Адамның асыл бақыты

«Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» дейді халық. Сірә, мәселе мұнымен шектелмесе керек. Хас жақсыны елге, ұрпаққа өнеге болсын деп те айту керек. Әйтпесе, ғасырлар бойы тең тұрған жақсылық пен жамандықтың таразысы теңселіп кетер еді. Өмір ізгіліктен ажырар еді. Бүкіл болмыс-бітімімен ерекшеленіп тұратын Қыстаубай ағаны еске алғанда осындай ойға берілем. Сол себепті сол бір аға туралы өз пікірімді, шынайы сырымды аз-кем болса да, жұртқа жеткізгім келеді.
Ол жайлы дерек: Қыстаубай Төребаев 1914 жылы қаңтардың 1-інде Қызылорда облысы, Қазалы ауданында дүниеге келіп, мектепте оқып, кейін мұғалімдік курсын бітіріп, біраз достарымен 1931 жылы Қарабұтақ өңіріне (ол кезде Қарабұтақ аудан емес-ті) келісімен, 16 жасында Құмқұдық бастауыш мектебінің мұғалімі, 20 жасында Табанкөл орта мектебінің директоры болды. Қызыл төңкерістен соңғы өте ауыр заманды бастан өткеріп, енді есін жия бастаған қазақтың балаларын оқуға тарту, ересектерін сауаттандыру ісіне, комсомол, партия жұмыстарының қым-қуырт тірлігіне белсене араласты.
Ұлы Отан соғысына қатынасып, Ақтөбеде жасақталған 101-атқыштар бригадасында политрук, 109-атқыштар бригадасында саяси бөлімнің аға инспекторы болды. Жараланып елге оралғаннан кейін Қарабұтақ аудандық партия комитеті бірінші секретарының көмекшісі, аудандық ауылшаруашылық басқармасының бастығы, Еңбекту колхозының басқарма төрағасы, ХХ партия съезі атындағы совхоз партия комитетінің секретары, Орынбор облысы, Домбар ауданаралық «Казсельхозтехника» бөлімінің бастығы, Қарабұтақ май зауытының директоры болып жұмыс атқарды. Осы жылдары аудандық партия комитетінің мүшесі, аудандық кеңес депутаты болып сайланды.
… Жақында балалары Қыстекеңе қайтыс болғанына 24 жыл, дүниеге келгеніне 100 жыл толды деп ас берді. Аста Қыстаубай ағамызбен бірге жұмыс істеген жолдастары оның өткен өмір жолдарын әңгіме қылды. Бірақ…
Бірақ әңгіме осы айтылған үйреншікті стандарттан аспады. Қыстекеңнің өзіне тән адами, азаматтық болмысы, қасиеті ашылмай қалғанға ұқсады. Қыстекең адамның алдына түсіп әңгіме айтпайтын-ды. Түрі-түсіне қарасаң, айтылып отырған әңгімеге қатысы жоқтай бойын аулақ салып отырғанды, «ақырын жүріп, анық басқанды» ұнататын-ды. Бұл қасиеті өткен өмірдің үйреткен сабағы – тура айтпай, тұспалдап, «әліптің артын ашпай» сөйлей берсем, «жақ ашып, жалпақ шарасыздыққа душар боламын ба» деп күдіктенетінінен болар.
1966 жылы Қарабұтақ аудандық комсомол комитетінің бірінші секретары болып жүргенімде бір пленум өткізу керек болды.
Тақырыбы — «Жастар арасындағы идеологиялық жұмыстың пәрменділігі, адамгершілік қасиетті қалыптастырудағы аға буынның ерлік дәстүрінің рөлі». Аудандық партия комитетінен коммунист ағалардың есеп-карточкасын алып зерттедім де, екі адамға тоқтадым. Олар – Махамбетов Ілияс (бірінші Сталинград қоршауын бұзған), Төребаев Қыстаубай (Москваны қорғаған). Шақырып, сөйлеспек болдым. Біріншісі бірден көнді. Өз ағам (олай дейтінім ол қыздан, мен ұлдан болатынбыз) «жоқ, мен сөйлемеймін» деді. Әрі сұрадым, бері сұрадым, болмады. Ақырында, менің ренжігенімді байқап, «жарайды, тек райкомнан басқа жерде, үйде айтамын» деді. Менің «арам» ойым: бұл кісі арақ ішкісі келіп отыр екен дедім. Менің ойымды түсінген ол «Адам өмірі толы қам, іс-әрекет. Оңайлықпен тындырылмайтын күрделі іс жеткілікті. Әр әрекетке қарсы бір қарекет болары хақ. Бізді біреу сезбеу үшін оңашалануымыз керек» деді. Үйге келдік, ағам әңгімесін бастады: «Мен көлгірлік, жасандылық, мүләйімсу, жалғандық, жәдігөйлік сияқтыларды жек көрем. Барлық болған жағдайды айту біздің айналамызға, өмір сүріп жатқан ортамызға, қоғамға ұнамай қалуы мүмкін, сондықтан бір сыпыра әңгімелер жалпаққа жария болмауы тиіс.
Мен комсомол қатарына 14 жасымда қабылданғанмын. Сонда партия, комсомол басшылары кеңес үкіметі жаулармен күресуді, оларды әшкерлеп отыруды үйретті. Ол жау кім? Ол да қазақ — сенің тума-туыстарың. Адам сыртынан адам қою, тыңшылық, сатқындық әрекетіне баулу, адамға сенбеу, барлық адамды жау көру содан басталды.
Шынын айтсақ, қазақ қоғамы қазан революциясын қабылдамады. Алашордалықтар бір жаққа, Большевиктер екінші жаққа тартты, қоғам бөлінді, быт-шыт болды. 1925-1933 жылдарда Қазақстан өлкелік партия ұйымын Филип Голощекин басқарды. Сталиннің курсын ұстадым дегенді желеу етіп, шағын «қазан революциясын» қайта жүргізіп, «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» – деген ұранмен жаппай тәркілеу жүргізіп, қазақтың жарлы-жақыбайларының жалғыз атын, сиырын тартып алды. Қоғамдастырылған мал қырылды, өлді. Ұйымдастыру басында Қазақстанда 40,5 млн. бас мал болса, 1933 жылы 4,5 млн. бас мал қалды. Ашаршылықтан 2 млн. қазақ қырылса, 1 млн. адам малын айдап Қытай, Монғолия, Түркия, Өзбекстан, Түркіменстан, Қарақалпақ асты.
Қазақ халқы өткен ғасырда екі дүркін — отызыншы жылдардың басында жаппай жекелердің малын тәркілеп, шаруасын шайқау салдарынан және қырық бірінші, қырық бесінші жылдардағы алапат соғыс зардабынан кедейленді. Алғысында ашаршылықтан қырғынға ұшырады, соңғысында «шықпа жаным, шықпа», әупірімді күн кешті. Азды, тозды, жүдеді-жадады. Демографиялық жағдайы құлдырады. Кейін кедейліктен халықты ересен еңбек құтқарды.
Ұлы Отан соғысы Кеңес үкіметі күтпеген жағдайда басталды. Одан шамалы уақыт бұрын ғана Кеңес үкіметі атынан Молотов барып немістермен бір-біріне шабуыл жасамауға шарт жасасып қайтқан болатын. Кеңес үкіметі шекараны бекітпеді. Ондағы әскери бөлімшелер жау шабуылын тойтаруға қауқарсыз болды. Осындай Кеңес үкіметінің қауқарсыз шағында соғыс ашты. Аса тойтарыс кезіктірмей, шекараларды талқандады. Беларусь, Украина республикаларын көктей етіп, ел астанасы Москваға бет бұрды. Өндірісі алып қалаларға шабуылды үдетті. Гитлер жетінші қарашада Москвада әскери парад өткіземіз деп жария салды. Кескілескен, жан беріп, жан алысқан қан майдан болды.
Сталиннің бұйрығымен бір қадам шегінбеуге, өлмей жауға берілмеуге бұйрық берілді. Үш эшалонды соғыс жүргізілді — алда — штрафбат, оның соңынан ерекше бөлім, үшінші жалпы әскер. Соғыс жүргізіліп жатқан Ржев қаласында Ақтөбеде жасақталынған 101-атқыштар бригадасы және басқа да Қазақстанда жасақталынған әскери бөлімшелер болды. Бір миллион адам соғысқа қатынасып, Москваны қорғады, соның алты жүз мыңы — қазақстандықтар (жүз елу мыңдай адам елге орала алмады). Жерлестеріміз адам құлағы естімеген батылдықтар мен батырлықтар көрсетті. Әуелгі кезде соғыс құралдары жетіспейтін еді. 101-атқыштар бригадасы вагоннан түсе сала соғысқа кірісіп кетті. Оларды қайта жасақтау, әзірлеу жұмыстары жүргізілмеді. Ақтөбеде екеуара, үшеуара берілген винтовкамен ұрысқа кірісіп кетті. Көп шығынға ұшырадық. Осылайша бастап, Москваны қорғап қалдық.
1943 жыл ерекше жыл болып басталды. Бір үлкен саяси қызметкер келіп
«солдаттарды жинаңдар, олармен әңгімелесіңдер, жақсы киімдерін киіп, тазалансын, үлкен қуаныш күтіп тұр алда» деді. Біздер енді қарсы шабуылға шығады екенбіз. Солдаттар жылдан астам уақыт бойы шегініп келе жатқандықтан, «қарсы шабуыл» дегенге байланысты сұрақты жаудырды. Дегенмен, бұйрық деген — құдірет, бәрі тап-таза киініп, бір «құдіретті» күтіп жатты. Таң бозарып атуы сол-ақ екен, жер дүниені от-жалын алып, алдымызда, үлкен аждаһа от шашып, жер дүниені қуырып жатқандай күй кештік. Немістер жағынан бірде-бір автомат дауысы естілмеді. Он минуттай тыныштық орнап, кенет командирдің «Ура, алға» деген пірлі әмірі жер күңірентті. Бұндай дуалы сөзді естімей, қорғаныс пысы басқан солдаттар «Ура» деп, жер дүниені күңірентті. Біздің көргеніміз — ертегідегідей айдаһар от-жалынына шарпылған немістер қуырылған қандаладай үйітіліп, өліп жатыр. Араларында тірілері де бар. Оларды біз жайпап тастадық, қашқандарын қуып, түйреп жатырмыз. Біздің шабуылымыз сәтті болды. Біраз жерге қарыштап кетіппіз. Тоқтаған соң үлкен командирден «бұл не? деп сұрадық. Сүйтсек, «Катюшаны» іске қосқан екен. Сол күні біздің солдаттарға «ППШ» автоматын таратты.
Ендігі жерде күнде еститініміз Кеңес армиясының шабуылы, неміс басқыншыларының әскерлерінің қоршауда қалуы, Курск доғасы, Сталинград қоршауы, Ленинград блокадасын бұзу сияқты, тек алға жетелеп, сезімді серпілтетін жағдайлар.
Ұлы Отан соғысының отты майданында қан кешкен, жан беріп жан алысқан қазақ боздақтарының бір-ақ арманы — жеңіспен елге оралу, қайғымен қан-жұтқан ата-ананың, бауыр-туыстарының арманы ұлдарын, әкелерін, аға-інілерін аман-есен көріп, туған топырағына бір аунату еді. Өкініштісі, көбі шәһит кетті, бірқатары елге жарымжан күйде оралды.
Дегенмен, шабуылға үміттендік, шабыттандық, ойға алған қаракеттің, белгілі бір нақты істің, қамданған жұмыстың, қолданылар шараның нәтижелі боларына, жеңіске жететінімізге сендік, — дейді аға.
Осындай арман сезіммен жүрген ағамыз Польша түбінде 1944 жылы ауыр жарақаттанып, елге оралды.
Ауылда да жағдай мәз емес екен: жетім бала, жесір қатын, қордаланған шаруа. Әскери политрукті бірден аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы көмекшісі қызметіне шақырады.
Хатшы Ермағамбетов Ідіріс бұрыннан таныс болып шықты. 101-атқыштар бригадасында рота политругі болған, тәжірибелі партия қызметкері екен.
Айтқаны: «Аудандық партия комитетінде кілең әйел, бала-шаға. Жұмысты тәжірибелі, білімді-білікті кадрлармен толықтыру қажет».
Осы тұста аудандық партия комитетінде насихат-үгіт бөлімінің меңгерушісі болып Нұркин Іскендір, нұсқаушылар Балтеміров Жолаушыбай, Жаңбырбаев Нысаналы, Бөлеков Мекетай, Момынбаев Жолшы сияқты азаматтар қызмет істеді. Табанды, білімдар, салиқалы партия қызметкерлері еді. Азаматтар еді.
Алайда, партия қызметінде ұзақ отыруға болмады. Қыстекең тағы бірінші хатшыға шақырылып, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасын басқаруға ұсыныс жасалды. Партия мүшесі, ұсынысты талқылауға құқы жоқ. Айтты — болды. Елу алты колхоз бар, экономикасы тәлтіректеп тұр, не істеу керек? Көп ұзамай Қыстекең бірінші бастыққа ұсыныспен кіреді: Қазақтардың тәжірибесіне сүйеніп, колхоздардың бар қойларын Талдық, Қайрақты бойына жайлауға көшіру. Май-қазан айларында жайлауда қойды қоздатып, қырқып, күзде қозыларды айырып, күземде қозы-қойды қырқып, колхозға қайтару. Зооветеринарлық жұмысты жақсарту, есепті түзету. Еркек қозыларды тартырып, етке тапсыруға әзірлеу. Осындай күрделі жұмыс арқасында мал шаруашылығы өркендеп, мал басы көбейді.
1950 жылы Орталық партия комитеті қаулысына сәйкес 30 мың коммунист ауыл шаруашылығына жіберіледі. Қыстекең де осы тізімге еніп, «Еңбекту» колхозына басқарма болып аттанады. Үш-төрт жылда колхоз жұмысы жолға қойылады. Мал басы 3-4 есеге көбейді. Егіншілікпен айналысу арқасында үкіметке қарыздарды қайтаратын деңгейге жетті. 1955 жылы колхоз төрағасы бүкілодақтық көрмеге делегат болып, Москваға барып қайтты.
1954 жылы наурыз айында жоғарғы партия комитеті қаулысымен, ауыл шаруашылығында біраз өзгерістер болады, аудандағы бұрынғы дәрменсіз, экономикасы тежеулі колхоздар совхозға айналып, мемлекет қарауына алынады. Төребаев «Партияның ХХ партия съезі» атындағы совхозға партия комитетінің секретары болып тағайындалады.
Алайда, Қыстекең совхоз партия ұйымын басқаруда көп кідірмеген. 1956 жылы тың және тыңайған жерлерді игеруге байланысты Қарабұтақ ауданында «Ярослав», «Комсомол», «Псков», «Северный», «Щербаков» және «Партияның ХХІІ съезі атындағы» жаңа совхоздар ашылады. Сол совхоздарға жер беріліп, орталықтан көптеген техника, құрылыс материалдары жіберілетін болады. Осыған орай Орынбор облысының Домбар станциясында шоғырландыру базасы (перевалочная) ұйымдастырылады. Сол базаның директоры болып Төребаев Қыстаубай тағайындалады. Тың және тыңайған жерлерді игерудің бірінші жылының өзінде 874 трактор, 845 комбайн, 1123 дән себу, жер айдау техникалары қабылданады. Көптеген жатақхана, асхана, дәрігерлік пункттер салынады. Россия, Грузия, Азербайжан, Беларусь, Украина, басқа одақтас республикалардан үш мыңға жуық жастар легі келді. Оларға арнайы киім беріп, орналастыру да Қыстекеңнің қолында болды. Қызметтегі жетістікпен бірге дәреже де көтерілді. Жолдас, дос, туыс көбейді. Бірі төркінді қыздан туған жиен, бірі арада түсік жоқ қыздың күйеуі болып шыға келді. Көңілінің шалқыған тұстары да осы болар. Олай болмай қайтеді — Ырғыз, Қарабұтақ, Домбар және Новоросей аудандарының барлық шаруашылықтары Қыстекеңе тәуелді болды…
Бірде Алматыдан бөле туысы, ғалым Бегалы телефон шалып, тез, ертең сағат 4.00-ге дейін жет, әйтпесе шаруа теріс кетеді деп, үлкен баласы Талғат оқудан шығарылғалы жатқанын айтады.
Ақтөбеге телефон шалып, аэропорт бастығымен сөйлеседі. Аэропорт бастығы да жалпалақтай сөйлеп, ебелектей ұшып тұр. Оның да себебі бар еді. Жаңа ұйымдасқан совхоздардың химиялық (химобработка) өңдеу жұмысын аэропорт самолеттері (кукурузник) жүргізеді екен де, оның жолдама қағазына да (путевка) Қыстекең қол қояды екен.
Қыстекең: «Ертең сағат 2-3-ке дейін Алматыға жетуім керек, ал арғы күні қайта Домбарда болуым керек» — дейді. Аэропорт бастығы «ауылда бір самолетке сізді ертең Ақтөбеге жеткізуге, жолаушыларды тасымалдау бөліміне билет алып, Москва-Алматы самолетіне сағат 11-де мінгізуге тапсырма беріледі» дейді. Қыстекең ішінен күліп, «құламандардың самолетінен» де жылдам болды ғой» депті. Сөйтіп, Бегалыға телефон шалып, ертең түсте Алматыда болатынын, арғы күні сағат 11-де кері ұшып, сағат 3-4-те Домбарда болатынын айтады. Ертеңіне сағат 10-да кіші самолет Домбар аэропортына келіп қонады, кері ұшып, Ақтөбеге келеді. Келсе, үлкен самолетке тіркеу жүріп жатады. Бір аэропорт қызметкері Қыстекеңе билетін беріп самолетке ертіп алып келіп, мінгізіп жібереді. Үлкен самолет Алматы аэропортына 14.30-сағатта қонады. Келсе, Бегалы інісі жоқ. Телефон шалып,
«Мен келдім» — депті. Бегалы: «Қалжыңызды қойыңызшы, бізден да асырып жібердіңіз ғой» деп, күледі. «Таңғаларлық жағдай, бұлай жылдам келеді деп ойламадым» деп, институтқа ертіп келеді. Талғаттың шаруасын тәмам етіп, жігіттерді әкеліп, қонақ етеді. Қатты сілтеп жіберсе керек, ертеңгісін шақ тұрады, бас жарылып барады. Бірақ арақ беретін Қалыш жоқ, керісінше, Бегалыға, «сенің 12.00-де лекцияң бар, ішпе» дейді. Қыстекең де «ішпеймін, менің ЦК-ға кіріп шығар шаруам бар, 11.00-де самолетпен ауылға қайтам» — дейді. Екеуі киініп, көшеге шығады. Бегалының үйіне орталық партия комитеті тиіп тұр. Бегалы бұрылайын дегенде Қыстекең: «Бас түзейтін ЦК керек маған, сен бас ауыратын ЦК-ға ертіп барасың ғой» депті. Сөйтсе, ресторан жабық екен, Қыстекең саусағын ішке ымдап, әлдекімді шақырады. Швейцар жақындайды. Қыстекең қып-қызыл 10 сомдықты есіктің қиылысынан қыстырады. Швейцар ақшаны қағып алып, есікті ашып, құдасы келгендей алып-ұшып, завзалға айтып бір жарты арақ пен жеңіл тіске басарды алып келеді. Осы кезде «алақ-жұлақ» етіп бір жігіт кіріп келеді. Бегалының танысы шығар деген Қыстекең сабырмен отыра береді. «Қонақ» бұларға бұрылып отыра қалып, Бегалыға «Бекеш, құй». Мына кержігің кім?» — деп сұрайды. Сасқан Бегалы ағамыз ғой, ұят болады — деп, бір бәленің боларын сезіп, жалпақтап Қыстекеңе қарап, «бұл кісі — Әнуарбек Байжанбаев, диктор» деуі екен, Қыстекең инициативаны қолына алып: — Өзімді таныстырайын, Арқадан келген қойшымын, Әнуарбекті сыртынан танимын, түске таман қойды суға айдап келе жатқанда «Алматыдан сөйлеп тұрмыз» дегенін естіп, шіркін, қандай ана туды екен мұны деп жеңгеңе тамсанып, бір көрсем деп армандайтын едім, сондағы пері, осы ма? — депті. Бегалы сасып, жуып-шаюға кіріседі. Алайда, жағдайды Әнуарбектің өзі түзейді. «Мезгілсіз басын шайқаған өгіздің мүйізін қақ» деген бар. Мен кінәлімін» деп, кешірім сұрайды.
Қыстекең бет жырту, сөгу, балағаттау дегенді білмейтін. Бірақ намысшыл болатын, оғаш мінезді ашық немесе астыртын түрде мінеп, адамды зілсіз сынауға шебер, тапқырлыққа құрылған ойнақы әзілі болатын-ды. Адамның кейбір жағымсыз мінезін ар-намысына тимей, күлкіге айналдыратын-ды.
Алматыдан ауылға оралса, Қарабұтақтан бірінші хатшы М.Хвостов звондап, «Обкомның бірінші хатшысы Бектұрғанов обкомның көшпелі отырысы Қарабұтақта өтеді деп хабарласты, соған дайындал, сөйлейсің» дейді. Бұрын-соңды болмаған нәрсе. Не айтады? Ондай жиналыста қалай сөйлейді? Білім жете ме? Білім демекші, бір жылдық мұғалімдер даярлайтын курсты бітірген. Ол тек қазақша бастауыш класс балаларына сабақ беруге жарайтын. Қыстекең ойға қалады:
«Бектұрғанов кім? Баяғы соғыста кездескен саяси бөлім бастығының комсомол жөніндегі көмекшісі ме? Аты кім, Хасан ба еді? Болса ше. Ол қазір обкомның бірінші хатшысы. Бұны көзге ілер ме екен?». Осылай басы қатып, Хвостовқа қайта звондайды. Хвостов «иә, Хасан Шаяхметович Бектұрғанов. Соғыста болған. Берлинге дейін барған. Соңғы жұмысы — Политотдел бастығы. Соғыстан оралысымен, Солтүстік Қазақстан облысында аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған, соңғы жұмысы — Көкшетау обкомының екінші хатшысы, домаланған, жүзі сарғылттау» деп суреттейді. Сол, Польша түбінде бірге жарақаттанатын Хасан Бектұрғанов болса ше? Константин Терентьевичті таныр ма екен?
Өзінің көмекшісі орыс қызы Р.Крапивнаяны шақырып, сөз дайындауға тапсырма береді. Ол қыз да сөз жазып көрмеген, бірдемелерді жазған болып, қолда, қоймада бар заттың тізімін қосып бере салады. Айтылған күні Қарабұтаққа, бюроға келеді, адам көп. Бюро басталды.
Отырысты бұйра шашты, орта бойлы бозбас кісі басқарды. Ойдағы Бектұрғановқа ұқсай ма, әлде, ұқсамай ма, белгісіз, одан бері 13-14 жыл өткен. Сөйтіп, ойланып отырғанда «Төребаевқа сөз беріледі», — дейді. Жайлап басып трибунаға шығып «Под руководством Коммунинистической» — дей бастағанда, төрағалық етуші тоқтатып, «Вы нас не агитируйте, вы нам скажите готовы убирать урожай и сразу же ввести в поле плуг» — дейді.
Қыстекең «Совершенно верно» дейді.
Төрағалық етуші: Плуги в достатке?
Қыстекең «Так точно» — дейді.
Төрағалық етуші: Лемехов хватает?
Лемех, предплужник дегенді естімеген Қыстекең: Очень мало.
Төрағалық етуші: А, предплужников?
Қыстекең: Этого нет.
Төрағалық етуші: — Слушайте, как собираетесь организовать пахоту? — деп алып, аң-таң күйге түседі. 190-атқыштар бригадасында саяси бөлім меңгерушісі бастығының комсомол жөніндегі көмекшісі болғанда, Қыстекең саяси бөлімнің аға инспекторы, Бектұрғановтан қызметі де, әскери дәрежесі де жоғары еді.
Төраға сұрайды: Константин Тереньтевич?
Қыстекең: Совершенно верно.
Міне, қызық! Екеуі де аудиторияға сыр білдірмейді. Бектұрғанов қасындағы Хвостовтың құлағына бірдеңе айтып, «Константин Тереньтевич, мы лучше поедем к вам на базу и разберемся». Отырғандар «не болып кетті, мыналар бір-бірін тани ма, не өзі?» деп күңкілдей бастайды. Бектұрғанов басқару делбесін қолына алып, әрі қарай адамдарды тысқырта бастады. Бюродан шыққандар бірі жаңадан келген обком секретарының жұртты қалай қуырғанын айтса, екіншісі «Төребаевқа жалпақтап қалғаны несі?» деп аң-таң болады. Біреулер «Домбарға барып, сорын қайнатпаса қайтсін» деседі. Сол жерде Комсомол, Щербаков, Ярослав совхоздарының директорлары Қыстекеңді іздеп тауып алып, «сізді, тіпті көне досындай қабылдады ғой» десті. «Фронтовой… Фронтовой…» дей берді Қыстекең. Жолға шыққаннан кейін жаңағы директорлар арақты судай ағызып, құттықтауды үсті-үстіне жаудырды. Сөйткенше, Домбар жол айрығында келіп қалып, хош айтысады. Комсомол совхозының директоры А.Вендель обком секретары Бектұрғановты бірге ертіп келетін болып уәделеседі. Үйге келген соң ақ жеңгеміз Алекеңе (Алмагүл) бәрін жайып салады. Дайындал, обкомның бірінші хатшысы Бектұрғанов риза болып кетуі керек дейді. Жатып ұйықтайды. Ертеңімен тұрып базға барып, барлық шаруаларды, бөлшектерді ретіне келтіріп, аппаратты жинап, кешегі жағдайды айтып, кеңес өткізіп, тапсырма береді. Тарқар кезде Бимағамбетов Тілеу, Иоган Швинд қайта оралып, мына қуанышты жуу керек деп, бір графин арақты ортаға қояды. «Сіздің енді обком да «ашсаң алақаныңда, жұмсаң жұдырығыңда» деп, стақанға құюы мұң екен, есік ашылып, бір топ адам кіріп келе жатады. Алдында Бектұрғанов, соңында М.Хвостов, А.Вендель және басқа да аудан басшылары. Қыстекең болса қолында стақан, қойса, арақ иісі шығады. Не істеу керек? Не де болса тәуекел деп, көтеріп тартып жібереді де, стақанды графин басына төңкере салады. Хвостов «Төребаев, что пьешь?» дегенге «Бода… Бода…» — деп жауап берді. Бектұрғанов бұлармен ісі жоқ, Қыстекеңді құшақтап, «мой фронтовой спасатель» — деп өз алдына мәз. Хвостов болса, Тілеу алып бара жатқан графинді жолдан ұстап алып, стақанға құйып, тексеріп, Бимағамбетовке «Судың иісі шығып кетіпті ғой» деп, өзінше ақтаған болады.
Хвостов пен басқа аудан басшылары кешегі Бектұрғановтың Қыстекеңе назар аударғанын енді ғана түсінгендей болады. Келгендер кеңседен шығып, ауланы аралайды. Аулада лемех пен предплужниктен аяқ алып жүргісіз. Бұны көрген Бектұрғанов лемех пен предплужник жоқ деп едіңіз деп қалжыңдайды. Қыстекең «Разве для целины это лемех» депті. Екеуі құшақтасып, қалжыңдасады. Осыдан кейін Қыстекең туралы алып-қашпа әңгіме көбейеді. Тіпті кейбіреулер анда барады екен, райкомда, райисполкомға баруы мүмкін деп сумаңдайды. Қыстекең болса, көңіл алып қашпалығына берілмейді. Дүниеде бәрі өткінші, зейнет те, дәулет те баянсыз. Жас елуге таяу, әңгіме құбылмалы деп, өз-өзіне тоқтау салады.
Қарабұтақ территориясына темір жол тартылып, «Союзный» стансасына «Казсельхозтехника» базасы салына бастайды. Бұнда да алып қашпа әңгімелер: Папатько айтыпты-мыс: «Союзныйға» инженер адам керек, бірақ Бектұрғанов Төребаевты қозғауға келісім бере қоймас».
Бірде Бектұрғанов Союзныйды көруге келеді, қасында Попатько да бар. Қарабұтақ ауданының бірінші хатшысы А.Маркеевич, ауылшаруашылық басқарма басшысы И.Борзых ере келеді. Осы келісте Бектұрғанов Қыстекеңді оңашалап: «бес-алты жылда бір келмедің ғой, шаруаң бар ма» — деп сұрады. Ол: «балалар өсіп келе жатыр, мына Союзныйда қазақ мектебі жоқ. Қарабұтаққа барсам қалай болады» — дейді.
Бектұрғанов: Меркеевичті ымдап шақырып алып, «ты его хорошо знаешь?» — деп сұрайды.
Маркеевич алып-ұшып, мақұлдайды.
Бектұрғанов: «Ты в Карабутаке поищи подходящую работу, согласуй с ним и меня в известность поставь, главное, он должен быть доволен» — депті.
Көп ұзамай, Қарабұтақтан Домбарға Маркеевич телефон шалып, май заводына директор болсаң қалай деп сұрайды. Қыстекең ойланбастан, келісе салады.
Сөйтіп, Қыстаубай Төребаев Қарабұтақ май заводының директоры болып шыға келеді. Бұл жұмыста да он жыл қызмет атқарды. Май заводы облыста алдағы қатарда болады, ауыспалы Қызыл ту, Құрмет грамота, Мақтау қағаз, ақшалай сыйлық үсті-үстіне ала бастады. Облыстық сүт комбинаты директоры Теңізбаев реті келген жерде Қыстекең атына мақтау сөзді жаудыра бастайды.
Бір күні аудандық атқару комитетінде Төребаевтың есебін тыңдап жібермекке жоспарлайды. Соны дайындауға ауыл шаруашылығы басқармасының бас зоотехнигі Е.Сүйінбаев, атқару комитетінің жауапты хатшысы С.Әшірбеков келіп, шаруашылықтың кемшіліктерін шұқылап, іздеп тапқан болып, анықтама жазады. Сондағысы сүт саууды еселеу, май заводы поселке орталығында қалып қойған, иіс-қоңыстанып кеткен деген сияқты. Қыстекең болса, бұлардың бәрімен келіскен болып, заводты ауыл сыртына көшіру, оны жоспарлау бөліміне тапсыру, сүт өндіруді көбейту керек, ол жұмысты ауылшаруашылық басқармасына, оның бас зоотехнигіне тапсыру керек деп, осыған ұқсас ұсыныстар енгізді. Атқару комитетін басқарып отырған М.Тасыбаев С.Әшірбеков пен Е.Сүйінбаевқа қарап, «Осы исполкомға кімді кім дайындап келді? Төребаев бүкіл Қызыл ту мен грамоталармен мекемесін толтырып тастады. Соған қарағанда оған сыйлық беру керек, ал кемшіліктер ауылшаруашылық басқармасы мен атқару комитетінің жұмысы. Сүтті көбейтсеңдер Төребаев май шайқап беруге даяр, ақша берсең, май заводын басқа жаққа көшіріп те береді, мен Төребаевтың жұмысынан кемшілік көріп тұрғаным жоқ деп, исполком отырысын қорытындылайды.
Ағамыз 1931 жылы қызметін мұғалімдікпен бастап, мектеп ұйымдастырып, 1934 жылдан директор 1975 жылға дейін 41 жыл бойы бірінші басшылық жұмысында істеген екен. Өзі «Шешемнен туғаннан директормын» деп қалжыңдайтын-ды. Мемлекет те оның қызметін жоғары бағалады, үш дүркін Ұлы Отан соғысы, «Қызыл жұлдыз», «Құрмет белгісі» ордендерінің өзі Совет Одағы батырына тең, 15 медалі тағы бар, Бүкілодақ ауылшаруашылық көрме медалі, Ұлы Отан соғысынан кейінгі мешеулік күн кешкен Қарабұтақ ауданын көтеру дәрежесі, тың игеру медалі Қазақстандық миллиардқа қомақты үлес қосқанын айғақтайтын марапаттар. Осындай жоғары дәрежеге жеткен тұлға бақытты ма? Бақыт деген не?
Қыстекең ағаны өз дәуірінде атына табындырып кеткен ұлы тұлғамен салыстырамын. Ол — Иосиф Виссарионович Сталин, Кеңес Одағын, Коммунистер партиясын отыз жыл жеке басқарды. Төрт жылға созылған 1941-1945 жылдардағы неміс фашистеріне қарсы Ұлы Отан соғысында бас қолбасшы болып, қанды шайқасты жеңіспен аяқтады. Генералиссмус. Шығыс Европаның бірқатар мемлекетіне билігін жүргізген, социалистік қоғамдық жүйе орнатты. Данышпандығын әлем мойындады. Ол — тайсалмас батыр, қолбасшы, таршылықта шығар жол тапқыш кемеңгер. Әлемдік тұлға, Соқалы Ресейді атом қарулы қуатты мемлекет дәрежесіне жеткізу, біздің түсінігімізде, бақыт емес пе? Сөз жо,қ бақыт.
Сталинді әлем жұртшылығы ұлы тұлға ретінде мойындады. Кеңес халқы, ішінде өзіміз бар, жарылқаушы піріндей табынды. Дүниедегі бірден-бір, ең бақытты адам санады. Бұл қоғамдық өмірдегі баға болатын.
Ал жеке азаматтың өмірінде… Атағы жер жүзін дүбірлеткен адамның әйелі өзіне-өзі қол салды. Үлкен баласы Ұлы Отан соғысында немістердің тұтқынына түсіп, атылды. Екінші генерал ұлы айықпас маскүнем болды. Қызы байдан байға тиді, абыройын төкті. Өзі салиқалы отбасын құра алмады, балалардың қызығын көрмеді. Жалғыздан-жалғыз, жесір, мемлекет қамқорлығында күн кешті. Жиған- терген мүлкі жоқ, жекеменшік дүние, нысаны болмаған.
Бақыттылық па? Айтуға ауыз бармайды.
Қазақтың айтуынша, «Ер-азаматтардың жұмысы жүрсе, дәрежесі өссе, бір бақыт, алғаны жақсы болса, мың бақыт» деген. Осы тұрғыдан алғанда біздің ағамыз – нағыз бақытты адам. Жеңгеміз Алмагүлмен (өзі Алекен деуші еді) елу жылдай бақытты өмір сүріп, төрт ұл, екі қыз өсіріп, ел ортасында қолындағы барын қанағат етіп, өмір сүрді.
Алмагүл жеңгеміз — әулет өркенін жаюшы, береке–бірлігінің ұйытқысы, Қыстекең сияқты ел ағасының азаматтық міндетін атқаруда көмекші әрі дем беруші, өсер ұрпаққа тәрбиеші, кең пейілді ана, қамқоршы, тілекші және өнегелі әженің үлгісі.
Олай болса, бақыт баянсыз патшалықта, бір жұттық байлықта емес, өмірдің нұрлылығы, ләззаттылығы, қанағаттылығында. Аға-жеңгеміздің табиғатында сол бақыт бар еді.
Ананың ақ сүтіне жарыған, атаның ақ батасын алған, сүйікті жарыменен берекелі отбасын құрған, иманы ұйыған, жарқын пейілді, өнегелі ұрпақ өсіріп, Отанына қалтқысыз қызмет еткізген аға-жеңгенің бақыты.
Бақытты өмір сүрудің сыры да, құдіреті де осы шығар.
Алла тағала өмір отын ерте өшірмесе, адам баласының қартаюы — табиғи заңдылық.
Ат мініп, атан жетелеп,
Келмейді, сірә, кәрілік.
Күтпейді оны көпшілік
Сағынып не тарығып, — дейді халық.
Алпыс бір жасында ағамыз зейнеткерлікке шықты, жұмыс орны, қалың ел партия, кеңес органдары арқылы кемелденген, қабілеті шыңдалған, азаматтық тұлғасы берік қалыптасқан ағаны зейнеткерлікке қадірлеп шығарып салды. Оның қалыптасқан, үйреніскен ортасынан қол үзбей, өзара байланыстарын нығайтып, едәуір уақыт мекеме мен қоғамның ұйытқысы және тұтқасы болып жүруге мүмкіншілік те жасалынады.
Зейнеткерлікке шыққаннан кейін ағайын, құда-жекжат қатынастарына қызу араласып, 75 жасқа келгенше жарық дүниенің қызығын да көрді. Өмірге келу де, кету де бар.
Өмірге келу адам баласының қалауы емес. Алла тағаланың таңдауы.
Азды-көпті уақыт өмір сүріп, жарық дүниеден, жарқын өмірден өту адамның шешімі емес, жаратқан иемнің кесімі.
Ағамызға сол кесім уақыты 15 қаңтар 1990 жылы келді.
Жеңгеміз Алмагүл ағамыздан кейін 15 жыл өмір сүріп, ағамыз көре алмаған қызығын көріп, жасай алмаған жасын жасап, балаларды түгел аяқтандырып, немере әлпештеп, ақыл иесі, салиқалы бәйбіше болып өмірден өтті. Алты бала, он екі немере, бір шөбере артта қалды.
Абайдың:
Өмірдің алды ыстық, арты суық,
Алды — ойын, артқы жағы мұңға жуық, — деуі қысқа да, нұсқа философиялық түйін.
Қазақта «Жақсының иманы тіріде — жүзінде, өліде — ізінде», «Артыңда ұл қалса, өзің қалдың, қыз қалса, ізің қалды» дейді. Аға-жеңге иман жүзді адамдар еді.
Балалары, ел жұрты барда иман жүзді бейнелері мәңгі есте болар,
Имандары мәңгі жандарында болсын.
Іскендір МҰРАТҚАНОВ,
ҚР судьялар одағының құрметті мүшесі,
сот жүйесінің ардагері.




