Тойжарыста бақ сынап, «Той BestStar-дан» тұлпар мініңіз…

«Той BestStar» — той-думанға қатысатын жұртшылықты бір жерге жинайтын бағдарлама. Онда той иелерінен бастап қонақтардың барлығы болады. Қазақ халқының тойдағы салт-дәстүрі де осы «ТойBestStar» думанында көрсетіледі.
Жүргізушілікке еш іріктеусіз, ұйымдастырушылардың қалауымен елімізге белгілі жезтаңдай әнші Жанар Айжанова мен танымал актриса, әнші Айгүл Иманбаева таңдалған. Апалы-сіңлілі рөліндегі екеуі тойдың барлық ұйымдастырылуын өз мойындарына алатын думанның бас кейіпкерлері. Апалы-сіңлілі екеу келер қонақтың тізімінен бастап, дастарқанға не қойылатынын кімнің ән айтып, кімнің той басқаратыны, кімге не берілетіні сияқты мәселелермен бас қатырып жүреді. Біздің жүргізушілер қазақтың нағыз келіндері, сөзге де, іске де пысық. Тойдың әр қонағын қарсы алып, жөн-жоралғысын жасап, той барысын бақылап отырады.
Бағдарламаға келетін қонақ — ең басты кейіпкер. Тойда елге танымал адамның болуы кез келген той иесі үшін үлкен құрмет, мәртебе, мақтаныш екені даусыз. Олардың арасында әнші, ақын, айтыскер, саясаткер, спортшы және т.б. болуы мүмкін. Ал тойдың қызықты, көңілді өтуі асабаның өнеріне байланысты. Сондықтан той иесі той басқаратын адамды мұқият іздеп таңдайды. Асаба шын мәнісінде сегіз қырлы, бір сырлы адам болса, тойдың әзілге, әнге, биге толы болуын қамтамасыз етеді.
Бүгінге дейін Жанатбек Бәйтеков, Асылбек Боранбай, Нұрлан Албан, Алмат Сақатов сияқты елімізге белгілі азаматтар қазақы тойды қалай басқару керек екенін жоғары деңгейде көрсетті.
Тойшыл қауым үшін «Той Beststar» «Тойжарыс» деп аталатын бәйге жариялайды. Қатысу үшін тойға барыңыз. Өзіңіздің той ма, басқаның тойы ма — сіздің еркіңіз. Ең бастысы, той қызықтарынан видео түсіріп, біздің tbs@ktk-tv.kz электронды мекенжайына жолдаңыз. Ерекше тілек, қызықты флешмоб, біртүрлі билер, бұрын болмаған ойындар көрсеңіз жай қарап тұрмаңыз — видеоға түсіріңіз.
Жеңімпаз адам Ұлыстың ұлы күні 22 наурызда біздің студияға келіп, жылқы жетектеп қайтады! Қапы қалмаңыздар!
Тағы бір жаңалық! Тойда ән салатын әншілер тойға лайықты болу үшін «Той BestStar» думаны «Той фактор» деп аталатын жаңа айдар ұсынады. Өзін қазақтың тойына лайықтымын деп санайтын кез келген әнші келіп, Айгүл мен Жанардың сынынан өте алады. Алдағы бағдарламада бақ сынауға, той дегенде жан беретін әнші Нұрлан Еспанов келеді.
Ұларісі ИБАТ.



