Жаңалықтар

Шегірткелер «шабуылы»

 

«Алға ауданының егістіктері мен шабындықтарында шегіртке қаптап кетті. Оларды тез арада құртпасақ, ертең кеш болады. Зиянкестерді жою үшін шаруалардың күші жеткіліксіз. Сол себепті жұмыла күрескеніміз жөн. Ең бастысы, ұшақтармен у дәріні себу қажет». Бұл — редакциямызға қоңырау шалып  хабарласқан Алғадағы «Ескендір»  ЖШС-ның басшысы Бектұрған Ідірісовтің жанайқайы. Мән-жайдың анық-қанығын білмек ниетпен егістік алқабына жедел жеттік.

 

Бізді Алға қаласынан күтіп алған серіктестік басшысы Бектұрған Ідірісов Тамды селолық округі маңындағы егістігіне жол бастап барды. Жол бойында ол шегірткемен қалай күресіп жатқанын әңгімеледі.  

Осымен екінші апта — таң атқаннан күн батқанша тыным таппай, шамамыз жеткенше, зиянкестермен күресіп жатырмыз. Дернәсілдерін байқағаннан-ақ, у дәрі сатып алдық. Оны себу үшін 3 шағын техника да сатып алдым. Белгілі бір мөлшердегі у дәріні суға араластырып, егістікке бүрку керек. Айдалаға су тасу да оңай шаруа емес. 1 тонна су құйылған резервуарды «КамАЗға» тиеп апарамыз. Дегенмен, біз қанша тырыссақ та, шегірткелерге тойтарыс беру мүмкін болмай тұр, — дейді шаруа қожалығының иесі. Негізінен «Ескендір» ЖШС Алғадағы ірі шаруашылық  — «АкТеп» ЖШС-ның мал шаруашылығы кешеніне мал азығын дайындайды екен.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ірі шаруашылықтардың айналасына шағын шаруашылықтарды, қожалықтарды топтастыруды тапсырғаны белгілі. Сол себепті, біздің мекеме «АкТеп» серіктестігімен бірлесіп, жұмыс істеп жатыр. Қазір дәнді дақыл егістігін азайттық. «АкТеп» серіктестігі үшін мал азығын көбірек егуді қолға алдық.

Мемлекет тарапынан менің егістігімнің 300 гектарына химиялық өңдеу жүргізу жоспарланған болатын, дегенмен, қазіргі жағдайды ескеріп билік өкілдері 800 гектар алқапты улады. Бірақ бұдан пайда болмай тұр. Өйткені  менің егістігімнің айналасында басқа шаруа қожалықтарының егістіктері мен шабындықтары бар. Оларға химиялық өңдеу жүргізілмегендіктен, ондағы шегірткелер менің алқабыма да келеді. Яғни зиянкестердің түбіне жету үшін бір ғана қожалықтың учаскесін улау жеткіліксіз, барлық ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді улаған дұрыс. Шегіртке күн ысыған сайын көбейеді. Сондықтан  тез арада күш біріктіруіміз қажет. Бұл ретте ұшақпен у дәрісін бүркеу ғана нәтижелі болады. Әйтпесе, басқа техникадан пайда жоқ, — дейді Бектұрған Ідірісов.

Ол егістіктегі зиянкестің — итальян шегірткесі екендігін айтады. Елімізде  шегіртке тектес зиянкестердің 270-тен аса түрі бар екен. Оның 10-15 түрі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге қауіпті көрінеді. Соның ішінде ең қауіпті саналатындардың бірі — итальян шегірткесі. Шегіртке мақта, күнбағыс, жоңышқа, көкөніс және астық тұқымдастарды зақымдайды. Қиын тиетіні сол, зиянды шегірткелер мекендейтін алқаптар саны жылдан-жылға көбейіп барады. Қазір итальян шегірткесі Қазақстанның барлық аймақтарында кездеседі. Мамандардың айтуынша, шегірткенің бұл түрі әр аймаққа байланысты әртүрлі пішінде тіршілік етуі мүмкін. Итальян шегірткесінің түсі ашық қоңырдан қара қоңырға дейін өзгереді екен. 

Шегірткелер араға 10-12 жыл салып көбейеді. Зиянкестің дернәсілдері мамыр айының екінші жартысында шығады. 40-45 күнде қанаттанады. Жалпы шегірткенің дамуы 5 сатыдан тұрады. Олар екінші және үшінші сатыларында егістік пен шабын­дыққа мейлінше зиян келтіреді. Ал қазір егістікте қаптап жүрген зиянкестер —  дамудың екінші сатысына көшкен  шегірткелер.

Қазір шегірткенің 50 пайызы ғана жер бетіне шықты. Қалғаны көп ұзамай «шабуылға шығады». Ал біз болсақ,  жаудың жартысының өзіне тойтарыс бере алмай әлекпіз. Ертең олар бірігіп, лап қойса, құрдымға кететініміз анық, — деп қынжылды Бектұрған Ідірісов.

Жер жолмен сағаттан астам жол жүріп, Тамды селолық округі маңындағы «Ескендір» ЖШС-ның егістік  алқабына да келдік.

Расында, алқапта шегіртке қарақұрым екен. Ашық кеңістік түгілі, алаңқай жоқтың қасы. Зиянкестер егістікті тұтас «мекендепті».

  Мынау — таңертең мен улап өлтірген шегірткелер, — деп шаруа өлген зиянкестерді қос қолымен жинап көрсетті, — Шағын су бүркегіш техникалармен қаптаған шегірткенің бәрін бірдей жою мүмкін емес. Көрдіңіздер ғой, өлтіргендерімнен тірілері көп.  Бұлар әзірге шөптерді жайпап жатыр. Енді әрі кеткенде он шақты күннен соң еккен дәндеріміз көктейді. Соған дейін бұл зиянкестерді құртып үлгермесек, әбден кеш болуы мүмкін, — дейді Бектұрған Ідірісов. Оның 9 егістік алқабы бар екен. Олар Тамды (1147 гектар),  Қарабұлақ (600 гектар) және Қараағаш ауылдарының (150 гектар) территориясында орналасқан.

 

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

                          

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button