Жаңалықтар

Аймақтың басты жаңалығы

ТЕЛЕКӨПІР:

ЕЛБАСЫ НЫСАНДАРДЫ ҚАБЫЛДАДЫ!

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ,

«Ақтөбе»

Хромтау қаласының терістігінде Дөң тау-кен байыту комбинатының тағы бір байыту кешені  бой көтерді. Кеше сол жаңа нысанның  өндірістік алаңында Астана күніне арналған салтанат өтті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың он-лайн режиміне қатысуымен күйдірілген хром шекен тастарын (окатыш) өндіретін фабриканың екінші кезеңі іске қосылды.

Комбинаттың өндірістік алаңында негізінен кеншілер мен металлургтер сап түзеп тұрды. Олар қолдарына ұрандар көтерген. Сондай жазулар қабырғаларда да  бар. Олардан «Елбасына ақтөбеліктерден сәлем!», «Қазақстан Республикасының даңқы арта берсін!», «Елбасының Жолдауы – халқымыздың қолдауы!», «Индустиялық-инновациялық жобалар Стратегиясы – болашақтың бағдарламасы!» деген жазуларды оқуға болады. Қарсы бетке, одан да гөрі биік жерге Нұрсұлтан Назарбаевтың «Біз индустриалдық- инновациалық дамуды ыждағаттаудың бес жылдығын бастаймыз!» деген сөзі ілінген. Алаңға екі алып  телеэкран орнатылған. Оның бірі Астанадағы, екіншісі алаңдағы көріністі көрсетіп тұрды.

Белгіленген сағатта Астана біздің облыстың Хромтау ауданымен, дәлірек айтсақ, аталған өндірістік алаңмен тікелей телекөпір арқылы байланысқа шықты. Экраннан көрінген Елбасыны алаңға жиналған халық зор қошеметпен қарсы алды. Бұл кезде алаңдағы мінберде тік тұрған облыс әкімі Елеусін Сағындықов Елбасына Дөң тау-кен байыту комбинаты «Қазхром» ТҰК» акционерлік қоғамының күйдірілген хром шекен тастарын өндіретін фабриканың екінші кезеңінің құрылысы туралы баяндай бастады.

Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Бүгінгі күні Ақтөбе облысында  оннан астам индустриялық-инновациялық жоба іске қосылуда, – деп бастады сөзін әкім. – Жыл аяғына дейін тағы осындай жалпы құны 1,6 млрд. доллар тұратын 35 жоба жүзеге асырылып, 5 мың жаңа жұмыс орны ашылады.

Сол нысандардың бірі – осы біз тұрған Дөң тау-кен байыту комбинатының күйдірілген хром шекен тастарын өндіретін фабрикасы. Мұнда хром саласындағы әлемдік тәжірибенің ең алдыңғы қатарлы технологиясы енгізілген.

Фабриканың қуаты жылына 700 мың тоннаны құрайды.

Осы жерде әкім фабриканы іске қосу құрметі комбинаттың ардагері Афанасий Томнюкке көрсетіліп отырғанын хабарлады. Ардагер кенші телекөпір арқылы Елбасымен жүздесіп, мемлекет тарапынан жасалып отырған қамқорлықтарға кеншілер атынан алғысын білдірді. Кеншілер мен металлургтердің жаңа да жас буыны табыс биігінен көріне береді деп сендірді. Жаңа фабриканың өндірістік қадамына сәттілік тілеп, фабриканы қозғалысқа келтіретін алдындағы тетікті іске қосты. Екі жақ та мұны қол соғып қуанышпен қарсы алды.

Облыс әкімі Елеусін Наурызбайұлы Елбасына бұл жердегі жұмыстың мұнымен шектелмейтінін мәлімдеді.

Осымен қатар жылына қуаты 1 млн. тонна хром кенін байытатын екінші фабрика іске қосылады. Ол қордаланып қалған ұсақ кендерді өндірістік игерудің проблемаларын шешуге мүмкіндік береді. Мұнда қосымша 50 млрд. теңгенің өнімі өндірілетін болады, – деді әкім.

Сөзінің соңында облыстың бірінші басшысы Елбасына: «Сіздің тапсырмаңыздың орындалғанын мәлімдегім келеді. Бірінші жарты жылдықта өнеркәсіп кәсіпорындары шығарылған өнімнің жалпы көлемінің деңгейін өткен жылғы кезеңге жеткізді», – деп хабарлады.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы өз кезегінде Елеусін Наурызбайұлына ықылас білдіріп, кеншілерді, барлық ақтөбеліктерді Астананың туған күнімен және жаңа өндірістік нысандардың іске қосылуымен құттықтады. Баршасына жаңа табыстар тілеп, Мемлекет басшысы индустриялық-инновациалық жобалар мен технологияларды енгізудің маңызын тағы да атап көрсетті. Және бұл мәселелерді шешудегі Ақтөбе облысында жүргізіліп жатқан жұмыстарға қанағаттанғандығын білдірді.

Салтанатты жағдайда Дөң тау-кен байыту комбинатының аға жұмысшысы Ерсайын Сағитовқа сөз берілді. Ол жаһандық экономикалық дағдарыс жағдайында да өндірістің өзінің қуатын сақтап қана қоймай, ауқымын кеңейте түсуі Елбасының сара саясатының нәтижесі екенін айтты. Өткен жылдары дағдарыстың салқыны сезілгенмен, өндірістің соңғы айларда тез қалыпқа түскенін айтып, бұған жұмысшы қауымының ризашылығын білдірді.

Қандай қиындық болса да кеншілердің тұрмысы, әл-ауқаты кемімегенін баян етті. «Бүгінгі салтанаттың өзі дағдарыс бұлтының шын сейіле бастағанын көрсете алады», – деп мәлімдеді.

Телекөпір аяқталғаннан кейін де жиналған қауым тарауға асықпады. Енді жиын Дөң тау-кен байыту комбинаты «Қазхром» ТҰК» акционерлік қоғамы күйдірілген хром шекен тастарын өндіретін фабриканың екінші кезеңінің іске қосылуына арналған митингіге ұласты. Салтанатқа тек хром кенін өндіру және өңдеуге қатысты адамдар ғана емес, облыс, аудан басшылығы түгел қатысты.

Жиналған қауым тағы бір үлкен өндірістік нысанның дүниеге келуінің куәсі болды. 17 млрд. теңге көлемінде инвестиция салынып отырған фабрика әлемдегі ең қуатты һәм заманауи технологиямен жабдықталған. Жоба құны 111,0 млн. АҚШ долларын құрайды. Тек осы фабриканың іске қосылуымен жаңадан 120 жұмыс орны ашылды.

Әрине, бұл фабриканың өнімі шетелдерге, бірінші кезекте ТМД елдеріне шығарылады. Оның өніміне зәрулік бұл елдердің қай-қайсында да қазір байқала бастаған. Сонымен бірге күйдірілген хром шекен тастарын өндірудің жаңа технологиясын енгізу, 0-10 мм ұсақ класты кеннің жиналып қалған қорын өнеркәсіпте игеруде кездесетін мәселелерді шешуге және еліміздің ферроқорытпа зауыттары үшін кесек кендерді жеткізудегі тапшылықты қысқартуға мүмкіндік береді.

Іске қосылған жаңа кәсіпорынның тағы бір қуантатын жағы сапасында десек, қателеспейміз. Ол республикадағы өнеркәсіптік кәсіпорындардың арасында бірінші болып сапа саласындағы әлемдік ең жоғары талаптарға, шығарылған өнімі халықаралық стандарттар нормасына сәйкес болып отыр. Мұнымен бірге қоршаған ортаны қорғау және еңбек қауіпсіздігіне сәйкес «TUY cert» фирмасының сертификатын алған.

Астана күніне арналған салтанатқа байланысты өткен Дөң тау-кен байыту коминаты алаңындағы осы салтанатта  облыс әкімі Елеусін Сағындықов жиналғандарды алдағы мерекемен құттықтап сөз сөйлеп, аймақта атқарылған жұмыстарды баяндады. Өндірістің алдында тұрған міндеттерге тоқталды. Негізінен біздің аймақта дағдарыс салқынын тау-кен өндірісі, мұнай өндіру кәсіпорындары сезінгенін атап көрсетті. «Дегенмен мұның бәрі арта қалды деуге әбден болады», – деп мәлімдеді ол. Қазір өндірістің барлық саласы табысты жолға түсті.

Әкімнің сөзін салтанат соңында журналистерге берген сұхбаттарында «Қазхром» ТҰҚ» акционерлік қоғамының президенті Виктор Тиль, комбинаттың басқа да басшылары бекіте түсті.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button