Алғаның қырғауылдары
Ақтөбеде қырғауыл құсы көбеймек. Ақтөбе жерін мекендемейтін құсты өсіруді мақсат еткен жергілікті кәсіпкерлер Николай Выходец 4 жыл бұрын оңтүстік аймақтан 10 жұп қырғауыл мен балапандарын әкелген болатын. Ақтөбенің қатал табиғатына бейімделген құс саны едәуір артты — бірнеше жүзге жетті. Енді ол қолда емес, табиғат аясында емін-еркін өсіп-өнетін болады.
Кәсіпкер құстың 20 қоразы мен 80 мекиенін сулы, нулы жерге жіберді. Бұл, бір жағынан, құстың табиғи жағдайда өсуіне септігін тигізеді. Екіншіден, «дала санитары» аталатын қырғауыл табиғаттағы биологиялық тепе-теңдікті сақтауға үлес қосады.
Еркіндікке жіберілген әр құсқа сақина салынып, нөмірленді. Бұл қанаттылар бақылауда болады деген сөз. Әзірге құстар Алға ауданы аумағына ғана жіберілді. Табиғат қорғаушысы Сағынғали Нұртазиннің айтуынша, егер нәтижелі болса, басқа аудандарға да жіберілмек.
Қырғауылдарды бақылау үшін Алға ауданының 4 тұрғыны жұмысқа қабылданды. Олар арнайы жемсауыттар орнатып, құстың шығынсыз өсуін қадағалайтын болады. Қырғауылды қашықтан бақылау да жолға қойылған. Ол үшін 25 метрге дейінгі аумақты суретке түсіретін арнайы фотоқұрылғылар орнатылды. Бұл құралдар арқылы құстың жүрген жері суретке түсіріліп, автоматты түрде орталыққа келіп түсетін болады. Егер құстар жаңа ортаға тез бейімделіп, жерсініп кетсе, екі-үш жылдың ішінде оның саны бірнеше мыңға жететін болады.
Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.



