Спорт

Кешіккен алтын, қолдан сусыған қола

Премьер-лига

Алтын медальдің тағдыры 27 қазан күні тағы да шешілмей қалды. «Ақтөбе» тең ойынға да қол жеткізе алмады. «Астананың» үміт шырағы кәдімгідей жылт етті. Ал бұған дейінгі чемпион «Шахтерге» биыл үшінші орын да бұйырмайтыны анықталды. Қола медальді «Ертіс» пен «Қайрат» 2 қараша күні Павлодарда соңғы сарапқа салатын болды. Сондай-ақ, биыл Премьер-Лигамен қай екі команданың қоштасатыны да әлі белгісіз күйінде қалып отыр.

Қысқасы, соңғы 32-тур қай командаға да, әрине, қай клубтың жанкүйерлеріне де оңайға соқпайтын түрі бар.

Енді ретімен баяндайық.

31-турда «Ақтөбе» сырт алаңда «Астанамен» кездесті.

«Астана Аренаға» жиналған 9 мыңдай жанкүйер, әрине, зор бөлігі ақтөбеліктер, оған қоса «KAZsport» телеарнасының алдына байланған тағы неше мың көрермендер, тынымсыз текетірестің куәсі болды. Текетірес демей не дерсің, «Астана» футболшылары біздің қақпаға 15 соққы бағыттап, оның ішінде 5 соққы қақпаны тура нысанаға алса, «Ақтөбе» де сондай 10 соққының 5-ін Ненад Эрич күзеткен жібек торға туралап тепті. Бұрыштама доптар: «Астана» — 7, «Ақтөбе» — 6. Ал мұндай ойында алдымен гол соққан команданың пысы басым болатыны белгілі. 15-минутта біздің қорғаушыларымыздың назарынан тыс қалып қойған Патрик Твумаси шірене тепкен голды Андрей Сидельников ұстай алмай қалғаннан кейінгі жағдай солай болды. Әрі-беріден соң Сергей Давыдовтың тамаша соққысы қарсыластар қақпасының маңдайшасына тиіп кері серпілуі де соның салдары секілді. Біздің жігіттерді кеміткіміз келмейді, дегенмен, бұл кездесуде астаналықтар тым жан сала ойнады. Екінші таймда олардың төрт бірдей футболшысының (Таңат Нөсербаев, Елдос Ахметов, Зелао, Валерий Коробкин) бірінен соң бірі «сары қағаз» алуы да жеңуден басқа жол қалмағанын мықтап сезінуден туған шарасыздық екені және рас. Ал уақытты созбалауға тырысу «Ақтөбенің» тосын әрекеттерінен сақтану еді. Бірақ бұл жолы ақтөбеліктер ойынның соңғы минуттарында аса белсенділік көрсете алмады, дұрысы, бұларға ондай мүмкіндік берілмеді.

Сөйтіп, биылғы маусымдағы өзара кездесулердегі үш жеңістен соң, мына төртінші, өте маңызды ойынды жеңіліспен аяқтадық: 0:1.

Біздіңше, бұл ұтылысты тезірек ұмытқанымыз мақұл секілді. Бір есептен, чемпиондық атақ пен алтын медаль тойы өз алаңымызда дүрілдеп басталғанына не жетсін.

«Астана»-«Ақтөбе» — 1:0
Гол авторы: Патрик Твумаси, 15-минут (1:0).

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Андрей Сидельников, Алексей Мулдаров, Андрей Харабара (Асхат Тағыберген, 56-минут), Петр Бадло (капитан), Сергей Давыдов (Марат Бикмаев, 66-минут), Марат Хайруллин, Евений Дяденко (Абат Айымбетов, 78-минут), Роберт Арзуманян, Юрий Логвиненко, Александр Гейнрих, Тимур Кападзе.
Бұл екі команда Премьер-лига ойындарында осымен 16 рет кездесті. 6 рет «Астана», 6 рет «Ақтөбе» басым түсті, 4 ойын тең есептермен аяқталды. Доп айырмашылығы «Ақтөбенің» пайдасында: 18-16.

*    *    *

Басқа кездесулер:

«Шахтер»-«Қайрат» — 1:2
Гол авторлары: Йосип Кнежевич, 19-минут (0:1); Игорь Зенькович, пенальти, 25-минут (1:1); Йосип Кнежевич, 72-минут (1:2).

«Ордабасы»-«Ертіс» — 3:1

Гол авторлары: Эдин Юнузович, 7-минут (1:0); Данило Белич, 9-минут (2:0); Ұлықбек Бақаев, 25-минут (2:1); Эдин Юнузович, 89-минут (3:1).

«Тобыл»-«Ақжайық» — 2:0

Гол авторлары: Нұрбол Жұмасқалиев, 56-минут (1:0); Нұрбол Жұмасқалиев, 90-минут (2:0).
70-минутта Эльдар Абдрахманов («Ақжайық») жасыл алаңнан қуылды.

 «Атырау»-«Тараз» — 1:0

Гол авторы: Йован Голич, 19-минут (1:0).

«Жетісу»-«Восток» — 0:0


ОЙЫН КЕСТЕСІ

 

1-6 ОРЫНДАР

 

Командалар           О         Ұ          Т         Ж        Д         Ұп

 

1 Ақтөбе      31       20       5          6          44-20  42 

2 Астана      31       18       5          8          50-34  39

3 Қайрат         31   11       12       8          41-36  30

4 Ертіс           31       12       8          11       39-36  27

4 Шахтер       31       12       7          12       42-41  26

6 Ордабасы31       11       7          13       31-35  25

 

О — ойын, Ұ — ұтыс, Т — тең, Ж — жеңіліс, Д — доп айырмашылығы, Ұп — ұпай.

 

*   *   *

7-12 орындар үшін сайыста «Тобыл» 35 ұпаймен алда келеді.

Одан кейінгі орналасқандардың ұпайлар саны төмендегідей: «Атырау» — 28, «Тараз» — 20.

«Восток» пен «Жетісудың» жағдайлары бірдей — 19 ұпай.

Соңғы орында бұрынғысынша «Ақжайық» тұр — 16 ұпай.

Биылғы чемпионатта Премьер-Лигамен қай екі команданың қоштасатыны әзір белгісіз. Сол себепті бұл топтағы үш кездесу де ерекше қызығушылық туғызып отыр.

 

*   *   *

Біздің мергендер:

Марат Хайруллин (жартылай қорғаушы) — 7;

Александр Гейнрих (шабуылшы) — 6;

Тимур Кападзе (жартылай қорғаушы) — 5;

Роберт Примус (қорғаушы) — 4;

Петр Бадло (қорғаушы) — 4;

Юрий Логвиненко (қорғаушы) — 3;

Сергей Гридин (шабуылшы) — 3;

Андрей Харабара (жартылай қорғаушы) — 2;

Дмитрий Мирошниченко (қорғаушы) — 2;

Сергей Давыдов (шабуылшы) — 2;

Роберт Арзуманян (қорғаушы) — 2;

Антон Землянухин (жартылай қорғаушы).— 1;

Сергей Ковальчук (жартылай қорғаушы) — 1;

Абат Айымбетов (шабуылшы)  — 1.

(Бір голды М.Хайруллиннің «көмегімен» А.Мухутдинов («Ертіс») өз қақпасына соғып алды).

 

*   *   *

Чемпионаттың соңғы турында, 2 қараша күні, сенбіде «Ақтөбе» өз алаңымызда «Ордабасы» командасын қабылдайды.

Шымкенттіктерді бұған дейін екі кездесуде жеңіп (1:0; 1:0), бір кездесуде ұтылғанбыз (1:2). Біздің команданың гол иелері: Юрий Логвиненко, Сергей Гридин, Роберт Примус.

Қалған кездесулер:

«Шахтер» — «Астана»

«Ертіс» — «Қайрат»

«Тараз» — «Восток»

«Жетісу» — «Тобыл»

«Ақжайық» — «Атырау»


 

 

Қазақстан кубогы

 

«Таразды» алға қарай аттандырдық

 

Бұдан бұрын Таразда тең ойнап келген «Ақтөбе» кеше өз алаңымызда өткен бұл қарымта кездесуге жартылай құраммен шықты деуге болады. Себебі алтын медаль үшін тартыс таяу қалған шақта Сергей Никитенконың Марат Хайруллин немесе Петр Бадло тәрізді шеберлерді кездейсоқтықтардан сақтамасқа амалы жоқ еді.

Кездесудің бірінші таймы жанкүйерлерді аса серпілте алған жоқ. Тым сылбыр өткен алғашқы он минуттан соң алаңға ширақ тіршілік енгендей болғаны рас. Дегенмен қақпалар маңы қарбалас сәттерге тола қоймады. Мысалы, бірінші таймда қақпаларға тура бағытталған бірде бір соққы жасалмауы осының куәсі. Рас, ақтөбеліктердің басымдылығы байқалып тұрды. Ойынның 65 пайызында доп алаң иелерінің аяғында жүрді, 8 рет бұрыштама доп соғылды. Әттең, сол басымдылық, неге екенін кім білсін, тапқыр да тосын пас берулер мен мінсіз соққыларға ұласпай қойды. Оның үстіне тараздық қорғаушылар да өрескел қателіктер жібере қойған жоқ.

Екінші тайм тең дәрежедегі ойынмен басталғандай еді. Дегенмен алаң иелері бірте-бірте тізгінді өз қолдарына ала бастады. «Тараз» қақпашысы Рамиль Нұрмұхаметов ойынға жиі араласуға мәжбүр болды. Бірақ «Ақтөбе» өздерінің тым серпінді басталған шабуылдарын аяқ астынан тежеп, одан әрі жалғастырмай қойды да, әр сәттерде тараздықтар қарсы шабуылдар ұйымдастырудың ретін тауып отырды. Сондай сәттердің соңғы мүмкіндіктерінің бірінде, 90-минутта, тараздық Сергей Шафф дәл қақпа алдындағы қарбаласта біздің қорғаушыларды да, Андрей Сидельниковті де қапы қалдырып, әдемі гол соқты — 0:1.

Осылайша жартылай финалдық кездесуде екі тайм бойы басым ойнаған «Ақтөбе» Қазақстан кубогы үшін болатын финалдық тартысқа түсініксіз себептермен «Таразды» аттандырды.

«Ақтөбе» -«Тараз» — 0:1.

Гол авторы: Сергей Шафф ,90-минут (0:1).

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады:

Андрей Сидельников, Алексей Мулдаров, Сергей Давыдов (Сергей Ковальчук, 87-минут), Роберт Арзуманян, Асхат Тағыберген, Юрий Логвиненко (Санат Шалекенов, 79-минут), Александр Гейнрих, Марат Бикмаев, Тимур Кападзе, Алдан Балтаев, Абат Айымбетов (Евгений Дяденко, 65-минут).

 

Ертай АШЫҚБАЕВ.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button