«Баласы мен батақтың атым сары…»

Әйтеке би ауданының орталығы Комсомол селосында әнші, ақын, композитор Сары Батақұлының туғанына 150 жыл толу мерекесіне орай облыстық дәстүрлі әншілер байқауы болып өтті.
Сары Батақұлы 1863 жылы Шалқар ауданындағы Шеңгелши деген жерде дүниеге келген. Халық аузында Батақтың Сарысы деген атпен қалған Сары — әнші, ақын, композитор ғана емес, тәуелсіздік күрескері ретінде де тарихта қалған тұлға. «Баласы мен Батақтың атым — Сары…» деп келетін Сарының әнін кезінде Ғарифолла Құрманғалиев репертуарына қосқан болатын.
Академик Ахмет Жұбанов «Заман бұлбұлдары» атты кітабында Батақтың Сарысы туралы мағлұматтар берді. Сондай-ақ «Сары» атты музыкалық пьеса жазды.
Үстем тап өкілдеріне қарсы болған бір жанжал кісі өлімімен аяқталады. Кісі өліміне Сары кінәлі деп табылып, Жармола, Орынбор, Орск түрмелеріне қамалады. Түрмеден оралмайды. Патша әскерінің қолынан қаза табады.
Сары өмір бойы ғашық болып өткен Қосанға арнаған «Қыз Қосан» әнімен де танымал. «Дариға», «Әридау», «Дүние», «Сарының Сібірге айдалып бара жатқандағы әні», «Туған ел» секілді әндері халық жадында қалды.
Комсомол селосындағы Мәдениет үйінде өткен байқауға 7 ауданнан әншілер қатысты. Олар Сары Батақұлының бір шығармасын және өз қалауы бойынша бір шығарма орындады.
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Хайдар Өтеғалиев төрағалық еткен әділқазылар алқасының құрамында айтыскер-ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Нұрлыбек Қалауов, Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония әншісі Ғазиза Сарқытбаева секілді танымал өнер иелері болды.
Байқау қорытындысында Мәртөк ауданына келген әнші Әділет Күзенбаев Бас жүлдені жеңіп алды. Бірінші орынды Тілектес Доржан (Ойыл), Ермек Мұңсызбаев (Хромтау), екінші орынды Әсем Базарова (Ойыл), Асылхан Дәрібаев (Шалқар), үшінші орынды Естай Өтеулиев (Хромтау) және Заманбек Жәмиев (Әйтеке би) иеленді. Оларға тиісінше ақшалай сыйлықтар тапсырылды. Сондай-ақ Сары шығармаларын орындаған бірнеше өнерпаз арнайы жүлделермен, ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.
Бас жүлде және 1-2 орын алған әншілер 13 қыркүйекте Шалқар ауданында өтетін республикалық байқауға жолдама алды.
Облыстық мәдениет басқармасы, облыстық халық шығармашылығы үйі және Әйтеке би аудандық әкімдігі ұйымдастырған бұл байқау «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында өтті. Және әнші, ақын, композитордың шығармашылығын насихаттауға арналды.
Бердібай КЕМАЛ.




