Назерке жолдама алды

Достық үйінде көркемсөз оқу шеберлерінің Оралхан Бөкей атындағы байқауы өтті. «Мемлекеттік тіл — ұлт тірегі» фестивалі аясында өткізілген шараға жоғары, орта және арнаулы оқу орындарының студенттері мен мектеп оқушылары қатысты.
Байқаудың мақсаты — мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті насихаттауды жандандыру, ұлт тіліне деген сүйіспеншілікті арттыру.
Байқаудың ашылуында сөз алған қала әкімінің орынбасары Айгүл Арынғазиева Елбасы Жолдауындағы тіл мәселесіне тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Бұдан соң сахнаға шыққан қатысушылар өздерін таныстырды. Жалпы байқауға қатысуға отыздан астам үміткер ниет білдірген. Іріктеуден сүрінбей өткендер ғана байқауға жолдама алды. Қатысушылар прозалық, драмалық, поэзиялық жанрлар бойынша мәнерлеп шығармалар оқыды. Оның ішінде Абай, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов секілді тұлғалардың шығармалары жиі оқылды. Қатысушылардың барлығы тыңғылықты дайындалғандарын көрсетті. Қазылар алқасы үміткерлердің дауыс ырғағына, тіл тазалығына, сахнада өзін-өзі ұстауына мән берді. Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынды Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің студенті Назерке Жаппар иеленсе, екінші орынды С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің студенті Нұрсерік Мұхамбетжанов алды. Ал үшінші орынға Ақтөбе техникалық колледжінің оқушысы Әзиза Исаева қол жеткізді. Жеңімпаздардың барлығы Алғыс хатпен марапатталды. Үздік танылған Назерке Жаппар облыстық бйқауға жолдама алды.
Кәмшат ҚОПАЕВА.



