Мызғымас қазық

Кеше Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының Студенттер сарайында «Елімнің тағдыры — менің тағдырым!» атты форум өтті. Шараның мақсаты — өз өңірінің қалыптасуы мен жүйелі дамуына, сол арқылы тұтастай тәуелсіз Қазақстанның дамуына сүбелі үлес қосқан қала тұрғындарының жетістіктерінің тарихын айқындап, көрсету.
Форумды өткізуге көпфункциялы ғылыми-талдамалық және гуманитарлық-ағартушылық «Назарбаев орталығы» мемлекеттік мекемесі ұйытқы болды. Шараға қалалық мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдардың, ұлттық-мәдени орталықтардың, жоғары оқу орындарының өкілдері мен студенттер қатысты.
Форумды Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Қуантқан Әлімов сөз сөйлеп ашты.
— Құрметті ақтөбеліктер және қала қонақтары!
Бүгінгі «Елімнің тағдыры — менің тағдырым!» атты форумның басты ұғымдары: Тұрақтылық. Бірлік. Жаңғырту. Тұрақтылық — біздің татулығымыздың берік болуы үшін табан тірейтін тұғырымыз. Бірлік — баға жетпес басты байлығымыз. Жаңғырту — келер күнге, кемел болашаққа жетелейтін жарқын жолымыз. Осы үш ұғым біздің мызғымас мемлекетіміздің тұтастығына тірек болып тұр. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында еліміз дамудың даңғыл жолымен алға басып келеді.
Еліміздің даму жолына қосқан біздің облыстың да үлесі зор. 2012 жылы Ақтөбе қаласының әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің барлық бағыттары бойынша даму тенденциясы байқалды. Мысалы, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 238 миллиард теңгені құрады. 2012 жылы негізгі капиталға 157,9 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылды. Бұл — 2011 жылмен салыстырғанда үштен бірге көп деген сөз. Мұның бәрі Елбасы тапсырмасымен қолға алынған Үдемелі индустриялды-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру арқасында мүмкін болды.
Рухани азығымыз, мызғымас қазығымыз — туған Отанымыздың
абыройы үшін аянбай еңбек етейік, — деп сөзін қорытындылады Қуантқан Әлімов.
Бұдан соң еліміздің Әнұраны шырқалды. Одан кейін форумға қатысушылар тәуелсіз мемлекетіміздің тарихынан сыр шертетін «Елімнің тағдыры — менің тағдырым!» атты деректі фильмді тамашалады.
Бұдан кейін сөз алған Ақтөбе қаласы қорғаныс істері жөніндегі басқарманың офицері, майор Тимур Жұқабаев Президент Жарлығымен ІІ дәрежелі «Айбын» орденін қалай алғанын әңгімелеп берді.
Бірде ол еліміздегі әскери бөлімшелердің бірінде гранат лақтыру сабағын өткізіп жатады. Бір мезетте сарбаздардың бірінің лақтырған гранаты окоп ішіндегі сарбаздың аяғының астына түседі. Осы кезде Тимур Жақсыбайұлы еш ойланбастан, окопқа секіріп түсіп, сарбазды құтқарам деп, өзі ауыр жарақат алады. Сол сәтте ол Алматы қаласындағы әскери клиникалық госпитальға жеткізіледі. Жағдайы өте ауыр болып, бір жылдай емделсе де, бір аяғынан айрылады.
Сарбазды құтқарып, көрсеткен ерлігі мен жігері үшін майор Тимур Жұқабаев кейін марапатталды.
Сөз соңында Тимур Жұқабаев еліміздің дамып, өркендей беруіне тілектестігін білдірді.
Жиын соңында патриоттық әндер шырқалды.
Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.



