Маусым қалай аяқталды?

13-14 мамыр күндері «Трансэнерго» мекемесі «Ақтөбе жылу электр орталығы» акционерлік қоғамымен бірлесіп қаладағы жылу құбырларына көктемгі гидравликалық сынақ жүргізетін болады. Соған байланысты қалада екі күн бойы ыстық су тоқтатылады. Бұл туралы Ақтөбе қаласының әкімі Ерхан Омаровтың қатысуымен өткен алдағы жылу маусымына қаланың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дайындау жөніндегі мәжілісте айтылды.
Жылу тұрақты берілді…
Мәжіліске коммуналдық кәсіпорын басшылары, ірі пәтер иелері кооперативтерінің төрағалары мен селолық округ әкімдері қатысты.
Жиында қаланы жылумен қамтамасыз ететін «Трансэнерго» мекемесінің бас инженері Олжас Мектепбаев өткен жылу маусымының қорытындылары туралы айта келе, 2014-2015 жылдардағы жылу маусымына дайындық шаралары жайында баяндама жасады.
— Қала әкімінің арнайы қаулысына сәйкес Ақтөбеде жылу маусымы 1 қазанда басталды. Әдеттегідей, бірінші кезекте әлеуметтік нысандар, тұрғын үй қоры, содан кейін ғана өзге тұтынушылар жылумен қамтылған болатын. Жалпы, жылу маусымы штаттық тәртіпте тұрақты өтті. Бұны кәсіпорынның маусымға тыңғылықты әзірлігі мен жылумен жабдықтау, жылу-энергетикалық нысандар жүйелерін жаңарту бойынша жүргізген ауқымды жұмыстарының нәтижесі деп білеміз. Маусым кезінде ыстық сумен қамтамасыз ету және жылу сапасына деген тұрғындардың арыз-шағымы өткен жылдардағымен салыстырғанда биыл әлдеқайда аз болды. Жылу беру кезінде температураны төмендеткен сәттер де болды. «Трансэнерго» мекемесі тұрғын үй инспекциясы бөлімімен бірлесе отырып, қаланы жылумен жабдықтауға тәулік бойы мониторинг жүргізді, кәсіпорынның авариялық-диспетчерлік қызметі бұл кездері үздіксіз жұмыс істеді. Келеңсіз жағдайлар туындаған кезде олар оқиға болған жерге дереу жетті. Қаңтар, ақпан айларындағы төмен температураларға қарамастан, кәсіпорын өз міндетін атқарды, — деді Олжас Мектепбаев.
Ескірген құбырлар, қолды болған қақпақтар
Бүгінде қала көшелеріндегі жылу құбырларының 70 пайызының тозығы жетіп тұр. Маусым кезінде ақау тудырған жайттар да осы келеңсіздіктің кесірінен орын алған. Дегенмен, кәсіпорын өкілдері қайта жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде соңғы екі жылда жылу желілеріндегі ақаудың төмендегенін байқапты. Мәселен, 2011 жылы жылу беру маусымы кезінде құбырлардан 211 ақау анықталса, 2012 жылы бұл көрсеткіш 170-ке жеткен, былтыр 163 жағдай тіркеліпті. Ал 2013-2014 жылдардағы жылу беру маусымы кезінде 64 ақау анықталған.
— Жылу желілерінің тозуы — кәсіпорын жұмысына кедергі келтіретін ең негізгі проблема. Бүгінгі күні кәсіпорынның өз қаржылары есебінен толыққанды жөндеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндігі жоқ. Жыл сайын бюджеттік инвестицияларды қоспағанда, шамамен 10-11 шақырымдық жылу желілеріне күрделі жөндеу жүргізу қажет. Ал бұл жұмыстарды тарифтер есебінен орындау мүмкін емес. Ақтөбе қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі балансында тұрған жалпы ұзындығы 60 шақырымнан астам жылу желілеріне қатысты проблема да сол күйінде қалып тұр, — деді О.Мектепбаев.
Жылу құдықтары қақпақтарының ұрлануы, тұрмыстық қатты қалдықтар жинайтын, қар тазалағыш арнаулы техникалардың жылу камераларын жабатын плиталарды бүлдіруі секілді мәселелер де кәсіпорынның жұмысына кері әсерін тигізеді.
Бүгінгі күні «Трансэнерго» мекемесі қаладағы 2000-нан астам жылу камерасына қызмет көрсетеді. 2010 жылдан бері жүзден астам жылу камерасының шойын қақпақтары ұрланған.
Сынақтар мен себептер
Алдағы жылу маусымына дайындық шаралары бүгіннен басталып кетті. Жылдағы дәстүр бойынша, «Трансэнерго» мекемесі «Ақтөбе жылу электр орталығы» акционерлік қоғамымен бірлесіп, 21-22 сәуірде жылу желілерінің жұмысын тұрақты қамтамасыз ету мақсатында есепті температураға сынақ жүргізді. Енді
13-14 мамыр күндері жылу құбырларының осал жерлерін анықтау үшін көктемгі гидравликалық сынақ жүргізетін болады. Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, бұл күндері қалада ыстық су уақытша ажыратылады.
— Биыл 489,8 миллион теңгеге ұзындығы 3,7 шақырымдық жылу құбырына күрделі жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, биыл қаланың 11-12 шағын және «Болашақ» аудандарындағы тұрғын үйлерде жылумен жабдықтауды жақсарту үшін ұзындығы 3,2 шақырымдық құбырларға қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілмек, — деді О.Мектепбаев.
Жылу мекемесі құбырлар мен қазандықтардың қуат көздерін пайдалану жұмыстарының тиімділігін арттыруға баса мән бермек. Оларға қайта жаңарту, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Жылу қуатына өлшегіш аспаптар орнату арқылы жылумен жабдықтау жүйесіндегі шығындардың себебі анықталатын болады әрі оны жоюдың жолдары қарастырылмақ.
Қазір «Трансэнерго» мекемесінің қызметін тұтынатын тұтынушылардың 98 пайызы үйлеріне жеке өлшегіш құралдарын қондырыпты.
Жылы еден жылу жүйесін бұзады
Мәжілісте «Ақтөбе жылу электр орталығы» АҚ басқарма төрағасы Рахым Мұхамедғалиев пен «Ақтөбе қаласының тұрғын үй инспекциясы» мекемесінің басшысы Жұлдызбек Бисембиндердің баяндамасы тыңдалды. Р.Мұхамедғалиевтің айтуынша, 2014-2015 жылдарға жылу беру маусымы үшін атқарылатын жұмыс көлемі 685 663,00 мың теңгеге бағаланып отыр. Оның айтуынша, алдағы жылу маусымына тыңғылықты әзірлікпен түсу үшін 19 қондырғыға қатысты ауқымды жұмыстар жүргізу қажет. Бүгінгі күні бірқатар қазандық агрегаттарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Қазір қалада 1602 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның 168-і селолық округтерде орналасқан. Жұлдызбек Бисембиннің айтуынша, өткен жылу маусымына әзірлік турасындағы алдын ала түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде тұрғындардан мақсатты жиналған қаражатқа 20 үйдің жылу жүйесіне күрделі, ал 530 үйдің құбырына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Мұндай жұмыстар биыл да өз жалғасын табатын болады.
Мәжілісте Ерхан Омаров қаланың Әуе қалашығын түгелдей жылумен қамтамасыз ететін «Қазандық» мекемесінің бүгінгі жағдайы, бұл аумақта атқарылатын жұмыстардың жайын сұрады. Сондай-ақ, қала әкімі өз сөзінде құзырлы орган басшыларына терможаңғырту жұмыстары кезінде үйлерді автоматтандырылған жылыту пункттеріне қосуға ерекше мән беру қажеттігін баса айтты. Бұдан бөлек, Е.Омаров көпқабатты үйлерге жылудың жеткілікті мөлшерде таралмауын сол үйдегі кейбір тұрғылықты тұрғындардың жылу жүйесінің қызметін бұзуымен байланыстырды. Яғни пәтерлерін заманауи үлгіде жабдықтайтын кейбір ақтөбеліктер жылу жүйесін еден арқылы өткізуді әдетке айналдырып жүр. Бұл — жылу таратудың техникалық ережесіне сәйкес келмейді, соның әсерінен көпқабатты үйлердің жоғарғы қабаттарына жылу жеткіліксіз мөлшерде барады.
Жиын соңында қала әкімі жылу маусымына қатысты айтылған бірқатар мәселелерді қарау қорытындысы бойынша құзырлы органдардың өкілдеріне нақты тапсырма берді.
Арайлым НҰРБАЕВА.



