Жаңалықтар

Кәмелетке толмағандар ісі: бақылау және нәтиже

Өткен аптада Мәртөк ауданының Жайсаң ауылында кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссияның көшпелі отырысы өтті.

Облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова бастаған комиссия мүшелері Жайсаң ауылындағы Жайсаң арнаулы білім беру ұйымы, Жайсаң орта мектебі, «Шапағат» балабақшасы мен Жайсаң көпсалалы колледжін аралап, білім беру мекемелерінің жағдайы мен білім алушылардың жай-күйімен танысты. Бұдан кейін облыс басшысы орынбасарының төрағалығымен Жайсаң көпсалалы колледжі ғимаратында кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссияның көшпелі отырысы өтті. Отырысқа облыстық және аудандық комиссия мүшелері, мемлекеттік органдар өкілдері қатысты.

Комиссия отырысының күн тәртібінде үш мәселе қаралды. Даму мүмкіндіктері шектеулі балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, Жайсаң арнаулы білім беру ұйымында балаларды оқыту мен тәрбиелеудің жай-күйі, Жайсаң көпсалалы колледжі түлектерінің тұрғын үймен және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша Жайсаң арнаулы білім беру ұйымының директоры М.Үмбеталин мен Жайсаң көпсалалы колледжінің директоры А.Кужаков атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Жайсаң көпсалалы колледжінің директоры А.Кужаковтың айтуынша, бүгінгі таңда аталған оқу орнында 292 оқушы 7 түрлі мамандық бойынша білім алып жатыр. Олардың ішінде  59-ы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, 27-і әртүрлі даму мүмкіндіктері шектеулі балалар, 147-і аз қамтылған отбасылардың балалары,  18-і  көпбалалы отбасынан шыққан және 69-ы ауданның өзге ауылдарынан келген балалар. Бұл оқу орнын өткен жылы 4 мамандық бойынша 77 түлек бітіріп шыққан. Түлектердің 90 %-ы дерлік жұмыспен қамтылған. Тағы бір атап кетер жайт, биылғы түлектердің атына «Тұрғын үй жинақ банкінен» жалпы мөлшері 21 млн. теңге құрайтын 52 есепшот ашылған, ал 7 баланың Халық банкінде  депозиті бар.

Комиссия отырысында күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша, яғни 2014 жылғы мектеп және колледж түлектерін жұмыспен қамту перспективасы және демалыс кезінде мектеп оқушыларының бос уақытын ұйымдастыру туралы облыстық білім басқармасының басшысы Ж.Самұратованың ақпараты тыңдалды.

Жиында күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша Мәртөк ауданы әкімінің орынбасары, кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның төрағасы Б.Күзембаева кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, олардың құқықтарын және заңды мүдделерін қорғау саласындағы Мәртөк ауданының мемлекеттік органдар мен мекемелерінің жұмыстарымен таныстырды.

— Ауданда  кәмелетке толмаған балалар саны — 8285. Аудан бойынша 2014 жылдың есептік кезеңіне 157 мүмкіндігі шектеулі кәмелетке толмаған, 79 мүгедек бала тіркелген. 2010 жылдан бастап 1 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде үйде оқитын және тәрбиеленетін мүгедек балаларды материалдық қамтамасыз ету үшін төлемдер төленіп келеді. Ағымдағы жылдың қаңтар-мамыр айларында  барлығы 16 мүгедек балаға 152 мың теңге мөлшерде әлеуметтік көмек көрсетілді.

Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс бойынша өткен жылы 9 іс тіркелсе, биылғы 5 ай ішінде ешқандай қылмыс тіркелген жоқ. Жалпы аудандық комиссия мен колледж әкімшілігі  кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға арналған шараларды жүйелі түрде жүргізіп тұрады. Білім алушылармен психолог мамандар, мектеп инспекторлары мен ішкі істер бөлімініңкәмелетке толмағандар жөніндегі инспекторы жұмыс жасайды, — деді аудан басшысының орынбасары.

Басқосудың қорытындысы бойынша Ақтөбе қаласы мен аудандар әкімдеріне даму мүмкіндіктері шектеулі балалардың мектепке дейінгі және мектептік инклюзивтік білім және тәрбие алу үшін жағдайлар жасауды қамтамасыз ету, Жайсаң көпсалалы колледжі түлектерін өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналастыру мәселесін шешуге көмек көрсету, даму мүмкіндіктері шектеулі балалар санатындағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін уақытылы шешу, Мәртөк ауданының әкімдігіне Жайсаң көпсалалы колледжі түлектеріне арналған жұмысшылар жатақханасын 2015-2016 жылдары салуды қарастыру, сонымен қатар, спорт алаңдарын салу, оқу ғимаратын жөндеу ұсынылды.

Облыс әкімінің орынбасары аталған мәселелер бойынша тиісті орындарға тапсырмалар жүктеді. Әсіресе, облыстық білім басқармасы басшысына даму мүмкіндіктері шектеулі балаларға арналған ұйымдарда балаларды оқыту мен тәрбиелеу жұмыстарының сапасына және осы санаттағы балаларға психологиялық-педагогикалық қолдау жұмыстарына бақылауды күшейту, Жайсаң арнаулы білім беру ұйымының материалдық-техникалық базасын күшейту мәселесін қарастыру, даму мүмкіндіктері шектеулі балаларға арналған ұйымдар түлектерінің жұмыспен қамтылуын бақылауға алу, сондай-ақ, балаларды жазғы демалыспен толық қамтамасыз ету бойынша кешенді жоспарын аудандармен бірлесіп жүзеге асыруын нақтылап тапсырды.

Басқосуда кәмелетке толмағандар істері бойынша жұмыстарды алдағы уақытта жандандыра түсу және  ортақ мәселелерді бірлесіп шешу ұсынылды.

 

Данагүл ҚАЗИХАН.

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button