Бала құқығы қорғалады

«Үміт» сәбилер үйінде Ақтөбе қаласы әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Басқосуда «Үміт» сәбилер үйі мен Алға облыстық балалар үйінің жағдайы сөз болды.
Жиында комиссияның төрайымы Айгүл Арынғазиева дөңгелек үстелді ұйымдастырудағы мақсат — кәмелеттік жасқа толмағандардың құқықтарын қорғау, балаларға әлеуметтік, психологиялық тұрғыдан қолдау көрсету екенін айтты.
Қазіргі таңда «Үміт» сәбилер үйінде 64 бала тәрбиеленіп жатыр. Сәбилер үйінің директоры Қуаныш Сұлтановтың айтуынша, өткен жылдармен салыстырғанда тастанды балалардың саны азайған. Алайда кемтар болып туған балалар саны азаймай отыр.
— Бұл жерде 3-4 жасқа дейінгі балалар тәрбиеленеді, яғни денсаулығында кемшілігі бар, мүгедек және әр түрлі жүйке жүйесі, ми сал ауруларына шалдыққан балалар емделеді. Баланың денсаулығы жақсы болса, төрт жастан кейін Алға балалар үйіне жіберіледі. Ал денсаулығы нашар балалар Тамды балалар үйіне барады. Сонымен бірге мүмкіндігі шектеулі балалар Астана, Қызылорда қалаларындағы арнаулы интернаттарда емделеді. Жалпы балаларды сауықтыруға, емдеуге қажетті медициналық көмектен ешқандай кедергі жоқ. Барлығы облыстық бюджет арқылы қаржыландырылып отыр, — деді Қуаныш Сұлтанов.
Сәбилер үйінен елімізден бөлек шет елден келіп бала асырап алатындар бар. Биыл екі сәби Канадаға аттаныпты. Баласынан бас тартатындардың көпшілігі жалғыз басты аналар. Олардың бірі бұл жерге баласын уақытша әкеліп кейін алып кетсе, енді бірі әкелген соң хабарсыз кетеді екен. Бұндай із-түзсіз жоғалып кеткен аналар соттың шешімімен ата-ана құқығынан айрылады.
Сәбилер үйінің емдеу ісі жөніндегі бас дәрігердің орынбасары Гүлнар Төлебаеваның айтуынша, бүлдіршіндердің көпшілігі туа бітті ауруға шалдыққандар. Нәрестенің кеміс болып тууы ана денсаулығына тікелей байланысты. Осы мәселеге тоқталған Гүлнар Көптілеуқызы бала құқығын қорғауға қатысты атқарылып жатқан шаруаларға тоқталды. Бұдан соң Алға облыстық балалар үйінің директоры Кенжеғазы Байғазин балалар үйіндегі ахуалды сөз етті. Жиын соңында Айгүл Арынғазиева бүлдіршіндерге түрлі-түсті ойыншықтар табыс етті. Бұдан кейін комиссия мүшелері сәбилер үйін аралап шықты.
Кәмшат ҚОПАЕВА.



