Жаңалықтар

Шегірткемен күрес — қатаң бақылауда

 

Диқан қауымы үшін тағы да мазасыз кезең басталды. Бұның бір жағы қуаңшылық қаупімен байланысты болса, екіншісі егістіктің басты жауы — шегірткеге қатысты. Шегіртке саяқ күйінде де, үйірлеп те алқап біткенді аралауға көшті. Осыған байланысты облыстық штаб өз жұмысын жандандыра түсті. Облыс әкімінің орынбасары, облыстық штаб төрағасы Марат Тағымов өткен аптаның соңында Алға ауданында болып, шаруашылық жетекшілері, ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен шұғыл жиын өткізді.

Жиында агроөнеркәсіп кешеніндегі Ақтөбе аумақтық инспекциясының бастығы Оразбек Далмағамбетов жалпы облыс көлеміндегі шегірткенің жайылуы, онымен күрес мәселелері жөнінде баяндады. Егістің басты жауы болып отырған шегірткенің таралу аймақтары қатаң бақылауда ұсталып, соған қатысты тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. 

Алға ауданы аймағында мамыр айының орта тұсынан бастап итальяндық шегіртке дернәсілдерінің жер бетіне шығуы байқала бастаған. Саяқ шегірткелердің 10050 гектар алқапқа қоныстанғаны белгілі болды. Есеп беріліп отырған уақытта 4500 га алқапқа улау жұмыстары жүргізілді. Бұл — «Тоқпансай» ЖШС, «Энергия», «Төре К» шаруа қожалықтары, «Алғабас-Батпақты», «Алға-Ескендір» ұжымдары егіс салған аумақтар.

Аудандық бақылау әдістемелік орталығы филиалы ұсынған деректер, осы уақытқа дейін 84090 гектарға бақылау жұмыстары жүргізіліп, оның тең жартысына жуығы химиялық өңдеуге жатқызылғанын айғақтайды. Химиялық өңдеу жұмыстары авиациялық жолмен, сондай-ақ аэрозольді агрегатпен жүзеге асырылуда.

Шегірткелермен күрес жүргізу шаралары аудан әкімшілігінің жіті бақылауымен жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл туралы сөз алған аудан әкімі Айбек Сағиев аудандық штаб жұмысы жөнінде айтты.

Аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Қазмағамбетов шегірткелердің таралу аймақтары, оларды зерттеу, бақылау жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде баяндап берді. Осы күндерде ауданда 3 агрегат, бір ұшақ жұмыс істеуде. Сонымен қатар, бірқатар шаруашылықтардың өздерінде бар әр түрлі маркалы улағыштары іске қосылуда.

Әлі де алқаптарда бақылау жұмыстары жүргізілуде. Демек, химиялық өңдеу аймақтары ұлғая түсетіні сөзсіз. Осыған байланысты Марат Тағымов аудан басшылығына, шегірткелерді улау жұмыстарымен шұғылданатын мекеме басшыларына бүгінгі ахуалға қатысты нақты тапсырма беріп, орын алған проблемалардың дер кезінде хабарлануы, соған қатысты шұғыл шаралар алынатындығы жөнінде айтты.

Облыстық штаб жетекшісі бір рет өңдеуден өткен жерлерді қайталап тексеріп, егер шегірткенің өсуі байқалса, жаңадан улау жұмыстарын жүргізу қажеттігін тапсырды. Шегірткелермен күрес жұмыстарын жүргізетін «Ақтөбе Құнарлылық» ЖШС және «АЭРО» әуе компаниясы» ЖШС басшылығына қатаң талаптар қойылды.

… Қазіргі тұста облыстың басқа өңірлерінде де шегірткеге қарсы күрес жұмыстары қарқын алуда. Облыстық штаб мүшелері жан-жақпен байланысты күшейтіп, егістікті қатерден аман алып қалу жолында жұмыстар жүргізуде.

 

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.        

      

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button