Мәслихат депутаттарын сайлау: 6 депутат. 15 үміткер

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңының 101-бабы 4-тармағына сәйкес, наурыздың 30-ы күні еліміз бойынша мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлау өтеді. Біздің облыста 1 — облыстық, 1 — қалалық, 4 — аудандық мәслихаттардың депутаттары сайланады. Бұл туралы облыстық сайлау комиссиясы өткізген баспасөз мәслихатында айтылды.
Облыстық сайлау комиссиясының төрайымы Гүлнар Күнбаеваның айтуынша, облыстық мәслихатқа 1 депутат, қалалық мәслихатқа 1 депутат, аудандық мәслихаттарға 4 депутат сайлану керек. Әйтеке би ауданы бойынша — 2, Ойыл мен Қобда аудандарының мәслихаттарына бір-бір депутаттан сайланады.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес, мәслихат депутаттығына үміткерлерді белгіленген тәртіпте тіркелген республикалық немесе жергілікті қоғамдық бірлестіктер, сондай-ақ, олардың құрылымдық бөлімшелері ұсынады. Сонымен қатар, азаматтар өзін-өзі ұсына алады.
— Үміткерлерді ұсыну ақпанның 5-і күні басталып, 28 ақпанда аяқталды. 20 үміткер ұсынылды. Оның ішінде саяси партиялардан — 7, қоғамдық бірлестіктерден 1 үміткер ұсынылды. Қалғандары өзін-өзі ұсынды. Бұлардың ішінде 17-сі — ер азаматтар, қалған үшеуі — әйел адамдар. Үміткерлердің орташа жасы — 43. 95 пайызы — жоғары білімді, — дейді Гүлнар Нысанқызы.
Мәслихаттардың депутаттығына үміткерлерді тіркеу наурыздың 5-і күні аяқталды. 15 үміткер тіркелді.
— Тіркеуден өткен азаматтардың барлығы наурыздың 6-сынан бастап сайлау алды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатыр. Насихат жұмысы сайлау өткізуге бір күн қалғанда, яғни 28 наурыз күні аяқталады.
Сайлау науқаны сайлау туралы заңнаманың талаптарына сай өткізіледі. Облыстық сайлау комиссиясына арыз-шағымдар түскен жоқ, — дейді Гүлнар Күнбаева.
Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.



