Жаңалықтар

«Бойтұмар» боп қалған мұра

Жуырда Сақтаған Бәйішев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада Сәндібек Байжиеннің «Бойтұмар» кітабының тұсаукесері өтті.

Ырғыз өңірінен шыққан белгілі азамат, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Сәндібек Байжиен көзі тірі болғанда, биыл 60 жасқа толған болар еді. Оның Қазақстандағы 1916 жылғы көтеріліс, 1930-1940 жылдардағы саяси қуғын-сүргін, Ресейдің Қазақстанға қосылуы, басқа да тарихи оқиғалар төңірегінде іздене жүріп, мемлекеттік тіл мәселесіне қатысты, сондай-ақ білім, тәрбие тақырыптарына жазған мақалалары кезінде республикалық, облыстық басылымдарда жиі жарық көрді. Сондай-ақ, артында өлеңдері мен әңгімелері қалды. «Бойтұмар» кітабына оның таңдаулы мақалалары мен әңгімелері енген.

Тұсаукесер рәсімінде белгілі ақын, көсемсөзші Мейірхан Ақдәулетұлы, Ырғыз ауданының әкімі Мирхан Дуанбеков, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Еркін Құрманбеков, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, музей ісінің ардагері Рысжан Ілиясова және басқа азаматтар еңбекте де, отбасында да, достық-адамгершілік қатынастар тұрғысынан алғанда да әрдайым парасаттылық туын биік ұстап өмір сүре білген Сәндібек Байжиенді сағынышпен еске алысты. Жиналғандар алдында әнші Амангүл Ешпанова, жыршы Жетес Жәмеков, т.б. өнер көрсетті.

Жиналған қауым «Бойтұмар» кітабына орай шараларды енді жергілікті жерлерде жалғастыру, болашақта кітапты  толықтырып, қайта жарыққа шығару   жөнінде мәселелер көтерді.

И. ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button