Туған өлкенің суреттері

Достық үйінде Елорданың 15 жылдық мерейтойына арналған «Туған өлкем — танымал да ғажайып» атты жас фотографтардың байқауы өтті. Шараны облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының тапсырысымен «Контакт» зерттеулер мен жобалар орталығы» қоғамдық бірлестігі өткізді.
Шараның мақсаты — жас фотографтардың арасында өз еліне, жеріне деген патриоттық сезімді арттыру, байқау арқылы олардың бір-бірімен араласуына ықпал ету, мәдени шараларға белсене қатысуына мүмкіндік жасау. Байқауға облыс аудандарынан жас фотографтар қатысты. Талап бойынша қатысушылар туған ел, туған жер тақырыптары бойынша және ауылдың тұрмыс-тіршілігін көрсететін суреттерді ұсынды. Байқауға ұсынылған жұмыстарды «Ақтөбе» газетінің фототілшісі Хайреден Раушанов пен «Актюбинский вестник» газетінің фототілшісі Максим Токар секілді тәжірибелі фотографтар бағалады. Байқау қорытындысында облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының бас маманы Людмила Бөрібаева жастарға шығармашылық табыс тіледі, ал «Контакт» зерттеулер мен жобалар орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлдана Мұрзагереева бұндай шараның алдағы уақытта да жалғасын табатынын айтып, жастарды белсенді болуға шақырды. «Ақтөбе» газетінің фототілшісі Хайреден Раушанов жастарға сәттілік тіледі. Бұдан соң жеңімпаздарға арнайы диплом мен сыйлықтар табыс етілді.
Жеңімпаз жастардың шығармалары көрмеге қойылды. Оның ішінде Алға ауданынан қатысқан Медет Нұғымановтың, Шалқар ауданынан қатысқан Александр Моисеенко мен Қарғалы ауданынан қатысқан Әділбек Сандыбаевтың табиғат, ауыл тақырыбында түсірген суреттері көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Ал Байғанин ауданынан келген Ертай Тапаев бұндай байқауға алғаш рет қатысып отырғанын айтты.
— Суретке түсірумен айналысқаныма көп уақыт бола қойған жоқ. Аз уақыт өтпей-ақ бұл кәсіптің қыр-сырын меңгеріп алдым. Қазір аудандағы «Жем-Сағыз» газетінде фототілші болып жұмыс істеймін. Бұндай байқау менің шығармашылығымды арттыра түседі, — дейді Ертай.
Шараның соңында жеңімпаздар естелік суретке түсіп, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Кәмшат ҚОПАЕВА.




