Жаңалықтар

Рождество — қандай мереке?

Рождество мерекесін барлық христиандар атап өтеді, католиктер оны 25 желтоқсанда, ал православтар 7 қаңтарда тойлайды.

Православтар мен католиктердің діни мейрамы әлемнің 145 мемлекетінде тойланады. Бұл күні барша христиандар шіркеулер мен ғибадатханаларға барып, шоқынады, мерекені өзіндік сән-салтанатпен атап өтеді.Батыс елдері бұл мерекені отбасы мерекесі деп есептейді.
Рождество тарихы осыдан екі мың жыл бұрын Мария ананың Иисус-Ғайса пайғамбарды өмірге әкелген күнінен басталған. Міне, содан бері христиандар 20 ғасыр бойы тойлап келеді.
Осыдан екі мың жыл бұрын қаңтардың 6-нан 7-не қараған түні Иосиф пен Марияның отбасында Иисус есімді ұл дүниеге келеді. Назареттен келген Иисустың алдына бүкіл әлемді өзгерту міндеті тұрды. Барлық адамзат баласын құтқарушысының қай жерде, қашан өмірге келетіндігі алдын ала белгілі болды. Ол дүниеге келер түні Вифлеемде өмірге келген барлық нәрестелер Ирод патшаның бұйрығымен өлтірілді. Бірақ періштелердің қолдауымен Иисус жарық дүние есігін ашты. Болашақ құтқарушы туған сәтте аспанда ерекше сәбидің дүниеге келгенін паш еткендей жарық бір жұлдыз пайда болады.
Сондықтан да осы түні дінге сенушілер шіркеуге барып, дұғасын оқып, сол бір жарық жұлдыздың көрінуін күтеді. Сиқырға толы бұл түнде барша христиандықтар бір-бірін құттықтап, жылы сөздерін, игі тілектерін арнайды. Әрине, Рождество мерекесінде әсем безендірілген шырша әр үйдің төрінде орын алады, сыйлықтар мен халықтық серуендер, шыршаны айнала ән салып, би билеу мен карнавалдар да мереке сәні саналады.

Қаламыздың көрнекі жерінен бой көтерген Әулие Никольский кафедральды соборы ашылғалы бері Рождествоны атап өтіп жүр.

Рождество қаңтардың 6-нан 7-не қараған түні тойланады. Осы түнде құдайға құлшылық ету сағат кешкі 22.00-де басталып, түн ортасына дейін созылады. Жыл сайын  облыс пен қала басшылары соборға келіп, қала тұрғындарын мерекемен құттықтайды. Сондай-ақ, Ақтөбеде осы собордан басқа, екі храм бар. Олар да Рождествоны атап өтеді. Рождество түнінде шырағдандар жарқыратып жағылады, шырша безендіріліп, колядки, яғни рождестволық халық әндері айтылады.

Қазір елімізде 7 қаңтар — мемлекеттік мереке мәртебесіне ие болған Рождество мерекесі. Бұл күні Қазақстан халқы демалады. Біз секілді бір күн демалатын елдер мыналар: Армения6 қаңтар, Грузия7 қаңтар, Қырғызстан7 қаңтар, Португалия25 желтоқсан, Ресей7 қаңтар, Сербия7 қаңтар, АҚШ25 желтоқсан, Украина7 қаңтар.

Беларусь елі 25 желтоқсан мен 7 қаңтар күні екі күн демалады. Сол секілді Венгрия, Ұлыбритания, Германия, Грекия, Ирландия, Испания, Италия, Канада, Литва, Люксембург, Нидерланды, Норвегия, Польша, Финляндия, Хорватия, Швеция елдері 25-26 желтоқсан күндері екі күн демалады. Тіпті, үш күн демалыс жариялайтын елдер де баршылық.

Әзірлеген Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button