Жаңалықтар

БАйсалды елдің байыпты дамуы

Қазақстан Республикасының экономикасы дамыған елдердің қатарынан орын алуға деген ынтасы, ұмтылысы тиісті деңгейде жемісін беруде. Бұның дәлелі ретінде қазіргі Қазақстанның бағыты және жеткен жетістіктерін айтуға болады.

«Қазақстан — 2030» стратегиясын 15 жылда орындаған еліміздің экономикалық мүмкіншілігі өте зор. Он бес  жыл ішінде ұлттық экономика ауқымы 1,7 трлн. теңгеден 28 трлн. теңгеге жетті. Ішкі жалпы өнім үлесі 7 есеге артты. Біздің экономикамызға 160 млрд. доллар шетелдік инвестиция тартылды. Тек қана біздің облысты алатын болсақ, Индустрияландыру картасына енгізілген жалпы сомасы 634 миллиард теңге болатын 74 жоба жүзеге асырылуда.

2015 жылға қарай экспортқа шығаратын ет көлемін арттыру жолында жұмыс жүргізілуде. Жолдауда  атап көрсетілгендей, Үкімет ауыл шаруашылығын қолдауға бөлінетін қаржыны 4,5 есе ұлғайтқалы отыр. Республиканың агроөнеркәсіп саласын дамыту стратегиялық  мақсаттардың біріне айналмақ.

Еліміздің тәуелсіздікке дейінгі экономикасына шағын шолу жасайтын болсақ, қазақ елінің ХІХ ғасырдың аяғы  мен ХХ ғасырдың басындағы экономикалық жағдайы, өзіндей көрші елдерден әлдеқайда нашар болғандығы белгілі. Себебі ол ғасырда еліміздің тәуелсіздігіне тұсау болып, осының негізінде экономиканың дамуына да айтарлықтай кедергі келтірген көршілес елдер аз болған жоқ. Дегенмен біз мәселенің  саяси жағын емес, экономикалық тұрғыдан қарастыруды мақсат тұттық.

Ол уақытта елдің негізгі күн көрісі  мал болатын. Сондықтан да елдің экономикасы тікелей мал шаруашылығына тәуелді еді. Ол заманда мал басын өсіру көп жағдайда табиғатқа тәуелді болғаны белгілі.  Бұл өз кезегінде  халықтың тұрмыс-тіршілігіне керісінше  әсер еткені анық. Мал шаруашылығынан алынған өнімдердің барлығы, яғни жүн, түбіт, тері, май және т.б. шикізаттар азын-аулақ ақыға саудагерлердің қолына көшіп, тікелей ішкі  Ресейге жөнелтіліп отырды. Бұл ұсақ-түйекке шәй, кездеме мата, тәтті және т.б. алынған тауарлар халықтың күнделікті  күнкөрісінен ауысқан жоқ. Осы жағдайда өмір сүрген елдің тұрақты экономикасы туралы сөз айтудың өзі артық. Міне, осы кезеңдерде оқыған қазақ зиялылары шикізаттың өз елінде өңделуінің қажеттілігі туралы ұсыныстарды жиі-жиі айта бастады.

Алаш көсемдері елден шыққан шикізат өңделіп,  өз азаматтарының игілігі болуы тиіс деген тұжырымдарды берік ұстанды. Бұдан, әрине, ел аш-жалаңаш босып жүреді деген пікір тумауы керек. Дегенмен, елдің экономикалық жағдайының төмендігі, нақты экономикалық саясаттың жоқтығы,  осылардың негізінде өндіріс орындарының болмауы қазақ елін феодализм дәуірінде қалдырды.

Революциядан кейінгі экономикадан көпшіліктің хабары бар екені белгілі, дегенмен сол дәуір экономикасының Қазақстанға тигізген ықпалын және пайдасын айтпай өту әділеттілік болмас. Бұл кезеңде Кеңес Одағы құрамындағы елдерде ауыр өнеркәсіпті индустрияландыру саясаты жүргізіліп, соғыс кезінде Одақтың батыс аймағынан эвакуацияланған кәсіпорындардың және екінші дүниежүзілік соғыстан соң ірі өндіріс орындарының көптеп ашылуы Қазақстан экономикасының 61 пайызға көтерілуіне ықпал етті.  Сондай-ақ Қазақстанның аграрлы ел болуына байланысты республикада егін  және мал шаруашылықтары да өркендеді. Елдің экономикасында ауыл шаруашылығы басым болды, яғни барлық өнімнің 84,4 пайызын ауыл шаруашылығының өнімдері құрады. Дегенмен экономика жоспарлы, меншік түрі мемлекеттік болғандықтан кейбір әлеуметтік-экономикалық қателіктердің жіберілуіне жол берілді.

Жалпы табиғат сияқты экономика  қатаң да, қасаң жоспарға көне бермейді. Бұған сол кезеңде қызмет жасаған азаматтар келісе қоймас, дегенмен экономика заңы солай. Экономиканың заңы — тұтынушының талабына сай шығу және қанағаттандыру. Бұл сөзіміздің дәлелі ретінде кезінде  американдық экономист «Егер тұтынушыны қанағаттандыра алса социализм,  ал өндірген  тауарын  өткізе алса капитализм  жеңеді», — деген болатын.  Осы пікірдің ақиқаттығын  тарих дәлелдеп, экономикаға тікелей қатысы бар екендігін көрсетті.

Кеңес Одағы күйреп, нәтижесінде Одақ құрамындағы бүкіл республикалардың экономикасы құлдырағаны белгілі. Сонымен қатар бұл  елдердегі кәсіпорындардың арасындағы экономикалық байланыстар үзіліп, бұрынғы Одақ құрамындағы республикалар экономикасына ауыр соққы болып тиді. Осы елдердің ішінде саусақпен санарлығы ғана нарық талабына сай бетбұрыс жасап, экономикасын жаңа бағытқа бұра білді. Қазақстан Республикасы бұл жолда берік тұрды деп нық сеніммен айтуға болады.

Тәуелсіздіктің алғашқы айларынан бастап Қазақстан әлемдегі экономикасы дамыған елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, экономикасының барлық саласы бойынша түбегейлі реформалар жасады. Бұл реформалардың көпшілігі кейіннен  тиісті жемісін бергені белгілі. Дегенмен, экономикалық өзгерістерде  басымды  бағыт мұнай-газ, шикізат және ірі кәсіпорындарға, сондай-ақ  қаржы-сауда салаларына беріліп, ауыл шаруашылығы назардан қағыстау қалды. Ауыл шаруашылығы  жүргізілген реформалардың  бел ортасында тұруға тиіс сала болатын, себебі  Қазақстан —аграрлы ел. Дегенмен, кейін «Қазақстан — 2030» стратегиясында аграрлық сала басты назарға ұсталды. Әрине, ауыл шаруашылығы әлі де мемлекет тарапынан аса қолдауды қажет ететіндігі айқын. «Қазақстан — 2030» стратегиясында алға қойған көптеген міндеттер оң шешімін тауып, жүзеге асып, кейбір шешімдер жалғасын табуда.

Елбасының Қазақстан халқына «Қазақстан — 2050» стратегиясы — қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси  бағыты» Жолдауында ұсынған бағыттары көптеген тың мәселелерді қозғайды.

Қазақстан экономикасының әлеуметтік-нарықтық екенін, соның ішінде еліміздің табиғи және экологиялық тұрғыдан ауылшаруашылық өнімдерін өндіруге деген мүмкіншілігін ескеріп, экспортқа бағыттау басты мақсат.

Сонымен Қазақстанның алға қойған мақсатына жетуге байланысты стратегиясы және ұйымдастырылған іс-шарасы бар. Ал осы стратегия негізінде азық-түлікті экпорттауға деген мүмкіндігі ескерілген нақты бағдарлама жасау алдағы күннің еншісінде екендігі айқын.

 

Шыныбек БҰХАРБАЕВ,

С.Бәйішев атындағы

Ақтөбе университетінің доценті,

экономика ғылымдарының кандидаты.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button