Жаңалықтар

Тазарту жұмыстары талапқа сай емес

 

Қала мен қала маңындағы елді мекендерді көркейту, санитарлық тазалау және көгалдандыру жөнінде екі ай бойы тазарту жұмыстарының жүргізіліп жатқаны белгілі. Дегенмен бұл атқарылып жатқан жұмыстар әзірге көңіл көншіте қоймайды. Бұл туралы Ақтөбе қаласы әкімі Ерхан Омаровтың қатысуымен болған штаб отырысында  мәлім болды.  

Жиынға штаб мүшелері мен коммуналдық және мердігер мекемелердің басшылары, пәтер иелері кооперативтері, кондоминиум жетекшілері, аумақтық округтерден келген  өкілдер қатысты.  

Қала әкімінің арнайы қаулысына сәйкес жарияланған  екі айлық тазалық маусымына барлық меншік түріндегі ұйымдар мен кәсіпорындар, пәтер иелері кооперативтері, кондоминиумдер жұмылдырылған болатын. Қала аумағын қыс бойы жиналып қалған қоқыстардан тазарту жұмыстары мамыр айының аяғына дейін жалғасады. Әрине, мұның жылма-жыл өткізілетін шара екені түсінікті. Дегенмен, бұл жұмыстар қазір өз деңгейінде атқарылып жатқан жоқ. Әсіресе, қаладағы бірқатар көп қабатты тұрғын үйлердің ауласы, ойын алаңдары тазалық маусымының жарияланғанына айға жуық уақыт өтсе де, әлі күл-қоқыстан тазартылмағанын штаб мүшелері тексеріс кезінде анықтапты.

Ағымдағы жылдың 27 наурызынан бастап қаламызда санитарлық тазалау жұмыстары бойынша екі айлық өткізу жарияланды. Бұл жұмыстарды тиімді жүргізу  мақсатында арнайы штаб құрылған болатын. Штаб мүшелері тексерісінің нәтижесінде, көп қабатты тұрғын үй аумақтарында тазарту жұмыстарының санитарлық талапқа сай жүргізілмей жатқаны анықталды.  Бұл өте күрделі мәселе. Себебі, екі айлықты жариялағанымызға бірталай уақыт өтті. Сол уақыт ішінде  «Таза бейсенбі» іс-шаралары ұйымдастырылып, сенбіліктер өткізілді. Соған қарамастан қазір қала аумағындағы көпқабатты тұрғын үйлердің айналасы санитарлық нормаға сәйкес келмейді, қанағаттанарлықсыз жағдайда тұр, — деді Е.Омаров.  

Жиында штаб мүшелерінің бірқатар жерлердің санитарлық нормаға сәйкес еместігін дәлелдейтін тексеріс кезінде түсірген суреттері  үлкен экраннан көрсетілді. Әсіресе, қаланың  Әбілқайыр хан даңғылы мен Есет батыр көшелері, 11-шағын аудандағы көп қабатты үйлер ауласында күл-қоқыс үйінділерінің сол күйі жатқаны, балалар ойын алаңдарының талапқа сай жаңартылмағаны фотосуреттер арқылы көпшілік назарына ұсынылды.

Қаланың инфрақұрылымын дамыту мониторингі бөлімінің басшысы Аслан Махатов жиында тазалық маусымы үшін өткен екі аптадағы жұмыс нәтижелері туралы баяндама жасады.      

Биыл да тазалық жұмыстары үшін облыс әкімдігі бекіткен шамамен 100 мемлекеттік мекемемен бірлесіп жұмыс атқарып жатырмыз. Облыстық мекеме ұжымдары көшелер мен айналма тас жолдардың бойын тазартуға жұмылдырылды. Санитарлық тазалау жұмыстарына қаладағы 28 орта арнаулы, 8 жоғары оқу орындарының студенттері қатыстырылып, олар өзен-көлдер мен саябақтардың, гүлзарлардың айналасын күл-қоқыстан тазартып жатыр, — деді А.Махатов.  

Екі айлық басталғалы қала сыртындағы қоқыс полигонына 5 545 тонна қалдық шығарылды. Ол үшін 50 арнайы техника жұмылдырылып, ұйымдастырылған сенбіліктерге шамамен 30 000-дай адам қатысыпты.

Қала әкімінің арнайы қаулысына сәйкес санитарлық талаптарға нұқсан келтірген тәртіпбұзушылықтарды анықтау үшін құрылған жұмыс тобының рейдтік тексерісі де өз нәтижесін беріп жатыр. Жыл басынан бері қаланың санитарлық тазалығына немқұрайды қарағандар үшін жалпы сомасы 1 908 218 теңге көлемінде айыппұл мөлшерінде тәртіпбұзушылық оқиғасы анықталды.

Жиында қаладағы пәтер иелері кооперативтерінің жұмысына қатысты сын-ескертпелер айтылды. Мәселен, қаланың 11-шағын ауданындағы 27 көп қабатты тұрғын үйдің тазалығына жауапты «Мекен-5» ПИК-нің штатында қазір 7 аула сыпырушы ғана бар. Соның себебінен, бұл үйлердің айналасы әлі күл-қоқысқа толып тұр.

Көп қабатты тұрғын үйлердің қабырғасына түрлі мағынада жазылатын жазулардың көбеюі, тұрғындарды сенбілікке жұмылдыру, пәтерлерде жөндеу жұмыстары үшін шығарылатын қалдықтарға ПИК тарапынан қадағалау жасау секілді жұмыстардың өз деңгейінде атқарылмай жатқаны да жиында көтерілген негізгі мәселелер болды.  Бірқатар аумақтық округ төрағалары орынбасарларының бұл бағытта атқарып жатқан  жұмыстары да сынға ілікті. Өйткені олардың көпшілігі ПИК және кондоминиумдермен бірлесіп жұмыс жасамайды.

Қазір қалада1568 көп қабатты тұрғын үй бар, оның 168-і селолық округтерде орналасқан. 802 үй пәтер иелері кооперативтері мен серіктестіктер құзырына жатса, 283 үйге кондоминиумдер қызмет көрсетеді.

Жиын соңында қала әкімі құзырлы органдардың өкілдеріне жұмысты жандандыру  үшін нақты тапсырмалар жүктеді.

 

Арайлым НҰРБАЕВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button