Жаңалықтар

Сегіз мемлекеттік қызметші сын тезіне түсті

Тәртіптік кеңес

 ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстағы тәртіптік кеңесінің кезекті отырысында Темір ауданындағы сегіз мемлекеттік органның басшыларына қатысты тәртіптік істер қаралды.  Бұл мәселеге қатысты департаменттің консультант-инспекторы Рафхат Бисенов баяндама жасады.

Темір ауданы әкімі аппараты қызметіне жүргізілген тексеру бірқатар кемшіліктердің бетін ашты. Биылғы жылы аппаратта жиырма бес бос лауазымдық орындарға конкурстар өткізілген. Өкілетті органдар ұсынған резервтегі тізімдер бекітілген мерзімде қаралып, конкурстар талаптары сақталғанымен, үміткерлерге қойылатын сұрақтар тізбегін бекіту кезінде кемшіліктерге жол берілген. Нақты айтқанда, бір мекеменің бірнеше лауазымдарына ортақ сұрақтар қойылған және үміткерлерге бекітілген сұрақтардың барлығы ұсынылмаған.

Аппаратта қызметке толық сәйкес еместігі, лауазымынан босату түріндегі тәртіптік жазалар қолдану кезінде қызметтік тексерулер тағайындалмаған. Сондай-ақ, кадрлардың қайта даярлау курстарына жіберілу мерзімін сақтамау деректері кездеседі. Осындай олқылықтарға қатысты аудан әкімі аппаратының басшысы

Б.Әділхановтың атына сын айтылды.

Қайыңды селолық округінде лауазымға үміткерлерге қойылатын сұрақтар тізбегі бекітілмеген, конкурстық комиссия құру және құжаттарды қабылдау мерзімі сақталмаған. Сондай-ақ, қызметкерге тәртіптік жаза қолдану барысында одан түсініктеме алынбаған, өкіммен таныстырылмаған.

Темір қаласының әкімі М. Әкімов лауазымға әлі тағайындалмаған кадрды қайта даярлау курсына мерзімінен бұрын жіберген.

Тасқопа селолық округінің бұрынғы әкімі Ә.Қалмағамбетов жергілікті әкімшілікте қызмет атқаратын екі бас маманға ескерту түрінде тәртіптік жаза қолданған кезде олардан жазбаша түсініктеме алуды ескермеген. Ал ҚР Президенті Жарлығымен бекітілген арнайы ережеде бұл мәселе нақты көрсетілген. Өйткені қызметші жазбаша түсініктемесінде теріс қылық жасау дерегімен келіспейтіндігін білдірсе, оған қатысты қызметтік тексеру жүргізілуі тиіс.

Тәртіптік кеңес отырысында аудандық қаржы, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімдерінің басшыларына Ар-намыс кодексінің талаптарын бұзғаны үшін тәртіптік жаза қолданылды.

Тәртіптік кеңес отырысында мемлекеттік қызметші үшін белгіленген тәртіпті сақтаудың ұсақ-түйегі болмайтындығы, сондықтан да әркім өзіне тапсырылған міндетті орындау барысында заң талаптарын қатаң сақтаудың маңыздылығы қадап айтылды. Ал, ол орындалмаған жағдайда кемшілікке жол берген адам өзінің теріс әрекеті үшін жауап беретін болады.

 

Нұрмұханбет ДИЯРОВ. 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button