Мәдениет

Ғибраты мол ғұмыр

Кешегі кеңестік заманда сол уақыттардың көшбасшы ұйымдары — комсомол қатарында шыңдалып, партияның белсенді қызметкері болған, ал еліміз тәуелсіздік туын жоғары ұстаған тұста мемлекетіміздің рухани саласының ілгерілеуіне жан-тәнімен қызмет еткен, өзінің бай тәжірибесін жас ұрпақтың бойына сіңіруге бағыт ұстаған елдің белгілі азаматы Рамазан Нұржанов көзі тірі болғанда бұл күндері сексен жасқа толар еді.

Еліне қызмет етіп, ұрпақ өсіріп, айналаға жақсы атымен танылып, талайға жол-жоба үлгісін танытқан абзал ағаның есімі енді жақсы естеліктерде айтылады, оның өнегелі істері кейінгі толқынға тарала береді.

1933 жылдың 15 қазанында Шалқар ауданының №13 ауылында дүниеге келіп, Шалқар қаласындағы №1 орта мектепті бітірген ол Алматыдан Қазақ мемлекеттік университеті қабырғасынан тарихшы мамандығын алып шығады.

Өзі туып-өскен өңірдегі Қорғантұз орта мектебінде алғашқы еңбек жолын бастаған ол көп ұзамай Шалқар аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы болып сайланады.

Міне, оның мемлекеттік қызметтегі еңбек жолы осылай басталады. Содан кейін Шалқар, Байғанин, Қарабұтақ, Темір аудандарында басшылық қызметтерде болады. Облыстық баспа, полиграфия және кітап саудасы басқармасын басқарады, облыстық кеңес төрағасының орынбасары қызметін атқарады.

Рамазан Жәмиұлы зейнет демалысына шыққаннан кейін де белсенді еңбектен қол үзген жоқ. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ құрылыс-монтаж жұмыстары басқармасында тіліміз бен салт-дәстүрімізді дамыту бағытында көптеген жұмыстар тындырды.

Сонымен бірге өз дәуірінің озық тұлғалары болған Тама Есет батыр, Әйтеке би, Көтібар батыр, Есет-Дәрібай, Жарас Пұсырманұлы ерліктері мен елдік істерін насихаттауға арналған іс-шаралардың ұйытқысы болып жүрді.

Оған өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына айырықша үлес қосқаны үшін Әйтеке би және Темір аудандарының «Құрметті азаматы» атағы берілді.

… Абзал азамат, ел сыйлаған құрмет иесінің арамыздан алыстағанына төрт жылдың жүзі болды. Бірақ жақсының ізі өшпейтіні, жапырағының жайылатыны ақиқат. Соны Рамазан Жәмиұлының ғұмырынан айқын байқауға болады.

 

 

Жақсысын іздеген ел 

 

Адам баласының асыл бейнесі өмірден соң  жылдар тасасында көмескіленіп, кіреуке тарта беретіні бар. Оның жандануы, негізінде, артына қалдырған ізіне байланысты болса керек. Сондай соңына айшықты бедер түсіріп, тұлғасы санамызда асқақ күйінде тұрған Рамазан аға Нұржановты елі әлі іздейді. Арада онсыз өткен төрт жылдай уақыт абзал ағаға деген ыстық ықыласты суытқан жоқ. Бұл жай өткен аптада Құдайберген Жұбанов атындағы өңірлік университеттің конференц-залында өткен «Ғибратты ғұмыр» атты еске алу кешінде де анық байқалды.

Жоғары оқу орнының филология факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты Сабыржан Мұхтаров кіріспе сөзде елдің белгілі азаматы, облысымыздың бірнеше ауданын басқарған, сонымен бірге өңірдің рухани ілгерілеуіне лайықты үлес қосқан Рамазан Нұржановтың өмірбаянына қысқаша тоқталып, оның ғылымға да ат ізін салғанын, соның нәтижесінде тарих ғылымдарының кандидаты дәрежесіне ие болғанын айтты. Шынында да, осы жиынға ықыласпен келген университеттің филология, тарих факультеттері студенттері үшін ілгері буын өкілінің артына қалдырған тағылымды сабақтарын тыңдау тың олжа іспетті еді.

Еске алу жиынында бір кездері қанаттаса еңбек еткен бір топ ардақты ағалар сапын бұзбай отырды. Олардың әңгімелері ортадан күні кеше ғана кеткен азаматын ардақтау, жақсысын іздеу сарынында өрбіді.

Ұзақ жыл кеңес қызметінде, халық ағарту саласында еңбек еткен ұстаз Ниетжан Беріков сонау алпысыншы жылдар арнасынан сыр шертті. Сол кезде уақыт ағымына сай жаңадан құрылған Байғанин аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып сайланған жас жігіттің іскерлігін, іске ұқыптылығын, адамдармен тіл табыса білу қабілетін, оның болашағы бар басшы екенін жұрт танығанын жеткізді. Уақыт өте келе оның азаматтық белсенділігі айқын көрініс тауып, көптеген жауапты жұмыстарда жарқырап көрінгендігін мысалдар арқылы әдіптеді.

Белгілі партия қызметкері Кемейдолла Төлеубай ақсақалдың еске алу әңгімесі де осы бағытта өрбіді. Ал Рамазан ағамен жастық, одан кейінгі есею, қалыптасу, жетілу жолдары қатар өрбіген ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Зәкіраддин Байдосов көптеген көңіл тебірентер көріністерді алға жайып салды.

Аға буын өкілдері Кеңес Бірманов, Сматолла Беркімбаев, Федор Чемоданов, Әліби Қойлыбаев, Ақбике Жұмабаева, Бекет Есенжолов, Орынбасар Оразов, Идош Асқар, Ұзақбай Қауыс, ағаның қарындасы Қадір Омарқызы, тарихшы Самат Есқалиев және басқалары өздерінің ойлары мен толғаныстарын айтып, белгілі тұлға бейнесін беретін әдемі желі құрды.      

Белгілі ғалым Аманкелді Айталы заман мен адам туралы айта келіп, Рекеңді өз заманының азаматы деп бағалады. Ол кісінің бір кездері облыстық Саяси-ағарту үйінің директоры болған кезде үлкен өнеркәсіптік комбинатты басқарып тұрған, қазақ ұлтына қырын қарайтын менменшіл орыс басшының саяси білімінің төмендігін нақты мысалдармен бетіне басу арқылы тәубесіне түсіргенін әңгімеледі. Оның бұл әрекетін намысқойлық деп бағалады.

Аманкелді аға бір ретте Астанадағы үлкен бас қосуда Рамазан ағамен сұхбаттасып, жүздескеннен кейін белгілі ғалым-ұстаз, мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбековтің жазушы Әбіш Кекілбаевқа айтқан «Ақтөбеде елдің тарихын білетін, көненің көп дүниесін қадірлейтін, бүгінгінің әңгімесін әсерлеп айта алатын азаматтар баршылық екен» деген бағасын ырзашылықпен айтты.

Рамазан Нұржанов «Мирас», «Атадан — бата, ұрпақтан — ізет», «Оралу» секілді тарихи-этнографиялық еңбектер жазып, жұртшылыққа мол рухани қазына сыйлаған адам. Осы жай да кездесу барысында құрметпен айтылды.

Облыстық филармонияның әншсі Перуза Нарман халық әндерін әуелетсе, белгілі домбырашы Нұрболат Жанаманов күй күмбіріне ерік берді.

Айтжан Рамазанұлы көпшіліктің ыстық ықыласына байланысты өзінің әкеге деген перзенттік пейілін танытты, өздері құрметтеп, бағасын берген әке рухына адал қызмет ететіндігіне сендірді.

…Елдің өз жақсысын іздеуі осы жиынға қатысқандардың жүрегін тебірентті…

 

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

 

 

Айтылып қалған сөз еді…

(Рамазан ағаның жазбаларынан) 

 

…Адам баласы өскен ортасынан өнеге алады, қызметтес болған жасы үлкен ағаларынан үйренеді. Оны мектеп пен қоғамдық ұйымдар баулиды. Оған жаны ашитын ағайын-тума тәрбие береді. Сол тәлім-тәрбиені көре, көне білген абзал, ала білу керек. Жастыққа, «мастыққа», балалыққа бой ұрып, кейде тәрбиеге түсінбей, қолымызды «мезгілінен кеш сермеп» қалуымыз мүмкін. Өнеге тұтар ата, ақыл айтар аға, тәртіпке шақырар орта, міне, осындайда керек.

…Өмірімнің түрлі жауапты кезеңдерінде иек артқан, соңынан ерген, қол ұшынан ұстаған ағаларым аз болған жоқ. Олар жөнінде естеліктерімнің тиісті жерлерінде еске алғанмын. Бұл жолы өзіме жақындау жүрген, тілекші, өмірімдегі орны айрықша, солардың болмысына қарап бойымды түзеген екі ағамды — туысы бір тумамды, еске алсам деймін. Біріншісі — асылдың ізі, алтынның сынығы, өмірдің қиындығы мен қызығын тең көрген, Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бегежан Сүлейменов — біз үшін тек қана «өзіміздің Бекең».

…Алақозының Арал жақ бетіндегі Боташ, Бесшоқы, оларға жалғаса жатқан Беларан шоқысы, тағы да басқа биік, шатқал төбелер айналасы мен елді мекендеріне сексен ағайындар орналасқан. Ол ағайындардың бірқатары Шұқыр, Сынтас өңіріне дейін келіп, өз кәсіптерімен айналысқан. Осы Беларан төбесінде қазақтың белгілі халық жазушысы, атағы дүние жүзіне жайылған Әбдіжаміл Нұрпейісовтың аталарының мәңгілік қонысы болса керек, Әбекең де осы ата қонысты ұнатыпты дегенді айтып жүр осы жұрт.

2005 жылы Ақтөбеге келген бір сапарында Әбекең: «…Мен таяу уақытта ауылға барамын, Беларанның басына тас қоямын, мәңгілік мекенімді біліп жүргенім де бөтен емес сияқты» депті. Бұл көптеген ағайындар үшін күтпеген, төбеден түскендей әңгіме әрі сыр болған.

Беларан — Алақозының Боташынан теңізге қарай бет алғандағы қырат. Ол Арал теңізінің Үстірт жағында орналасқан, шеті сол теңізге жақын келіп тірелетін биік жота. Ол Әбекеңнің ата қонысы, ертерек Шекті жұрты ұрпақтары қабақ, жақайым елдерінің киелі мекені болған. Ол жерде Нұрпейіс, басқа да ата-бабалар жерленген. Міне, сол жерге Әбекең де белгі тас қойып отыр.

…Адамның адамгершілік қадір-қасиеттері, азаматтық биіктігі, басқару шеберлігі, ұйымдастыру қабілеті, халыққа жанашырлық сезімі кейде айқынырақ сезілетін, көрінетін кездері болады. Бұл қасиеттер, мүмкін, жайбарақат кездерде, күнбе-күнгі қайталанбақ тіршілікте көзге түсе қоймауы да, байқалмауы да ықтимал. Әсіресе, ел басына ауыртпалық күні туғанда, жетекші азаматтарға жауапкершіліктің ауыр жүгі артылған уақытта қолға ұстатқандай білінеді.  

…Әлбетте, білім алған азаматтардың қай-қайсысы да халық шаруашылығының бір саласына мамандығы бойынша орналасып, жұмыс жасап жатады. Алайда, олардың көпшілігінің-ақ қызметі халыққа қызмет ету тауқыметімен тікелей байланысты емес. Бұндай жұмыс халыққа рухани жақындау, оның ішіндегі әрбір мұқтаждыққа, қажеттікке ұшырағандарына айрықша жаны ашитын, олар үшін шын мәнінде күйзелетін, әділдікті жақтайтын, ардан аттамайтын адамдарға бұйырады.

…Адам тіршілігінің басты мақсаттарының бірі — ертеңгі болашағы, артында қалдыратын із ғой. Әуелі-ақ адам ұрпақты болғанын тілейді, оның өскенін, білім алғанын, үлкен өмірге өзін дайындағанын, қатарынан қалмай пәтуалы адам болғанын тілейді.

…Өмір ғой. Өмірдің қызығы мен қиындығы, қуанышы мен қайғысы, ащысы мен тұщысы қатар жүретін әдеті. Өмір сонысымен ерекшеленеді, ол өз заңымен жүреді, пенденің көңіл-күйіне, қалауына қарамайды.

Кейде жіңішкелеу жерден үзеді, орталау жерді жұқартады, шолақтау жерден қысқартады. Қимасыңды алады, жарық жұлдызыңды сөндіреді. Кейде жараңа тұз себеді, көңіліңді құлазытады. Біреудің жалғызын алады, ал кейде біреудің отыз ұлын бірден алады. Осының бәрі — Алланың ісі. Ол өзіне дұрыс, өзіне жарасқан.

…Тіршілікте пенденің арманы көп болмақшы. Алайда, армандау үшін де, алдына өмірлік мақсат қою үшін де, соған ұмтылу үшін де және арманына жету үшін де үлкен ақыл, терең ой, қабылдағыш зерде, батылдау жүрек керек.

…Халқымызда ер жігіттің жүріп өткен жолында із қалсын, еткен еңбегінен ескерткіш бар ма деп сұрап жатады. Орынды сұрақ. Оған қосымша мынадай қанатты сөз бар: «Жігіттің жүрген жүрісін сұрама, тындырған ісін сұра» дейді. Егер осы сұрақтарға ұялмайтындай жауап бере алсаң, істеген ісің соған лайық болса, халқыңның сол үшін саған берген бағасы жоғары болса, міне, сонда фәнилік тіршіліктегі еңбегіңнің қайтқаны. 

… Адамның өмір жолының кейде қызығы көп болса, кейде қиындығы көбірек болуы ықтимал. Қысқасы, не болса да бұйырмыста, әркімнің пешенесіне, сыбағасына не беріледі, сонда, соған көнесің, сол жолдан өтесің.

…Табиғаттың заңы бойынша адам баласы өмірге келіп те жатыр, өмірден кетіп те жатыр. Өмірге келген адам өз пахадар әлінше қоғамға (адамзат қоғамына) қызмет етіп, өзінен із қалдыруға тырысады. Ол қаншалықты оның қолынан келді, ол із көрнекті ме, қомақты ма? Бұл — басқа мәселе.

… Айналымда «өлгеніміз тірілді», «жоғалтқанымызды таптық», «көнеміз жаңарды» деген ұғымдар бар. Бұл негізінен бұрынғы өткен бабаларымызға арналып айтылған теңеулер, дәлелдемелер.

… Адамзат тарихы, ұрпақтар ғұмыры белгілі бір кезеңдерден тұрмақшы, айқындалмақшы, уақыттармен өлшенбекші. Менің мақсатым — соңғы ғасырда, өзімізге таныс кезеңде өмір сүріп, қызмет еткен ауыл азаматтарын хаттап қалдыру.    

Ел мен ер

 

Рамазан Нұржановтың жазбалары ойының кеңдігімен көңілге шуақ себеді. Оның туған ауылдан басталып, елдік пен ерлікті дәріптейтін еңбектері аз емес. Мұхиттың дәмін тамшыдан білуге болатыны сияқты, сол туындылардан бірер үзікті оқып көріңіз, оқырман.

 

Кіндік кескен жер туралы

 

Сәби үшін дүниеде туған жерінен асқан сұлу өлке, әкесінен асқан асқар жоқ көрінетіні сияқты, менің есімде туған жерім – Қаражиде ең сұлу мекен болып қалды. Шалқардың оңтүстігінде Ұлы Борсық құмының бойын жағалап тартатын Қырық жолдың бойында Борсықтан бөлініп бөлек жататын шағын құмдар: Тораңғылы, Қамқа, Жіңішке, Жаманқұм көрінетін. Осылардың ортасында еңсесі биік Сарышоқы тұратын, оның оң жақ етегінде жидесі мөлдіреген, жұмбағы көп Қаражиде жайқалып тұрушы еді. Одан сәл әріректе Қамқа құмына біртабан жақын біздің ауылдың қыстаулары болушы еді. Қырық жолдан бұрылғандар Жіңішке мен Тораңғылы құмының арасындағы жазықтықпен Сарышоқыдан бір-ақ шығады. Сарышоқыға шықсаң төрт құм түгел көрініп тұратындай. Олардың етектерін айнала салынған қыстаулардың әрқайсысының атаулары мен тарихы бар.

Біздің ауылды Әжімбет ауылы деп атайды. Ауыл болғанда бір қабат құмның ішіндегі Әжімбеттің үш баласы – Мұқаш, Бөт (Ахметюсуп), Нұржан аталардың қыстаулары.

Осы өңірде қандай да бір күрделі мәселелер болатын болса, ақсақалдар Сарышоқының басына жиналады. Ақсақалдар ақылдаспаққа тек өздері ғана емес, қастарына бір-бір құймақұлақтарды ертіп алады…

 

Тарихи тұлғалар туралы

 

Әлжан Мағаджанов — бұрынғы «Айшуақ» кеңшарына қарасты Жұмағұл деген жерде дүниеге келген. Балалық шағы жоқшылықта, жалшылықта өтті. Байдың малын бақты. 1903-1907 жылдары мектепке оқуға барады. Ақтөбе екі жылдық орыс-қазақ училищесін үздік бітіреді. 1912 жылы Орынбордағы мұғалімдер семинариясына түседі.

1916 жылы революционер Әліби Жангелдинмен кездеседі, тапсырма алады. Алғашқы партия ұясын құрады. 1918 жылы Орынборда ұйымдастырылған Торғай облысының І Советтер съезіне делегат болады, Торғай облыстық атқару комитетінің мүшесі болып сайланады.

 Атаман Дутовтың әскері ақтөбе қаласына қауіп төндіреді. Осы кезде Әлжан басқа жолдастарымен бірге барлау жұмысына араласады, қызыл әскерге көп жәрдем береді. Ақтар аңдып комиссар Әлжанның соңына түседі. Оны ұстап, азаптап өлтіреді. Сөйтіп, 25 жастағы Әлжан халықтың қамы үшін жастайынан басын оққа тігеді.

Республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында Әлжан Мағаджанов туралы көп жазылды.  

Қазақстан Ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бегежан Сүлейменов — асылдың ізі, алтынның сынығы, өмірдің қиындығы мен қызығын тең көрген адам. Жалпы Бекең туралы сөз айту, ой тұжырымдау оңай да, әрі қиын. Олай дейтінім: Бекеңнің өмірі мен еліне еткен қызметінің ауқымы кең. Бұл күрделі тұлға туралы айтқанда үсті-үстіне айта бергің келеді. Бекеңді еске алған сайын жүрегің жылып, кеудеңді мақтаныш пен қуаныш сезімі керней түседі. Ал қиын дейтінім: Ол — үлкен ғалым, алып жүректі адам, жанқияр тума. Сондықтан бұл алыптың қадір-қасиетін жан-жақты, жеткілікті қамту, шын бағасын беру оңай емес. Бұл тұлға терең толғануды талап етеді.

Бекең қазақ даласына атағы жайылған, атышулы Нияз бидің бел немересі, өзі айтқандай жеті атасына дейін би болған тұқымның түлегі. Көп жылғы тұрағы, оқыған жері Мәскеу, Ленинград, Алматы болса да, өзінің елін, кіндік қаны тамған жерін бір мезет те естен шығармаған, ана сүтіне, ата әруағына, ел салтына адал адам. Ауылымыздың ажары, абыройы, мақтанышы, сыртта жүрген ардақты ұлы.  

 

Біртуар едіңіз-ау!

 

Жиырмасыншы ғасырда біз ілгеріден үлгі танытатын, көшбастауға лайық жандармен қатар өмір сүру, етене жақын бола білу, сырлас бола білу бақытын бастан кешіппіз. Солардың ішінен Рамазан Нұржанов есімін ауызға алар едім. Мен оны әр қырынан — Рамазан Жәмиұлы ретінде де, Рекең ретінде де, үлкен мәдениеттің, терең білімнің иесі ретінде де, тарихшы, ғалым ретінде де, ұлттық озық құндылық пен асылдықты жаңаша жетілдіру, жаңаша оздыру қақында шежіреші ретінде де, ел ағасы ретінде де білетінмін. Біртуар едіңіз-ау! Туғасын солай туғанға не жетсін?!

Біз қырда туып едік. Қиял қуып ек. Қияға ұмтылып ек. Сіздер бастап едіңіздер. Біздер қостап едік. Алға бастаған әр қадамыңызға қуанып, өрге бастаған әр адымыңызға қызығып ек.

Шіркін, зымырап, зырлап, құйындай зулап өтіп бара жатқан уақыт-ай! Рекеңнің арамыздан кеткеніне де төрт жыл болып қалыпты. Тірі адамға уақыттың өлшемі жоқ-ау. Бірақ өткен өмірлік сүргелең жағдайларды есіңе алғанда, сол уақыттың қалайша тез өтіп кеткеніне таң қаласың. Рекең — туған өлкесінің, аймағының, өз халқының ең жарқын болашағы үшін өлшеусіз тер төгіп, көп еңбек сіңіре білген адал ұлы екені ақиқат. Ол ар ойлап, дүниеге бой алдырмаған, кісілігі мен кішілігін биік қоя білген.

Жыл санап қайтеміз. Адам ғұмыры қашан да қысқа ғой. Жол санап, қанша белестен өткеніңізді, қандай биікке жеткеніңізді мөлшерлеп көрген жөн сияқты.

Реке, сіз, жаратылыстың өзі де жасығанды жұбатып, шашылғанды жинасып, жығылғанды тіктесін деп жіберген ұрпақтан едіңіз. Сол себепті Сіздің құрдастарыңыз Мұхамбетқазы Тәжин, Әбдірахман Шолақов, Дәулет Үмбетжанов, Бибітәлі Оразаев, Кеңес Биекенов… сынды басқалары да шетінен мықты, шетінен тұлғалы едіңіздер. Олар шын мәнінде өз заманының, өз халқының адал перзенті бола білгендер.

Табиғат пен тарихтың сол көкейтесті тапсырмасы мен үкілі аманаттарының талайын ойдағыдай орындадыңыз. Елді алға сүйредіңіз. Тарих деп аталатын талғампаз ұстазыңыз да мектеп қабырғасында жүргенде-ақ әр сабағын сираттың көпіріндей сын кезеңге айналдырып, өзінің алдынан аман өткен шәкіртті қай тосқауылға салса да төтеп бере алатындай қапысыз шыңдап ұшыратын, сол жан-жақты асыл тағылымы кейін кез-келген ауыр қиындық кездескен сәтте қолтығыңнан демегендей, шарапатын тигізіп, былайғылар сасқалақтайтын жерден састырмайтын сарқылмас сабыр, абыржытпайтын ақыл боп бұйырған жарықтық мектеп ұстаздарынан бастап, Алматы, Мәскеу, Қазандағы талай жоғары мәртебелі ұстаздарыңыздай Сізге тек «бестіктен» басқа баға қоя алмасы кәміл.

Зейінді зердеңізді кешегі текті би ата-бабаларыңыздай әрі шалқар мол, әрі тұңғиық терең жаратқан. «Батырға оңы мен солы бірдей» дегендей, екі тілде бірдей сайрай білетін, көп білетін, көпшіл азамат, су төгілмес жорғадай шешен едіңіз.

Бір ғажабы, Рекең ұлттық асыл жөн-жоралғыны ұшқыр күйде меңгере білгендіктен болса керек-ті, өзінің жеке отбасы дастарханынан Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевқа дәм-тұз татқыза білуге Аллаһ нәсіп етіпті. Себебі СОКП Орталық Комитетінің Саяси бюросының мүшесі ретінде Қонаев іссапарында жүргенде, тек әдейі жасақталған қонақ үйден басқа жерге баруға қатаң тиым салынатыны белгілі. Сол себепті Димекең де ешқашанда жеке үйге бармайды. Дәрігердің рұқсатынсыз жеке үйдің дастарханынан дәм-тұз татуға мүлде болмайды. Әйтсе де, дипломат Рекең пенде Димекеңнің әлсіз жерін, ең өзекті кілтін тауып, нәзік қылын дөп баса біліп, оның сезімтал жүрегін жаулай білген жан.

Рекеңнің жүзінен нәрі, мейірімнің балы тамып тұрушы еді. Алды әрқашанда әрі жылы, әрі жұмсақ болатын. Қарапайым, күлкісінен мейірім, шапағат шашылып тұратын. Рекең күлгенде тоң жібіп, мұз еріп, әлемнің өзі түгел күлгендей болушы еді.

Реке, Сіз шалғайдағы Қорғантұзда қатардағы ұстаздықтан бастап, Шалқар ауданында комсомолдың бірінші хатшысы, Шалқар аудандық партия комитетінде екінші хатшы, Қарабұтақ, Байғанин, Темір аудандарында аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшысы болып ұзақ жылдар бойына абыройлы қызметті атқара жүріп, әрдайым биіктен көріне білдіңіз. Алматы, Мәскеу, Қазан қалаларында СОКП Орталық Комитетінің Жоғары партия мектебін үздік бітірушісі, облыстық Саяси-ағарту үйінің айтулы директоры, облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары… сияқты аса жауапты сан алуан қызметтің ең жоғары үдесінен шыға біліп, облыс көлемінде де, республика аумағында да орасан зор беделге ие бола білгендігіңізге куәміз. Одақтық, республикалық партия съездеріне тұрақты түрде делегат, бірнеше рет депутат болып сайландыңыз.

Осынау ел, халық, қоғам алдындағы күрделі міндетті ұшқыр ұйымдастырушылық пен аса айрықша жауапкершілікке қоса ғылыми жұмыспен де шұғылданып, кандидаттық диссертацияны Алматыда ойдағыдай қорғадыңыз.

Зейнеткерлік демалыс кезінде де жанталасқан тынымсыз еңбек пен арпалысты ізденістеріңіз бұрынғыдан да бетер күшейе түсті. Бірнеше көлемді кітап жазып, жарыққа шығардыңыз. Елдің рухани игілігіне айналдырдыңыз. Қоғамдық жұмыстарыңыз күрделене түсті. Соңғы кезеңде ұлы текті ата-бабалар  Тілеу-Қабаққа қатысты ұшы-қиыры жоқ, ұлағаты орасан зор ең өзекті елдік шаруа, сын сағаты басталды. Жасалған жобаның тәлім-тәрбиелік салмағы да, пәлсафасы да ұшан-теңіз. Қысқасы, Реке, Сіз басшылық қызметте болған жылдар аумағы аралығында жасымыз есейіп, самайымыз ағарған біздердің, еліміздің қаншалықты жеңісті жетістіктер мен биіктерге қол жеткізгені, өскені, өркен жайғаны, ел ырысының еселенген тұстары көз алдымызда. Жалпы, еліміздің басынан кешкен нәубетті қасіреттері аз болған жоқ.

Қай жерде жүргендігімізге қарамастан бір-бір жүлгенің бойында бір-бір шідерге байланып тұрғандар бір-бірінің төбесін көргенде де төбелері көкке жетіп қалады. Біздер де алдымыздағы ағаларға солай едік-ау. Бір-біріміздің көздің сұғынан, сөздің уынан аман жүргендікке қуанатын едік-ау… Әрқашанда ебелектей елпілдеп, желкілдектей желпілдеп қалатынбыз.

Бірде дастархан басында Сіз: «Біз соңымыздан еріп келе жатқан өзім өскен ауылдың жастарын, өзіміздің баяғы ауылдың балалары ғой деп жүре қарауымыз әрі қате, әрі қиянат екен» деген ұлағатты сөзіңіз әлі күнге есімде. Демек, кез-келген талантты, талапты жастарға дер кезінде көмек қолын соза білу, үнемі көземелдеп, қамқорлық жасай білу, хан ете білу, ел болып оларды бағалай білу, құрметтей білу көреген текті ірі кісіліктің келбеті екендігін ұқтырдыңыз. Өйткені, олар ел үшін ешқашан да таусылмас әрі мәңгі байлық, әрі теңдесі жоқ зор бақыт екенін санаға құйдыңыз.

Рекең қашанда бүгінгі қоғамымызды, ұлтымызды жайлаған тексіздікке, ұлтсыздыққа, ұятсыздыққа, намыссыздыққа, білімсіз мәңгүрттікке, құл-құтаңдыққа, жұмыссыз қаңғыбас бұралқылыққа, отансыздыққа, екіжүзді опасыздыққа, жағымпаз сатқындыққа… аса ерекше күйде алаңдайтын, жүрегі қан жылайтын еді. Бүкіл елді өртше қаулаған дәстүрлі өңшең сыбайлас, жемқорлық пен парақорлыққа қатысты жер шұқитын, тығылар тесік таппайтын.

Бұл дүниеден армансыз өткен кім бар дейсіз. Сіздің ішіңізде де талай арман кеткені анық. Ақмоладағы ауруханада ем-дом алып жатқан кезде мен әдейі қоңырау шалған болатынмын. Сонда: «Молдағали, осы сырқаттан аман-есен айығып кетсем, өзіңді шақырып алып, ақылдасар да, елді жұмылдырар да өзекті шаруа көп, өзіңмен бөлісер ойым бар» деп едіңіз-ау. Сол сәтте біз де ем-домның шипа болуын тіледік. Қайран, дүние-ай, дәм-тұзыңыз ерте таусылып, уәдеге жете алмадыңыз. Тағдыр бізді кездестірмеді. Бәлкім, ол шаруа жайлы аяулы асыл, адал жан-жарыңыз Ақпатша білер.

Ел анасы туған жер, Ер анасы туған ел. Сол туған елінің ең жарқын бақытты болашағы үшін аянбаған, тартынбаған, шаршауды білмеген Алаштың біртуар перзенті Рекең, Рамазан Нұржанов жайлы көкейде жүрген қысқа ғана үзік сырды сүйікті қалың оқырманыммен бөлісудің сәті түсті ғой деймін. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» демекші, Рекеңнің де қалдырған азаматтық ізі, тындырған қайраткерлік ісі өлмек емес.  Біз ендігі жерде  Рекеңмен  мақтана алатын да,  марқая алатын да боламыз.

Рамазан Жәмиұлын білетін қауым бүгінгі таңда да оны сол өзі көтерілген қандай мінбердің болса да абырой-беделін асыра алардай, ұлттың мерейін көкке асқақтата алардай біліп айта алатын, тауып айта алатын, қайткен күнде де ұлттық істің көзі мен тетігін тауып, жасампаз асылдыққа жеткізе алатын дағдысымен, жарқын жүзбен халық алдында сөйлеп тұрғандай сезінеді.

 

Молдағали МАТҚАН.

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button