Сараптаманың бірнеше түрі қажет!

Қазіргі уақытта елімізде сот-сараптама қызметін Әділет министірлігіне қарайтын «Сот сараптама орталығы» ММ және Денсаулық сақтау министрлігіне қарайтын сот медициналық сараптамасы аумақтық бөлімшелері атқарады. ҚР Әділет министрлігінің Сот сараптама орталығы 1997 жылы құрылған. Қазіргі уақытта республиканың барлық аймақтарында институттың филиалдары жұмыс жасайды.
Республикалық сот сараптама институтында мемлекеттік реестрге кіргізілген сараптаманың 20 түрі жүргізіледі. Олардың қатарында — жазу тану, қолтаңба, трасологиялық, баллистикалық, экономикалық, құрылыс және технологиялық, өрт-техникалық, жарылыс заттарын зерттеу, психологиялық-қылмыстық, тағы басқа сараптама түрлері бар. Ал Ақтөбедегі сараптама институтында бар болғаны 13 түрі жүргізіледі. Филиал басшысы Қайрат Ержановтың айтуынша, бұл штаттық кестенің аздығынан. Қазір филиалға сараптаманың бірнеше түрі қажет.
— Өкінішке қарай, соңғы 3-4 жылда облыста кейбір мемлекеттік мекемелерде, ғимараттарда жарылыстар болғаны белгілі. Мысалы, ұлттық қауіпсіздік департаментінің ғимаратында, Кеңқияқ ауылында болған оқиғалар барысында жарылыс құралдары қолданылған. Ал Ақтөбедегі сот-сараптама институтында жарылыс құралдарын зерттеу мамандығы бойынша маман жоқ. Жоғарыда айтылған оқиғалар бойынша сараптама жасауға көрші Батыс Қазақстан облысы сот сараптама институты маманы шақырылып, жарылыс құралдарын зерттеу бойынша бірнеше сараптама жүргізілді. Қазіргі таңда бұл сала бойынша өзіміздің институтта сарапшы алынып, біліктілік емтиханын тапсыруға дайындалынып жатыр. Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарындағы сот сараптама институттарында өрт-техникалық зерттеу жүргізу сараптамасы бойынша мамандар жоқ. Ол тек біздің институтта ғана бар. Яғни аталған облыстарда әлгіндей жағдай орын алса, құқық қорғау органдары сараптама жүргізуді біздің институттың сарапшыларына жүктейді, — дейді Қ.Ержанов.
Сонымен қатар, қазіргі таңда экологиялық және діни құралдарға (кітап және басқа уағыздаушы материалдарға) сараптама жүргізетін мамандар өте қажет. Өткен жылы біздің институт сарапшысы экологиялық сараптама бойынша біліктілік емтиханын тапсырып, сот сарапшысы куәлігін алған, кейін ол маманның Батыс Қазақстан облысы институтына басшылық жұмысына ауысуына байланысты бізде сараптаманың ол түрі жабылып, Батыс Қазақстан облысындағы институтта ашылыпты. Сондықтан әзірге экологиялық сараптама еліміздің батыс өңірі бойынша БҚО сот сараптама институтының базасында өткізіледі. Штат кестесін республикалық орталық белгілейді, қазір бұл мәселе бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, — дейді Қ.Ержанов.
Қазір Ақтөбе облысы бойынша институтта жазу мен қолтаңбаны зерттеу, жол-көлік оқиғаларын, жол апатының себебін және көліктің жағдайын зерттеу, құрылыс саласы бойынша, экономикалық сараптамалар және қылмыстық сараптаманың барлық түрі жүргізіледі.
Институт тек құқық қорғау орындарымен ғана жұмыс жасайды, яғни институтқа сараптаманы тек аталған органдар ғана тағайындай алады. Қазір жергілікті институтта екі зертхана бар — химия-биологиялық және криминологиялық. Негізінен сараптаманың дені осында жүргізіледі. Ал егер жол-көлік апаты, ғимаратты зерттеу секілді оқиғалар болса, сараптаманы сол жерге барып жүргізуге тура келеді.
— Сараптамаға қажетті заттарды өзіміз жинамаймыз. Сараптама бізге тапсырыс берген органның әкеліп берген заттарының, құжаттарының негізінде ғана жүргізіледі. Егер қосымша құжаттар, заттар қажет болатын болса, сұратамыз, оларды өзіміз жинау құзырымызға кірмейді, — дейді Қ.Ержанов.
Соңғы уақытта, сонымен бірге, құжаттарға қатысты сараптама көбейген сыңайлы. Әсіресе, қойылған қолдың дұрыстығын, яғни шынайылығын тексеру, банк құжаттарын, мәселен, сыйға берілген үй құжаттарын, қолхаттардың, келісімшарттардың, заем келісімшарттарының шынайылығын тексеру жұмыстары көбейген.
— Айта кетерлік тағы бір жайт, қазір өңірде мұнай ұрлығы жиілеп тұр. Осы мәселеге қатысты сараптама жүргізу кезінде аккредитациядан өткен зертханаларда сараптама жүргізіп, сол зертханалардың берген қорытындыларына сүйенуге мәжбүр болып отырмыз. Олай болатын себебі — бізде дәл осындай сараптама жүргізетін анализаторлар жоқ. Бұл мәселені алдыңғы жылы да, былтыр да республикалық орталықтың алдына қойдық, биыл ол бюджетке енгізілді, енді біздің филиалға да анализаторлар алынатын болады, — дейді Қ.Ержанов.
Сараптама жұмыстарының жүргізілу уақыты әрқалай. Кейбір істер бір-екі сағаттың ішінде анықталса, енді бірін 30 күн бойы зерттеуге тура келеді. Сонымен қатар, егер сараптаманы тағайындаған органдар, сараптама нәтижесіне қанағаттанбай, толық емес және күмәнді деп шешсе, оны нақты дәлелдеу үшін қайталама сараптама тағайындауға және оны басқа облыстар институттарына жүктеуге құқылы.
— Біздің жұмысымыз әрі қиын, әрі қызық және өте жауапты. Нақты, дәлелді нәтиже шығару керек. Мысалы, былтыр жыл соңында елімізде бірнеше мекемеде сейфтерді темірмен ашып, ақша ұрлаған оқиғалар кездесті. Соған қатысты сараптамалар жүргіздік. Жалпы, жыл басынан бері 300-ден астам сот-сараптама өндірілді, — дейді Қайрат Ержанов.
Филиал басқа өңірлердегі сот-сараптама институттарымен тығыз жұмыс жасайды. Халықаралық деңгейде бірнеше рет семинарлар, басқосулар өткізілген. Мысалы, өткен жылы қазан айында Ақтөбеде сот-сараптама жүйесін жетілдіруге, халықаралық ынтымақтасты нығайтуға бағытталған «Шығыс-Батыс: сот-сараптама саласындағы серіктестік» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізілген, бұдан басқа да ірі шаралар ұйымдастырылған.
Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.



