Жаңалықтар

Балалар бауырмал болсын деп…

 

Бауырмал болып, туғанды іздеу немесе жанашыр болып, көңілге жақын досты іздеу қазір қалып барады. Туғаны түгілі, ата-анасына уақыт тауып, қал-жағдайын сұрауға сүрініп жетеді бүгінгінің адамы.

Алайда, қай кезде де қазақ халқы жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған. Қазіргі таңда елімізде қаншама жарымжан, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар өмір сүріп жатыр. Оларға әрдайым жылы сөз, мейірім, жан жылулығы жетіспейтіндігі белгілі. Себебі олар ананың жылы алақанын, әкенің ыстық құшағын көрмей, тек аңсаумен өсіп жатыр. Осы олқылықтың орнын толтырып, балалар бауырмал болсын деген ниетпен облыста тағы бір отбасы үлгісіндегі балалар үйі ашылды.

 

Облыстық балалар құқықтарын қорғау басқармасының мәліметінше, қазір Ақтөбе облысында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында 375 бала тәрбиеленіп жүр. Оның ішінде Алға облыстық балалар үйінде 253 бала, Хромтау, Қобда, Темір аудандарындағы отбасы үлгісіндегі балалар үйлерінде 28 бала бар.

Қоғамның басты міндеті — ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қандай да жағдай болмасын, отбасына орналастыруға ықпал жасау. Өйткені бір үйдің балалары бірге өссе, жанашыр, бауырмал болады әрі болашаққа деген сенімдері де нық болары анық.

Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан — 2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқынаЖолдауының «Баланы қорғау» бөлімінде: «Бейбіт өмірдің өзінде бізде мыңдаған жетімдер бар — балалар үйлері толы. Бұл, өкінішке қарай, жалпыәлемдік үрдіс және жаһанданудың сынағы. Бірақ біз бұл үрдіспен күресуіміз керек. Мемлекетіміз бен қоғамымыз жетімдерді асырап алуды және отбасы типіндегі балалар үйлері салынуын көтермелеуі қажет» — деген болатын.

Елбасы тапсырмасын жүзеге асырып, облысымызда отбасы үлгісіндегі балалар үйлері көптеп ашылса, онда балалар өз туған жерінде, өз бауырларымен бірге тәрбиеленер еді. 

Жаңа оқу жылында Алға қаласында отбасы үлгісіндегі балалар үйі ашылыпты. Отбасы үлгісіндегі балалар үйі жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасы жағдайында тәрбиелеуге, оқытуға, сауықтыруға және өз бетінше өмір сүруге қажетті жағдай жасайды.

Тағы бір ерекшелігі — мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалар үйінің тәрбиеленушілері тұрғылықты жеріндегі, яғни тұрып жатқан елді мекендегі жалпы білім беретін орта мектепте білім алады. Сондай-ақ, тәрбиеленушілер өз қызығушылығын ескере отырып, жалпы білім беру мекемелеріндегі, оқушылар үйі мен сарайындағы, жас техниктер мен жас натуралистер стансасындағы, спорт және саз мектептеріндегі, сондай-ақ, басқа да қосымша білім беру ұйымдарындағы үйірмелерге, секцияларға қатыса алады.

— Балалар үйінде ағайындылар, апалы-сіңілілер, яғни бір үйдің бірнеше баласы тәрбиеленіп жүр. Бауырлардың бауырмалдық сезімін оятып, бір-бірлеріне жанашыр боп, жақын өссін деп, біз балалар үйінің ішінен жаңа оқу жылынан бастап отбасылық балалар үйін аштық. Қазір мұнда Орынбаевтар, Русских, Шроо, Айтжановтар секілді төрт отбасының 15 баласы өсіп жатыр. Бұл жерде тәрбиешіге де оңай. Себебі үлкендері кішіге қамқор боп, сабақтарын қадағалап жатады. Қазір балалар үйінің тәрбиеленушілері азайып келеді. Болашақта балалар үйлері отбасы үлгісіне көшеді ғой деймін.  Шүкір, балалардың тұрмыстары тәуір, үкімет бар жағдайын жасап қойды. Естиярлары бауырларын қанаттарының астына алғандарына мәз, — дейді облыстық Алға балалар үйінің директоры Кенжеғазы Байғазин. 

Ал балалардың өздері не дейді? Отбасы үлгісіндегі балалар үйінің тәрбиеленушісі

Индира Айтжанова:

Біз — төртеуміз. Балалар үйінде 2009 жылдан бастап тәрбиеленіп келеміз. Бұрын біздер әр топта тәрбиеленгендіктен, бауырларыммен анда-санда кездесіп тұратын едім. Қазір бәріміз бір бөлмеде, бір үйде тәрбиеленіп жатырмыз. Мен өте қуаныштымын. Себебі бауырларымның сабағын өзім қадағалап, шаштарын тарап, өз білетінімді үйретіп отырамын, — дейді.

Ал Марат Русских:

— Мен 8-сыныпта оқимын. Үлкен ағам Темірлан Алға қаласындағы №4 мектептің 10-сыныбында, ал апам 9-сыныпта оқиды. Біз бәріміз сабақты жақсы оқып, қалалық пәндік олимпиадаларға қатысамыз. Отбасы үлгісіндегі балалар үйі маған қатты ұнайды. Себебі туған бауырларым үнемі маған көмектерін беріп, түсінбей қалған сабақтарымызды кешке бірге отырып, талқылап шешеміз. Қолымыз бос уақытта апам екеуміз қолөнер бұйымдарын жасаймыз, — дейді.

Облыстық балалар құқықтарын қорғау басқармасының бас маманы

Бақытгүл Тойбазарованың айтуынша, отбасы үлгісіндегі балалар үйі ағайынды, апалы-сіңлілі балаларды бір шаңырақ астында тәрбиелеп, бір-бірлеріне бауырмалдық сезімдерін арттырады.

— Өкінішке қарай, әлі де болса ананың аялы алақанына, үлкендердің жылы сөзіне зәру бүлдіршіндеріміз балалар үйінде тәрбиеленіп жүр. Олар ошақ жылуы, отбасы берекесіне зәру. Келешекте осындай отбасы үлгісіндегі балалар үйін Алға және Мұғалжар аудандарында ашу жоспарланып отыр.

Әр үйдің қуанышын молайтып, шаттығын шалқытатын, ата-ананы бақытқа бөлеп, жан-дүниесін балқытатын, шаңырақты қызыққа кенелтетін жас сәбидің күлкісі мен былдырлаған бал үніне жететін бақыт бар ма екен жер бетінде?!

Сондықтан да өз облысымыздағы жетім балалар санын азайтып, балалар үйлеріндегі тәрбиеленушілерді алып, тәрбиелеймін деген азаматтар болса облыстық балалардың құқықтарын қорғау басқармасының 56-27-21 телефонына қоңырау соғып, баланы отбасына алу түрлері туралы толық ақпараттар алуларыңызға болады. Сондай-ақ, балалар туралы ақпараттарды басқарманың www. balalar-korgau.kz және республикалық электрондық usynovite.kz порталынан білуге болады, — дейді Бақытгүл Тойбазарова.

 

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Алға балалар үйінде Индира ходжаева айтбекқызы деген тәрбиеленуші бар ма.? Жасөспірімдер үйінде тəрбиеленіп жатыр ма? Қайдан білуге болады? Ол менің туысым еді

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button