Жаңалықтар

Сәңкібай батырға ескерткіш қойылады

Жақын күндері Ақтөбе қаласында қазақтың белгілі батыры, тарихи тұлға Сәңкібай Назарұлының мүсіні бейнеленген ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімі өтеді.  Қазір Сәңкібай батыр мен Әлия Молдағұлова даңғылдарының қиылысында  ескерткішті орнату үшін құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Батырға ескерткіш қою жұмысымен шұғылданып жүрген Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген геологы, зейнеткер Совет Байқадамов былай дейді:

Қаладағы Сәңкібай батыр атындағы көшеге 1997 жылы белгітас қойылған болатын. Соңғы жылдары бұл белгітас көше бойындағы зәулім ғимараттардың тасасында қалып қойды. Маған сол  белгітастың орнына Сәңкібай батырдың ескерткішін орнату туралы ой  келді.  2010 жылы Сәңкібай батыр атындағы қор аштық. Бұл ойымды жүзеге асыруға қолдау танытқан жанымдағы 4-5 жігіт болып қордың алғашқы жарнасын төледік. Бүгінгі күні қорға 10 миллион теңгеге жуық қаржы жиналды. Қор ашқаннан кейін біз осы мәселені алға тартып,  аудан басшыларының назарына баспасөз арқылы хабарландыру жолдадық. Бұл ісіміз Мұғалжар, Темір, Байғанин ауданы  әкімдіктері, кәсіпкерлер тарапынан кең қолдау тапты.

Өзін Сәңкібай батырдың сегізінші ұрпағы санайтын Совет Айжанұлы бүгінгі күнге дейін бұл бағытта көп шаруа тындырылғанын айтады. Ол қала сәулетін айшықтай түсетін игі бастамамен ақсақалдардың басын қосып, бірнеше рет облыс әкімінің қабылдауында болыпты.    

Қазір мүсінді орнына қою үшін құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ескерткіштің авторы, кәсіби мүсінші — Жеңіс Жұбанқосов. Мүсіншіні біз құрылыстың басында кезіктірдік.

Тарихтан біз Сәңкібай батыр бабамыздың жүз жылдан астам уақыт ғұмыр кешкенін, оның өмірі ерлікке толы екенін білеміз.  Батырдың тас мүсінін қашау маған оңғайға тиген  жоқ. Ол үшін Сәңкібай батырдың  тау тұлғасы мен ерлік істері туралы тарихи деректерге көп үңілдім. Мен 2007 жылы Сәңкібай батырдың ескерткішіне арнап жоба жасағанмын. Даңғыл бойында ескерткіш орнату туралы бастама көтеріліп, мүсіншілерден батыр бейнесін айшықтайтын жобаларға іріктеу жүрген кезде, мен сол жұмысыммен бірге Сәңкібай батырдың атпен тұрған кескінін бейнелеген жобамды да қоса ұсынған болатынмын. Соңғы жобам бірнеше рет өзгертілді. Дегенмен, комиссия мүшелері менің бастапқы жобамды қолдады. Ескерткіштің алғашқы жұмыстары Ақтөбе қаласында жасалды. Кейін іс Алматыда жалғасты. Көп қаржы қажетті материалдарға жұмсалды, — дейді Ж.Жұбанқосов.

Мүсіншінің айтуынша, батырға арналған тас мүсін тұтас Алматыда шығарылған (Куртинский) граниттен жасалыпты. Ескерткіштің ұзындығы — 5,25 метр.

Ескерткіш төрт бөліктен тұрады. Әуелі төменгі және негізгі тұғыр орнатылады. Содан кейін екі бөлікке бөлінген мүсін қондырылады. Мүсіннің Ақтөбе қаласына жеткізілгеніне де екі жылдай уақыт болды, — дейді мүсінші.

Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасы мамандарының айтуынша, ескерткіш маусым айының соңында, яғни сол маңдағы гүлзарға жүргізіліп жатқан безендіру жұмыстары аяқталғаннан соң ашылатын болады.   

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button