Жаңалықтар

Дін және біз

Жастарымыздың дін атын жамылған ағымдар жетегінде кетуін біз Қызыл империя  тепкісі салдарынан, халқымыздың ондаған жылдар бойы Исламнан ажырап қалуынан, діни сауатсыздықтан деп білеміз. Әйтсе  де қазақ ұшыраған қасіретті басынан өткермеген, діни сауатсыздық жағынан шағымдана алмайтын Мысыр, Сирия сынды елдердің халқы неге алауыздықтан, бүліктен аман қалмады? Жастарымызды пиғылы жат күштердің ықпалынан сақтап қалу үшін, діни білімді арттыру, үгіт-насихатты жолға қою жеткілікті бола ма?

Теолог Асқар Сабдин осындай ой тастап отыр.

Жуырда Ақтөбеде «Ақпараттық-кеңес беру жұмыстарын ұйымдастыру және жүргізу» атты жоба шеңберінде ҚР дін істері агенттігі мен облыстық дін істері басқармасы бірігіп ұйымдастырған аймақтық семинар өтті. Теологтың пікірі осы жиында айтылды.

Семинарға өз облысымыздан бөлек, Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарынан  мемлекеттік органдар қызметкерлері, теологтар, дінтанушылар, қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдері қатысты. Шараны өткізуге «Жарық» ақпараттық-кеңес орталығы мен «Аңсар» кеңес беру-оңалту орталығы ат салысты.

Жиынды облыстық дін істері басқармасының басшысы Бауыржан Есмахан ашып, семинардың дін саласындағы маңызды мәселелерді талқылау, теріс діни пікірлердің таралуының алдын алу және ақпараттық-насихаттық жұмыстарды жетілдіру мақсатында тәжірибе алмасу үшін ұйымдастырылғанын айтты.

Алғашқы сөз қоғам қайраткері, философия ғылымдарының докторы, Қ.Жұбанов атындағы мемлекеттік өңірлік университетінің профессоры Амангелді Айталыға  берілді.

— Бүгінгі күні жастар тәрбиесі, әсіресе, діни тұрғыдағы тәрбие бүкіл әлем үшін күрделі мәселеге айналды. Жастарға бұл тақырыпта пікір айтатын адамның зайырлы білім жағынан да, діни білім жағынан да деңгейі жоғары болуы тиіс. Жастар көп нәрсені біледі, түсінеді, ашық талқылайды. Оларға бір жақты біліммен ақыл-кеңес айту үстіртін, жеткіліксіз болады, — дейді Амангелді Айталы.

Сонымен қатар, «бүгінде Ислам туралы сөз етсек, оған міндетті түрде экстремизмге, терроризмге қарсы күрес мәселелерін қосарлайтын болдық» — дей келіп, ол:

— Ислам жайлы әңгімеге «экстремизм», «терроризм» терминдерін тіркеуді әдет еттік. Бұл БАҚ-тан да айқын байқалады. Осы арқылы дініміз туралы теріс түсінік қалыптастыруға «қызмет етіп» жатқан жоқпыз ба? Басқа діндер уағызшылары мұны пайдаланып кетпей ме? Дінімізді насихаттаудың өзге жолдары жоқ па? Халық арасындағы имандылық үлгісі болып отырған жандар қайда? Неге соларды көрсету арқылы насихаттамасқа? Меніңше, Исламның ең биік құндылықтары болып табылатын кешірімділік, әділдік, кеңпейілдік сынды қасиеттер ең алдымен билік өкілдерінің бойынан көрінуі керек, — деді.

Жастар арасында діни насихатты үстіртін жүргізуге болмайтыны жөніндегі пікірді теолог, «Аңсар» кеңес беру-оңалту орталығының директоры Асқар Сабдин де қуаттады.

— Пайғамбарымыз сахабаларының бәріне де білім үйреткен, бәрін де тәрбиелеген, бірақ бәріне бірдей насихат жүргізуге рұқсат бермеген, бұл іске ең таңдаулыларын ғана жұмсаған. Біздегі мұсылмандыққа бет бұрған азаматтар арасында насихат жұмыстарын жүргізуге, расында, зайырлы білімі де, діни білімі де терең, мықты мамандар жетіспей жатыр, — деді ол.

Діни қайшылықтардың бой көрсетуінің бір себебі әлеуметтік проблемаларда екенін айта келіп, Асқар Сабдин «әлеуметтік лифт» ретінде қоғамдық бірлестіктер жұмысын жандандырудың маңыздылығын атап көрсетті.

Жиналғандарға «Жарық», «Аңсар» орталықтары арқылы жүргізіліп жатқан жұмыстар, көрші облыстарда қолға алынған істер таныстырылып, ұсыныстар мен пікірлер талқыланды.

 

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button