Жаңалықтар

Ерлік еншісі: батыр қыз бен аяулы анаға тағзым

14 қаңтар — қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованың ерлікпен қаза тапқан күні. Бұл күнді батырдың жерлестері атаусыз қалдырмайды. Жыл сайын Қобда ауданы Әлия ауылында арнайы шара ұйымдастырылып, мерген қызды еске алады. Биыл да аталған игі іс өз жалғасын тапты. Алайда бұл жолғы шараның жөні бөлек. Яғни алғаш рет еске алу  шарасы Әлияның анасы Маржанға да арналды. Биыл Әлияның қайтыс болғанына 69 жыл болса, анасы Маржанның көз жұмғанына 80 жыл.

Шараға қоғамдық бірлестіктер мен мемлекеттік органдардың, патриоттық тәрбие беру орталықтарының өкілдері және  жастар, ауыл тұрғындары, батырдың көзі тірі тума-туыстары қатысты.

Батыр қыз бен оның анасын еске алуға жиналғандар алдымен Әлия ауылындағы мерген қыздың ескерткішінің алдына гүл шоқтарын қойды. Бұдан соң Қобда ауданының әкімі Асқар Жүсібәлиев сөз алды.

Әлияның ерлігі қай уақытта да жас ұрпаққа үлгі болса, оның анасы Маржан да ескерусіз қалмақ емес. Әлия апамыз туралы зерттеп, елге танытып, қырық жылдан бері осы игі істің басы-қасында жүрген Ғалымжан Байдербес ақсақалдың бастамасымен былтыр батыр анасының басына белгі қойылды. Осы кісінің еңбегінің арқасында Әлия ауылында мұражай, патриоттық тәрбие беру орталығы ашылды. Батыр атындағы мектеп күрделі жөндеуден өтіп, ауыл жолы дұрысталды. Әлияның туған ауылы Бұлақта да қыруар шаруа атқарылды. Бұндай игі шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады,—  деді аудан әкімі.

Бұдан кейін облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы Федор Чемоданов Ұлы Отан соғысында қаза тапқан қазақ жауынгерлерінің ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын, бұндай шаралар жастарға патриоттық тәрбие беруге септігін тигізетінін айтып, ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді.

Батырдың ерлік жолдарын ұлықтауға ұзақ жылдардан бері өлшеусіз үлес қосып жүрген «Қос шынар» Әлия-Мәншүк қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Байдербес биылғы шараның ерекшелігі — батырды анасымен бірге еске алу екенін айтты.

— Әлияның қамшының сабындай қысқа ғұмырындағы ерлігін жақсы білеміз. Бірақ батыр қызды өмірге әкелген оның  ата- анасы туралы  ештеңе айтылмады. Алып анадан туады демекші, Әлияның анасы жөнінде тіпті еш нәрсе анық емес еді. Бұл жайт біздің арқамызға аяздай батып жүрді, бірақ ол жайлы ақпарат іздеп, зерттеудің кілтін таба алмадық. Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана  Әлияның анасы Маржан туралы деректер іздестіріле бастады. Сол кездің шындығын көзбен көрген тоқсан үш жастағы Қарлыға апайдың және Әлияның ағайыны, белгілі педагог Бақдәулет Өрбісіновтің айтуымен Маржанның жерленген жерін таптық, — деді Ғалымжан Байдербес.

1932-33 жылдардағы аштық кезінде Маржан төркіндерін сағалап Бұлақтан Қурайлыға көшеді. Аштықта халық өңештен өткеннің бәрін тамақ қылды. Картоп қалдығын теріп жүргенде Маржанды күзетші орыс атып өлтіреді. Мұны білген Өрбісін ақсақал інісі Өсербайды жіберіп мәйітті алдыртады.  Әлияның туған ауылы Бұлақтың күн батыс бетіндегі Көкмешіт аталатын жерге жерлейді. Маржанның қай жылы туғанын Ғалымжан ақсақал Әубәкір Молдағұловтың баласы Сапардан сұрап, 1898 жылы туған деп болжайды. Себебі Әубәкір Маржаннан төрт жас кіші екен.   Небәрі 35 жасында өмірден озған Маржанның артында Әлия мен інісі Бағдат қалады.

Әлиядай батыр қызды өмірге әкелген аяулы анасы жөніндегі бар мәлімет осы болды. Түр-әлпеті, мінезі қандай? Ол туралы естелік жоқ. «Күзетші орыстың қолынан қаза болды» деген сөзден қашты ма, бұл оқиға  79 жыл бойы айтылмай келді. Менен бұрын батырды зерттеген Жекен Жұмаханұлы, Айзада Нұрмаханова секілді зерттеушілердің еңбегінде кездеспеді. Тіпті ағасы Әубәкір де бұл туралы ештеңе айтпаған. Өткен жылы Маржанның басына ескерткіш орнатып, ауданның туристік картасына қостық. Биылдан бастап 14 қаңтар күні Әлиямен бірге оның анасы Маржанды да еске алатын боламыз, — деді Ғалымжан Байдербес.

Бұдан соң батырды еске алу шарасы «Әлия» облыстық  патриоттық тәрбие беру орталығында жалғасты.  Әубәкір Молдағұловтың баласы Сапар анасы Сәннің Әлия туралы  айтқан естеліктерін әңгімеледі.

— Маржан апай менің әкемнің туған апасы. Яғни Әлия менің жиенім болады. Анам марқұм Әлияның бала кезінен пысық, алғыр болғанын айтып отырушы еді. Бойындағы сол қасиет арқылы ол қай жерде болмасын алдыңғы орыннан көрініп жүрді, — дейді.

Жуырда тұсауы кесілетін «Ербақыт» ауған соғысы ардагерлері әскери-спорттық клубының президенті Марат Қойлыбаев бұндай шара жастарды патриоттық тұрғыда тәрбиелеуге ықпал ететінін айтты.

— Себебі бұндай шара жастардың бойындағы патриоттық сезімді оятып, елін, жерін сүюге үндейді. Әрбір жас Әлияның ерлігін біліп жүруі тиіс. Сондықтан шараны ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз, — деді ол.

Сондай-ақ  М. Мәметова атындағы медицина колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Баян Толыбаева, Әлияның туыстары Әбдіраман Рабаев, Еркін Өрбісіновтер батыр туралы естеліктер айтты. Жиында сөзін Жақсылық Айжанов, әнін Бақтығали Жұмалин жазған «Ару сарбаз» әнінің тұсауы кесілді. Әнді Бақтығали Жұмалиннің өзі орындады. Аудан әкімі Асқар Жүсібәлиев ән авторларына арнайы сыйлық табыс етті. М. Мәметова атындағы медицина колледжінің оқушысы Салтанат Сабинова батырға арнаған жыр жолдарын оқыды. Ғалымжан Байдербес  батырдың анасы туралы баспасөз бетінде жарық көрген материалдарды жинақтап кітап етіп шығарыпты. Еске алу шарасына жиналғандарға кітап табыс етілді. Шараның соңында мектеп оқушылары мерген қыз туралы көрініс қойды. Бұдан соң арнайы ас берілді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Светлана Кубло :
    Уважаемые земляки Алии Молдагуловой! Мы постоянно учимся у вас хранить память о погибших героях и чтить их имена.В своей школе в этот день мы тоже говорили об Алие.

    Директор Новосокольнической средней школы С.А.Кубло

    – 21 января 2013 – 10:15

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button