«АВ» экспедициясы 657 Метр биіктікте

Батыс Қазақстанның ең биік нүктесі — Үлкен Боқтыбай тауына «Актюбинский вестник» газетінің 95 жылдығы құрметіне естелік белгі қойылды. Оны «АВ» журналисі және облыстық туризм федерациясының қызметкерлері орнатты.
Із қалдыру
Үлкен Боқтыбай тауына шығу идеясы қыс кезінде туындаған болатын. Бірақ ауа-райының қолайсыздығына байланысты сапар кейінге, жазға қалдырылды.
Тауға шығу сапарының ұйымдастырушыларының қатарында облыстық туризм және тауға өрмелеу федерациясының президенті Гүлнар Қартанова және оның командасының мүшелері болды. Өйткені тауға өрмелеушілердің тәжірибелері бар, табиғаттың тосын құбылыстарына қарсы күресе алады. Олар кедергілерді жеңіп қана қоймай, алғашқы дәрігерлік көмек көрсету, сондай-ақ қолайсыздықтарға қарамастан ас әзірлеудің жолдарын біледі.
Сонымен Үлкен Боқтыбайда қандай із қалдырамыз деген сұрақ туындады. Жоспарда жалау, баннер, естелік белгі болды. Тіпті тасқа «АВ-95» деп жазса қалай болады деп те көрдік. Ақыры плитадан естелік белгі қоюға шешім қабылдадық. Мұндай белгі жасауға «Гранит» өндірістік кәсіпорнының директоры Али Магомедов қол ұшын берді.
Алға, Боқтыбайға!
5 маусымда таңертең құрамында сегіз адам бар экспедиция Үлкен Боқтыбайға қарай жолға шықты. Бұл тау туралы аса мардымды хабарымыз жоқ еді. Тек Википедияда: «Үлкен Боқтыбай — Ақтөбе облысындағы биіктігі 657 метр тау шыңы. Ортапалеозой заманына жатады. Тау биіктіктері өзендермен бөлінген. Өзендер жаз айларында кеуіп кетеді, даланың жусанды шөптері және сирек бұталар өседі. Етегі мал жайылымы үшін пайдаланылады», — делініпті. Үлкен кеңес энциклопедиясында да осындай мәтін жазылған.
Тау туралы дерек алу үміті тек ауыл ақсақалдарына артылды. Ал таудың орналасқан дәл биіктігін тауып алу өз алдына бір мәселе.
Ағылшындар Бершүгірде
Жолсыз далада бірнеше сағат жүріп келе жатып, жол жиегінде отырған екі жас жігітті көрдік. Экспедиция мүшелерінің бірі: «Мыналар шетелдіктер ғой» деп айқайлап жіберді. Бұрылып әлгілерге бардық. Шетелдіктер екен.
— Хэллоу! — деп әңгімені бастады экспедиция мүшесі Евгений Тенекин.
— Хэллоу! — деп қонақтар жауап берді.
Әңгіме барысында Киран және Арджун атты екі жігіттің Ұлыбританиядан екені белгілі болды. Олар Англиядан жаяу шығып, Австралия арқылы бүкіл Еуразиядан өтіпті. Жолда ешқандай көлікті пайдаланбапты. Тек Ла-Манш бұғазынан өтер кезде ғана теңіз көлігіне отырған.
Қазақстанға дейін бұл екі жігіт бір жыл жүріпті. Енді 24 ай саяхаты қалған.
Мұғалжар шыңында
Тауға дейін аз ғана шақырым қалғанда бізді Бершүгір және Мұғалжар ауылдарының әкімдері Темірлан Назаров пен Ғалым Дәрімбетов күтіп алды. Олар тауға қатысты барлық бағыттарды қысқа жолмен көрсетуге тырысты. Соңғы оңтүстіктегі биіктік негізгі болып таңдалды.
Ауыл әкімдері бізді таудың биіктігіне мүмкіндігінше көлікпен жеткізді. Әрі қарай жаяулатып кеттік. Тауға шығу оңай емес, оның үстіне көтерген гранит плитамыз тағы бар. Өте қиын болды.
Гранит тасты көтерудің жолы табылды. Экспедиция мүшелері қайыңның бірнеше кепкен ағашын тауып алды. Содан сол ағашқа плитаны жатқызып, көтеріп жүрді.
Он минуттай жүргеннен кейін аяқ ағаш болып қатып қалды. Футболдың толық бір матчын ойнап шыққандай күйге түстім. Басқалар да сондай ауыртпалықты сезінді. Былай қарасаң, шың мына тұрған жер сияқты. Бірақ жеткізіп болмайды. Биік шатқалдар, тіке құздар да кездесті. Тау-тас кедергісін былай қойғанда, жыландардың ұялары адам бойын тітіркендіреді. Қуанышымызға қарай, жылан кездеспеді.
Демалған уақыттарымызды қоспағанда 40 минуттан кейін экспедиция мүшелері шыңға шықты. Алғашқы алған әсеріміз таудың тамаша көрінісі болды. Оны сөзбен айтып жеткізу қиын. Жазық даланың төрт бұрышын да көріп тұрмыз. Таудың таза ауасымен терең бір демалып, рахаттанып қалдық. Туған елімізге деген мақтаныш сезімі оянды.
Шыңда қирап қалған әскери бақылау бекеті бар екен. Темірлан Назаров бізге бұның Ембі-5 әскери қалашығынан қалған белгі екенін айтып түсіндірді. Одақ құлағаннан кейін бұл әскери базаның да ештеңесі қалмаған. Аңыз бойынша, осы жерде Боқтыбай деген бақташы өлтіріліпті.
Делегация мүшесі, Хромтау мектебінің мұғалімі Сабыр Тұрмұхамбетов Үлкен Боқтыбай тек Ақтөбе облысының ғана емес, сондай-ақ Қазақстанның батысындағы ең үлкен шың екенін айтты. Оның айтуыншы, Үлкен Боқтыбай бірнеше миллион жылдан бері бар. Мұғалжар тауы әлемдегі ең ежелгі таулардың бірі.
Кімге солтүстік, кімге оңтүстік
Енді гранит плитаны орнататын орын іздедік. Экспедицияның кейбір мүшелері дәл қорғанның өзіне орнатайық деді. Бірақ бұл этикаға байланысты қабылданбады. Көп ойлана келе қорғаннан төменірек, көрінетін жерде орнату керек деген тұжырымға келдік.
Алдымен сапер күрегімен жерді қазып, плитаның төменгі жағын берік орнаттық. Сосын плитаны жан-жағынан тастармен бекіттік. Осы жерде Сабыр Тұрмұхамбетов тастан компас жасау туралы ұсыныс жасады. Жарты сағаттан кейін тастан жасалған компас та дайын болды. Плитаның төменгі жағы батысты, жоғары жағы шығысты, оң жағы солтүстікті, сол жағы оңтүстікті көрсетеді. Экспедиция мүшелері келесі жылы да осы тауға келіп, компасты бетондауға уәде етісті.
Тау етегінде
Өзіміздің басты міндетімізді орындағаннан кейін төмен қарай түсе бастадық. Төменге біз оңтүстікпен емес, солтүстік қанатпен түстік. Өйткені бұл шатқалды және тік тастар еді. Оң жағымызда көктем кезінде сарқырай ағатын өзен орындары көрінеді. Ол өзінің үлкен көлемімен көз тартты. Төменге түсу кезінде кеткен уақыт жоғары шыққан уақытпен бірдей болды. Жайлап түсіп отырдық, өйткені құлап кетуіміз әбден мүмкін еді. Жолда үлкен үңгірді көрдік. Шамасы ежелгі замандарда мұнда адамдар тұрса керек.
Төменге түскенше әбден шөлдедік. Шөлдің қысқаны сондай, тау етегінен тап-таза суы бар мөлдір бұлақ кездескенде қалай қуандық десеңізші! Бұлақ суы әлі мұз секілді, бірақ дәмі өзгеше. Қаталап тұрған адамның әсерін жеткізу мүмкін емес. Бұлақтың айналасын тазартып, ішіп қалғанымызда, су шекемізден шықты.
Бұл бұлақ суы осы маңдағы қалың қайыңды суарып жатты. Мұндай тамаша табиғат аясында шатыр тікпеу мүмкін емес. Солай істедік.
Ағайынды екі жігіт
Қайтар жолда экспедиция Ағайынды екі жігіт тауына бет бұрды. Бұл тау Үлкен Боқтыбайдан 40 километрдей жерде. Айта кету керек, қыс кезінде бұл жерде шаңғымен сырғанауға болады. Куршавелден кем емес. Ерте көктемде бұл жер кілем жайып тастағандай әсер қалдырады. Гүлдің, өсімдіктің неше бір түрі өседі.
Бұл тауға жету үшін бір сағаттан астам жол жүрдік. Тау ішіндегі көлдер әсерлі екен. Кеңес үкіметі тұсында мұнда бөгет жасалып, қиыршық тастарды шаюға пайдаланыпты. Кеңес үкіметі құлағаннан кейін жергілікті коммуникациялар да қираған. Бірақ көл сақталып отыр. Өйткені оған таудың ағын суы мен жаңбыр суы келіп құйылады. Жаңбыр демекші, алыстан бұлттың арасынан қарайған сызықтар пайда болды. Сөйтсек, жаңбыр екен. Бірнеше минуттардан кейін бұлттар бірігіп, үлкен бір бұлтты құрап, біздің жаққа қарай жөңкілді. Бір мезетте жаңбыр құйып кетті. Бірақ біз бұл кезде басқа жаққа кетіп үлгерген едік.
Асхат ҚАЛЖАНОВ.
Суретті түсірген автор.
P.S. «Актюбинский вестник» газетінің редакциясы Мұғалжар ауданының әкімі Серік Шаңғұтовқа және Шалқар ауданының әкімі Рахат Сыдықовқа экспедицияны ұйымдастыруға жәрдем бергені үшін алғыс айтады.



