Адамды өмір үйретеді, еңбек көркейтеді
Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен 2012 жылдың екінші жартыжылдығындағы индустрияландыру картасында белгіленген инвестициялық жобалардың тұсаукесеріне арналған жалпыұлттық телекөпір болып өтті.
Сонымен қатар, осы рәсім кезінде Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа», «Парыз» сыйлықтарының лауреаттары мен «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауы дипломанттары салтанатты түрде марапатталды.
Телекөпір барысында индустрияландыру картасындағы неғұрлым маңызды нысандардың тұсауы кесілді. Енді бір жобалар қазіргі күні сәтті жұмыс істеп жатқан кәсіпорындар арқауында жүзеге асырылды. Олардың бірқатары экономиканың негізгі салаларын қайта жаңғырту, өңірлерді дамыту, «Қолжетімді баспана» бағдарламалары аясында іске қосылуда.
Жалпылай айтатын болсақ, қазіргі уақытта индустрияландыру картасында 779 жоба бар. 2010-2012 жылдар кезеңінде 537 жоба пайдалануға берілді. Олардың 277-сі 50 пайыз және одан да жоғары жүктемемен жұмыс істеуде. Оның 141-і толық қуатты өндіріске көшті. Оның 141-і толық қуатына шықты. 305 кәсіпорын – түпкілікті өнімді шығарады. 36 кәсіпорын 520 миллиард теңгеге өнім экспорттады. Жаңа кәсіпорындар 1 трлн. 400 млн. теңгеге өнім шығарды. Соның ішінде биылғы жылдың өзінде 160-тан астам жоба іске қосылды.
Телекөпір барысында Елбасыға жаңадан іске қосылатын бірқатар кәсіпорындар мен жобалардың мүмкіндіктері таныстырылды. Солардың бірінші тобын индустрияландыру саясаты аясында мемлекеттік қолдау көрсетілген және табысты істеп тұрған кәсіпорындар құрады.
Кентаудағы трансформатор зауыты – қуат үнемдегіш трансформаторлар шығаратын ірі кәсіпорын. Зауыт «Өнімділік-2020» және «Экспорттаушы» бағдарламалары аясында қайта жаңғырды. Кәсіпорын 12 млрд.теңгенің өнімін өндіреді. Оның 30 пайызы экспортталады. Өндірісте 1200 адам жұмыс істейді.
«RG Brands» компаниясының AKSENGIR өндірістік-логистикалық кешені – жобаны Қазақстанның даму банкі қаржыландырған. Кәсіпорында еңбек өнімділігі әр адамға шаққанда 450 000 долларды құрайды. Компания сусын өндірісін екі есе, шырын өндірісін үш есе арттырды. 2015 жылға қарай тағам өндірісін бастап, қызметкерлер санын 500-ге жеткізеді. «RG Brands» ауыл тұрғындарын қайта даярлауды қолға алды. Жұмысшылардың 70 пайызы жергілікті тұрғындар.
«Алатау» инновациялық технологиялар паркі қарқынды инновациялық даму орталығы саналады. Кешен аумағында 149 инновациялық компания жұмыс істеуде. Орталықтан түскен салық 2,2 млрд.теңгеге жетті. Өндірістік ғимараттардың барлығында жұмыс қызу жүріп жатыр. 2013 жылы кешен құрылысының екінші кезеңі басталады.
Екінші топта 10 жаңа кәсіпорын Елбасының қатысуымен іске қосылды. Олар: химия және металлургия өнеркәсібінің кәсіпорындары. Солардың біріншісі «ҚазАзот» компаниясының аммиак, азот қышқылы, мүсәтір селитрасы өндірісін қайта жаңғырту жобасы. Жоба құны 5 млрд. 610 млн. теңге. Кәсіпорынды жаңғырту арқылы мүсәтір өндірісі 50 пайызға, еңбек өнімділігі 1,5 есе артады. Болашақта зауыт ішкі рынокты азот тыңайтқышымен толық қамтамасыз етіп, экспорт көлемін ұлғайтады.
«АрселорМитталТеміртау» компаниясының өнеркәсіптік газ өндіру кешенінің құрылысы. Бұл шетелден тікелей инвестиция тартудың және қазақстандық мазмұнды арттырудың жарқын мысалы. Жаңа кешен іске қосылғанда оттегі, азот, аргон өндірісі артады.
Үшінші ұжымдық концентраттар өндірісінің жаңа кәсіпорны. Бұл – жоғары технологияға негізделген металлургия өнеркәсібін дамытатын жалғыз жоба. Кәсіпорын сирек топырақты металл өндірісін қолға алды. Осы арқылы елімізде минералды ресурстарды қалдықсыз өндіру жолға қойылып, экологиялық қауіпсіздік қамтамасыз етіледі. Өндіріс құны 4 млрд.430 млн.теңге. Кәсіпорында 270 тұрақты жұмыс орны ашылады.
Үшінші топтағы жобаларды машина жасау өнеркәсібінің кәсіпорындары құрады. Солардың бірі Шығыс Қазақстан облысындағы «Востокмашзауыт» компаниясының болат вагон құймалары өндірісі. Өндіріс жылына 4 000 вагон шығарады. Нәтижесінде вагон құймалары тапшылығын азайтып, өнім сапасын арттырады. Кәсіпорында 456 жаңа жұмыс орны ашылады.
Шу қаласындағы маневрлік тепловоздар өндірісі. Жаңа өнім шығару үшін зауыт қайта жаңғыртылды. Өндірістегі қазақстандық мазмұн болашақта 51 пайызды құрайды. Тепловоздарға жаңа қауіпсіздік локомотив құрылғылары орнатылды. 2016 жылға қарай зауыт жылына 50 тепловоз шығарады. 110 жаңа жұмыс орны ашылады.
«Мұнаймаш» мұнай өнеркәсібінің механикалық өңдеу өндірісін жаңғыртуға арналған бұйымдар шығаратын кәсіпорын. Жоба құны 1 млрд. 498 млн.теңге. Жоспарланған жылдық өнім 7,5 мың жиынтық. «Өнімділік-2020» бағдарламасы аясында Қазақстанның даму банкі арқылы жоғары технологиялы құрал-жабдық алынды. Жаңа компьютерлік бағдарлама өнімнің дәлдігін қамтамасыз етеді. Озық технологияның арқасында өндірістік цикл 80 пайызға қысқарады, механикалық өңдеу бойынша өнімділік 5 есе артады. Жылына 10 млн. теңгенің электр қуаты үнемделеді.
Төртінші топтағы кәсіпорындар аймақтық даму бағдарламасы аясында жүзеге асқан. Олардың қатарында құрғақ әдіспен цемент өндіретін зауыт құрылысы бар. Бұл Шар қаласында қолға алынған құрылыс индустриясындағы маңызды жоба. Цемент өндіруге қажет клинкердің алғашқы легі осы жылдың қыркүйегінде алынды. Жоба құны 19 млрд. 500 млн.теңге. 500 жаңа жұмыс орны ашылады. Сапалы құрылыс материалы еліміздегі цемент тапшылығын азайтады.
«Зенченко және компания» серіктестігіне қарасты жел энергетикалық қондырғысы. Жоба агрофирма кәсіпорындары мен ауылды электр қуатымен қамтамасыз етеді. Кешеннің құны 174 млн. теңге. Баламалы энергетикалық қондырғы жылына 8 млн кВт-дан астам электр қуатын өндіре алады.
Мақта сабағынан құрылыс-жиһаз тақтайларын жасайтын зауыт. Жетісайдағы кәсіпорын жылына 50 мың шаршы метр тақтай шығара алады. Жаңа өнім ағаш тақтайлармен салыстырғанда 30 пайызға жеңіл. Бағасы арзан. 450 млн.теңгеге бағаланған зауытта тұрақты 80 жұмыс орны ашылды. Дайын өнім толығымен отандық рынокқа бағытталған. Кәсіпорынды ашудағы басты мақсат – импортты алмастыру, мақта шаруашылығын қалдықсыз өндіріске көшіру.
Жоғары қысымды «Қордай-Шу» газ құбыры Шу қаласын толықтай көгілдір отынмен қамтамасыз етеді. Құбыр жақын болашақта тағы 32 елді мекенге тартылады. Жаңа жоба Шуда ашылған «Тараз» химиялық паркіне де табиғи газ жеткізеді.
Елбасы телекөпір кезінде ұсынылған жобалардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, олардың маңызына сипаттама беріп, әрбір іске қосылған кәсіпорындар жайын жақсы білетіндігін танытты. Аталған жобалардың тұсауы кесілгеннен кейін «Алтын сапа» және «Парыз» байқауларының үздіктерін марапаттау рәсімі басталды.
Биыл Президенттің «Алтын сапа» сыйлығын иемдену үшін байқауға 169 компания қатысты. Марапаттау рәсіміне солардың арасынан үздіктердің үздігі деп таңдап алынғандар келді.
Сапа саласында байқаулар өткізу қазақстандық кәсіпорындарда сапа менеджментін дамытуға мүмкіндік береді. Бүгінде 5157 кәсіпорын ИСО халықаралық стандартының сапа менеджменті жүйесін енгізді.
168 кәсіпорын менеджмент жүйесін енгізу кезеңінде. Жүргізілген талдау қорытындысына сәйкес, ИСО халықаралық стандартының 9000 сериясын – 4629 кәсіпорын, ИСО 14001 жүйесін – 298 кәсіпорын, OHSAS 18001 жүйесін – 311 кәсіпорын, ИСО 22000 жүйесін – 68 кәсіпорын және SA 8000 жүйесін 3 кәсіпорын енгізген.
Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығына «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын» аталымында ірі кәсіпкерлік саласындағы «Кентау трансформатор зауыты» АҚ (ОҚО) сұйық диэлектрикті трансформаторлар өндірісі үшін шағын және орта кәсіпкерлік саласында және ««TREI Қарағанды» ЖШС (Қарағанды облысы) өлшеу-есептеу қондырғылары өндірісі үшін ие болды.
«Халық тұтынатын тауарлар шығаратын үздік кәсіпорын» аталымында ірі кәсіпкерлік саласында «Эл Джи Электроникс Алматы Қазақстан» АҚ (Алматы) тұрмыстық техника өндірісі үшін және шағын және орта кәсіпкерлік саласында «Milk Project» ЖШС (Ақмола облысы) сүт өнімдері өндірісі (айран сүзбе, қаймақ, ірімшік) үшін ие болды.
«Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын» аталымында ҚР БҒМ-ның «Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» (Астана қаласы) ірі кәсіпкерлік саласында білім қызметі және ғылыми-зерттеу қызметі үшін және «Қазақ геологиялық-барлау ғылыми-зерттеу мұнай институты» ЖШС (Атырау облысы) шағын және орта кәсіпкерлік саласында ғылыми-зерттеулері және инженерлік-сервистік жұмыстары үшін ие болды.
Жылдың үздік әлеуметтік жобасына берілетін «Парыз-2012» сыйлығы ENRC құрамына кіретін «Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ-қа тапсырылды. Компания саламатты өмір салтын қолдау мен дамыту мақсатындағы Павлодар облысы Ақсу қаласындағы Иманжүсіп Құтпанұлы атындағы спорт сарайының құрылысын жүргізді. Құрылысқа жұмсалған күрделі қаржы 1 млрд. теңгеден астам соманы құрады. Бұл спорт сарайы ENRC мен Павлодар облысы әкімдігі арасындағы әлеуметтік жобаларды іске асыру бойынша ынтымақтастық туралы меморандум аясында салынған. Жалпы көлемі 8,3 мың шаршы метрді құрайтын ғимаратта бокс, күрес, гимнастика, хореографиямен шұғылданатын арнайы залдар бар. Тренажер залы мен медициналық кабинет те орын тепкен. Мұның сыртында тамаша жабдықталған теннис баскетбол, волейбол, футбол алаңдары жаттықтырулар мен жарыстар өткізуге мүмкіндік береді. Шахмат, дойбы, үстел теннисі бойынша жарыстар өткізуге де жақсы жағдай қалыптасқан. Кешеннің ішкі алаңы 530 көрерменге арналған орындықтарымен жабдықталған. Басқа да спорт түрлеріне арналған алаңдар орналасқан.
Сонымен қатар, «ҚазТрансОйл» АҚ Елбасының бас жүлдесіне ие болды. Бұл компания Қазақстанда өндірілген мұнайдың 59 пайызын тасымалдайды. Еліміздегі барлық мұнай өңдеу зауыттарын шикізатпен қамтамасыз етеді. Биылғы жылы көптеген әлеуметтік жобаларды қаржыландыру ісіне белсене үлес қосты. Компания «Халықтық IPO» жобасын жүзеге асырудың ізашары болды. Қазақстанның көптеген азаматтары компанияның қарапайым акцияларын жиыны 27 млрд. 886 млн.109 мың теңгеге сатып алып, оның инвесторлары қатарына қосылды.
Мемлекет басшысының «Алтын сапа» арнайы сыйлығы «Индустриялық серпін» санатында 2012 жылы индустрияландыру көшбасшысы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-қа, «Инновациялық серпін» санатында 2010-2012 жылғы инновация көшбасшысы «Қазатомөнеркәсіп» АҚ-қа берілді. Бұларға сыйлықты Елбасының өзі тапсырды.
Салтанатты марапаттау рәсімінен кейінгі сөзінде Елбасы индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асырудың 3 жылы ішінде еліміздің ішкі жалпы өнімінің көлемі 20 пайызға артқандығын атап көрсетті. Өндірілген өнімдерді экспорттау 2011 жылы тәуелсіз Қазақстанның тарихында тұңғыш рет 22 миллиард доллардан асып жығылды. Бұл 2009 жылғы көрсеткіштен 85 пайызға артық.
– Мен жаңа ғана бірқатар индустриялық жобаларды іске қостым. Олардың бір бөлігі Кентау, Шар, Степногор, Теміртау секілді шағын және моноқалаларда салынғандығы ғанибет іс болды. Мұның өзі менің бастамам бойынша қабылданған шағын қалаларды дамыту бағдарламасының алғашқы жемістері. Сонымен қатар, мәліметтерді жеткізу желілерінің төртінші толқынының пайдалануға берілуінің де ерекше маңызы бар. Осы арқылы Қазақстан жаһандық ақпараттық қоғамға қарай сенімді қадам жасады, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Елбасы индустрияландырудың үш жылы ішінде 537 жаңа нысанның іске қосылғандығын атап көрсетті. Олар өндірген өнімдер көлемі 1,4 трлн. теңгені құрады. 110 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құрды. Бұл ретте аталған кәсіпорындарды құруға мемлекеттің 2,1 трлн. теңге бөлгендігі еске түседі.
– Сөйтіп, біз жұмсаған қаржының үштен екі бөлігі біздің жаңа экономикамызға нақты өнімдерді әкелді. Үдемелі даму бағыты инновациялық өнімдер көлемін екі есе арттырып, 236 млрд. теңгені құрады. Индустрияландыру картасы бойынша әлі 170 кәсіпорын салынуы қажет. 200 мыңнан астам жұмыс орындары құрылатын болады. Біздің алдымызда тұрған жалпы тактикалық міндет – таяудағы екі жылда индустрияландырудың бірінші бесжылдығын табысты түрде аяқтау, – деген Президент еліміздің жаңа саяси курс «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыруға кіріскендігін ерекше атап көрсетті.
— Біздің республика әлемнің неғұрлым дамыған 30 елінің қатарына кіруі тиіс. Мұнда негізгі салмақ индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына түсетін болады. Бұл – аса маңызды жалпыұлттық жоба. Қазіргі күні әлемнің жетекші елдері әлем экономикасының болашақ архитектурасын жобалау ісімен айналысуда. Мәселен, АҚШ-та реиндустрияландыру жоспары әзірленді. Қытай он екінші бесжылдық бағдарламасын қабылдады. Еуропалық одақ 2020 жылға дейінгі стратегиясын бекітті. Сөйтіп, әлем экономикасын «қайта жүктеуге» дайындық басталып кетті.
Осылай деген Нұрсұлтан Әбішұлы соңғы онжылдықтарда нақты экономикаға инновациялық әзірленімдерді енгізу үдерісі жеделдей түскендігін атап көрсетті.
– Біз осы жаһандық ағымдарға сәйкес жұмыс істеуге тиістіміз. Қазақстан әлем экономикасын технологиялық қайта құруға қалай қатысатындығын айқындауы қажет. Сондықтан бүгін мен инновациялық дамудың басым бағыттарын белгілеуді жөн көрдім. Соның ішінде біз үшін бір-бірімен байланысты түпкілікті мәні бар үш шешім баламасыз болып табылады. Біріншіден, қазіргі күннің өзінде елімізге нақты кіріс әкеліп отырған қазіргі индустрияны жан-жақты қолдау. Екіншіден, біздің экономикамызды әртараптандыру және үздіксіз жаңартып отыру. Үшіншіден, Қазақстанның индустриялық дамуының келесі қадамы ретінде жаңа инновациялық істерді жүйелі түрде қалыптастыру, – деп атап көрсеткен Мемлекет басшысы таяудағы он жылда біздің экономикамызды дамытудың үш міндеті осымен айқындалатындығын жеткізді.
Оны жүзеге асырудың негізгі құралы кластерлік әдіс болуы тиіс. Қазіргі күні көптеген алдыңғы қатарлы елдерде кластерлердің жаңа толқыны – инновациялық кластерді қалыптастыру ісі белсенді түрде басталып кетті. Өсімнің негізгі көзі өнеркәсіптік кәсіпорындар емес, инновациялар мен білім орталықтары – университеттер, технологиялық және инженерлік ұйымдар. Осы арқылы «үш сипатты спираль» – бизнестің университеттер мен мемлекеттің өзара байланысуы қалыптастырылуда. Осындай спиральді Қазақстанда да құру қажет. Дәстүрлі әкімшілік жүйе бұл міндетті жүзеге асыруда әлсіздік танытуда. Сондықтан кластерлік дамуды жаңа ұйымдық ресімдеу қажеттігі пайда болып отыр.
Мемлекет басшысы осылай дей келе, кластерлік дамудың перспективалы моделі мен кластерлердің жаңа толқынын іске қосуда таңдау жасау қажеттігін атап көрсетті. Солардың қатарында материал тану, туризм мен демалыс, тамақ өнеркәсібі мен биотехнологиялар, баламалы энергетика, мұнай мен газ өндіру технологиялары, өмір туралы ғылым, перспективалы компьютерлік технологиялар мен дизайн, логистика бар.
– Сондай-ақ екі жетекші инновациялық кластерлер – Назарбаев Университеті мен Инновациялық технологиялар паркін дамытуды жалғастыру қажет. Бұл екі кластер де жақсы дамып келеді. Мәселен, инновациялық технологиялар паркі бір жылдың ішінде 18 жаңа компанияны тартып, тек өткен жылдың өзінде ғана жалпы жиыны 2 млрд. теңгенің салықтарын төледі. Алдымызда Астанада өтетін EXPO-2017 көрмесі де кластерлік дамуға қуатты қарқын беруі тиіс. Оған әзірлік аясында кластерлік әдістер негізінде баламалы энергетиканы дамытудың перспективалы моделін қалыптастыруымыз қажет. Әрбір ұлттық кластерге нақты жол картасын жасау міндет. Кластерлік саясатқа институттық қолдау көрсету мақсатында Үкіметке 2013 жылдың бірінші жартыжылдығында Перспективалы ұлттық кластерлерді қалыптастыру тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырамын, – деген Президент бұл саланы дамытуды регламенттеу саясаты өнеркәсіптік және салалық саясатты толықтыруы және нақтыландыруы тиіс екендігін атап көрсетті. Мемлекет дәстүрлі экономиканы қолдаудан бас тартпауы да керек.
— Жұмыстың тағы бір бағыты инновациялық кәсіпкерлік желіні құру және кеңейту болып табылады. Мұның сыртында университеттердің, зерттеу ұйымдары мен өнеркәсіптік кәсіпорындардың өзара әрекеттестігін нығайту маңызды. Инновациялық кластерлерді қалыптастыруда ғылым іске қосылуы тиіс.
Мемлекет басшысы осы ретте Қазақстанға белсенді технологиялық саясат қажет екендігіне екпін түсірді. Әлемдік тәжірибеге талдау жасау құрал-жабдықтарды өзгерту мен негізгі қорларды жаңартудың техникалық жаңғырту еңбек өнімділігін 30-40 пайызға арттырса, басқару және өндірістік технологияларды жаңғырту еңбек өнімділігін жүз пайыздан астамға көтеретіндігін көрсетті. Бүтіндей алғанда инновациялар индустриялық-инновациялық үдерістің бүкіл кезеңдерін қамтуы тиіс.
Осы ретте Елбасы еліміздің міндеті сыни ойлау қабілеті бар инноваторлардың бүтін бір толқынын әзірлеу болып табылатындығын жеткізді.
– Оларды іздеу, дайындау және жан-жақты қолдау қажет. Мен Үкіметтің алдына 100 абсолюттік инновацияны іздеу міндетін қойған болатынмын. Бұл ретте мен абсолюттік инновациялар деп әлемнің ешбір жерінде қалыптаспаған инновацияларды айтып отырмын. Бізде де осындай шешімдерді табу және іске қосу әлеуеті бар. Бәлкім, біз абсолюттік инновациялардың барлығын бірдей қамтамасыз ете алмайтын болармыз. Сондықтан мен 2020 жылға дейін 10 инновацияны табу, сонан кейін тағы да 10-ын іздеу міндетін қою орынды болар деп санаймын. Бұл жұмысты жүйелі, үздіксіз негізге қоюымыз қажет. Бұл, әрине, жеңіл міндет емес. Үкіметке бұл мәселені шешумен жедел және жүйелі түрде шұғылдану керек, – деп атап көрсетті Мемлекет басшысы. Экономиканы жаңғырту, жаңа салаларды дамыту және қазіргі заманғы технологияларды қолдану еліміздегі еңбек ресурстарының сапасына талапты күшейтетіндігін ескертті.
– Бұл университеттерден және кәсіптік білім беру жүйелерінен өз оқыту бағдарламаларын сапалы жаңғыртуды талап етеді. Осыған орай Білім және ғылым министрлігіне Экономикалық даму және сауда министрлігімен бірлесе отырып, отандық еңбек рыногының перспективасына талдау жүргізуді және инновациялық экономика үшін жаңа кадрлар әзірлеуді қамтамасыз етуді тапсырамын, – деді Президент.
Ел прогресінің өзекжарды мәселесі жаңа кластерлік саясат негізінде индустрияландыру болып табылатындығын атап көрсеткен Елбасы «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарының лауреаттарын және бүкіл кәсіпкерлік корпусты инновациялық үдеріске белсене қатысуға шақырды.
– Мен сіздердің барлықтарыңызды Қазақстанның технологиялық секіріс жасауының кең ауқымды идеясына кірігуге шақырамын. Біз экономиканың жаңа буынын бірігіп құрамыз. Біз «Қазақстан-2050» Стратегиясының барлық мақсаттарына жететін боламыз, деп қорытындылады сөзін Елбасы.
Сонымен қатар, Премьер-Министр Серік Ахметовтің қатысуымен өткен «Қазақстанның үздік тауары» республикалық конкурс-көрмесіне 135 кәсіпорын мен жеке кәсіпкерлер қатысты. Көрме қорытындысымен конкурстық комиссия үш аталым бойынша: «Үздік азық-түлік тауарлары», «Халық үшін үздік тауарлар» және «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» санаттарында жеңімпаздарды бекітті. Әрбір аталымда І, ІІ және ІІІ дәрежелі үш дипломант таңдалды.
Қатысушылар «Қазақстанның үздік тауары» аймақтық конкурс-көрмелерінің жеңімпаздары, олар ағымдағы жылдың тамыз-қыркүйек айларында Астана және Алматы қалаларында, облыстар мен қалаларда өткен болатын. Енді 2012 жылғы «Қазақстанның үздік тауары» көрме-конкурсының дипломанттарын атайық.
Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар аталымында:
І дәрежелі диплом: «ҚазАзот» ЖШС (Маңғыстау облысы) – аммиак, азот қышқылы және аммиак селитрасы;
ІІ дәрежелі диплом: «Қазфосфат» ЖШС (Жамбыл облысы) – сары фосфор, доломит және әк өндірісі;
ІІІ дәрежелі диплом: «Келет» АҚ (Алматы қаласы) – сорғы, желдеткіш, электр двигательдері және жылыту жабдықтары өндірісі.
Халық үшін үздік тауарлар аталымында:
І дәрежелі диплом: «АЗИЯ АВТО» АҚ (Шығыс Қазақстан облысы) – Skoda, Chevrolet, KIA, Lada маркалы автомобильдер өндірісі;
ІІ дәрежелі диплом: «Алтын Орда» ЖШС (Астана қ.) – ұлттық интерьер, қыз жасауы, панно, шымылдық, т.б.;
ІІІ дәрежелі диплом: «Энерджи Тараз» ЖШС (Жамбыл облысы) – жарықдиодты шамдал, шамдар өндірісі;
2012 жылғы «Қазақстанның үздік тауары» конкурс-көрмесінің дипломанттары – «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымында:
І дәрежелі диплом: «Ордабасы құс» ЖШС (Оңтүстік Қазақстан облысы) – түйетауық етін өндіру және өңдеу, шұжық өнімдері;
ІІ дәрежелі диплом: «Желаев нан өнімдері комбинаты» АҚ (Батыс Қазақстан облысы) – ұн, макарон өнімдері өндірісі;
ІІІ дәрежелі диплом: «Абзал және Компания» (Қызылорда облысы) – күріш және күріш жармасы өндірісі.
Осылардың ішінде ең үздік көрсеткіштерге қол жеткізген кәсіпорындар басшылары дипломдарды Премьер-Министр қолынан алды.
«Алтын сапа» жүлдесі кейінгі кезде жаңару жолына берік түскен Еуразия ұлттық университетіне де берілді.
Байқау жүлдегерлері мен көрме дипломанттарын марапаттау барысында Қазақстанның өнер шеберлері мен эстрадалық топтар өз өнерлерін көрсетіп, маңызды жиынды ән-жырмен өрнектеді.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан» газеті, 26 желтоқсан 2012 жыл.



