Жаңалықтар

Кешенді жоспар бар. Үй салынса болғаны…

Жақында облыстық балалардың құқықтарын қорғау басқармасының бастамасымен құрылған жетім балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша 2014-2016 жылдарға арналған кешенді жоспарға облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қол қойды. Осы жоспарға сәйкес үш жылдың ішінде 339 жетім бала үймен қамтылады.

Мұндай үлгі елімізде Қарағанды облысында ғана бар екен. Одан кейін біздің облыста қолға алынып отыр. Бұл туралы бізге облыстық балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Күлпаршын Айдарханова әңгімеледі.

— Әрбір баланың Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасы бойынша тұрғын үйге құқығы бар. «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға сәйкес, бұрын жетім санаты бойынша тұрғын үй кезегіне 23 жасқа дейін ғана тұруға болатын. Заңға енгізілген кейінгі өзгертулер бойынша, қазір аталған санат бойынша 29 жасқа дейін тұрғын үй кезегіне тұруға құқылы. Былтыр 4 шілдеде аталған заңға өзгерістер енгізілді. Соған сәйкес егер жетім бала 29 жасқа дейін тұрғын үй кезегіне тұрмаса, онда білім басқармасы жанындағы қамқоршы-қорғаншылық орган жауапты болады. Былтыр 156 бала кезекке қойылмаған. Осы балалар алты ай ішінде кезекке қойылмаса, онда жауапты орган 200 айлық есептік көрсеткіш, яғни шамамен үш жүз мың теңгедей айыппұл төлейді. Ал жетімдер  бір жылға дейін кезекке тұрмаса, онда айыппұл екі еселенбек, — дейді Күлпаршын Айдарханова.

Өткен жылдың соңғы мәліметінше, облыс бойынша 29 жасқа толмаған 2320 жетім бала тұрғын үй кезегінде тұр. Оның ішінде, 1133 бала — қалалықтар үлесі, ал Мәртөк ауданында — 205, Мұғалжар ауданында — 137 бала өз үйлері болғанын қалап, армандап жүр. Әрбір бала бақытты болуы үшін құқылы. Біздің қазақ қоғамы қай кезде де жетімді жылатпаған. Ақтөбеде тұрғын үй салынып жатыр ғой. Ал аудандардағы жағдай қалай?

— Аудандардағы жетім балалардың саны едәуір. Отбасы үлгісіндегі балалар үйін көбейту арқылы жетім балалар үйін азайтқымыз келеді. Яғни  біздің мақсат — алдағы бес жыл ішінде облыстағы балалар үйін жабу. Сондықтан аталған кешенді жоспарды құрдық, оған облыс әкімі қол қойған соң, барлық аудан әкімдеріне хат жазып, мән-жайды таныстырдық. Енді аудан әкімдері аудан орталығынан тұрғын үй салатын жер бөлуді қарастырулары тиіс. Қазір біздің қолымызда салынатын жаңа үйдің типтік жобасы дайын тұр. Әуелі жетім баланың саны көп Мәртөк ауданынан бастауды жөн көріп отырмыз. Бұл ауданның әкімі тұрғын үй салуға болатын жерді бөліп жатыр. Барлық аудандарда 15 сотық жерге бірдей осындай типтік үйлер бой көтереді. Үш жыл ішінде Байғанин, Ырғыз, Шалқар аудандарының балаларын толықтай үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Атап айтсақ, Байғанинде — 14, Ырғызда — 4, Шалқарда 34 жетім бала үйдің кезегінде тұр екен. Олардың бәрі қазір тума-туыстың үйлерінде тұрып жатыр. Алайда, оларға мемлекеттік  тұрғын үй тиесілі, — дейді басқарма басшысы.  

Қазіргі таңда облыста Қобда, Хромтау, Темір аудандарында ғана отбасы үлгісіндегі балалар үйлері бар. Алдағы уақытта Мәртөк пен Мұғалжар аудандарында ашу көзделген.

— Жетім балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша 2014-2016 жылдарға арналған кешенді жоспарға сәйкес үш жыл ішінде 339 жетім бала тұрғын үймен қамтамасыз етілуге тиіс. Атап айтсақ, биыл — 66 бала, 2015 жылы — 112 бала, 2016 жылы 161 бала баспаналы болады. Жоспарға сәйкес аудандарда салынатын үйлерде мүмкіндігі шектеулі балалардың кіріп-шығуына ыңғайлы жағдай жасау ескеріледі. Себебі  кейбірінің бауырлары мүмкіндігі шектеулі болуы мүмкін ғой. Осы уақытқа дейін де жетім балалар өз кезегінде тұрғын үйге қол жеткізіп келеді. Былтыр осы мақсатта Ақтөбеде төрт үй,  Қобдада бір үй, Хромтауда бір үй берілді. Сонымен қатар, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы несиеге үй алғысы келетін Жасөспірімдер үйінің тұрғындарының есепшотына облыс әкімі қаражат аударып тұруды да дәстүрге айналдырып келеді. Биыл 8 осындай балаға қомақты қаржы аударды. Бұл — үлкен көмек, — дейді Күлпаршын Айдарханова.

Облыстық балалардың құқықтарын қорғау басқармасының бас маманы Бақытгүл Тойбазарованың айтуынша, облыста 18 жасқа дейінгі 1132 жетім бала бар. Оның 273-нің ата-анасынан қалған үйі бар. Ал 859 бала үйге мұқтаж. Оның 719-ы тұрғын үй кезегінде тұрса, қалған 140-ы кезекке тұрмапты.

Жасы 29-ға толмаған жетім балалар тұрғылықты мекенжайы бойынша жергілікті халыққа қызмет көрсету орталығына барып, тұрғын үй кезегіне тұруға өтініш білдіруге болады. Ол жерге барарда өзімен бірге жеке куәлігін немесе туу туралы куәлігін, мекенжай анықтамасы, ата-анасының қайтыс болғандығы туралы анықтама, үйі жоғын растайтын анықтамасын, тағы да қосымша құжаттарын ала барғаны жөн. Өтініштерін тапсырғаннан соң екі апта ішінде жергілікті жердегі тұрғын үй қорын реттейтін мекемеге барып, кезекке қойылғанын немесе не себепті қойылмағанын анықтауы қажет, — дейді Бақытгүл Тойбазарова.

Тағы бір жағымды жаңалық бар. Былтыр шілдеде ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйге құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Атап айтсақ, «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға енгізілген өзгертулерге сәйкес, «Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларының, сондай-ақ, жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді бірінші кезекте алуға құқығы бар».

 

 

ВРЗ

 

Тұрақты айдар түйіні

Бірнеше жылдан бері облыстық балалардың құқықтарын қорғау басқармасымен бірігіп, «Актюбинский вестник» газетінде «Найди меня, мама» және «Ақтөбе» газетінде «Анашым, мені алып кетші» айдарлары тұрақты ұйымдастырылды. Өткен жылды қорытындыласақ, аталған газеттердегі тұрақты айдарларда барлығы 14 бала таныстырылып, нәтижесінде 9 бала отбасына орналасты. Анығы, төртеуіне қамқоршылар табылса, бес баланы асырап алды.

 

Айнұр ЖАЛМАҒАНБЕТОВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button