Федерациясы аумағынан үйірлі шегірткелердің (итальяндық прус) ұшып келіп жатқанын анықтады.
Соңғы үш жылда шегірткеге қарсы тиянақты жүргізілген күрестің арқасында Ақтөбе өңірі шегірткенің шабуылын тойтарған болатын. Ауыл шаруашылығының басты жауы — шегірткенің жанданып, алғаш көрінетін кезі мамыр айы екені белгілі. Алайда биыл бұл кезде, тіпті маусым айының соңына дейін бұл зиянкес жәндіктер біздің шабындықтар мен егінжайларда көрінген жоқ. Маусым айының соңғы күндері мен шілденің басында Орынбор облысының шекаралас Светлинский, Ясенский, Дамбаровский аудандарынан біздің облыстың Әйтеке би ауданының аумағына және Қостанай облысының Қамысты ауданының аумағына үйірлі шегірткелер ұшып келді. Сондай-ақ, Челябі облысының Варнинский ауданының тұсынан да еліміздің аумағына шегірткенің өту фактілері тіркелді.
Қазір ел бойынша Ресеймен шекаралас аумақтарда үйірлі шегірткелердің таралуына жол бермеу шаралары қарастырылуда. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі химиялық өңдеулер жүргізу үшін 440,0 мың гектарға қосымша препараттар бөлді. Химиялық өңделетін жердің 400,0 мың гектары Қостанай облысында болса, 40,0 мың гектары біздің облыстың аймағында.
Қазіргі кезде Ресеймен шекараласатын үш аймақта, яғни Қостанай, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарындағы 2,7 млн. гектар аумаққа өңдеу жұмыстары жүргізілді. Оған қоса үйірлі шегірткеге қарсы алаңдарды зерттеу және химиялық өңдеу жұмыстары жалғасуда. Осы үш облыста шегіртке тектес зиянкестермен күресу үшін бүріккіш техникалардың 198 бірлігі жұмылдырылған. Оның ішінде аэрозольдік генераторлар, аса жеңіл авиация мен ұшақтар, жер үсті бүріккіштері бар.
Бүгінгі күнге еліміз бойынша шегіртке қауіпі бар 12,4 млн. гектар алқап тексерілді. Оның ішінде алдын ала жоспарланған 4 млн. гектар алқаптың 3,8 мың гектары өңделді.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне қарағанда, Марокко шегірткесіне қарсы өңдеулер толық аяқталды. Ал Азия шегірткесіне қарсы жүргізілетін химиялық өңдеу жұмыстары аяқталуға тақалып келеді.
Мұнымен бірге, еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі Ресейдің Қазақстанмен шекаралас аудандарында шегіртке тектес зиянкестерге қарсы химиялық іс-шаралардың төмен қарқынмен жүргізіліп отырғанын да хабарлайды. Ал көрші елдің жекелеген аудандарында бұл бағыттағы жұмыс мүлде қолға алынбай отыр.
— Егер ресейліктер химиялық өңдеу жұмыстарын одан әрі кешеуілдететін болса, бұл — шегірткелердің Қазақстан аумағына қайтадан ұшып келуіне әкеп соғуы мүмкін. Олардың ауыл шаруашылығы дақылдары мен алқаптарына елеулі зиян келтіруі ғажап емес, — деп мәлімдеді еліміздің ауыл шаруашылығы өндірістік кешенінің мемлекеттік инспекциясының төрағасы Сақташ Хасенов.
Біздің елімізбен көршілес Ресей, Қытай, Өзбекстан елдері арасында ауыл шаруашылығы саласында өзара ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылған. Осы келісімдерге сәйкес жыл сайын мамандар шекаралас аймақтарда шегірке тектес зиянкестерді анықтау жөнінде бірлескен тексерулер жүргізеді. Бірлескен жұмыс топтарының отырыстары өткізіледі. Соның қортындысымен тараптар шекаралас аудандарда шегірткелердің дамуы мен таралуы, тексеру, өңдеу жұмыстарын жүргізудің мерізімдері және келесі жылы зиянкестердің дамуын болжамдау туралы ақпараттар алысады. Яғни, осылайша бірлесіп жұмыс істеу көзделген. Осы талаптар мүлтіксіз сақталғанда ғана іс нәтижелі болады. Еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігінің мамандары, міне, осылай дейді.
Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.




