«Генерал Ертаев» елге келді

Тәуелсіздік жылдарында еліміздің қорғаныс күштерін нығайтуға өзіндік үлесін қосқан әйгілі қолбасшылардың бірі Бақытжан Ертаевтың есімі қазақ жұртына жақсы таныс. Оның өмірбаянымен таныса қалсаңыз, талай қиын-қысталаң жолдардан өткенін байқар едіңіз. Ол қандай да бір кездесуде болмасын, өзінің даңқты батыр Бауыржан Момышұлы дүниеге келген өңірдің түлегі екенін, балаң кезден ерлікке, батылдыққа ұмтылып өскенін ерекше айтады.
Ақтөбе жеріне сапарында Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев жұртшылықпен кездесулер өткізді. Осы ретте ол туралы түсірілген «Генерал Ертаев» атты деректі фильм көпшілік назарына ұсынылды. Бұл туындыны Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген. Деректі фильмнің сценарийін Болат Жетекбай мен Сатыбалды Текеев жазған.
Фильмде Бақытжан Ертаевтың бала кезінен бергі өмірі баяндалады. Оның қиындықтағы өмірі, әскери училищедегі ұмтылысты жылдары, кейіннен ауған соғысына қатысқаны — барлығы да осы деректі фильмде көрініс тапқан. Ауған соғысының кадрлары, негізінен, мемлекеттік мұрағаттан алынған.
«Қазақстан ардагерлері» Ауған соғысы интернационалист-жауынгерлері қауымдастығының президенті, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаевқа «Халық қаһарманы» атағын әскери басшылық қызметтегі жетістіктеріне ғана емес, Ауғанстандағы соғыс кезіндегі батальон командирі ретінде өзінің ержүрек әскери басшы әрі стратег ретіндегі қасиеттерін ескеріп берген.
Батыр Ақтөбедегі болашақ ұшқыштар даярлайтын жоғары оқу орнының курсанттарымен кездескенде: «Қазақ жігіттері ауғанда ешкімнен кем соғысқан жоқ. Олардың намысқойлығы, бабаларымыздан қалған, ана сүтімен, ата күшімен дарыған қайсарлығы мен қайраттылығы назар аудартатын. Аруақтарға сыйынып, ұрысқа ұранмен шығатын сарбаздар болды», — деді.
Міне, осындай ойлар, тәлімді тұжырымдар фильмде кеңінен көрініс тапқан.
Фильм көрсетіліп болған соң генерал жиналғандармен ашық әңгімеге көшті. Өзімен кездесуге келген запастағы полковниктер Қажымұқан Сәтенов, Айдар Бәкесов секілді бұрынғы әріптестеріне ізгі тілектерін айтып, ел қорғаны болатын жастарға патриоттық тәрбие берудегі еңбектері үшін алғыс сезімін білдірді. Жас буынға — студенттер мен оқушыларға жол сілтеді, өмірлік тәжірибесінен өнегелі жайттарды баяндады.
Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ермек Тауанов батырға көпшілік атынан әсерлі де мәнді әңгімелері үшін ризашылық білдірді.
Нұрмұханбет ДИЯРОВ.



