ЖастарЖаңалықтар

Гүлсамалдан жеңіс күтеміз

Шілде айының 15-22 аралығында Словакияның Снина қаласында әйелдер күресінен кадеттер арасында халықаралық жарыс өтеді. Бұл үлкен додаға Ақтөбе облысы атынан жас спортшы Гүлсамал Нұрлан қатыспақ. Ол кадеттер арасында Ақтөбенің намысын қорғауға аттанайын деп отырған алғашқы спортшы.

— Гүлсамал — болашағынан үлкен үміт күттіретін жас. Мен оны күреске 2012 жылдан бастап баулып келемін, бұған дейін бапкер Нұрлан Ізтілеуовтің тәрбиесінде болды. Гүлсамал әлем чемпионатына бара жатқан алғашқы оқушым. Техникасы мықты. Жақсы нәтиже көрсетеді деп сенеміз, — дейді бапкері Мәжит Сағынтаев.

Жас спортшы Ақтөбедегі №5 мектепте білім алған. Көпбалалы отбасынан шыққан. Қазір Алматы қаласындағы спортқа бейімді дарынды балаларға арналған колледжде оқып жатыр.

2012 жылы Тараз қаласында өткен оқушылар арасындағы Қазақстан Республикасы спартакиадасының жеңімпазы болды. 2013 жылы Жезқазған қаласында өткен  жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізді.

Биыл наурыз айында Өскемен қаласында өткен кадеттер арасындағы Қазақстан чемпионатынан да жүлдемен оралып, мамыр айында Тайландта болған Азия чемпионатына қатысып қайтты.

Қазір Гүлсамал мен оның бапкері Талдықорған қаласында өткізіліп жатқан оқу-жаттығу жиынына қатысып жатыр.

 

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button