Тілдер күні тойланды

Қазақстан халқы тілдерінің күніне орай өткен аптаның жұма күні Ақтөбе қаласындағы ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев атындағы орталық саябақта салтанатты шара өтті.
Шараға облыстағы бірқатар басқарма, мекеме басшылары мен білім беру, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, этно-мәдени бірлестіктер мүшелері, студенттер қатысты.
Жыл бойы жасалған жұмыстардың қорытындысы ретінде ұйымдастырылған шарада облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлайым Төлебаева сөз сөйледі.
Келтірілген статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қазір облыста қазақ тілін меңгергендердің үлесі — 81,5 пайыз. Ал тұрғындардың 91,5 пайызы орыс, 27,3 пайызы ағылшын тілдерінде еркін сөйлейді. Облыста үш тілді қатар меңгергендердің үлесі әзірге — 3,5 пайыз.
Қазір облыста 18 этно-мәдени бірлестік тіркелген. Аймақта өзге ұлт өкілдерінің ана тілдерімен қоса қазақ тілді оқуына жүйелі түрде мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Бұл мақсатқа 2005-2013 жылдар аралығында облыстық бюджеттен 35 миллион теңге қарастырылыпты. Нәтижесінде 2000-нан астам өзге ұлт өкілдері оқыту курстарынан өткен.
Салтанатты шарада мемлекеттік тіл саясатын жүргізуге белсене қатысқан бір топ азаматтар облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатованың және басқарма бастығының атынан Алғыс хаттар мен бағалы және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Олардың қатарында облыстық «Ақтөбе» газетінің бөлім бастығы Мейрамгүл Сатаева мен газет тілшісі Арайлым Нұрбаева бар.
Мерекелік шара жергілікті өнерпаздардың ән-жырын тамашалаумен жалғасты.
Алла ЖАРЫЛҚАСЫН.



