Жаңалықтар

Мәңгілік Ел идеологиясы және тарих проблемалары

Планетаның жүздеп саналатын елдерінде мемлекет басшыларының демократия үрдісі аясында халқына өз қызметі туралы ақпарат-есеп беруінің әртүрлі үлгілері қалыптасқан. Осы орайда бағалайтын болсақ, біздің Президенттің Жолдауы аса өзекті мазмұны мен өзіндік ерекшелігі бойынша бір төбе деуге тұрарлық. Әр жылғы Жолдаудың елдің дамуында атқаратын міндеті де сан қилы. Әлемнің көптеген елдері басшыларының Жолдаулары заң шығарушы орынға бағышталады да негізінен ішкі саяси ахуал және экономикаға арналып, еларалық қатынастардың басты бағыттарын белгілейді.

Біздің республикада Президент Жолдауы бүкіл халыққа арналады. Қазіргі қолданыстағы Ата Заң қабылданғалы бері бұл құжат еліміздегі маңызды саяси оқиғалар болып танылады. Ал Үкімет және билік буындары арқылы Жолдауда жүктелген тапсырмалар негізінде еліміздің әлеуметтік, саяси және экономикалық салаларының объективті дамуы аясында нақты шаралар қабылданады.

Биылғы Жолдау 2050 жылға дейінгі ұзақмерзімде атқарылуға тиіс жауапты және өзекті, салмағы ауыр тапсырмалардың нақты Бағдарламасы ретінде баяндалған. Бұл орайдағы әрқайсысымызды елең еткізген жаңалық — тұңғыш мемлекеттік ресми идеология, яғни Мәңгілік Ел идеясының жариялануы. Іс жүзінде бұл — Қазақстан Республикасының ұлттық идеясынан келген түйін-тұжырым деп бағалаймын. Яғни Мәңгілік Ел отандастардың бірегей тарихи мақсаты мен қаһармандық ұраны десек қателеспейміз. Аталған идея «мың өліп, мың тірілген қазақтың» ғасырлар бойы армандаған мақсаты ғана емес, Тәуелсіздік тарихындағы жанқиярлық еңбегі мен тынымсыз шығармашылығының баянды нәтижелері арқылы қол жеткен асу.

Жолдаудың әр тарауы еліміздің өмір салаларындағы қызметшілерге күрделі және аса жауапты міндеттерді жүктейді. Қазақстандықтар алдында тұрған асуларға жетудің тиімді және әлемдік тәжірибе мен теорияға негізделген амалдары да нақты баяндалған. Н.Назарбаев: «Біздің болашаққа барар жолымыз қазақстандықтардың әлеуетін ашатын жаңа мүмкіндіктер жасауға байланысты. ХХІ ғасырдағы дамыған ел дегеніміз — белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар. Бұл үшін біз не істеуіміз керек?», — деп объективті сауал қояды.

Әрине, Жолдауда қойылған бұндай жауапты тапсырысты абыроймен орындау үшін бірінші кезекте білімді азаматтар қажет. Ал ондай мамандар тек қана Жолдауда қойылған тапсырыстар аясында даярланған туған елі мен жеріне адал еңбек етіп, оны қорғауға дайын жеткіншектер арасынан шығуы мүмкін. Әдетте, шынайы отансүйгіш азамат ел тарихын білуге міндетті.

Мамандарға аян, идеология мен тарих тығыз байланысты.

Әлемдік тәжірибе биігінен бағалайтын болсақ, тарихқа арқа сүйемесе болашақ бұлдыр. Ұлттық тарихқа стратегиялық тұрғыдағы өзінің көзқарасын Мемлекет басшысы 1999 жылы шыққан «Тарих толқынында» кітабында баяндаған еді. 2003 жылғы Қазақстан халқына Жолдауы аясында елімізде тұңғыш «Мәдени мұра» бағдарламасы жарияланып, қоғамда үлкен серпіліс туғызды. Бағдарлама жүзеге асырылған жеті жылда — 2004-2011 жылдар аралығында Қазақстанның тарихы проблемалары бойынша ондаған арнаулы зерттеулер жарық көрді. Сөйтіп, аталған ұсыныстар мен бастамалар кең шеңбердегі шығармашылық шаралардың бастауына мұрындық болды.

Қазақстанның қазіргі аумағы негізінен қазақ этносын қалыптастырған тайпалардың таралу аумағына сәйкес келеді. Ол тайпалардың бір сәтте қалыптаса қалмағаны айдан анық. Қазақ этносының қалыптасуы талай мыңжылдықтарға созылған үдеріс, өкінішке қарай, ол жеткілікті деңгейде зерттелмеген. Мысалы, көне түркілік Дешті Қыпшақ даласындағы ертедегі мемлекеттік құрылымдардың құрылуы мен ыдырауы, түркі-қыпшақ жұртының таралу аймағы, Еуразия топономикасының тарихы сияқты аса күрделі әрі ауқымды тақырыптарды жаңа әдіснамалық тұрғыдан қайта сараптау міндеті тұр.

«Тарих толқынында» еңбегінде Мемлекет басшысының жазғанындай, «Біздің арғы ата-бабаларымыз Қиыр Шығыстан Батыс Еуропаға дейінгі, Сібірден Үндістанға дейінгі аумақты алып жатқан мемлекеттердің дамуында екі мың жыл бойы елеулі рөл атқарып келді. Орасан зор кең-байтақ аумақта қоныс аударумен болған көшпелілер Еуразияның этностық және мемлекеттік бет-бейнесін бір емес, бірнеше рет өзгертті».

Бұл құрылымдардың қазіргі Қазақстан мен Орталық Азия аумағында тұрып жатқан жалпы (арғы түркілік) антропологиялық тип пен арғы түркілік тілдік топты қалыптастырудағы рөлінің бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы өзіндік елеулі орны бір төбе. Олардың көршілес империяларымен, өркениеттермен және басқалармен өзара қатынасының (саяси, экономикалық және мәдени байланыстарының) жүйесі қандай болған деген сауал да ойландырады.

Ғасырлар бойы шаң басып қалған Ұлы Жібек Жолы Н.Назарбаевтың пәрменді белсенділігі арқылы қайтадан жанданып, Еуразия халықтары игілігіне жарағанының куәсіміз. Жібек жолының, әсіресе, оның біздің ел аумағы арқылы өтетін бөлігінің — Дала жолының дипломатиялық және сауда-экономикалық рөлін аталған мемлекеттер енді түсінген сияқты. Ол жол мәдениеттердің өзара кірігуі мен бірін-бірі байытуына, Орталық Азия мен Еуразияның басқа да мемлекеттерінің, әсіресе, Шығыс елдерінің мәдени-өркениеттік қарым-қатынасына әсер ететіні аян.  

Қазақтар Еуразияның ең байырғы автохтонды халықтарының бірі екені сөзсіз. Сонымен бірге, Қазақстанның тарихы осы жерді кейінірек мекендеген, бірқатары еркінен тыс қоныстанған басқа этностық топтардың да тарихы. Еліміздің көпэтносты сипатын қалыптастыруда бұл үдерістерді объективті түрде зерделеуіміз қажет екенін Елбасы баяндамалары мен фундаменталды еңбектерінде тұрақты айтып келеді.

Қазақстанның тарихы әлем тарихының толыққанды мүшесі екенін назардан тыс қалдыруға болмайды. Бұл ұстаным ғылым методологиясының талабы. Өткен ғасырдың 80-ші жылдарының екінші жартысынан бастап тарихымызды объективті зерттеулермен қатар радикалды-эмоциялық ағымдағы толық негізделмеген шала-шарпы тұжырымдар да орын алды. Жолдау аясындағы ел тарихын анықтау міндеттерін іске асыру барысында өткен дәуренді дәріптеуде деректелген терең ойшылдық қажет. Баяғы бір тәртіпті аңсай бермей, жиырмасыншы ғасырдағы қиыншылыққа толы тарих туралы ашық айту керек. Сол тәртіптің тұсында миллиондаған ата-бабаларымыздың қандай қуаныштар мен қиыншылықтарды бастан кешкенін жеткіншектер біліп, өз бағасын беруге ықтиярлы болуы керек. Сол тәртіптің тұсында мыңдаған ата-бабаларымыздың қалай өмір сүргені еңбектерде әжептәуір баяндалған.

Қазақстанның қазіргі заман тарихы — тарих ғылымында салыстырмалы түрде алғанда жаңа бағыт. Бір жағынан қарағанда, ол — тәуелсіздікке қол жеткізу және жаңа мемлекет құру тарихы. Сондықтан да жаңа тарихтың басталар тұсы — кеңестік жүйенің ыдырауы және соған байланысты елеулі геосаяси дағдарыс кезеңі дер едім. Осы кезең бүгінгі оқу және ғылыми айналымдағы еңбектерде толық қамтылмаған.

Екінші жағынан қарағанда, Қазақстанның қазіргі заман тарихы бүкіл адамзаттың дамуындағы жаңа белеспен сәйкес келіп отыр. Біздің көз алдымызда қағидатты түрде жаңа әлемдік тәртіп қалыптасып жатыр. Жаңа тарих мәселелері бойынша зерттеулердің тақырыптық аясын кеңейту керек. Осы Жолдауға дейін олардың арасында біздің мемлекетіміз бен қоғамымыздың өтпелі кезеңінің көзге түсер ерекшелігі ретіндегі үш еселенген транзит; мемлекеттік менеджмент пен стратегиялық басқару жүйесі; мемлекеттік құрылыстың жүріп өткен әр белесіндегі әлеуметтік-саяси үдерістер; қоғамның жаңа әлеуметтік құрылымы; жаһанданудың ұлттық мәдениетке ықпалы болса, ендігі көкейкесті тақырыптардың басында ұлттық идеология болып жарияланған Мәңгілік Ел тақырыбы болуға тиіс деп ойлаймын. Осымен бірге, мемлекеттік құрылыстың қазақстандық моделі, Мемлекет басшысы тұлғасының ұлттық тарихтың жаңа белесіндегі рөлі ғылыми тұрғыдан байсалды пайымдауды қажет етеді.

«Қазақстан жолы — 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдаудағы білім жүйесі алдына қойылған міндеттері бойынша ұлттық тарихта шешілмей келген ауқымы жағынан аса үлкен бірсыпыра міндеттер тұр. Солардың бірі жинақталған тарихи фактілер мен куәгерліктер, материалдық мәдениеттің жәдігерліктері, нышандық мәні бар пішіндер мен әдет-ғұрыптарды зерттеу, әдебиет шығармаларындағы мәліметтер, тарих методологиясы мен зерттеудің жаңашыл ұтымды тәсілдері қазақтардың этногенезі десек, ақиқаттан алшақ болмас. Этнос көкжиегін біздің дәуіріміздің бірінші мыңжылдығына дейін кеңейту және оны ғылыми тұрғыдан орнықтыру бүкіл ұлттық тарихқа жаңаша қарауға, қазақ этносының әлемнің осы алып өңіріндегі алатын нақты орны туралы тұжырымдарды толықтырып жетілдіруге мұрындық болмақ. Мұның өзі ұлттық сәйкестіктің маңызды факторына айналып, ұлттық сана-сезімімізді қағидатты түрде өзгертеді.

Осы орайдағы тағы бір маңызды методологиялық түйін — қазіргі тарихымыздың басты мән-мағынасын жүйелі, ғылыми негізде түсіну қажеттігі. Тәуелсіз мемлекетіміз үшінші онжылдыққа еніп, бұл мерзімде қазақ ортасы ғасырларға тең жолдан өтті десек ақиқаттан алыстамаспыз. Қазақстанның өтпелі кезеңінің ерекшелігі неде еді, қалыптасқан мемлекет дегеніміз не, нақты тәуелсіздіктің негізгі белестері қандай, қандай қауіп-қатерлерден өттік, қоғамның экономикалық, саяси және мәдени жүйесі құрылуы қалай өткен деген сауалдар қатардағы азаматты, әсіресе, ғалымдар ортасын ойландырады. Осы сұрақтардың бәріне дәйекті әрі анық жауап тауып тұжырымдай білу, біздің ойымызша, тарихшылардың кезек күттірмейтін өзекті шаруасы.

Осы Жолдау және алдыңғы құжат-шешімдерде мемлекетті басқарудың жаңашылдық, яғни инновациялық әдісі айқын көрініп келеді. Табиғи қорындағы байлықтары жеткілікті көптеген елдер мұнай қайнарының айналасында дағдарып қалды. Қазақстан Президенті күш-жігерді инновациялық дамуға, технологиялық үдеріске бағыттап келеді. Елдің бәсекеге қабілеттілігі тек қана жедел технологиялық дамуында.

Өткен жылдары болған және кезегін күтіп тұрған АӨСШК-тен Әлемдік діндер форумына дейінгі, ЕҚЫҰ саммитінен ЭКСПО-2017-ге дейінгі, елорданы көшіруден, «Қазақстан — 2030» және «Қазақстан — 2050» стратегияларына дейінгі ішкі және сыртқы сипаттағы барлық ірі жобалардың негізінде Елбасының интеллектуалдық күш-қуаты жатыр деп ойлаймын.

Ойымды қорыта келе айтарым, «Қазақстан жолы — 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы бойымызға сенім, ізденімпаздық пен жігер, баршамызға жауапкершілік жүктеп, Тәуелсіздіктің шыңдарына ұмтылуға жол сілтейді.

 

Нұртаза АБДОЛЛАЕВ,

тарих ғылымының докторы, профессор,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі.

 

 

 

 

 

 

Инвестицияға икемділік

 

Елбасы биылғы Жолдауында республикада еңбек қызметі үшін қолайлы жағдайлар туғызу қажеттігіне айрықша назар аударды. Ол еліміздің шетелдік инвестицияларды белсенді түрде тартып, мейлінше заманауи технологияны енгізуге бағыт ұстайтындығын атап көрсетті.

Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Марат Балмұқановты біз осы мәселеге қатысты әңгімеге тартқанбыз.

— Ең алдымен Президентіміз айтқандай, қолайлы ахуалға тоқталсақ. Ақтөбе облысы бұл  ретте қандай басымдықтарға ие?

— Бүгінгі күні біздің өңір, бір жағынан, Еуропа мен Азияның шектесетін жерінде орналасуымен, екіншіден, ірі жол торабында тұрғандығымен көз тартады. Ал табиғи жерасты байлығымыздың қоры қомақтылығы аймақты Қазақстан бойынша неғұрлым инвестициялық тартымды ауқымға шығарып отыр. Қолайлы бизнес-ахуалды, ұтымды инвестициялық заңдылықтарды, инвестицияны қолдаудың тартымды шараларын пайдалана отырып, біздің облысымыз өндірісті дамытуға инвестициялар тартуда, бәсекеге қабілеттілікті көтеруде, өзінің іскерлік имиджін нығайтуда алға ұмтылуда.

Қазіргі кезде облыстың Каспий теңізі акваториясына жақындығы, Қазақстанның көптеген облыстары мен Орта Азия аймақтарын Еуропа өңірімен байланыстыратын әуе, темір жол, автомобиль магистральдарының қиылысында орналасуы, сондай-ақ, дамыған көлік жүйесі мен өндірістік инфрақұрылым, ТМД елдері өткізу рыногының оңтайлылығы, еңбек ресурстарының болуы — басты артықшылықтарымыз.    

Біздің облысымызда сыртқы экономикалық қызметтің барлық формалары дамыған және кеңейе түсуде. Олардың қатарында тауарлар мен қызметтің халықаралық саудасын, бірлескен кәсіпорындар құруды, кредиттік-қаржылық қатынастарды, ғылыми-техникалық ынтымақтастықты, мәдениет, туризм саласындағы сабақтастықты атап өтуге болады. Қазақстанның Кеден одағына енуі сыртқы экономикалық қызметті одан әрі жандандыра түсуге серпін берді.

Аймақаралық ынтымақтастықты дамыту мен оны халықаралық деңгейде одан әрі кеңейту жұмыстары жандандырылуда. Он бір жыл бойы үздіксіз өткізіліп келе жатқан «Еуропа-Азия: Шекарасыз ынтымақтастық» Қазақстан-Ресей өнеркәсіптік көрмесі өнеркәсіптің барлық саласы үшін перспективалық ағымдар мен технологияларды жария ету және Ресей-Қазақстан нарығына жаңа жетістіктерді енгізу үшін тиімді алаңға айналды.

Қазақстан Республикасының үдемелі индустриалды-инновациялық дамуының мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында Индустрияландыру картасына Ақтөбе облысы бойынша 76 жоба енді, оның жалпы құны 574,9 млрд. теңгені құрайды, бұл ауқымда 10 мыңдай жаңа жұмыс орындары ашылады.

— Алдағы жоспарларды айқындап айта кетсеңіз.

— Ақтөбе қаласында индустриалды аймақты құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Оған 200 га жер бөлініп, «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының иелігіне берілді.

Республикалық бюджеттен 8,0 млрд. теңгеге инженерлік инфрақұрылымдар нысандары құрылысы жүзеге асырылады деп отырмыз.

Аталған индустриалды аймақта шыны ыдыстар өндіретін «Әйнек», мрамор шығаратын «Ақтөбе Мрамор», азықтық емес өнеркәсіп үшін гофро ыдыстар мен полиэтилен жасайтын «Пари СА-АВ» зауыттары орналасады. Сонымен бірге, «Ұлан компаниясы» ЖШС сэндвич-панель металл құрылымдарын, «Ақтөбе құбырлар зауыты» ЖШС құбырдың электрмен дәнекерленетін икемді түрлерін шығаратын болады. 

Жылына 40 мың шаршы метр тұрғын үй салуға мүмкіндік беретін тұрғын үй құрылысы комбинатын салу жоспарда тұр. Инвестиция көлемі — 4,5 млрд. теңге.

Биылғы жылы «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ 3-ші Жаңажол газ өңдеу зауыты құрылысы аяқталатын болады, онда жылына 6,0 млрд. текше метр газ өндіріледі. Зауыт іске қосылғаннан кейін халықаралық стандарттарға жауап беретін тазартылып дайындалған газ шығаруға мүмкіндік туады.

 

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

 

 

Ата кәсіп — ұрпаққа мирас

 

Жыл сайын Елбасының Жолдауын асыға күтеміз. Біздің негізінен ауыл шаруашылығына қатысты мәселеге көбірек алаңдайтынымыз рас.

Елбасының бастамасымен өмірге келген «Сыбаға», «Жайылымдағы қой шаруашылығы» бағдарламалары арқылы әуелден мал өсірудің майталмандарының мектебі қалыптасқан Ойыл ауданында түлік басы жыл санап артып келеді. Дегенмен, малды бағудан бұрын оның өнімдерін ұқсату соңғы жылдары біздің басты  мәселеміз болып тұр. Сондықтан Елбасының биылғы Жолдауындағы ауыл шаруашылығында бизнестің дамуына кедергі келтіретін барлық тосқауылдарды жою қажеттігін алға қоюы бізді марқайтып тастады. Өйткені бізден арзан бағаға алынған еттің бағасы қаладағы тұтынушыға жеткенше бірнеше қолдан өтіп, шарықтап кетеді. Елабсы жерді тиімді пайдалану, фермерлік кооперациялар үдерісін ілгерілету керектігін де орынды айтты. Себебі жерді тиімді пайдалану арқылы ғана Қазақстан ет өнімдерінің өңірлік ірі экспорттаушысына айналады. Сөйтіп, елімізде ауыл шаруашылығының әлеуеті артады. Демек, сонда ғана Елбасының қазақстандықтардың алдына қойып отырған міндетін орындайтын ұрпаққа ата кәсіпті мирас ете аламыз.

 

Бекіш ҒАЛЫМОВ,

Социалистік Еңбек Ері.

Ойыл ауданы.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button