Көрмеге дайындық басталды

Елдің дамудың «жасыл» жолына көшуіне Астанадағы алда тұрған ЭКСПО-2017 қуатты серпіліс беруі тиіс. Астанада ғылым мен техниканың үздік әлемдік жетістіктері ұсынылатын болады.
Көптеген қазақстандықтар біз қол созып отырған «болашақтың энергиясын» өз көзімен көре алады.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы — қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» халыққа Жолдауынан.
Көрмеге дайындық басталды
Жылдың соңында елімізді әлемнің алпауыт мемлекеттері «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өтетін алаң болуға лайықты деп таңдау жасады. Оған елімізді өркениет қайнары бастау алған қос құрлықтың алтын көпірі, Еуразия кеңістігінің кіндігі деп таныған төрткүл дүние көз тікті. Бұл Қазақ мемлекетінің халықаралық дәрежеде тағы да мойындалған зор беделінің белгісі.
«ЭКСПО-2017» көрмесінде әлемнің барлық мемлекеттері өздерінің технологиялық, ғылыми және мәдени жетістіктерін паш етпек. Осы көрме шеңберінде жаһандық дамудың жаңа бағыттары айқындалып, оған барлық құрлықтардың жүздеген мемлекетінен миллиондаған турист қатысады деп күтілуде. Сарапшылар Қазақстан осы жаһандық ғылыми жетістіктер көрмесін өткізу арқылы өзінің индустриялық-инновациялық даму жолында тың мүмкіндіктерге қол жеткізеді деп отыр. Бұл инновациялық шара еліміздің жас ғалымдарына жаңа ғылыми бастамалар үшін жол ашып, Қазақстанның әлемдік аренадағы беделін бұрынғыдан да биік белестерге көтеретіні даусыз. Елбасы «әлі бес жыл бар» деп арқаны кеңге салмау керектігін ескерткен соң, қазір елдің барлық түпкірінде осы шараға арналған дайындық басталды. Күллі әлем таныған көрменің бас қаламызда жоғары деңгейде өтуі үшін елдің өзге аймақтарымен бірге үлес қосуға қамданып жатқан Ақтөбе де қарап қалмасы анық.
Ұлттық жоспар бойынша…
Алдымен Мемлекет басшысының өткен жылдың алтыншы желтоқсандағы тапсырмасына сәйкес ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігі «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесін ұйымдастырудың және өткізудің 2013-2018 жылдарға арналған ұлттық жоспарын бекіту туралы жобаны әзірледі. 10 бөлімнен және 78 іс-шарадан тұратын Ұлттық жоспарды орындауға 12 мемлекеттік орган, барлық облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдіктері, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы жауапты болып отыр. Ұлттық жоспар іс-шараларының шамамен 90 пайызы осы жылы жасау үшін жобаланған. Көрменің тіркеу құжаты биыл қазан айында Халықаралық көрмелер бюросының атқарушы комитетінде бекітілгеннен кейін, Ұлттық жоспар 2014-2018 жылдарға арнап түзетілетін болады. Оған қоса «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы құрылды. Ұлттық компания көрменің тіркеу құжатының салмақты бөлігін іске асырып, «ЭКСПО-2017» жобасының шеңберінде инфрақұрылымдар мен нысандар құрылысын жоспарлайды.
Облыстар деңгейінде Ұлттық жоспардан туындаған тапсырмалар бойынша жоспар жасалып, аймақтар Астана маңында арнайы бөлінген 113 гектар жер теліміне салынатын павильондар алаңында, ЭКСПО қалашығында этноауылдар мен экоауылдардың бой көтеруіне, көрмеге ұлттық нақыш беруге үлес қосады.
— ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесі әлемдік деңгейде өтетін экономикалық форумдармен, спорттық жарыстармен салыстырғанда туристер тарту жағынан алып қарағанда беделі биік тұратын шара деуге болады. Біз заманауи үлгідегі бірінші әмбебап көрменің 1851 жылы Англия астанасы Лондонда өткенін тарихтан білеміз. Ал Қазақстан ЭКСПО көрмесіне Жапонияның Аичи қаласында өткен уақытынан, 2005 жылдан бері белсенді экспонент ретінде қатысып келді. 2008 жылы Испанияның Сарагос қаласында қазақ павильоны «С» санаты бойынша үшінші жүлдеге ие болғаны көпшіліктің есінде болар. Одан кейін Қытайдың Шанхайында, Оңтүстік Кореяның Есу қаласында өткен халықаралық көрмелерде қазақтың қосқан үлесіне дүниенің төрт бұрышынан жиналған жұрт қайран қалған еді. Енді, міне, өзімізде өткелі отырған көрменің Отанымыз үшін қаншалықты маңызды екені туралы облыс жұртшылығы арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұл туралы ақпараттар кең көлемде беріліп жатыр.
Біз Ұлттық жоспар міндеттейтін шаралар бойынша тапсырмалар туралы мәлімет алып отырмыз. Бірақ әзірге Ақтөбе өңірінен кімдер көрмеге қатысатыны туралы нақты тапсырма алған жоқпыз. Соған қарамастан, ақтөбеліктерді көрмеге қатысу туралы құлақтандыруды жалғастырып жатырмыз. Қазір Ақтөбе облысының кәсіпорындары, жалпы жұртшылық көрмені өткізуге дайындық ісіне белсене қатысуға дайын отыр деуге болады, — дейді облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығының орынбасары Асқар Көкеев.
1 квт/сағ. энергия қалай жұмсалады?
Оның айтуынша, ауқымды шараны өткізу үшін Елордамыз алдағы 5 жыл ішінде зор шараларды іске асыруы керек. Қазір Астанада жұмыс істеп тұрған қонақүйлерге көрме кезінде шамамен 45 мың адам орналасады деген күннің өзінде, ол 5 млн. турист үшін мүлде аз. Сондықтан Астанада 4 және 5 жұлдызды қонақүйлердің саны көбейіп, жолдар жаңартылып, инфрақұрылым жаңғыртылады. Жаңадан көптеген еңселі ғимараттар бой көтереді. Бұл дегеніңіз, мыңдаған қазақстандықтар үшін жаңа жұмыс орны мен негізгі табыс көзі болып табылмақ. Осы салада тасы өрге домалаған кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылмақ.
«ЭКСПО-2017» көрмесі үшін жауапты органдардың бірі кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы «Болашақ энергиясы» тақырыбына арналған және көрмеге дайындық үшін арнайы шығарылған кітапшаны таратып, маңызды шараны насихаттауға баса мән беріп отыр.
— Кітапша Елбасының сөзімен басталып, Қазақстанның жағрафиясы, баламалы энергия көздерін алуға бағытталған мүмкіндіктері туралы ақпараттарға толы. Оқушысына өте қызық. Осыдан халықаралық деңгейдегі көрмеге ұсынылған тақырыпқа сай қазақстандықтарды энергия үнемдеу мәселесіне қатысты ойландыратын мәліметтерді көруге болады. Мәселен, адам 50 сағат радио тыңдағанда, 110 сағат электр ұстарамен қырынғанда, қуаттылығы 60 ВТ шамды 17 сағатқа жанған күйінде қалдырған кезде, 12 сағат бойы түрлі түсті теледидар қарағанда, 2 сағат шаңсорғышты пайдаланғанда, 5 минут душ қабылдағанда, су толы ваннаны 6 градусқа дейін жылытқанда 1 кВт/сағ. энергия жұмсалады екен. Адамдардың энергия үнемдеуі және күн көзінен, желдің екпінінен баламалы энергия көзін алып отырған өнертапқыштардың ісі болашақта үлкен маңызға ие болмақ, — дейді А. Көкеев.
Көрмені көрмеген арманда болады
ЭКСПО-2017 көрмесі бізге не береді? Оған аймақтардағы жұрт қалай үлес қосады, не апарады?
Бұл бүгінде әрбір қазақстандықтың көкейінде жүрген сұрақ. Біздің елімізге миллиондаған туристер келеді. Іс басында жүрген кәсіпкерлердің қызығушылығы болса, инвестиция құйылады. Шағын және орта бизнес саласы дамиды. Ең бастысы, елімізге озық технологиялар мен ғылыми жетістіктер келеді.
Отандық кәсіпкерліктің жаңа экономикалық бағыттың қозғаушы күші болып табылатыны — Елбасы Жолдауында айтылған негізгі міндеттердің бірі. Осы талаптың межесінен көріну мақсатында еліміздің барлық түпкірінде ұлттық қолөнерді дамыту мен жаңғырту ісі жүзеге асып жатыр. Туризмді дамыту үшін қолөнерді, өнімдерді, шеберханаларды қалай ұйымдастыру керек, шеберлерге қандай көмек жасау керек деген секілді ұсыныстар дайындалып жатыр. Бұл жұмыс үшін біздің аймақ тарапынан үлес қосуға жауапты облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының міндет жүгі де салмақты болмақ.
— Жуырда Астанада халықаралық көрмеге қатысуға ниеттенген қолөнер шеберлері жұрт алдына шыққаны туралы БАҚ таратты. Енді барлық аймақтарда ежелгі кәсіпті насихаттайтын, ұлттық нақышқа қатысты жұмыс істейтін қолөнер шеберлеріне қолдау көрсетілетін болады. Қазақтың тарихы тереңде жатқан ұлттық өнер туындылары әлем халқының назарын аударуы тиіс. Көрмеге қатысуға ниеттенген 20-дан астам қолөнер шеберінің ағаштан, күмістен, киіз бен бағалы тастардан жасалған бұйымдары арнайы есепке алыныпты. Көрмеде қазақ ауылы қазақтың ертеден дамыған мәдениетін көрсетуі тиіс.
Туризм бағытында қандай шаралар іске асатыны туралы, облыс бұған нақты қандай үлес қосатыны жөнінде қазір айту әлі ертерек. Біз жыл сайын өңірге келген туристер, қонақтар үшін тәбәрік, сый-кәде ретінде туристік өнімдерге тапсырыс беріп, баспаханаларда жасатып отырамыз. Ол өнімдерден аймақтың тарихи орындары, жағрафиясы, халқының тұрмысы туралы азды-көпті мәлімет алған меймандар ризашылық танытып, елдеріне ескерткіш ретінде алып кетіп жатады. Әрине, оны халықаралық көрме деңгейімен салыстыруға болмас. Дегенмен, осы бағытта жұмыс атқаруға, үлес қосуға дайын отырмыз.
Сонымен қатар Астана маңында салынатын эко және этно қалашықтарға келетін туристер қазақтың ұлттық нақышын, көзі тоймастай дүниелерді көріп, тамсанып кетуі үшін жасалатын барлық шараларға қатысамыз.
Жалпы көрме «көрген де арманда, көрмеген де арманда» дегізгендей деңгейде өтуі тиіс, бұл — ел үшін үлкен сын, — дейді басқарма бастығы Асылбек Құлмағамбетов.
Айгүл БАЙМЕНОВА.



