Пайғамбар шапағатына бөленетін кімдер?

Имам ән-Науаидің айтуынша, ораза һижраның екінші жылы шағбан айында парыз болған, ал Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) һижраның он бірінші жылы рабиул әууал айында дүние салды. Демек, Алла елшісі (с.ғ.с.) тоғыз жыл Рамазан оразасын тұтқан.
Оқырмандарымызға сахабалардан жеткен ғибратт әңгімелерді ұсынып отырмыз.
Сондай бір заман…
Бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) адамзаттың келешегіне көз жүгіртіпті. Содан соң мұңайып отырып, былай деген екен: «Сондай бір заман тап болғанда, үмбетім бес нәрсені ұмытып, бес нәрсені жақсы көретін болады:
Дүниені жақсы көріп, ақыретті ұмытады;
Малды жақсы көргенмен, ақырет күні оның есебін беретінін ұмытады;
Жаратылғандарды жақсы көргенмен, Жаратушыны ұмытады;
Күнәні жақсы көріп, тәубаны ұмытады;
Сәнді сарайларды жақсы көріп, қабірді ұмытады».
Өзің қандай болсаң…
Бірде Пайғамбарымыздың (с. ғ.с.) жанына бір адам келіп, оған тесіліп қарайды. Сөйтеді де:
— Неткен жиіркенішті едің, — деп салады.
Алла елшісі (с.ғ.с.):
— Астамшылық жасадың, бірақ орынды, — дегеннен басқа жауап қатпайды.
Күндердің бір күні тағы бір адам Пайғамбарымызға келіп, қарап тұрады да:
— Уа, Алланың Елшісі! Неткен керемет едің! — дейді.
Пайғамбарымыз (с. ғ.с.) бұл жолы да:
— Орынды, — дейді.
Сонда сахабалардың бірі шыдай алмай:
— Уа, Алланың Елшісі! «Жиіркеншітісің» дегенге де, «кереметсің» дегенге де «орынды» дедің, мұның сыры не? — деп сұрайды.
Бұған Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) : «Адамдар өздері қандай болса, басқаларды да солай көреді», — деп жауап берген екен.
Жұмаққа ең бірінші кіретін кім?
Бір күні қызы Фатима Мұхаммед Пайғамбардан (с.ғ.с.):
— Дүниежүзінде ең бірінші жұмаққа кіретін кім? — деп сұрайды.
— Анау төменгі ауылда, пәлен үйде тұратын бір кісі бар. Бірінші жұмаққа кіретін — соның әйелі, — дейді.
Хазреті Фатима бұл кісіні көруге құмартады. Айтқан үйге барып, есікті қағады. Бұған жауап ретінде қартаң бір әйел кісінің даусы естіледі:
— Бұл кім екен?
— Бұл — Хазреті Пайғамбардың қызы Фатима.
Әйел оны күтпеген болса керек, аз уақыт үнсіз қалады. Сосын:
— Айналайын, қызым! Ренжи көрмеші! Бірақ отағасының рұқсатынсыз сені үйге кіргізе алмаймын. Бүгін рұқсат сұрап қойсам, ертең келе аласың ба? — дейді өтінген үнмен.
Мұны естігенде Фатима да сасып қалады. Бірақ амал жоқ, кері қайтып кетеді. Ертеңіне жаңағы үйге тағы келеді. Қасына ұлдары Хасан мен Хусейнді ертіп алады. Іштен кешегі әйелдің даусы естіледі:
— Бұл кім, қасыңдағы кімдер?
— Бұл мен ғой, Фатима. Қасымда балаларым бар.
— Әттеген-ай! Мен күйеуімнен тек сен үшін рұқсат сұрап едім. Балаларың келетінін білмедім ғой? Ертең рұқсат алып қояйын?..
Фатима бұл жолы да кері қайтады. Келесі күні тағы келеді:
— Бұл кім?
— Фатима…
Сол кезде есік ашылады. Бір қызығы, екі күн бойы дауысына қарап, егде жаста деп жүрген адамы жап-жас, әп-әдемі келіншек болып шығады. Фатима қатты таңғалып сұрайды:
— Менімен сөйлесіп жүрген апай қайда?
Сол кезде әлгі әйел сәл ыңғайсызданған кейіппен аузынан бір тасты шығарып алып: «Ол мен ғой» — дейді.
— Ұртыңызға тас салып алғаныңыз қалай?
— Әлдебір себеппен есік қағушылар болса, менің себебімнен күнәлі болып қалмасын деген ниетім еді…
Міне, жұмаққа алғаш кіретін адам — осы әйел екен. Оны басқалардан артық ететін қасиеті — күйеуіне соншалықты адалдығы, діндарлығы, өз арын ойлап қана қоймай, басқаларды да күнәға батырмауды көздеген ақ ниеті екені күмәнсіз. Өйткені әйел адамның даусының өзі кейде адамды күнәға батырып қоюы ықтимал…
Анаға қызмет пен қажылық
Бірде сахабалардың бірі Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп, дін жолында жиһадқа шыққысы келетінін, бірақ қолының қысқа екенін айтып өкініш білдіреді. Сонда Алланың Елшісі (с.ғ.с): «Үйдегі әке-шешең тірі ме еді?», — деп сұрапты. «Иә, шешем тірі». «Ендеше, үйдегі шешеңді жақсылап күт. Анаңның көңілін тауып, ризашылығын алсаң, қажылық пен ұмра жасағандай сауапқа кенелесің. Дін жолында күрескен мүжаһидтің сауабынан да құр қалмайсың», – деген екен әлгі сахабаға Пайғамбарымыз (с.ғ.с.).
Шапағат
Әбу Һұрайра (р.а.) есімді сахаба бірде Пайғамбарымызға (с.а.с.) барып, қиямет күні оның шапағатына ең көп кенелетін кімдер екенін білгісі келетінін айтады.
Сонда Алланың елшісі (с.ғ.с.) өзінің әдеттегі байсалды қалпымен:
— Менің хадистеріме деген ынтықтығыңа қарап, мұны сенен бұрын ешкім сұрамас деп ойлайтынмын. Иә, қиямет күні менің шапағатыма бөленетіндер — бар ықыласымен «Лә иләһә иллаАллаһ» дейтіндер, — деп жауап берген екен.
Діни сайттар материалдары бойынша әзірленді.
Ораза мен намаз қатерлі ісіктен сақтайды
Оңтүстік Калифорния университетінің ғалымдары қатерлі ісіктің алдын алу, сондай-ақ, оны емдеу үшін де ашығудың пайдасы бар деген тұжырым жасады.
Ғалымдар бұған дейін иммунитеті әлсіз, жиі ауыратын жандарға ашығу зиян деген пікір ұстанып келген еді. Ал зерттеулер, керісінше, ашығудың иммундық жүйені қалпына келтіруге пайдасы бар екенін көрсетіп отыр. Ашығу кезінде ағзада лейкоцит деңгейі артады екен. Яғни ағзада лейкоцит өндіру процесі қарқын алып, өз кезегінде олар бүкіл иммундық жүйеге күш-қуат береді.
Ашығу жағдайында дене энергияны барынша сақтауға тырысады, ал мұның жағымды жағы — адамдар ескі, әлсіз немесе зақымданған иммундық жасушалардан құтылады.
«Ашығу, мысалы, қатерлі ісікпен ауыратын адамдар үшін де тиімді» — деп отыр ғалымдар. Уақытша тамақтан бас тарту химиялық терапияның жағымсыз әсерлерін жояды.
Ал Каир қаласының (Мысыр) Ұлттық сәулелер технологиясы орталығының мамандары сәжде етудің де адамды қатерлі ісіктен сақтайтынын анықтады.
Сәулелер технологиясы орталығының бөлім бастығы, биология профессоры Мұхаммед Зияддин Хамид бүгінде адамдарды жан-жағынан электромагниттік толқындар қоршап тұрғандықтан, өзіне қаншама зиянды сәулелер қабылдайтынын және оны қайткенде де ағзадан сыртқа шығару керектігін айтады.
Зерттеу нәтижесінде анықталғандай, адам денесіндегі бұл электромагниттік сәулелер Аллаға сәжде етумен сыртқа шығады екен. Яғни бойдағы энергия сәждеге барғанда жерге тиетін адамның жеті ағзасы арқылы сыртқа тезірек шығады. Бұл адамның шаршауын басып, кейбір ауруларға шипалы болатын көрінеді. Сәждеге барғанда Қағбаға қарау да маңызды. Бұл бойдағы жағымсыз энергияның сыртқа шығуына ең қолайлы позиция көрінеді.
Кім қанша уақыт ауыз бекітеді?
Ауыз бекіту уақытының ұзақтығы географиялық жағдайға байланысты әр жерде әртүрлі. Қазақстандықтар биыл, орта есеппен, тәулігіне 18-19 сағат ораза ұстайды.
Мұны ұзақ көріп жүргендер бар. Дегенмен, ең ұзақ уақыт ауыз бекітетін — Еуропа мұсылмандары екен. Мысалы, ауыз бекіту уақыты: Данияда — 21 сағат; Исландияда — 20 сағат; ал Норвегияда — 20 сағат.
Солтүстік Америка құрлығында тұратын мұсылмандар 13-15 сағат ауыз бекітеді. Африка мен Таяу Шығыс елдерінде де мұсылмандар тәулігіне, шамамен, 14-15 сағат ораза ұстайды. Австралияда ауыз бекіту уақыты — 10 сағат. Ал Оңтүстік Америка құрлығының мұсылмандары үшін ауыз бекіту уақыты — ең қысқа уақыт, мысалы, Аргентинада 9 сағат 30 минут қана…
Сондай-ақ, бір қаланың өзінде тұрып жатып-ақ, ауызашар уақытының айырмашылығы сәл өзгерек болатын да жағдайлар бар екен. Мысалы, Дубай әмірлігінің Дін істері және қайырымдылық шаралары департаменті зәулім үйлер тұрғындарына арнап ауызашарға байланысты жаңа пәтуа шығарды. Бұл шешім бойынша, жоғары қабатта тұратындар үшін ауызашар уақыты сәл кешіктіріледі.
Яғни қабат биіктеген сайын, ауызашар уақыты да алыстай түспек. 80-ші мен 150-ші қабат аралығындағылар үшін ауызашар уақыты 2 минутқа кешіктірілетін болса, 150-ші қабаттан жоғары тұратындардың оразасы 3 минутқа артық болмақ.
Департамент басшысы бұл ұстанымдарын күн батқанымен, ғимараттың жоғары қабатындағылардың күн шапағын әлі де болса көре алатындықтарымен байланыстырады. Ал ауыз ашу үшін күн ұясына батқанын күту шарт.
Аулыңызда жарапазан айтыла ма?
Жарапазан — қазақтың дінге қатысты тұрмыс-салт жырларының бір түрі. Рамазан айында айтылады. Сөздің о бастағы шығу төркіні жөнінде теолог-ғалым Мұхитдин Исаұлы өзінің Facebook желісіндегі парақшасына былай деп жазыпты:
«…менің екі түрлі көзқарасым бар. Әуелгісі «Жә ә Рамадан» , яғни, «Жә ә» деген араб тілінде «келу» келді дегенді білдіреді. Яғни, Рамазан келді деген сөз. Бұл мағынада шығу себебін Алла елшісі алайһис салату уәс сәләмнің Мәдинаға келуімен байланыстырған болса керек. Ол алғаш келгенде «Біздің төбемізден Ай туды» деп, Жар айтқан еді. Ендеше, Рамазан да Құранмен және Жебірейіл, періштелермен, Қадір түнімен бірге келіп тұрғанда неге Жар салмасқа? Екіншісі бір түйінім — ол «Жар Рамазан». Яғни Рамазан жар болсын дегені. Жар дегені —көмекші, сүйеу, қамқоршы т. б. дегені. «Рамазан берекелі де мерекелі, дұғалар қабыл, мұрат асыл болсын» деп, әр үйге кіріп, сол үйге дұға қылғаны. Екі жас тойларында да «келе жатыр екі жас» деп, «жар-жар» дейді. Жарамазанды көбінесе жастар, балалардың айтуы — жастайынан осы бір берекелі айды айтқызу арқылы құлағы мен жүректеріне сіңдіру. Яғни Исламды сіңдіру, т.б хикметі толып жатыр. Әрі оны ауызашар басталған уақытта айтуы да қызық. Ауызашар өзі ұлы бір той ғой… Оразаларыңыз қабыл болсын, Алла шаңырақтарыңызды нұрға бөлесін! Қандай да бір түйткілді мәселелеріңіз болса Алла шешілуін жазсын!».



