Жаңалықтар

«Балапан» бағдарламасы: жұмыс пен жоспар

«Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз етудегі «Балапан» бағдарламасын іске асыру жағдайында мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесін жаңғырту». Кеше «Нұр Отан» ХДП АОФ-ның күмбезді залында өткен республикалық семинар осылай аталды. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова, Білім және ғылым министрлігінің мектепке дейінгі және орта білім департаменті білім беру жүйесіне талдау, мониторинг басқармасының бас сарапшысы Шарапат Сұлтанғазиева, облыстық білім басқармасының басшысы Жанат Самұратова қатысты. Сонымен қатар басқосуға республикамыздың әр өңірінен педагогтер жиналды. 

Шарада алдымен сөз алған министрлік өкілі Шарапат Сұлтанғазиева еліміздегі мектепке дейінгі ұйымдардың жағдайы туралы жан-жақты баяндама жасады.

«Балапан» бағдарламасы аясында республика көлемінде 4 мыңнан астам мектепке дейінгі білім беру мекемесі ашылыпты.

Мектепке дейінгі тәрбие саласы бойынша  соңғы жылдары көптеген жетістікке қол жеткіздік. Бұған мемлекеттік «Балапан» бағдарламасымен қатар, жан басына қаржыландыру, жеңілдікпен несие беру, концессия, жекеменшік инвестиция сияқты мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктері ықпал етуде.
Нәтижесінде 2,5 жылда барлығы 4000-нан астам мектепке дейінгі ұйым пайдалануға берілді
, — дейді Шарапат Сейсенбекқызы.

«Балапан» бағдарламасы аясында атқарылатын жұмыстардың бір парасы — жекеменшік балабақшалардың санын арттыру. Соған байланысты мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі енгізілді.

3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен қамту 71,5 пайызға дейін жетті. Ақтөбе облысында бұл көрсеткіш 85 пайызға жеткен. Бұл —  өте жақсы көрсеткіш.
2020 жылға қарай балаларды балабақшамен толық қамту міндеті қойылып отыр. Сол себепті мемлекеттік құрылыс пен жекеменшік әріптестіктің нәтижесінде балабақша құрылысын салу қарқынын төмендетуге болмайды
, — деді Шарапат Сұлтанғазиева.

Бұдан соң облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатованың «Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз ету жөніндегі «Балапан» бағдарламасының Ақтөбе облысында іске асырылу жағдайы» туралы баяндамасы тыңдалды.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Балапан» бағдарламасының нәтижесінде, үш жылда 14 323 бүлдіршін балабақшаларда тәрбиеленуге мүмкіндік алды. Осы үш жылда облыста жалпы 141 балабақша мен шағын орталық ашылды. Бұдан бөлек, 2005 жылдан бастап облыс бойынша бұрын балабақша ғимараты болған жалпы 38 нысан мемлекетке қайтарылып, балабақша ретінде қайта ашылды.

Қазір облыстағы 42 264 бүлдіршін балабақшалар мен шағын орталықтарда тәрбиеленіп жатыр. Жалпы облыс бойынша 517 мектепке дейінгі мекеме бар. Оның 242-сі — балабақша, қалғаны — шағын орталықтар, — деді облыс әкімінің орынбасары.

Облыста білім беруді қаржыландыру көлемі де артқан. Бұл жөнінде Сара Қайыржанқызы былай деді:

—  Былтыр білім беруді қаржыландыру көлемі 2011 жылмен салыстырғанда, 5,9 миллиард теңгеге артты (46,7 миллиард  теңге). Бұл —  облыс бюджетінің үштен бір бөлігі.

Мемлекеттік тапсырыс негізінде жан басына шаққандағы қаржыландыру жеке балақшаның өсуіне ықпал етті. Мемлекеттік тапсырыс есебінен жеке балабақшаға баратын бала саны  2 мыңнан көп.

Облыста балабақшалар ашу мақсатында кәсіпкерлерді тарту жұмысына айрықша көңіл бөлінуде. Бізде балабақша салуда бизнеспен байланыс жасаудың тиімді тәжірибесі бар. 2009 жылдан бастап 2012 жыл аралығында облыста «Ақтөбе-МұнайГаз» акционерлік қоғамы және «Алтынды» жауапкешілігі шектеулі серіктестігі салған 375 орындық 4 балабақша қайтарымсыз берілді (3 балабақша — Темір ауданында, 1 балабақша — Мұғалжар ауданында бой көтерді).

«Көркейе бер, туған жер!» акциясы аясында Қобда ауданында 120 миллион теңгеге 150 орындық балабақша құрылысы басталды. Жеке кәсіпкер «Баймагамбетова», «Ақтөбе-центр» жауапкешілігі шектеулі серіктестігі жеке балабақша салуда белсенді жұмыс жасап жатыр.

Концессиялы ұсыныс негізінде «Ақтөбе-центр» «Ақтөбе қаласында 3 балабақша кешенін салу және пайдалануға беру» пилоттық жобасы әзірленуде. Балабақшалардың жалпы қуаты — 840 орын, жалпы құны — 1 млрд. 260 миллион  теңге.  Осы жобаға кәсіпкерлерді тарту қарастырылуда. Мемлекет пен бизнестің осы бірлескен жұмысы Мемлекет басшысының балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен 100 пайызға қамту тапсырмасын орындауға мүмкіндік береді деп ойлаймын, — деді облыс әкімінің орынбасары Сара Қайыржанқызы.

Жиын барысында педагогтер мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту мәселесін жан-жақты талқылап, тұшымды пікірлер айтты.

 

Г.БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button