Тәуелсіздік құрдастары мектеп бітірді
«Жас дәурен – 2009» облыс жастарына арналған фестиваль облыстық әкімдіктің алаңында жалғасты. Шара барысында облыс әкімі Елеусін Сағындықов ҰБТ-дан облыс бойынша ең жоғары – 124 балл жинаған Арман Құсайыновқа автокөлік кілтін тарту етті. «Алтын белгі» алған 73 түлекке ноутбук сыйлады. Ұлттық бірыңғай тестілеуде республика бойынша ең жоғары көрсеткішке жетіп, еліміздегі «Ең үздік мектеп» атанған білім шаңырақтарының басшыларына облыс басшысының атынан Алғыс хат тапсырылды. Сонымен қатар колледждерде дәріс алып жатқан 40 үздік оқушыға облыс әкімінің гранты мен стипендиясы табыс етілді.
«Сәт-сапар, жас түлек!» мерекелік шарасының шымылдығы еліміздің Әнұраны айтылуымен ашылды. Одан кейін облыс әкімі Елеусін САҒЫНДЫҚОВ құттықтау сөз сөйледі.
– Бүгінгі күн – тәуелсіз еліміздің тарихындағы тағы бір жарқын бет. Бұл күні елімізде мектеп түлектерінің салтанатты кеші өтіп жатыр. Биылғы оқу жылында біздің Ақтөбе өңірінде 6466 түлек орта білім алғандығы жөнінде аттестат алады. Жалпы, 2009 жылғы мектеп түлектерінің екі ерекшелігі бар. Біріншісі, биылғы мектеп бітірушілер ұлттық бірыңғай тестілеуде өте жақсы деңгейде әзірленіп, нәтижесінде айтарлықтай көрсеткішке қол жеткізді. Облыстың орташа балы – 77,6. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 9,4 пайызға артық деген сөз. Былтырмен салыстырғанда «Алтын белгі» мен «Үздік аттестат» иегерлері де көп. 73 оқушы «Алтын белгі» иеленсе, 26 бала «Үздік аттестат» алды. Сондықтан биылғы мектеп түлектерінің жетістіктерін мақтанышпен айтуымызға толық негіз бар.
Жыл өткен сайын білім сапасының артуы бізді қатты қуантады. Бұл ретте білімді жастарды тәрбиелеген үздік білім ордаларының атын атамай кетуге болмас. Облыстық физика-математика мектеп-интернатының педагогикалық ұжымына алғыс айтамын. Аталған білім шаңырағының ҰБТ-дан орташа балы – 112,8. Одан кейінгі кезек М. Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың еншісінде. Бұл білім шаңырағының орташа көрсеткіші – 104,3 балл. Ал қазақ-түрік лицейінің орташа балы – 101,8. Шұбарқұдық гимназиясының білім деңгейі де жоғары – 101,4 балл. Аудандар бойынша Қобда ауданы алда. Аталған ауданның көрсеткіші – 79,1 балл. Мұғалжар мен Хромтау аудандарының түлектері де жақсы жетістікке қол жеткізгендігін айта кеткен жөн. Бұл аудандардың орташа ұпайы – 77 балл. Шалқар ауданының көрсеткіші де жаман емес: 76 балл. Қарғалы ауданындағы түлектердің орташа балы – 75 ұпай. Мұғалімдер мен түлектердің бірлесіп еңбек етуінің арқасында осындай деңгейге көтеріліп отырмыз. Жоғарыда аталған білім ошақтарының мұғалімдері мен білім беру бөлімдеріне ризашылығымды білдіремін.
Екінші ерекшелік, биылғы мектеп бітірушілер – тәуелсіздік құрдастары. Айналайын түлектер, бүгін сіздермен бірге осы салтанатты шараға сол егемендік алған жылғы түлектерді шақырып отырмыз. Сіздер егемен елдің құрдастары болсаңыздар, олар ел тәуелсіздігін алған сол 1991 жылы үлкен өмірге қадам басты. Тәуелсіздік алған жылғы түлектердің арасында өз саласының білгірі, елге аты мәлім азаматтар көп. Мысалы, медицина ғылымдарының кандидаты Венера Құсайынова. Ол – №13 орта мектептің түлегі. Қазір Москва қаласындағы емханада жұмыс істейді. №4 Шұбарқұдық орта мектебінің түлегі Жанболат Мырзалин – Астана қаласы әкімінің аппарат жетекшісі. Хромтау ауданындағы Абай атындағы орта мектептің түлегі Шолпан Омарова – бүгінде «НефтеГазДем» жинақтаушы зейнетақы қорының Ақтөбе филиалының бастығы.
Құрметті түлектер, сіздер де солар жеткен биікке жетіп, олардан да жоғары деңгейден көрінулеріңізге тілектеспін.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әрдайым білім саласына ерекше маңыз беріп келеді. Себебі білімді, білікті мамандары көп ел ғана мықты мемлекет, өркениетті елдердің қатарынында болады. Сондықтан елімізде жастарға барлық жағдай жасалып жатыр. Мысалы, 3 мың жастың мемлекет қаржысы есебінен «Болашақ» бағдарламасы бойынша әлемнің ең үздік жоғары оқу орындарында білім алуларына мүмкіндік жасалды. Бүгінде елордамыз Астана қаласында әлемдегі ең таңдаулы жоғары оқу орындарының бірі салынып жатыр.
Әлемдік экономикалық қаржы дағдарысына байланысты елімізде дағдарысқа қарсы бағдарламалар жүзеге асырылуда. Соның арқасында қиындықты еңсеріп жатырмыз. Білім алуға құштар жасқа дағдарыстың салқыны тимеуі керек. Сондықтан биылғы жылы елімізде 40 мың студентке несие мен 17 мың білім гранты беріледі. Биыл гранттың саны 6-7 есе көбейді. Мұның бәрі – жастар үшін жасалып жатқан игі іс.
Құрметті түлектер, біз де сіздердей бала болдық. Сіздер де біздей болыңыздар. Әр кез білім берген ұстаздарыңызды ұмытпай, оларды ардақтаңыздар. Менің бірінші ұстазым – екеу. Олар – Разия апай мен Анна Павловна. Бұл бұдан 55 жыл бұрын болатын. Күні бүгінге дейін ұстаздарыммен тығыз қарым- қатынастамын. Алғашқы ұстазым Разия апай үлкейгендіктен, күтім қажет болғандықтан бұдан екі жыл бұрын оның қалада тұруына мүмкіндік жасадым. Маған дене тәрбиесі пәнінен сабақ берген бірінші мұғаліміме де керек жағдайдың барлығын жасадым. Бір апта бұрын ғылыми жетекшім үш күнге қонаққа келген болатын. Дегенмен уақытым аз болғандықтан ол кісімен үш күн емес, үш сағат қана әңгімелесудің сәті түсті. Үш сағат аз уақыт болса да, әсері ерекше болды. Айналайын жастар, дәріс берген мұғалімдеріңді ұмытпай, әрдайым олармен хабарласып, құрмет көрсетіңіздер.
Құрметті түлектер, салған іздеріңіз сәулелі болсын! Қадамдарыңыз қарымды, белестеріңіз биік, тағылымдарыңыз терең болсын! Сіздерге ақ жол тілеймін!
Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесінде республика бойынша мектеп бітірушілердің орташа балы жоғары болған 100 мектепке Білім және ғылым министрлігінің шешімімен «Үздік мектеп» атағы берілген болатын. Біздің өңірдің 7 мектебі:
М. Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернат, облыстық физика-математика мектеп-интернаты, №32, №51, №9 гимназиялар, облыстық қазақ-түрік лицейі, Шұбарқұдық гимназиясы еліміз бойынша үздік мектептердің қатарына қосылды. Аталған білім шаңырақтарының басшыларына облыс әкімінің атынан Алғыс хат табыс етілді.
Бұдан кейін Елеусін Сағындықов «Алтын белгі» иегерлерін марапаттады. ҰБТ-дан
М. Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаттың оқушысы Арман Құсайынов облыс бойынша ең жоғары – 124 балл алған болатын. Облыс басшысы алдымен Арман Құсайыновты марапаттады.
– Арман ұлттық бірыңғай тестілеуден 124 балл жинады. Әрине, мұндай көрсеткішке оңай қол жеткізу мүмкін емес. Бұл көп ізденісті, көп еңбекті қажет етеді. Яғни маңдай тердің жемісі. Өмір жолындағы бірінші кезеңінде Арман қажымай еңбектенуінің арқасында биікке жетті. Айналайын, әрқашан еңбегің бағалана берсін! «Жас дәурен» фестивалі басталардың алдында Арманға бүгінгі мектеп бітіру салтанатты шарасынан естелік ретінде жақсы бір сыйлық тарту еткенді жөн көрдік, – деп Елеусін Сағындықов Арманға автокөлік кілтін тарту етті.
«Алтын белгі» иегерлерінен кейін республикалық, халықаралық спорт сайыстарының жеңімпаздарына облыс әкімінің Алғыс хаты табыс етілді.
Марапаттау рәсімінен соң облыстағы мектеп бітірушілердің атынан Ақылбек Мінажатдинов облыс әкімі Елеусін Сағындықовқа және ата- аналар мен ұстаздарға алғыс білдірді.
– Құрметті Елеусін Наурызбайұлы, аяулы ұстаздар, сүйікті ата-аналар, биылғы мектеп түлектері Отанымыз – Қазақстан Республикасын мақтан тұтамыз. Қазақстан жастарының мақсаты ортақ ол сүйікті Отанымыздың көркеюі мен қарқынды дамуы үшін өз үлесімізді қосып, ел игілігі жолында талмай еңбек етіп, тарихты құрметтеу.
Білім ұясынан қарлығаштай қанат қағар сәтіміздің аяулы өлкеміз Ақтөбенің 140 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келуі – біз үшін зор мақтаныш. Құрметті Елеусін Наурызбайұлы, ел тарихын, халық даналығын қастерлеуде өзіңіз басшылық жасап жүрген игілікті істер – біз үшін үлкен өнеге. Әрдайым жастарға әкелік қамқорлықпен қарап, біздің әрбір бастамамызға қолдау жасап келесіз. Біз үлгілі тәртібімізбен, озат оқуымызбен өзіңіздің ізіңізді жалғастыруды мақсат тұтамыз. Түлектер атынан келешекте Қазақстанның жарқын болашағы үшін аянбай еңбек етіп, көк байрағымызды көкке дейін желбіретіп, Әнұранымызды асқақтататынымызға сенім білдіреміз. Құрметті мектеп бітірушілер, сіздерге сәт-сапар тілеймін!
Бұдан кейін «Алтын белгі» иегерлері облыс әкімі Елеусін Сағындықовпен естелік суретке түсті. Одан соң Елеусін Сағындықов арнайы оқу орындарының үздік оқушыларына грант пен стипендия тапсырды. 20 оқушы білім грантын иеленсе, 20 оқушы стипендия иегері атанды.
Сенімді ақтаймын!
Арман ҚҰСАЙЫНОВ:
– Облыс әкімі Елеусін Сағындықовқа алғысым шексіз. Қамқорлығы үшін, қолдау білдіргені үшін көп-көп рахмет! Сенімді ақтап, егемен еліміздің көркеюіне өз үлесімді қосамын.
Көптеген ізгі істердің жүзеге асуына біздің облыстың басшысы мұрындық болып отыр. Елеусін Сағындықов күні кеше ғана облыстағы бірқатар медицина қызметкерлеріне пәтер кітін табыс етіп, көптеген дәрігерлер мен медбикелерге қомақты қаржы берді. Үздік медицина мекемелеріне де 1,5 млн. теңгеден берді. Елеусін Наурызбайұлы мүгедек жандарға да ерекше көңіл бөліп, оларға да пәтер сыйлады. Біздің облыс әлсіз топтарға жәрдем беруде республика бойынша көшбасшы. Мұның бәрі, сайып келгенде, облыс басшысы Елеусін Сағындықовтың еңбегі.
Ақжан – «Алтын белгі» иегері
Ақжан Ерболатқызы – «Алтын белгі» иегері. Ол – Байғанин ауданының түлегі. Аталған ауданда үш мектеп бітіруші «Алтын белгі» алды.
Ақжан 11-сыныпқа дейін Алтай ауылындағы А.С. Пушкин атындағы орта мектепте дәріс алған. «Сондықтан мен алдымен 10 жыл бойы білім берген аталған мектептің ұжымына алғыс білдіремін. Өзімнің мектебімді мақтан тұтамын.
Бала білімінің негізі бастауыш сыныптан қалыптасатыны мәлім. Сол себептен алғашқы ұстазым Қалампыр Шәтенқызына ризашылығымды білдіремін», – дейді Ақжан Құлжанова. Ол 11-сыныпты Қарауылкелді селосындағы
Т. Жармағамбетов атындағы орта мектепте бітіріпті. «Алтын белгі» иегері осы жетістікке жеткендігі үшін ең алдымен анасы Ақзат пен әкесі Ерболатқа шексіз риза екендігін айтады. Ол ұлттық бірыңғай тестілеуге Ақтөбе қаласындағы «Достық» білім беру курсында дайындалыпты. «Сынаққа қыркүйек айынан бастап әзірлендім. Мектепте түлектер үшін барлық жағдай жасалды. Бізге мұғалімдеріміз көп көмектесті. Әсіресе, Батима Мұңайтпасова, Болат Боранбаев, Жансалқым Шарипова, Галина Мұңайтпасова, Индира Көбейсінова, Гүлхан Машариковалардың еңбегі зор. Сонымен қатар сынып жетекшім Оразгүл Ариповаға да рахмет айтамын», – дейді А. Құлжанова.
Ақжан тестілеуден 113 балл жинапты. Сынақта жоғары ұпай жинайтынына сенімді болғандығын айтады.
Білімді жас болашақта заң саласында қызмет еткісі келеді екен. «Заңгер болғым келгендіктен тестілеуде дүние жүзі тарихы пәнін таңдадым. Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының біріне құжат тапсырамын», – дейді Ақжан Құлжанова.
Республикадағы «Ең үздік мектеп»
Данағали КЕНЖЕБАЕВ, М. Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаттың директоры:
– Біздің білім шаңырағын биыл 42 оқушы бітірді. Оның 41-і ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. Бір оқушымыз Грекияда өткен халықаралық олимпиадаға қатысып, алтын медальдың иегері болды. Соған байланысты ол ҰБТ-дан босатылды. Осы 41 түлектің жетеуі «Алтын белгі» алды. Біздің мектеп-интернаттың түлегі Арман Құсайынов облыс бойынша ең жоғары балл – 124 ұпай жинады. Тағы бір мектеп бітірушіміз Ақылбек Мінажатдинов 123 балл алды. Мектеп-интернаттың ҰБТ-дан жетістігі бұл ғана емес. 8 оқушымыз тестілеуден «5» алды. 29 бала 100-ден жоғары ұпайға ие болды. ҰБТ-ның қорытындысы бойынша біздің мектеп республикадағы «Үздік мектеп» атанды. Жалпы, мектеп бітірушілеріміз мұғалімдердің үмітін ақтады. Түлектерге алдағы уақытта армандарына жете берулеріне тілектестігімді білдіремін.
Мамыр айының 13-14-інде Астана қаласында IV республикалық «Дарынды балаларға – талантты ұстаздар» деп аталатын педагогикалық форум өтті. Біздің қорғаған жұмыстарымызды қазылар алқасы жоғары бағалады. Нәтижесінде республика бойынша 10 мектеп директорына «Ең үздік ұстаз» деген атақ берді. Бұл құрметке облыс бойынша мен ие болдым. Еліміз бойынша 15 мектепке «Ең жаңашыл мектеп» деген атақ берілді. Сол жаңашыл мектептердің қатарында біздің мектеп те бар.
Қаладағы көшбасшы мектеп
Қазына КӨЛКЕБАЕВА, №51 мектеп-гимназияның мұғалімі:
– Мен 11 «а» сыныбының сынып жетекшісімін. Сыныбымнан 8 оқушы «Алтын белгі» иегері атанды. Бір оқушы «Үздік аттестат» алды.
Аталған сыныптың оқушылары – менің алғашқы түлектерім. 2003 жылы мен университетті бітіріп келген жас маман болатынмын. Сол жылы 6-сыныптың жетекшісі болдым. Міне, сол шәкірттерім бүгінде ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары көрсеткішке қол жеткізіп отыр. Мұның бәрі – үздіксіз дайындық, ерінбей еңбектенудің жемісі.
Жалпы, менің сыныбымда 23 оқушы бар. Ең төменгі ұпай – 84. Ал гимназия бойынша ең жоғары балл – 117. Біздің сыныптың орташа балы – 105. Мектептің орташа көрсеткіші – 96,5 балл. Ақтөбе қаласы мектептерінің арасында көшбасшымыз.
Түлектерімнің барлығына өмірде сәттілік тілеймін!
Мерекелік шара соңы жастардың би кешіне ұласты.
Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.



